Саяси жаңғыру: Елдегі саяси реформалар партиялық жүйенің дамуына қалай әсер етеді?

0
3520
Қазақстанда партияны тіркеу шегі төрт есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетіледі. КОЛЛАЖ the-steppe.com сайтынан алынды.

Қоғам жаңғыруының негізгі өзегі – тиімді жүргізілген саяси реформалар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды. Қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген құжат мемлекеттік маңызды міндеттерді қамтиды. Оның ауқымы кең, жан-жақты әрі нақты. Бағдарламада Президент өкілеттілігін шектеу, сайлау жүйесін өзгерту, саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету секілді басым бағыттар көзделген. Сарапшылардың пайымдауынша, соңғы жылдары Қазақстанда азаматтық қоғамның белсендігі айтарлықтай төмендеген. Көпшілік қауым мемлекеттік мәселелерден, саяси шешімдер қабылдаудан тысқары қалған. Бұл өз кезегінде көптеген мәселелердің туындауына себепкер болуда. Осы ретте Президенттің бағдарламасы қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізбек.

САЯСИ ПАРТИЯЛАР АРАСЫНДА БӘСЕКЕЛЕСТІК АРТАДЫ

Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алатындығын атап өтіп, партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін алға тартты. Атап айтқанда, ендігі жерде партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдемек. Саяси ұйымдарды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны бұрынғыдай 20 мың емес, 5 мың адам болса жеткілікті. Ал, өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға дейін төмендетіледі. Бір бұл ғана емес. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге дейін азайтылады. Партиялардың құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт та артады.

Мамандар бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады деген сенімде. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты әрі дәйекті жеткізетін, мәселелерді тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады.

Жалпы алғанда, Мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңғырту һәм жаңарту партиялардың бәсекеге қабілеттілігіне және сапасына тікелей байланысты екендігі белгілі. Өз кезегінде бұл саяси жүйенің ашықтығын арттыруға және қоғамның пікір алуандығын қамтамасыз етуге де зор ықпал етпек. Мемлекет басшысы Жолдауында саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екендігін айтты. Президент өз сөзінде партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн болатынын, саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық екенін, саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажеттігін мәлімдеді.

Бұл бастамалар – мемлекеттіліктің институционалдық тірегі саналатын партиялық жүйені дамытуды жандандырып, жаңа саяси ұйымдардың пайда болуына жол ашады. Саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды.

Сарапшылардың пайымдауынша, Мемлекет басшысының Amanat партиясының төрағалығынан бас тартуы еліміздің барлық саяси ұйымдары арасында тепе-теңдік орнатуға да елеулі ықпал етті. Сондай-ақ, бұл қадам енді Қазақстанда тіркелген партиялар арасында шынайы бәсекелестік туындауына да өз септігін тигізеді.

ПАРТИЯЛАР ХАЛЫҚТЫ ОРТАҚ МАҚСАТҚА ЖҰМЫЛДЫРАДЫ

Адамзаттың ақылманына айналған Абайдың:
«Болды да партия,
Ел іші жарылды.
Әуремін мен тыя,
Дауың мен шарынды», – деген өлеңі бар. Хәкім XIX ғасырдағы қазақ арасындағы алауыздыққа, жұртың жік-жікке бөлінгеніне наразылық білдіреді. Алайда, бүгінгі уақыт басқа, заман ағымы өзгерген. Қазіргі партиялардың басты мақсаты – халықты ортақ мақсатқа жұмылдыру, қоғамға пайдалы бастамалар көтеріп, сайлаушылардың қолдауына кеңінен ие болу.

Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін бірқатар азаматтар жаңа саяси ұйым құратындығы туралы мәлімдеме жасады. Әділет министрі Қанат Мусиннің айтуынша, тіркеуге 4 партия құжат тапсырған. Олардың қатарында «Ел тірегі», «Халық дербестігі», «Намыс» және «Бәйтерек» партиялары бар. Соның ішінде «Халық дербестігі» партиясы екінші кезеңге өтіп, растайтын құжатын алып, съезін ұйымдастырған.

