Ұлыларды ұлықтау – ұрпақ парызы

0
3006
Нияз би кесенесі Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Есіл мен Нұра өзені арасындағы Тайтөбенің биік жерінде орналасқан...

ҚазМУ-дің тарих факультетін өткен ғасырдың жетпісінші жылдары үздік бітірген, содан бергі саналы өмірімде қазақ елінің сан қилы замандарда басынан өткерген тарихи кезеңдері жайлы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдердің мұрағаттарында сарымайдай сақталып тұрған буулы құжаттардағы деректер негізінде 40-қа жуық тарихи жинақтарды жарыққа шығарған қаламгер, ҚР Журналистер одағының байырғы мүшесі ретінде өз заманында Абылай ханның арқасүйер билерінің бірі болған Нияз би Тілеуліұлын ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парызы екенін айтудай-ақ айтып келемін…

Нияз Тілеуліұлы (1741-1790) – Абылай ханның бас билерінің бірі. Тапқырлығы мен көріпкелдігіне риза болған Абылай хан Нияз би талантын жоғары бағалаған. Би өмірінің көпшілігін Қараөткелде, Көкшетау өңірінде өткізген. Зерттеушілер Ақмола (қазіргі Нұр-Сұлтан) атауының тарихын Нияз би қабірінің басына орнатылған ақ моламен байланыстырады. Ол туралы деректер академик Манаш Қозыбаевтың, басқа да авторлардың еңбектерінде кездеседі.

Нияз би Тілеуліұлының жаз жайлауы, қыс қыстауы Есіл өзені, Қараөткел аймағын жайлағаны жайлы, сүйегі Қараөткел дөңесіне жерленгені, басына шошақ мола тұрғызылғаны, ол моласын ел бірте-бірте «Ақмола» атағаны туралы Рақымжан Қошқарбаевтың «Жеңіс жалауы» («Жалын» баспасы, 1978) атты жинағында былайша баяндалады: «Балам, бұл қала алғаш салынғанда Қараөткел атаныпты, – деп бастады әкем әңгімесін. – Бұрынырақта осы аймақта Нияз деген бір бай жазда Есіл жағасын, осынау Қараөткел өңірін жайлағанын айтып жүретін еді көнекөздер. Сол Нияз бай Қараөткелде қайтыс болыпты. Қатты ауырып, төсек тартып жатқан бай балаларын шақырып алып:

– Сендер Қараөткелден шығаберістегі жалғыз дөңді жақсы білесіңдер. Егер мен олай-бұлай болып кетсем, денемді сол дөң үстіне жерлеңдер. Қызылқозыдан ақ қайрақ тасты жеткенінше тасып, басыма кесене салыңдар. Ұшарбасы биік болсын. Алыстан көзге түссе, өткен-кеткеннің дұғасы тиер, – депті.

Балалары әкесінің сол өсиетін орындап, ақ қайрақ тастан дөңес үстіне шошақ мола тұрғызыпты. Содан былайғы жерде сол маңайдан өткен жүргіншілер бұрынғыдай «Қараөткелден келдік» демей, «Ақ мола тұсынан келдік» деп жиі айтатын болыпты. Осыдан барып, «Қараөткел» аты ұмытыла бастайды да, ол бірте-бірте «Ақмола» аталады».

Алашқа аты мәшһүр Иманжүсіп Құтпанұлы да:

«Абылай аспас Арқаның сары белі,
Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.
Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,
Аюлы мен Нияздың «Қараөткелі», – деп жырлаған.

Осыған қатысты тағы бір дерек Омбы облыстық мұрағаттар басқармасында кездесті: «В 1868 г. образована Акмолинская область. В Акмолинскую область вошло 5 уездов: Омский, Петропавловский, Кокчетавский, Атбасарский, Акмолинский. Центром Акмолинской области утвержден герб Акмолинск. Для Акмолинской области был утвержден специальный герб: на зеленом поле щита казахский над могильник бия уезда Нияз Тилеулыулы с полумесяцем» (Личный фонд генерала-лейтенанта Г.Е.Катанаева, 1.2. фонд 366, ед. хр. 488. Омск. обл. архив).

Кезінде қазақты қойша қырған Ресей патша өкіметінің адмиралы А.В. Колчак кеңсесінің меңгерушісі болған генерал Г.Е. Катанаевтың Нияз би Тілеуліұлының Тайтөбедегі моласына қатысты осылай бейнелеген Ақмоланың 1868 жылғы гербін Ақмола облыстық әкімдігі мұрағаттар басқармасының, Қосшы қаласы әкімдігінің көзтартарлық жеріне неге іліп қоймасқа деген пікір де тарихшы ретінде көптен бері көкейімде жүрген пікірлердің бірі.

