Биыл мемлекеттік қолдаудан «Қазақфильмнің» 42 жобасы үмітті

0
1151

Биыл мемлекеттік қаржылық қолдаудан үмітті киножобалардың ашық қорғауына «Қазақфильм» киностудиясының 42 жобасы жіберілді. Біз Сараптама кеңесінің міндеті еліміздің ең ірі киностудиясының қалай дамып жатқанын, қандай кино ұсынатынын және қандай бағытта қозғалатынын көру екендігін бұған дейін айтып өткенбіз. Сараптама кеңесінің мүшелері де былай дейді: «Егер біз ұлттық киноны қолдау туралы айтатын болсақ, ең алдымен ұлттық киностудияға ерекше назар аударуымыз керек».

Міне, енді ашық қорғаудың екі күнінің нәтижесі бойынша, бүгінгі таңда «Қазақфильмнің» қоржынында қандай шығармашылық туындылары бар екендігі туралы алғашқы қорытынды жасауға болады. Бұл жолы киностудия ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Жолдауын негізге ала отырып, өзін түрлі жанрда сынап көретін жас режиссерлерге сенім артты. Постапокалиптикалық киберпанктерден психологиялық триллерлерге дейін. Жанр, стиль және оқиғалардың алуан түрлілігі Сараптама кеңесінің мүшелерін таң қалдырды.

Кинопродюсер ретінде өзін сынап көруге бел буған танымал актриса Әсел Сағатова екі қызықты жобаны таныстырды. Біріншісі – фэнтези стиліндегі киберпанк, референс ретінде Marvel студиясының «Джессика Джонс» атты танымал сериалын алған. Бұл картина арқылы отандық кинода алғашқы суперқаһарман әйел бейнесі пайда болады. Авторлар фильм режиссері ретінде Жасұлан Пошановты көреді. Екіншісі – «елес қала» туралы мистикалық триллер. Негізгі локация ретінде Арқалық қаласы ұсынылған. Әсел Сағатованың айтуынша, ол қалада мұндай жобаны түсіруге арналған, үрей туғызатын жерлер көп.  

«Дети войны» жобасының тизерін ұсынған режиссер Фархат Шәріпов өз презентациясының ауқымдылығымен және дайындығымен жақсы әсер қалдырды. Сондай-ақ, әскери драма жанрында Кеңес Одағының екі мәрте батыры, ұшқыш Талғат Бигелдинов туралы «Штурмовик 13» картинасы ұсынылды. Дегенмен, Сараптама кеңесінің мүшелері бұл жобаны әлі де пысықтау қажет деп санайды. Сонымен қатар, Сараптама кеңесі жас режиссер Расул Шарафеддиновке «Отдел» фильмінен телеарналарға арналған көп сериялы сериалды жасауды ұсынды. Бұл кеңсе қызметкерлерінің күнделікті өмірі туралы фильм және авторлар референс ретінде әйгілі «Офис» сериалы мен «Гараж» фильмін атап өтті.  

Көптеген жобалар психологиялық триллер мен отбасылық драма жанрларында ұсынылды. Бұл тақырып біздің кинематографистерді қатты толғандыратыны анық көрінді. Терренс Маликтің «Древо жизни» фильмінің стилінде «Принцесса Дарья» картинасын түсіру туралы шешім қабылдаған жас режиссер Берік Жаханов та жақсы тұжырымдама ұсынды.  

Сараптама кеңесі Эля Гильманның «Дневник лунного света» атты жаңа жобасын ұзақ талқылады. Бұл Алматы тұрғындары білетін Әсет есімді жігіттің шынайы оқиғасы. Ол бала кезінен мүгедек болған, диагнозы – ДЦП, бірақ осыған қарамастан көп жылдар бойы Абай және Достық көшелерінің қиылысында «жол реттеуші» болды. Референс ретінде авторлар Оскар сыйлығына ие болған «Человек дождя» және «Форрест Гамп» картиналарын атап өтті.

Әр түрлі тақырыптағы жобаларды ұсынған деректі фильмдер секциясы да бәрін таңқалдырды. Әсіресе, белгілі документалист Қанат Бейсекеевтің «Той» жобасын жеке атап өтуге болады. Іс-шараның модераторы, киносыншы Олег Борецкий айтқандай, бұл картина көрерменді кинотеатрға деректі фильм үшін баруға жетелей алатын алғашқы фильм болуы мүмкін.  

Ұлттық музыкалық аспаптарды зерттеу тақырыбына арналған жобалардың, сондай-ақ Шәкәрімнен Ыбырайға дейінгі, Дина Нұрпейісовадан Исаак Идкиндке дейінгі белгілі қайраткерлер туралы фильмдердің көптігі таң қалдырды. «Қазақфильмнің» өзі туралы да жобалар болды, бұл жобалардың болашағы бөлек дөңгелек үстелде талқыланатын болады.

Қызу талқылау тудырған тағы бір картина – жас документалист Кристина Михайлованың «Сны реки» атты жұмысы. Бұл заманауи – гибридтік фильм, жанрдағы жаңа бағыт, кейін батыстың стриминг қызметтеріне қызықты болуы мүмкін. Сондай-ақ, «Тұйықсу» мұздығы туралы жоба – жаһандық жылыну мен су тапшылығы мәселелерін көтеретін өзекті фильм болды.  

Қысқаметражды фильмдер секциясында Пауло Коэльо романының негізінде жасалған, әйел махаббаты мен жалғыздығына арналған «На берегу Большой Алматинки села я и заплакала» картинасы, сондай-ақ, фильмнің сюжетін баяндау барысында авторы жарқын әзілімен барлық қатысушыларды таң қалдырған «Жылы түн, сарқын сыра» комедиясына Сараптама кеңесі жеке тоқтала кетті.  

Жеті қазынаның бірі – ит туралы картиналар да күтпеген жерден ұсынылды. Бүкіл ауылды аштықтан құтқарған шопан иті туралы толықметражды «Ақтөс» фильмі («Хатико»-ға өзіндік жауап ретінде), және Белка мен Стрелканың алдында ғарышқа жіберілген иттер туралы «Байқоңыр-ғарышкер» анимациялық фильмі қызықты жобалардың қатарына қосылды.  

Біз осындай қысқа материалда конкурс қатысушыларының барлығын атап өте алмаймыз, бірақ жалпы, биыл өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан еліміздің басты киностудиясы өзінің идеялар мен жобаларға толы және алға жылжуға дайын екенін көрсетті.

Ұлттық киноны қолдау орталығының Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here