Сонымен қатар, жаңа саяси партия құруға ниеттілердің сапында Мұхтар Тайжан, Санжар Боқаев, Талғат Ералиев сынды қоғам белсенділері бар. Осы орайда айта кетерлігі, 2019 жылдан бері партияны тіркеуге 10 бастамашыл топ өтініш білдірген.

Жаңа саяси партия құру туралы бастаманы ең алғаш болып 2019 жылы белгілі ақын Олжас Сүлейменов көтерген болатын. «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай «Жасыл әлем» атты партияның төрағасы Олжас Сүлейменов болатынын айтқан болатын. Кейіннен, яғни биылғы мамыр айында Қазақстанның халық жазушысы «Қазақстан халық конгресі» партиясын құратынын мәлімдеді.

Жалпы алғанда, еліміздегі партиялық жүйе мемлекет пен қоғам байланысының тиімді әрі ықпалды механизмі болып саналады. Бұл жүйе қоғамды демократияландыру мен ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуда елеулі рөл атқаратынын да атап өткен жөн. Саяси партиялар институтын қалыптастырмай, бұл бағытта қандай да бір өзгеріс болмайтыны белгілі. Партия құрып, оған мүше болу – азаматтық қоғамды нығайтып, олардың мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне қатысудағы және мемлекеттік саясатқа өзіндік үлес қосудағы белсенділігін арттырады. Бұл қадамдардың барлығы келешекте жаңа саяси көшбасшылардың қалыптасуына, негізгі саяси институттардың пайда болуына ықпал етпек. Қоғамдық-саяси өмірді демократияландыруда, халықтың саяси белсенділігін арттыру мен көптеген саяси партияларды құруда сайлау жүйесін жетілдіру де маңызды рөл атқармақ.

САЙЛАУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ – САЯСИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ

Мемлекет басшысы саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екендігін атап өтті. Бұл бастама сайлау арқылы жүзеге асырылмақ. Жалпы, Президенттің осы бағыттағы дәйекті әрі кешенді саясатының бастауы ауыл әкімдерін сайлау тәртібімен тағайындаудан басталады. 2021 жылғы 25 шілдеде еліміздегі 700-ден астам ауылдық округте сайлау өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл саяси науқан жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға тың серпін беріп, тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашты. Ауыл әкімдерін сайлау науқаны шынында да үлкен өзгерістің басы болды. Себебі, 2024 жылға дейін еліміздегі барлық аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері сайланып бітуі тиіс. Ал, одан кейін биыл сайланған әкімдердің алғашқы мерзімі де бітіп үлгереді. Демек, бұдан былай жергілікті тұрғындар өздері қалаған азаматты басшы етіп сайлап алуға дағдылана түседі деген сөз. Бұл мемлекеттік басқару ісіне көпшілік қауымның араласуын арттырып, халықтың билікке деген сенімін нығайтпақ. Сонымен қатар, ел халқының 40 пайыздан астамы тұратын ауылды жерлердің мәселелерін билік пен халықтың бірлесе шешуіне жол ашпақ.

Саяси реформалардың тыңғылықты түрде жүргізіліп жатқанының тағы бір мысалы ретінде сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін квота енгізу жөніндегі бастаманы атап өтуге болады. 2019 жылы желтоқсанда Президент партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота қарастыруды ұсынған болатын. Осыған орай заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді. 2020 жылы күзде саяси партиялар Парламенттің кезекті сайлауына қатысу үшін өздерінің тізімдерін әйелдер мен жастарға арналған квотаны ескере отырып жасады. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдеп,  саяси үдерістің ашықтығын барынша қамтамасыз ету үшін ендігі жерде Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен қатар, аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізілмек. Бұл қадамдар халықтың сайлау науқанына деген қызығушылығын арттыруға септеспек.

