Президенттің Абай облысына жұмыс сапары қалай өтті?

0
341
Мемлекет басшысы Абай облысына жұмыс сапары барысында жазушы Мұхтар Әуезов пен ғалым Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішін ашты...

Осыдан 105 жыл бұрын, 1917 жылдың маусым айында жергілікті тұрғындар Семей қаласының бұрынғы «Заречная слободкасын» «Алаш қаласы» деп атау туралы ортақ шешімге келді. Ал, 1917 жылдың желтоқсан айында Орынборда өткен ІІ жалпықазақ құрылтайында Алашорда автономиясының астанасы ретінде Алаш қаласы белгіленіп, автономияның басшылығы осы қалаға 1918 жылдың наурыз айында көшіп келіп орналасты. Іс жүзінде 1918 жылдың наурыз айынан 1920 жылға дейін Алашорда автономиясының ресми астанасы Алаш қаласы болды. Демек, Алаш арыстарының ізі қалған қазіргі Семей қаласының әр қазақ үшін орны бөлек. Өкінішке қарай, 1997 жылы Семей облысы Шығыс Қазақстан облысына қосылып, Семей қаласы «облыс орталығы» мәртебесінен айырылып, қатардағы қаланың бірі болып қалды. Содан бұл фактор қарт Семейді тоқырауға ұшыратты. Ал, көктемде Президент Жарлығымен Абай облысы құрылып, оның орталығы – Семей қаласы болды. Осылайша, Мемлекет басшысы тарихи әділдікті қалпына келтірді.

АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН ҚАЛА

Бес ай бұрын құрылған Абай облысына, оның орталығы – Семей қаласына жұма күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен барды. Семей сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Абай облысының тұрғындарымен кездесті. Жергілікті жұртпен кездесуінде Мемлекет басшысы Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше әрі Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір екенін атап өтті.

«Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені. Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы.

«Еліміздегі мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны бұдан 120 жыл бұрын осы қалада ашылғаны белгілі. Онда Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт зиялылары білім алған. Ал, Семейдегі музыкалық драма театр – қазақтың театр өнерінің берекелі бастауы. Ұлт футболының тұсауы да осы жерде кесілген. Еліміздегі тарихи-өлкетану музейі, қоғамдық кітапхана, архив, телеграф алғаш рет осында ашылған. Сондықтан бұл жерді халқымыз қазақ руханияты тамыр жайған жер деп ерекше қадірлейді», – деді Мемлекет басшысы.

ЖАҢА ОБЛЫСТЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖІТІ НАЗАРЫНДА

Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы өзінің шешімімен Семей қаласына тарихи орталық мәртебесі берілгенін айтты.

«Жалпы, өңірдің тыныс-тіршілігі әрдайым менің жіті назарымда. Осыдан ширек ғасыр бұрын облыс таратылып, Шығыс Қазақстанға қосылды. Содан бері өлкеге бұрынғы мәртебесін қайтару мәселесі қоғамда талай рет көтерілді. Семей өңірінде іргесі бөлек облыс құру туралы бірнеше хат-хабар, ұсыныс алдым. Біз халық үніне құлақ асатын мемлекет құрып жатырмыз. Сондықтан мен биыл халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдадым. Аталған қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл шешім, шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық. Өйткені, Абай – ұлт пен жұрттың символына айналған ұлы тұлға. Семей мен Абай – бір-бірінен ешқашан ажырамайтын ұғымдар», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Президент Абай өңірін дамытудың басым бағыттары мен өзекті мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп пен 14 балабақша салу жоспарланған. Алайда, Қасым-Жомарт Тоқаев мұның өзі жеткіліксіз екенін айтып, Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Абай облысының бірқатар азаматын мемлекеттік наградалармен марапаттады.

СЕМЕЙДЕ ҰСТАЗ БЕН ШӘКІРТКЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапары барысында жазушы Мұхтар Әуезов пен ғалым Қайым Мұхамедхановқа арналған ескерткішті ашты.

Президент шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде екі тұлғаның төл тарихымызда ерекше орын алатынын атап өтті.

«Бұл – ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы рухани бірліктің символы. Шын мәнінде, қос алыпты бөле-жарып қарау мүмкін емес. Олар Абай мұрасын зерттеп, дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Төл әдебиетімізді жаңа белеске көтерді. Мұхтар Әуезов Абайды, Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Ұлы ойшылдың көркем бейнесін сомдап, оның асыл мұрасын адамзаттың ортақ қазынасына қосты. Жазушының әр туындысы жұртымыздың жүрегінен өшпес орын алды. Мұхтар Әуезов – әлем әдебиетінің шыңына көтерілген қаламгер. Ал, Қайым Мұхамедханов – ұлы жазушының жақын серігі әрі шәкірті. Ол бүкіл ғұмырын Абайтану, Шәкәрімтану және Алаштану ғылымына арнады. Қуғын-сүргінге ұшыраса да, тағдырдың сынағына қарсы тұрып, еліне адал қызмет етті», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, осыдан 4 жыл бұрын «адамды шатастыратын көше атауларын реттеуді» талап еткен Нұрсұлтан Назарбаев: «Кто такой Мухамедханов?!» – деп сол тұстағы қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевқа жекігені есімізде. Ал, Семейде сол Қайым Мұхамедханов пен оның ұстазы Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіштің ашылуы – тыйым мен қуғын-сүргін кезінде халқымыздың мәдени мұрасын сақтап қалған ұстаз бен шәкіртке көрсетілген құрмет болса керек.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ БЕН МУЗЕЙГЕ БАРДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев М. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің жұмысымен де танысты. Президент оқу орнының тарихы мен жетістіктеріне, білім ордасынан білім алған ұлы тұлғалардың өміріне арналған көрмені аралап, оқытушылар ұжымымен және студенттермен пікірлесті.

Еркін әңгімелесу форматында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мамандарға ризашылығын білдірді.

«Ұстаз деген – қасиетті мамандық. Бәріміз ұстазды сыйлаймыз. Себебі, ұстаз – жоғары деңгейдегі тұлға. Балаларға лайықты білім беріп жатырсыздар. Білімсіз адам қауқарсыз деп айтуға болады. Қауқарсыз адам қазіргі бәсекеге толы әлемде қалай өмір сүреді? Сондықтан жас мамандарға мен ризамын. Өздеріңіз сияқты жастарды мемлекет те әрқашан қолдайды», – деді Мемлекет басшысы.

М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжден кейін Президент Невзоровтар атындағы бейнелеу өнері музейіне барды. Президентке музейдің тарихы таныстырылды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here