Аида Балаева: «Қажет өзгерістердің уақыты келді»

0
1668

Кеше, 3 ақпанда Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаеваның республикалық этномәдени бірлестіктердің басшыларымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының активімен кездесуі өтті. Жұмысқа ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов та қатысты.

Жұмыс барысында Аида Балаева Ассамблеяның қаңтар оқиғалары күндері жүргізген жұмысына оң баға берді, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы сөйлеген сөздерінде қойылған міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды.

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары өз сөзінде бүгін басты назарда – «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» деген ортақ идеямен біріктірілген жасампаз күн тәртібінің тұрғанын және Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салаларда алда тұрған жұмыстың негізгі басымдықтарын нақты белгілеп бергенін, сондай-ақ қоғамда түйткілді проблемаларды шешу жолдарының айқын көруін атап өтті.

Аида Ғалымқызының айтуынша, «Nur Otan» партиясының съезі көкейкесті өзгерістердің уақыты келгенін, елді жан-жақты жаңғыртудың ауқымды күн тәртібінің тұрғанын айқын көрсетті. Осы орайда ол Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеттеріне нақты тоқталып, «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» идеясының Ассамблея үшін бағдарламалық сипатқа ие екенін баса айтты.

Кездесу барысында Ассамблеяның алдағы іс-шараларының дайындық мәселелері талқыланды, Мемлекет басшысының ҚХА-ның барлық құрылымдарында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша үйлесімді жұмыс жүргізу қажеттігі атап өтілді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here