Әжелер арасында «Бесік жыры» байқауы өтті

0
2625

Алматы қаласында «Қазақстан» шипажайының мәжіліс залында Халықаралық балаларды қорғау күніне және биылғы Қазақстандағы Балалар жылына орай әжелер арасында «Бесік жыры» байқауы өтті. Ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы болып табылатын бесік жырын айту салтын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен байқауды Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің қолдауымен салт-дәстүрді насихаттап жүрген қоғам белсендісі Рабиға (Райса) Қалдыбайқызы Үмбетбаева ұйымдастырды.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жылбек Сенбекұлы жүргізген байқауға Алматы қаласының аудандары мен Алматы облысынан келген 50-80 жас аралығындағы әжелер қатысты. Атап айтқанда, Батима Өмірбаева, Күләш Қонаева, Ұлжан Бекенбаева, Абия Байқуатова, Нұрсағай Қалиқызы, Алмагүл Нұрсадықова, Алма Байзақова, Күміс Нүсіпжанқызы, Айша Қабдолқызы, Мырзагүл Елемесова, Күлімхан Тайбулова.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Тұран» университеті «Журналистика және аударма ісі» кафедрасының оқытушысы Гүлжан Төлекова байқауға қазылық етсе, Оқу ісінің үздігі, жазушы, «Бесік жырының» авторы Жақсыгүл Қалжанова мен балалар жазушысы Маркиза Базарбаева арнайы қонақ болды. ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, термеші Бибіжар Маханбетова «Бесік жырын» орындады.

Әділ қазылар алқасы бесік жырын ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп танитын әжелерді бір-бірінен бөле-жармай, байқауды достық жеңді қағидасымен қорытындылады.

Байқауға қатысушылар Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаевтың Алғыс хатымен, «Мейірімді әже», «Сәнқой әже», «Сымбатты әже», «Шебер әже», «Ақылман әже», «Әзілқой әже», «Инабатты әже», «Кербез әже», «Көркем әже», «Күміс көмей әже», «Қазыналы әже» номинациялары бойынша сый-сияпаттармен және «Mediterra» заманауи медицина институтына қаралуға тегін жолдамалармен марапатталды. Бір сөзбен айтқанда, байқау жоғары деңгейде өтті.

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дегендей, бұрын бесіктегі баласына ана әлдиін, бесік жырын айтпаған қазақ әйелі болмайтын еді. Осы ұлттық құндылық ұмытыла бастаған жаһандану заманында «Бесік жыры» байқауының қолға алынуы құптарлық шаруа.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here