Әскери қызметші мәртебесі – қауіпсіздік діңгегі

0
1028

Кез келген мемлекетте өмір сүріп жатқан халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету – сол елдің Қарулы күштеріне, әскерлер мен әскери құрылымдарға жүктелетіні заңдылық. Осы тұрғыдан қарастырғанда, әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру мәселесі қай кезеңде, қай қоғамда болмасын өзекті тақырыптардың бірі деп санауға негіз бар. