Абзал Құспан: «Алматыда жазықсыз қамалған 36 адам бостандыққа шықты»

0
1415

Қазақстанда «Аманат» қоғамдық комиссиясы құрылған болатын. Бүгін Алматыда комиссия мүшелері оның мақсаты мен жұмысы жайлы әңгімелеп берді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігі жазды.

«Аманат» қоғамдық комиссиясының және Ұлттық кеңестің мүшесі Уайс Ерсайынұлының айтуынша, комиссияның мақсаты – қаңтар оқиғаларынан кейін қамауға алынған кінәсіз азаматтардың бостандыққа шығуына көмектесу.

«Алматыда қаңтар оқиғаларынан кейін көптеген жазықсыз адамдар ұсталып, қамалып жатыр. Бұл жайт қазақстандықтардың жанына қатты батты. Сондықтан біз өз бастамамызбен «Аманат» қоғамдық комиссиясын құрдық. Біз халықтың үлкен аманатын арқалап отырмыз», – деп түсіндірді Уайс Ерсайынұлы.

Қоғамдық комиссияның төрағасы Абзал Құспан көпшілік ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы бойынша істі болғандарды босатуды сұрап отырғанын айтты.

«Мен Қылмыстық кодекстің 272-бабы 3 бөлімнен тұратынын түсіндіргім келеді. 272-баптың 1-бөлімінде – ұйымдастырушыларға, 2-бөлімінде – қатысушыларға, 3-бөлімінде – араңдатушыларға жаза көзделген. Біз 272-баптың 2-бөліміне баса көңіл бөліп отырмыз. Себебі, көп жағдайда белгісіз ұйымдастырушылар мен арандатушылардың сөзіне еріп, абайсызда арандап қалған азаматтар «қатысушылар» болып саналады», – деп нақтылады Абзал Құспан.

Танымал адвокаттың айтуынша, комиссияның араласуымен Алматыда бір апта ішінде 36 адам бостандыққа шықты, оның ішінде 2 кәмелетке толмаған бала бар.

Комиссия мүшесі, адвокат Мәди Мырзағараевтың сөзінше, қамауда отырған әйелдер, 18-ге толмаған балалар, жарақат алғандар, тонау мен ұрлыққа қатыспаған, бейбіт шеруге шыққан азаматтардың қоғамға ешқандай қаупі жоқ. Адвокат «Аманат» комиссиясының атын жамылып, тергеу изоляторының жанында белгісіз бір топ адамның жүргенін де айтты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here