Тәшенов пен Хрущев (романнан үзінді)

0
3442

Газетіміздің авторы, жазушы Сәбит Досанов «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының жалғасы «Жиырма бірінші ғасыр» атты жаңа роман-эпопеяның бірінші кітабын жазып бітірді. Шығармада Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы басты оқиғалар, азаттық алған Қазақ елінің қиындықтарды еңсерген қымбат кезеңінің көркем панорамасы жасалған. Райхан, Айбалта, Гүлнұр, Таңшолпан-Әмірхан тағдыры арқылы өрілген лирика мен драмаға толы оқиғалар, астарлы аңыздар, аса бай бейнелі тіл шығарма шырайын аша түскен. Шығармада суреттелетін ел өміріндегі елеулі оқиғалар Ақбас бүркіттің көзімен, ой сезімімен беріледі. Ақбас бүркіт бұған дейін әлем әдебиетінде кездеспеген жаңа образ. Осы шығармадан үзінді ұсынамыз.

Жұмабектің Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің қонақ үйінің люкс бөлмесіне кіргені сол еді, сол қанаттағы қара телефон қақсап қоя берді. Телефон тұтқасын құлағына тосқанда:

– Сәлеметсіз бе, Жұмабай Ахметович! Келуіңізбен. Мен Шевченкомын. Никита Сергеевич сізді күтіп отыр. Тез келіңіз! – деген асығыс айтылған сөз жетті құлаққа.

Шіңкілдеп сөйлейтін әйел дауысты бұл көзі көк, сөзі көп бұл шикіл сары Хрущевтің көп көлеңкелерінің бірі. Ана жыл өзінің жеке ұшағына рұқсатсыз отырып, Целиноградтан ұшып шыққанда орта жолдан кері қайтарып алып, екі аяғын бір етікке тығып, тәубесіне келтірген. Содан бері ол мұны ұнатпайды. Ұнатпайды екен деп ол шіңкілдек шикілсарыдан айылын жиған бұл жоқ.

– Жарты әлемді жалғыз өзің билеп, көрдегі Сталинмен алысып, төрдегі Маленковтың жаназасын тірідей шығарған жөнсіз, жүгенсіздігіңмен қоймай, елдің екі аяғын бір етікке тығып жүрсің. Айналаңды алатайдай бүлдіріп болдың. Біріккен Ұлттар Ұйымында столды бәтеңкеңмен ұрғылап, елдің беделіне көлеңке түсірдің. Мені неге шақырғаныңды білемін, Хрущев. Енді, міне, Қазақстанның бес облысын бөліп алып, Ресейге қосамын дейсің. Басқаға көнсем де бұған келіспеймін мен! Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған қазақтың Ұлы Даласындағы ұлан байтақ жер үшін өліспей беріспеймін мен.

– Қош келдің, Жұмабек Ахметович! Қалай шаршамай жақсы жеттің бе?

Хрущев орнынан тұрып, күлімсіреп жақсы қарсы алды Тәшеновті.

– Рахмет, Никита Сергеевич! Сіз шақырды дегесін жедел жеттім.

Хрущев жұмыс столын жалғастыра қойылған ұзынша столға отырып, Тәшеновке қарсысынан орын ұсынды.

– Ақылдасатын мәселе бар, – деді Хрущев жайраңдай сөйлеп, – Қазақстанның бес облысын Ресейге қоссақ деп отырмыз.

– Не үшін?

– Қазақстанның жері кең. Бір республикаға оны игеру ауыр болады. Жұмыстарыңды біраз жеңілдетсек дейміз.

– Жер көлеменің көптігі жұмысқа кедергі келтірмейді.

Хрущев қып-қысқа, жұп-жуан бас бармағымен стол үстіндегі қоңыраудың түймесін басты. Ішке Шевченко кірді.

– Қонаев кірсін.

Қонаев Тәшеновтің жанына отырды.

– Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу жайлы Қонаев жолдаспен келістік. Обком секретарлары да қолдап отыр. Сіздің пікіріңізді білсек деп едік.

Тәшеновтің ақшыл жүзі күреңітіп, Хрущевқа суық жүзбен сұстана қарады.

Сол сәт Жұмабектің ойында екі ой – ақ арыстан мен қара арыстан айқасты.

