Жамбыл жастарының тыныс-тіршілігі

0
2325

Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының тыныс-тіршілігіне арналған «Qazaq» газетінің арнайы жобасы

ТАРАЗДАҒЫ ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ КЕШІ

Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Кеңес Одағының Батыры, пулеметші Мәншүк Мәметова мен Халық қаһарманы, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың туғандарына 100 жыл толуына арналған «Ару қыздар – алаулап от кешкендер» атты ерлікке тағзым кеші өтті.

Кездесудің мақсаты  –  Мәншүк  Мәметова  мен  Хиуаз Доспанова сияқты қазақтың батыр қыздарының өмірбаянын өскелең ұрпаққа таныстыру, олардың ерлігін насихаттау. Мәншүк, Хиуаз апаларымыз туған елі үшін, жері үшін, келешек ұрпақ үшін қан майданда жаумен күресіп, бейбіт заманды бізге сыйға тартып, Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосты.

Тағзым кешінде облыстық орталықтың «Драма» студиясының оқушылары Ақнұр Сұлтанбек «Мәншүктің монологы», Адина Анарбекова «Қаһарман қыз – Хиуаз» атты өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Кітапхананың тұрақты оқырманы Альбина Заутбек ақын Гүлбар Муфтахованың «Мәншүкке арнау» өлеңін тарту етті. Кеште патриоттық әндермен қоса «Ұлы  Жеңіс шаттығы» әндері шырқалды.

* * *

ЕКІ БУЫН ӨКІЛДЕРІ ПІКІР АЛМАСТЫ

Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Аталар жолымен, ағалар ізімен» тақырыбында екі буын өкілдері арасында пікір алмасу кеші өтті. Кешке қонақ ретінде Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Әсия Қалиева және Жамбыл политехникалық жоғарғы колледж студенттері мен Тараз сервис және технология колледжі студенттері қатысты.

Екі буынның өкілдері бас қосқан бұл ғибратты кездесудің мақсаты – өскелең ұрпақты адалдық пен парасаттылық құндылықтарға тәрбиелеу, олардың білімге құштарлығын арттыру, саналы ұрпақ болып қалыптасуына үлес қосу және жастар бойына ұлттық қасиеттерді сіңіріп, имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу, жақсы мен жаманды ажырата біліп, аталы сөзден өнеге алуға үндеу.

Кездесуде халқымыздың әдет-ғұрып пен дәстүрін, тарихын біліп, бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру мәселесі сөз болды.

* * *

ПРОБАЦИЯ ЖАСТАРЫ ФУТБОЛ ОЙНАДЫ

«Біз жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсымыз» атты пробация жастарымен футбол өткізілді. Кездесудің мақсаты – жастарды спортқа баулу, олардың физикалық ақыл-ой, парасат мүмкіндіктерін дамыту, пробация есебінің тіркеуіндегі жастарды қоғамға қосу, құқық бұзушылықтың алдын алу болды.

Жастардың бос уақытын тиімді өткізуді мақсат еткен шараны «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің еріктілері, Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Тараз қаласының жұмыспен қамту орталығы бірлесе өткізді.

* * *

ӘДЕБИ-ТАНЫМДЫҚ САҒАТ ӨТТІ

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 355 жыл толуына орай «Ұлы дала тұлғасы» атты әдеби-танымдық сағат өткізілді.

Кездесудің мақсаты – Қаз дауысты Қазыбек бидің тұлғасын жастарға елдік пен бірліктің символы ретінде таныту болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бүгінгі жас ұрпақты еліміздің тарихын терең білуге ұқтырады. Сондықтан осындай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұрғаны керек. Себебі, тарихи тұлғалардың ұлылығын жастарға насихаттау өзекті мәселе.

Әдеби-танымдық сағатқа қонақ ретінде М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тарих және география» кафедрасының аға оқытушысы Байболов Ерлан Түйтебайұлы қатысты. Аталған университеттің студенттері Сапақ Ақерке, Көпжасар Мейірім, Жандыбай Жанелім Қаз дауысты Қазыбек бидің нақыл сөздерін оқыды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here