Ақмоланың 1868 жылғы гербі

Негізгі мамандығым тарихшы болғаннан кейін еліміздің тарихи тұлғаларын жарыққа шығарсам деген оймен әкімдіктерге хат жазумен, ондағылардың мазасын алумен келемін. Өйткені, ұлыларды ұлықтау – ұрпақ парызы деп білемін. Мысалы, Сарыағаш шипажайының нақ төріне Дінмұхамед Қонаев, Қостанай қаласының дәл ортасына Қарақыпшақ Қобыланды ескерткіштерінің орнатылуы сияқты біршама шаруаның атқарылуына мұрындық болған жанмын. Халық Қаһармандары С.Нұрмағамбетов пен академик М.Әлиевтің басшылығымен академиялық жинақтарды жарыққа шығарып, оқырман назарына ұсындық.

Нияз биге келгенде бірін-бірі ауыстырған Ақмола облысы әкімдері, олардың орынбасарлары мен ономастикаға қатысты басшылар маған жазбаша берген жауаптарында Нияз Тілеуліұлының Республикалық тарихи тұлғалар тізіміне енбегенін алға тартып келді. Сол басшылар Ақмола облысының атауы Нияз Тілеуліұлының кесенесімен байланысы барын білетін шығар. Ақмола халқы үшін Нияз би Тілеуліұлы басты тарихи тұлға саналуы тиіс қой.

Әрине, «Ештен кеш жақсы» деген. Мәселе оңды шешімін тапқанша, оны көтере беремін. Бастаған істі аяқсыз қалдырмаймын.

«Ақмола облысының Қосшы елді мекенінің «Лесная поляна» шағын ауданына Нияз Тілеуліұлының есімін беру мәселесі алдағы уақыттағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырылатын болады» деп берген басшылардың да жазбаша жауаптары көңілге демеу болып тұр.

Ақмола облысы әкімдігінен алған жауап хаттардың бір-екеуіне тоқталайын.

«Ақмола облысының әкімдігі Сізге еліміздің елдігін, тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктету ісіне белсене атсалысқан тірліктеріңізге шексіз ризашылығын білдіруде. Сіздей мемлекет қамын ойлайтын үлгі-өнеге көрсетер ел ағалары көп болса, егемендігіміз бекем болмақ. Сіз көтеріп отырған облысымызға қатысты маңызды мәселелерге байланысты келесіні хабарлаймыз. Целиноград ауданының Қосшы ауылындағы «Лесная поляна» шағын ауданы «Альянсстройинвест» ЖШС-нің құрылыс жобасы қолға алынып, шағын ауданда 48 тұрғын үй салынуы тиіс. Жобадағы құрылыс жұмыстары аяқталмай, «Лесная поляна» шағын ауданының атауын өзгертуге мүмкіндік жоқ. Алдағы уақытта Қосшы ауылының бір көшесіне Нияз би есімін беру мәселесі қарастырылатын болады».

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Б.Нүркенов қол қойған бұл жауап хатты 2014 жылы алдым.

Араға үш жыл салып Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы А.Мысырәлімовадан: «Қосшы ауылының «Лесная поляна» шағын ауданына Нияз Тілеуліұлының есімін беру мәселесі алдағы уақытта  қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырылады», – деген жауап хат келді.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рашит Әкімов те кезінде: «Сіздің хатыңызды алдым. Қозғап отырған мәселелеріңіз өзекті екендігі анық. Ендігі арада өзіңізді толғандырып отырған мәселелер бойынша Ақмола облыстық әкімдігімен бірлесіп шешуге әрекет жасағаныңыз жөн деп санаймын. Мен өз тарапымнан ықпалдасуға әзірмін», – деп маған хат жолдады.

Байқап отырғандарыңыздай, ұзақ жылдардан бері тарихшы-қаламгер ретінде қолыма қалам алып, осы мәселені көтеріп келемін.

Асыл сүйегі жерленген Тайтөбенің етегіне жайыла орналасқан «Лесная поляна» шағын ауданын Нияз бидің есімімен аталуына енді Қосшы қаласының әкімі Ғайдар Қасенов пен Қосшы қалалық ономастика комиссиясы ұйытқы болса құба-құп.

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі, т.ғ.д., профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов мырзаның арнайы жолдаған хаты да көптен бері қозғалып келе жатқан мәселеге нүкте қояр деген сенімдемін.

Өтеген ӘБДІРАМАН,
Журналистер одағының мүшесі,
тарихшы, қаламгер

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here