Ақ арыстан:

– Өте дұрыс! Бұл ойыңды қуаттаймын, құптаймын!

Қара арыстан:

– Тәшенов, сен Ворошиловтың пенсияға менің орныма Тәшеновті отырғыз деп Хрущевқа айтқан өтінішін, Хрущевтің Қытайға барған сапардан соң саған өлердей риза болып, сен енді жақында СССР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы боласың деген сөзін ұмытпа. Кремльдің Спаск қақпасына ақ арғымақпен кіріп, Саяси Бюро мүшелерімен бірге биік мінберде қатар тұрып, әскери паратты қабылдайсың. Дүниежүзіндегі алып екі мемлекеттің бірі – Совет одағында үшінші тұлға боласың. Бұдан асқан бақ бар ма?!

Ақ арыстан:

– Өмірдің мәні – мансапта емес, мақсатта. Аққанатты тұлпарыңды ақсатпа! Қызмет деген қолдың кірі. Уақытша мансапқа қызықпа. «Бұл өмірден өткенше, жүректің оты жеткенше қазағыма – халқыма адал қызмет етемін!» деп өзгеге емес, өзіңе берген уәдеңді ұмытпа! Сен сертке соққан семсерсің. Халықтың құлы, елдің ұлысың!

Қара арыстан:

– Қыздырманың қызыл тіліне ерме, Тәшенов. Бүгін сенің жалындаған алпысың, қайратың тасып, бағың асып жанып тұрған талтүсің! Ұшып кетсе бақ құсың, қайтып саған келмейді.

Ақ арыстан:

– Өзің сүйген, өзіңді сүйген халықты ұмытпа! Сен болмасаң кім қорғайды қорғансыз, ақкөңіл, аңқау халқыңды. Хрущев көп болса айдаһар шығар, ал сені алысқанын алып та, шалып та, жығатын жымнан атылғанда қарсы келгенін сұлатпай тынбайтын шалт қимылды, қайратты жолбарыссың! Өзіңнің атамекенін қорғап, самолетке шапқан Ақбас бүркіт есіңде ме? Қаймықпа, қарсы шап қарысқан Хрущевке. Қайрат көрсетсең, қаймығады ол сенен.

Қара арыстан:

– Байқа, Тәшенов, айдаһардың аузына жұтылып кетпе.

Ақ арыстан:

– Тәшенов, сен өзің жаныңдай жақсы көретін алашшыл ақын Ерасылдың:

Далам менің ту бастан-ақ сүйгенім,
Соның қамы тайталаста күйгенім.
Елсіз, жерсіз бола алмайсың бақытты,
Осы менің көңіліме түйгенім.

Маңғаз далам құт дарыған жер екен,
Демен «Қазақ басқалардан кем екен».
Сол даланы сойылмен-ақ қорғаған,
Бабаларым теңдесі жоқ ер екен…

Бабаларым ту қып ұстап ерлікті,
Басып кірген басқыншыны жер қыпты.
Менің енді жасық болар жәнім жоқ,
Далам өзі сыйға тартқан ерлікті.

Бұл өмірде әмірші көп жасыққа –
Билейді оны топастар да, пасық та.
Уа, Тәңірім! Арызым бар бір ғана
Тек солардың алдына әкеп жасытпа, деген өлеңін үміт еткен ұрпағын Саян, Саят, Болат, Мұратқа оқып беріп, «Бұл өлең менің өмірлік мұратым. Елсіз, жерсіз мен де, сендер де бақытты бола алмаймыз. Ата-бабаларымыз қанын төгіп, жанын берген қасиетті қазақ жерін сүю аз, қажет болғанда қорғай да біл» демеп пе ең!

Тәшенов:

– Иә, дегенмін. Кешегі алашшыл ақынмен үндес бүгінгі ұлтжанды бір қазақ қызы жазған:

Какое счастье, что предки наш
Мечи свои так крепко в своих руках держал.
Ведь что было бы с миром,
Если б вдруг была другая у него картина?!
Другая карта была б у мира.
Где б не было страны моей.
А лишь другие страны мира,
Где были б мы и где была бы я?! –
деген отты өлең оралып тұр ойыма! Арқалы ақындардың осы отты жырлары жүрегімде жұлдыз болып жанып тұр. Намысымды оятып, жігерімді жаниды бұл жырлар.

