Қарыз қақпаны: Қытай әлем порттарын 99 жылға неге жалға алады?

0
3684
Шри-Ланка өзінің Қытай алдындағы 1,1 млрд доллар қарызын Хамбантота портын 99 жылға жалға беру арқылы өтеді

2017 жылдың соңында Оңтүстік Азиядағы 22 млн халқы бар Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы Қытай Халық Республикасының алдындағы үлкен қарызын өтеу үшін ресми түрде аспан асты еліне өзінің стратегиялық маңызы жоғары Хамбантота портын беруге мәжбүр болды. Бұл аспан асты елі үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Ғасыр жобасы» деп атаған «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында жүзеге асқан маңызды келісім саналды. Қарызды қайтару парыз болса да, Шри-Ланканың осылайша Хамбантота портынан көз жазып қалуы Қытай дипломатиясының қарыз қақпандарын қолдануының қаншалықты тиімді екендігін тағы бір дәлелдей түсті. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін жаңа отаршылдықтың қытайша нұсқасына тоқталады.

99 жылға Қытайдың меншігіне өткен Шри-Ланканың Хамбантота порты Азияны Еуропа, Африка және Таяу Шығыспен байланыстырады

ӨЗІНІҢ ПОРТЫНАН КӨЗ ЖАЗЫП ҚАЛҒАН ШРИ-ЛАНКА

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктен Қытайдың беретін несиесінің айырмашылығы Бейжің кепілдік ретінде ұзақ мерзімге жоғары бағаланған стратегиялық маңызды табиғи активтерді талап етеді. Мысалы, Қытайдың меншігіне өткен Шри-Ланканың Үнді мұхитындағы сауда жолдарына жақын орналасқан Хамбантота порты Азияны Еуропа, Африка және Таяу Шығыспен байланыстырады. Демек, Қытай Шри-Ланкаға қарыз бергенде кепіл зат ретінде әдейі Хамбантота портын алды. Өйткені, аспан асты елі сондай саясатты ұстанады, яғни кедей мемлекеттерге қажетті қаржыландыру мен инфрақұрылым құрылысына айырбас ретінде олардан түрлі табиғи активтерге – пайдалы қазбалардан порттарға дейін қол жеткізуді көздейді.

Айдың-күннің аманында портынан айырылып қалған Шри-Ланканың тәжірибесі көрсеткендей, Бейжіңнің қаржыландыруы серіктес мемлекеттер үшін бұғауға айналуы мүмкін. Түрлі гранттар мен жеңілдік несиелердің орнына Қытай нақты жобаларға үлкен несие береді. Өзге елдердегі кез келген жобаларды қолға алғанда аспан асты елі оның экологиялық және әлеуметтік салдарымен бас ауыртпайды. Ішкі есебі бірінші орында тұрады. АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон айтқандай, «Бір белдеу – бір жол» жобасы арқылы Қытай өзінің тәртібі мен нормаларын енгізуді алдына мақсат етіп қойды. Және сол көздеген мақсатына жетіп келеді.

ЖАҢА ОТАРШЫЛДЫҚТЫҢ ҚЫТАЙША НҰСҚАСЫ

Өзінің позициясын орнықтыру үшін Қытай өз компанияларын стратегиялық порттарды мүмкіндігінше сатып немесе жалға алуға итермелейді. Айталық, Қытай компаниясы 2016 жылы қаржыдан тарыққан Грекиядан 436 млн долларға Пирей портын сатып алды. Сарапшылардың айтуынша, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында қытайлардың гректерден портты сатып алуы Еуропада «айдаһардың басы» көрінгендігін білдіреді.

Өзінің қаржылық күшін осылайша пайдаланған Бейжің бүгінде «екі қоянды бір оқпен атып» жатыр. Біріншіден, аспан асты елі мемлекет ішіндегі күштің артығын экспорт арқылы шешеді. Екіншіден, табиғи ресурстарды иемдене отырып, өз ұлттық валютасын қолданады, басқа державалардың алдында дипломатиялық ықпалын арттырады, яғни өзінің стратегиялық қызығушылықтарын қанағаттандырады.

Шри-Ланка сияқты шағын мемлекеттерге (бұл жерде Шри-Ланканы шағын ел ретінде жер көлеміне байланысты айтып отырмыз, өйткені 22 млн халқы бар елдің жері Қазақстанның бір облысына да жетпейді) деген қатынасы (Хамбантота портына қатысты айтылып отыр) Еуропа отаршылдарының Қытайдың өзіне қолданған әдісі. Бұл Апиын соғысы 1839-1860 жылдары басталып, 1949 жылы мемлекет басына коммунистер келгенге дейін жалғасты. Қытайлар бұл кезеңді «Жүзжылдық қорлау» деп атайды.

1997 жылы ҚХР жүз жылдай уақыт Британ империясының отары болған Гонконгты (7,5 млн халқы бар Қытайдың екі арнайы әкімшілік аймақтарының бірі) қайтарып алып, өз тәуелсіздігінің нығайып, тарихи әділеттіліктің орнағанындай кейіп таныта бастады. Алайда, Хамбантота мысалы көрсеткендей, Қытайдың өзі енді Гонконг стиліндегі жорықтарға шықты. Ойлап қарасақ, Си Цзиньпин айтқан «ұлы қытай ұлтын жасарту» жолы ҚХР үшін шағын мемлекеттердің тәуелсіздігін әлсірету болып табылады.

Кезінде еуропалық империалистік державалар жаңа нарық пен форпосттар ашу үшін осындай «дипломатияны» қолданған болса, Қытай сол тәсілмен басқа мемлекеттерді бірде-бір оқ шығармастан өзінің ырқына көндіруде. Британдықтар өткен ғасырларда Қытайға экспорттаған апиын сияқты қазір қытайлық несиелер де тәуелділік тудырады. Ал, қытай өз жобаларын ұзақмерзімді стратегиялық құндылықтармен таңдайтын болғандықтан, қысқа мерзімде олар қарызды төлейтіндей кіріс кіргізбеуі мүмкін. Сол арқылы Қытайдың борышкердің жанды жерін басу мүмкіндігі туады. Мысалы, борышкер активтерін қарызына айырбастауға мәжбүр болады. Нәтижесінде, Қытай өзінің ғаламдық ықпалын күшейтіп, көптеген мемлекеттерді өзінің құлдығына тартады.

Тіпті, Хамбантота портының 99 жылға жалға алынуы да Қытайдың өз портын батыстың отарлаушы державаларына жалға беруге мәжбүр болған шарттарына келеді. Британия Қытайдың «Жаңа аймақтарын» 1898 жылы 99 жылға жалға алып, соның арқасында Гонконг аумағы 90 пайызға артқан еді.

АСПАН АСТЫ ЕЛІНІҢ ӘЛЕМДІ БИЛЕУ САЯСАТЫ

Рас, енді Қытай бұл 99 жылға жалға алу концепциясын алыс шетелде қолданып жатыр. Қытайдың Хамбантотаны жалға алу келісіміне 2017 жылғы жазда қол қойылды. Ал, Бейжің Шри-Ланканың 1,1 млрд доллар қарызын жабуға уәде берді.

Бұдан бөлек, 2015 жылы Қытай компаниясы 388 млн долларға Аустралияның Дарвин портын 99 жылға жалға алды. Айта кетерлігі, ол жерде Американың 1 мыңға жуық теңіз әскері бар.

Осындай жолмен Қытай қарызға белшесінен батқан Джибути Республикасына (Шығыс Африкадағы мемлекет) миллиардтаған доллар беріп, кішкентай болғанымен стратегиялық маңызы зор мемлекетте алғашқы шетелдегі әскери базасын құрды. Ол Американың Африкадағы тұрақты әскери базасынан бірнеше шақырым қашықтықта ғана орналасқан. Қарыз дағдарысына тап болған Джибутидің Қытайға жылына 20 млн долларға жерін жалға бергеннен басқа амалы қалмады.

Сонымен қатар, Қытайдың қарыз қақпанына түскен елдердің қатары мұнымен шектелмейді. Латын Америка құрлығындағы Аргентинадан бастап, Африкадағы Намибия мен Азиядағы Лаосқа дейін Қытайдың қарыз қақпанына түсіп, олар дефолттан қашқандықтан аспан асты елінің пайдасына күрделі шешім қабылдауға мәжбүр болған. Кенияның Қытай алдындағы үлкен қарызы үшін Момбаса порты да (бұл Шығыс Африкаға кіретін қақпа) Хамбантота «тағдырын» қайталады.

Иә, бұлардың барлығы әлемге ескерту болуы керек. Қытайдың қарыз қақпанына түскен мемлекеттер өздерінің тек қана табиғи активтерінен ғана емес, тәуелсіздігінен де айырылу қаупінің алдында тұр. Жаңа империялық алыптың барқыт қолғабының ішінде шағын мемлекеттердің сөлін сығып алатындай күші бар тығылып жатқан жұдырықты ұмытуға болмайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде халық арасында «Қорықсаң, Қытайдан қорық, өйткені, ол қарусыз-ақ басып алады» деген сөз тараған. Халық айтса, қалт айтпайды. Оның үстіне жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны тағы бар. Жоғарыда айлалы халықтың қармағына түсіп қалған бірнеше мемлекеттерді атадық. Ендеше, біз қауіп еткеннен айтамыз!..

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here