Әскер спортшыларының командасы халықаралық бокс турнирінде жүлдегер атанды

0
649

Алматыда Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокс турнирі аяқталды.

Жарыс Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының базасында  өтті. Біріншілікте Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Қырғызстаннан, Тәжікстаннан және Өзбекстаннан келген 180-нен астам спортшы өз салмақ дәрежесінде бақтарын сынады.

Қатысушылар арасында қазақстандық танымал боксшылар Теміртас Жүсіпов, Санжар Ташкенбай, Сабыржан Аққалықов, Тимур Нұрсейітов, Абзал Құттыбеков, Айбек Оралбай, Махмұд Сабырхан бар.

– Аты аңызға айналған қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған жыл сайын өтетін халықаралық бокс турнирінің өзіндік дәстүрі мен тарихы бар. Ол саналы ғұмырын Отанға қызмет етуге арнап, Қазақстанның қазіргі Қарулы күштерінің іргетасын қалады. Әрбір боксшы үшін бұл жарысқа қатысу, жеңіске жету – аса құрмет әрі мақтаныш, – деп атап өтті Орталық спорт клубы бастығының орынбасары подполковник Бауыржан Оразбай.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды бес алтын, екі күміс және алты қола медальмен Қазақстан құрамасы олжалады. Екінші орын Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубы командасының еншісінде. Әскер боксшыларының қоржынында үш «алтын», екі «күміс» және екі «қола» бар. Үздік үштікті өзбекстандық команда екі алтын, екі күміс және бір қола жүлдемен қорытындылады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here