Қара арыстан:

– Байқа, Тәшенов, сен жанған отқа жалаңаш кіргелі тұрсың.

– Көз алдыма ұшаққа шапқан Ақбас бүркіт келді. Жүрегімде намыс оты жанып тұр. Тәуекел етіп тас жұттым! Қасиетті қазақ жері үшін бәрі құрбан. Сарыарқаның сауырын сақтап қалу үшін бәйгеге тіктім басымды. Хрущев азуы алты қарыс қара арыстан болса, мен оған қайраты жойқын, қимылы шат жолбарыс болып атылам! Атамекен жері үшін күрестен мені Хрущев тұрмақ ажал да қайтара алмайды.

Сол сәтте Тәшеновтің көз алдына анасы Қазына келе қалды. Құлағына:

– Ойың сенің қорғасын,
Қыдыр болсын жолдасың.
Жерің үшін шайқаста
Құдай өзі қолдасын! –
деген даусы жетті анасының.

– Ойланып қалдыңыз ғой, біз Сіздің пікіріңізді күтіп отырмыз, Жұмабек Ахметович, – деді Хрущев көзі сығырайып, Тәшеновке сынай қарап.

Ойланатын түкте жоқ, Никита Сергеевич, бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне үзілді-кесілді қарсымын.

Саяси Бюроның шешіміне қарсы шығатын сен кімсің?! Әрі-беріден соң бұл мәселені Қазақстанның келісімінсіз-ақ шешеміз. Совет Одағы тұтас бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру СССР Жоғарғы Кеңесінің құзырында, – деді Хрущев Тәшеновты ала көзімен атып.

Жоғарғы Кеңес жер мәселесін Одақтас Республикалардың келісімінсіз шеше беретін болса, КСРО-ның және Республикалардың Конституциясын жоюы керек. Конституцияда әр республика өзінің тарихи жерін өз меншігім деп пайдалануға правосы бар деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Никита Сергеевич, алда-жалда сіз заңмен санаспасаңыз, біз халықаралық органдарға, тіпті, Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымданамыз.

Бұл мәселеге кейін қайта ораламыз. Енді бос сөзді қойып, әркім өз жұмысымен айналыссын. Боссыңдар! – деп орнынан тұрды Хрущев.

«Жарты әлемді билеп тұрған көсемнің түрін-ай, – деп іштей мырс ете Тәшенов  допша домалай бара жатқан Хрущевқа қарап, – бұл пақырдың бойы ғана емес, ойы да аласа екен ғой».

Тәшенов Кремльден шыға бергенде Хрущевтің көмекшісі Шевченко ұшырасып қалды. Тәшенов екеуінің көзі түйісе кетті.

– Құдай-ау мынау көз емес, алмас қой. Қарсы келгенін қағып тастайтын арыстан ғой мынау. Іште қайнаған қайраты мына мығым денесін кернеп, жүрегі жалын шашып тұр. Мен тұрмақ, қаһарынан қара жер қалтыраған Хрущевтің өзіне қарсы шыққан хас батыр емес не бұл?! Отызында орда бұзып облыс басқарған, отыз тоғызында қара тасты қақ жарып шыққан шың басындағы шынардай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болған бүгінде Қазақстанның Үкімет басшысы Тәшенов қазір қылыштай қиып түсер қырық бесте. Бұл осы бетімен кете беретін болса, Қазақстанды былай қойып, Кремльдің төрінен бір-ақ шықпасына кім кепіл? Мына ұлтшыл қазақ бұлай өрлей берсе, орыстың өрісі тарылмай ма? Онда Қазақстан бізге майшелпек болудан қалады. Тезірек Кремльге арыз түсіріп, мұның жолын кеспесе болмас. Әй, бірақ оған бас қатырып қайтем, бұл менсіз де орға жығылғалы тұр. Қызғаныш пен күншілдік дерті мендеген өз қазағы аяқтан бір шалса, өзіне қарсы келгенді қазық қып қақпай тынбайтын Хрущев екі шалады. Сталинді кешірмеген Хрущев мұны кешіре ме? Кешірмесі хақ. Әйтсе де, әліптің артын баққан жөн, – деп ойлады Шевченко.

