Түркі әлемінің рухани астанасы туралы деректі фильм көрерменге жол тартты

0
1686

«Хабар» агенттігі түсірген «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты деректі фильм көрерменге жол тартты. Жобаның авторы – «Qazaq TV» телеарнасының директоры, продюсер, тележүргізуші Майя Бекбаева. Деректі фильмде Түркістан қаласының өткені мен бүгіні баяндалады. Іргетасы V-VI ғасырларда қаланған Түркістан қаласы біздің заманымызға жеткенше небір тарихи оқиғаларды бастан өткеріп, өрлеуді де, құлдырауды да көргені рас. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті деректі фильмнің хронологиясын назарларыңызға ұсынады.

Фильм  түркілердің жетістіктеріне тоқталумен басталып, ХХ ғасырдың басында ауыр тарихи кезеңге тап болған түркі халықтарының тағдырын еске түсіреді. Өткен ғасырда езгіге түскен түркі халықтары бір сәтте күштің бірлікте екенін ұғынғандай еді.

«ХХ ғасырдың басында пантюркизм идеясын насихаттаған қырым татарынан Исмаил Гаспыралы, түріктен Мұстафа Кемал Ататүрік, қазақтан  Міржақып Дулатұлы, башқұрттан Ахмет-Заки Валиди сынды ағартушылар атойлап шықты. Десек те, саяси тартыстардың нәтижесінде әлем картасында түркітілдес мемлекет ретінде Осман империясының мұрагері Түркия ғана қалғаны мәлім. Ал, 1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған тұста әлем картасында тағы бес тәуелсіз түркі мемлекеті, атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркіменстан елдері шаңырақ көтерді. Аталған елдердің егемендік алуы түркі әлемінің дамуына жаңаша серпін берді» , – делінеді деректі фильмде.

Одан ары қарай түркітілдес елдер мен халықтарды біріктіру, мәдениеті мен мұрасын сақтау идеясы ХХІ ғасырда да өзекті екендігін айта келе, Елбасының түркі әлемінің дамуына қосқан үлесін тілге тиек етеді. Атап айтқанда, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесін, Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясын (ТүркПА), ТҮРІКСОЙ ұйымын, Халықаралық түркі академиясын, Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитін құруға мұрындық болғанын атап өтеді.

Көктемде өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Түркістан декларациясы қабылданып, Түркістанның «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланды. Деректі фильмде Елбасының саммитте сөйлеген сөзінен үзінді келтірілді: «Бүгінгі басқосуымыз «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбымен өтеді. Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының атауы өзгеріп, облыс орталығы Шымкент қаласынан Түркістанға көшіріліп, сол уақыттан тұтас өлкенің жаңа тарихы басталды. Екі жыл ішінде қала түбегейлі өзгерді, бұл жұмыс әлі де жалғаса береді. Қаланың келешек архитектуралық келбетін қалыптастырғанда, әлбетте, тарихи сабақтастық сақталады».

Деректі фильмде Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев: «Мұны Түркістандағы жаңа өмірдің басталуы немесе дамудың жаңа кезеңі немесе қайта өрлеу дәуірі деп айтуға болады», – деп баға береді. Одан әрі Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи: «Түркістан – күллі түркі әлемі үшін маңызды. Соның ішінде Түркия бұл шаһарды Ясауи заманынан бері түркі мәдениеті мен өркениетіне ғалымдар мен философтардың толқынын сыйлады деп санайды», – деді. Ал, Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев: «Менің ойымша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы 2018 жылы көне Түркістан қаласына жаңа серпін беру туралы өте дұрыс шешім қабылдады», – деп атап өтті.

Түркі мемлекеттерінің лауазымды басшыларының сөзінен саммитте қабылданған шешімнің негізсіз емес екенін аңғаруға болады. Фильмде Елбасының астананы ауыстыру туралы жоспарлағанда, Түркістан шаһарының ойына орала бергендігін сөз етеді.

Иә, Елбасы айтқандай, Түркістанның тәуелсіз елдің астанасы атануына негіз бар еді. Ғасырлар бойы рухани орталыққа айналып, Қазақ хандығының астанасы болған шаһар шын мәнінде символдық мәнге ие екені даусыз.

Шығармашылық топ түркі әлемінің рухани астанасының хикаясын баяндау үшін тарихи шегініс жасайды. Осы орайда шаһардың рухани астанаға айналу себептеріне тоқталады. Бізде қысқаша тоқтала кетейік.

Біріншіден, қаланың Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы оның экономикалық әлеуетін ғана көтерген жоқ. Сауда жолы шығыс пен батыс мәдениетін байланыстырушы алтын көпір болды. Ал, бұл өз кезегінде, шаһардың рухани-мәдени тұрғыда жетілуіне ықпал етті.

Екіншіден, Қожа Ахмет Ясауидің өлшеусіз еңбегі шаһардың рухани-мәдени позициясын нығайта түсті.

Үшіншіден, Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауиге деген ықыласы қаланы сәулет өнерімен ерекшелендірді.

Төртіншіден, қаланың Қазақ хандығының астанасы болуы, онда хандар мен сұлтандардың, әйгілі батырлар мен билердің жерленуі Түркістанды бірегей киелі мекенге айналдырды.

Бұл туралы деректі фильмде тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов: «Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – қазақтың еркіндігі мен тәуелсіздігінің соңғы бекінісі еді. Ал, біздің ең мықты хандарымыз бен сұлтандарымыз, қолбасшыларымыз Түркістан үшін, Ұлы дала үшін және оның рухы мен қасиеті үшін жанын берді», – дейді.

Шығармашылық топ шаһардың Кеңес Одағы тұсында назардан тыс қалуын жоғарыда аталған себептермен және Мұстафа Шоқайға таңылған «Түркістан легионы» идеясымен байланыстырады. Себебі, діни-рухани орталыққа және тәуелсіздік пен елдіктің символына айналған шаһар коммунизм мен атеизм идеясының қалыбына сыймады. Ал, Фашисттік Германия «Түркістан легионы» арқылы Кеңес Одағында идеологиялық қайшылық тудырғысы келді. Нәтижесінде, қос идеологияның арасында қалған Түркістан қаласы – түркішілдік идеясы жапа шекті. Кеңес Одағы тұсында қатаң тыйым салынды.

Уақыт аралығына саяхат жасай отырып, бүгінгі Түркістан мен кешегі Түркістанның өмірінен сыр шертеді. Жоба авторы Майя Бекбаева Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылысымен және қалада салынған жаңа нысандарды таныстырады. Кесенедегі экспонаттар жайында сыр шертеді. Деректі фильмде Көшпенділер мәдениеті мұражайының директоры, ресейлік этнограф Константин Куксин, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев,  Түркия Телерадио жоғары кеңесінің сарапшысы, жазушы, тарих ғылымдарының докторы Хаяти Бидже, ЮНЕСКО істері жөніндегі Түрік ұлттық комиссиясының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Ожал Огуз, Әзербайжан ұлттық ғылым академиясының қызметкері, PһD доктор Рашад Мұстафа, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және жүргізуші Майя Бекбаева құнды пікірлерімен бөліседі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Деректі фильм арқылы бүгінде түрленген Түркістанның тарихымен толықтай танысуға болады. Шаһардың тарихы ғана баяндалып қоймай, Түркістанның саяси, рухани-мәдени рөліне де тоқталады. Шығармашыл топтың жұмысынан кейін көрермен киелі Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасына лайық екендігіне көздері жетеді.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here