Отбасы күні – берекелі мереке

0
1743

Отбасы күні – Елбасының Жарлығымен бекітілген еліміздегі мерейлі мерекенің бірі. Оны атап өту бірнеше жылдан бері дәстүрге айналды. Қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтілетін бұл мереке биылғы жылы 12 қыркүйекке сәйкес келіп тұр.

Бүгін Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысы Сержан Кадырханұлы мен Текелі қаласы әкімі аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Ақмарал Шынбергенқызы Отбасы күніне орай шаңырақ көтерген текелілік жас жұбайларға салтанатты түрде неке куәлігін табыс етті.

Игілікті шараның себепкерлері болған Денис Киреев пен Светлана Олешко Текелі қаласының тумалары. Қаламыздың №1 орта мектебін аяқтаған сыныптастар өз өмірлерін туған жерлерімен байланыстырған. Отанасы Светлана қаламыздағы «Textil market» тігін цехында қызмет етсе, отағасы Денис вахталық жұмыспен айналысады.

Салтанатты жиында жаңадан отбасын құрған жерлестерімізді құттықтаған аппарат басшысы: «Сіздер Отбасы күні қарсаңында шаңырақ көтеріп тұрсыздар. Жолдарыңыз әрқашан ашық болсын! Бүгінгідей айтулы күн Сіздердің естеріңізден мәңгі сақталады деп ойлаймын. Мереке күндері шаңырақ көтерген барлық жас отбасыларға бақыт, шаттық, береке тілеймін», – деп жылы лебізін білдірді.

«Біз отбасылық құжатымызды осындай салтанатты жағдайда аламыз деп ойлаған жоқпыз. Осындай ізгілікті істі ұйымдастырушыларға Алғыс айтамыз. Біздің тойымыздың дәл отбасы мерекесімен орайлас келгені де жақсылықтың белгісі. Бүгінгі күн – біз үшін тарихи сәт. Оны мәңгі ұмытпаймыз. Туған еліміздің дамуына үлесімізді қосып, бақытты отбасы болуға бар күшімізді саламыз», – дейді жас жұбайлар.

«Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп білетін ұлтымыз отбасының тыныштығы мен құндылықтарын бірінші орынға қойған.

Жалпы соңғы 6 айдың көрсеткіші бойынша Текелі қаласында 100-ге жуық неке тіркелген.

Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ, Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here