Кремльден шыға бере Қонаев:

– Енді ұйықтап жарытпаспыз. Біраз жүріп қайтайық, – деді.

– Дұрыс айтасыз. Бүгін жөнді ұйқы бола қоймас. Кремльге «ұйқы беріп, қайғы алып» шықтық қой, – деді Тәшенов.

– Ой, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың ғой. Жарты әлемге әмірін жүргізіп тұрған Хрущевқа қарсы шығу азуы алты қарысы арыстанмен қарусыз құр қол айқасумен бірдей ғой. Жанған отқа жап-жалаңаш қорықпай қалай түстің?

Жүрек жұтқан батырсың деген сөзіңмен келіссем де, көзсіз батырсың деген сөзіңді қабылдай алмаймын. Көзсіз батырлық – барып тұрған ақымақтық, жүрек жұтқандық – ерлік. Екеуінің айырмасы жер мен көктей.

Сіздің шалт қимылды шешімділігіңізге, тіпті Саяси Бюроның келісіміне де келіспеген батырлығыңызға тәнтімін.

Батыр болып, атымды шығарайын деген ойым жоқ. Халқым үшін ажал менен тозаққа да дайынмын.

Өте жақсы айттыңыз, Жұмабек Ахметович. Сіздің аргументті айтқан дәлелді сөзіңізге жауап қайтара алмаған Хрущев беті қызарып, көзі аларып, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарай берді ғой. Айтудай-ақ айттыңыз ғой.

Айтсаң бел кетеді, айтпасаң ел кетеді. Ел кеткенше, бел кетсін дедім.

Ана жолы бес облысқа әмірін жүргізіп, республика басшыларының сөзін құлағына қыстырмаған тың өлкелік партия комитетінің бірінші секретары Соколовқа: «Республика басшылығымен санаспасаңыз, жиырма төрт сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберемін» дегеніңіз де батырлық еді. Бүгін ештеңеден жасқанбай, Саяси Бюроның өзінен де қаймықпай Хрущевқа айтқан сөзіңіз, тіптен жөні бөлек, жолы басқа ерлік болды. Хрущев ерте ме, кеш пе, жер мәселесіне қайта оралады. Енді не істейсің? Стратегиялық мақсат үшін тактикалық шегініс жасайсың ба?

Айтылған сөз – атылған оқ. Еркектің екі сөйлегені – өлгені, «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген қазақпыз. Екі сөйлеп тірідей өлер жайым жоқ. Атамекен жер үшін, бізге сенген ел үшін ақырына дейін аянбай айқасамын Хрущевпен!

Мен жоғары дәрежелі қызметіме байланысты қарсы сөйлей алмадым Хрущевке. Сіз өте жақсы айттыңыз.

Сіздің үйдей пәледен үндемей құтылғаныңыз дұрыс болды. Екеуміз бірдей құрбан болсақ, Сіздің орныңызға бір келімсек шовинисті әкеліп отырғызады ғой.

Түн ортасы болып қалыпты, гостиницаға барып демалайық.

Тағы да ерте тұру керек, демалсақ демалайық, – деді Тәшенов.

Қонақ үйге келгенде екеуінің жолы, жөні бөлек болды. Тәшенов төменгі қабатта қалды да, Қонаев ең үстіңгі қабатқа көтерілді.

Жер мәселесінде Хрущевқа қарсы келген Тәшенов елге оралған соң Қазақстан үкіметі басшысының қызметінен босап, бес ай жұмыссыз отырды. Сосын Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің қатардағы орынбасары қызметіне тағайындалды. Бірақ, оған өкінген жоқ ол. Бел кетсе де, ел кетпеді. Хрущевтің өзіне қарсы шығып, Қазақстанның бес бірдей облысын сақтап қалды. Бұл дегенің аты жүз мың шаршы метр территория, он Бельгия, бес Франция! Бұдан асқан ерлік бар ма?!

Аса көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1986 жылы 18 қарашада Шымкент қаласында қайтыс болды, сонда жерленді. Арада жиырма бір күн өткенде Алматыда Желтоқсан көтерілісі болды. 1991 жылы он жетінші желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздік алды – Жұмабек Тәшеновтың «Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болса екен» деген асыл арманы орындалды!

Сәбит ДОСАНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here