Соңғы жылдары сайлауды керек қылмайтын, еліміздің саяси өміріндегі елеулі оқиғаларға селт етпейтін азаматтардың қатары көбейгені жасырын емес. Отандастарымыз өздерінің дауысының маңыздылығы мен оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай да бір рөл ойнайтынына күмәнмен қарайтын болды. Осындай олқылықты жайттарды жою және алдын алу үшін еліміз аралас сайлау жүйесіне көшпек. Бұл үдеріс барлық азаматтардың құқығының толық ескерілуіне жол ашады.

Үшіншіден, мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді.

Төртіншіден, аудандар мен қалалардағы сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшіріледі. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне де жол ашады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде императивті мандатқа көшу де  депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түсетіндігіне сенім білдірді. Былайша айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы.

Мамандардың пікірінше, бұл бастамалар демократиялық дәстүрлерді айтарлықтай нығайтып, өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.

Президент айтқан саяси өзгерістер мен бастамалар еліміздің саяси жүйесін едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізілетін болады. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылданбақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы үш жылда тұрақты түрде саяси үдерістің бәсекелігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған түрлі бастама ұсынып келеді. Оның басым бөлігі табысты жүзеге асырылуда. Бастамалардың басты мақсаты – қоғамдық-саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайту. Сол арқылы мемлекеттік бағыттың сабақтастығын қамтамасыз етіп, мемлекет пен азаматтар үшін қажетті реформаларды жүргізуге мүмкіндік беру. «Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатына негізделген жаңа Қазақстанда диалог пен өзара мәміленің жоғары мәдениеті салтанат құруы тиіс. Ол – азаматтық қоғамның ынтымақтастығын арттырудың басты факторына айналады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда саяси реформалардың жаңа кезеңі басталды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы аясында бастамашылық еткен саяси реформалардың 4 пакеті партиялық-саяси жүйені либерализациялау процесін жалғастырды.

Мемлекет басшысы ұсынған сайлау арқылы саяси бәсекелестікті дамыту, көп партиялы жүйені қалыптастыру, сайлау үдерісін жандандыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру – саяси жаңғырудың басты тетігі әрі өзегі. Бұл бастамалардың барлығы Президенттің саяси жаңашылдықтарды енгізуге және өзгерістерді жалғастыруға, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге және пікір алуандығын дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарының мығым екендігін айғақтайды.

Ағылшын саясаткері Уинстон Черчильдің «Бүгінге дейін ешкім де демократиядан асып түсетін ештеңе ойлап тапқан жоқ» деген сөзі бар. Ал, демократиялық қоғам құру – бір күннің ісі емес. Көпшілік қауымның мемлекеттік басқаруға тікелей араласуы, елде сөз бостандығы мен адам құқығының сақталуы сияқты мәселелер қашанда өзекті екені бесенеден белгілі.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Қазақстанда бүгінде ресми тіркелген алты саяси партия бар: «Amanat» (бұрынғы «Nur Otan»), «Aq jol», Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы), «Ауыл», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және «Adal» (бұрынғы «Бірлік»). Алғашқы үшеуіне Қазақстан Парламенті Мәжілісінен орын бұйырған. Өйткені, 2021 жылғы ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауының қорытындысы бойынша Мәжіліс жеті балдық шекті бағындырған үш саяси партиядан жасақталды. Атап айтқанда, сайлаушылардан 5,1 млн дауыс (71,09%) алған «Amanat» партиясы 76 орынды, 792 мың дауыс (10,95%) алған «Aq jol» демократиялық партиясы 12 орынды, 660 мың дауыс (9,10%) алған Қазақстанның халық партиясы 10 орынды иеленді.  Қалған екі партия – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Adal» саяси партиясы сайлаушылардың қажетті қолдауына ие бола алмады. Ал, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы қатысқан жоқ. Сөйтіп, Мәжілістегі 107 депутаттық орынның 98-і – партиялық тізім бойынша, 9-ы – Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Қазір тіркеуден өтуге 4 партия құжат тапсырған. Олардың қатарында «Ел тірегі», «Халық дербестігі», «Намыс» және «Бәйтерек» партиялары бар.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here