Такси қызметімен заңсыз айналысқандарға 460 мың теңгеге дейін айыппұл салынбақ

0
310

Қазақстанда заңсыз такси қызметімен айналысқандар қатаң жазаланатын болады. Қазір олардың көлігін айып тұрағына қою мәселесі қарастырылып жатыр. Заң жобасы қоғам талқылауына шығарылды. Көпшілік мақұлдаса, биыл күшіне енеді. Бұл туралы 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасы хабарлады.

Заңсыз такси қызметін көрсеткендерді әкімшілік жазаға тарту заң жобасы өткен жылдың тамыз айында ұсынылған еді. Алайда, кейін толықтыруға жіберілді. Енді жаңа нұсқасы «Ашық үкімет» порталында жарияланды. Бұл жолғы ұсыныста әкімшілік жаза қатаңдатылған.

«Бұл заң жобасы заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан адам анықталған жағдайда, оның көлігін тәркілеп, айып тұрағына қою үшін дайындалған. Яғни, құқық қорғау органдары заңсыз такси қызметі мәселесін шешкенше, көлік айып тұрағында тұрады», – деп түсіндіреді Әділет министрлігіне қарасты Заңнама департаменті әкімшілік заңнама басқармасының басшысы Салтанат Серікбаева.

Жаңа заң жобасында заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан жеке тұлғаға 15 айлық есептік көрсеткіш (45 945 теңге), шенеуніктерге 25 (76 575 теңге), ал заңды тұлғаларға 25-тен 150 айлық есептік көрсеткіш (76 575-459 450 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер жүргізуші 12 ай ішінде заң бұзушылықты қайталаса, бұл сома екі еселенеді.

Әкімшілік жазаға қатысты жүргізушілердің пікірі екіге бөлінді. Жолаушы тасымалымен заңсыз айналысқандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту заң жобасы «Ашық үкімет» порталында 19 сәуірге дейін қоғам талқылауында болады. Содан кейін Үкіметке жолданып, мәжілісте қаралады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here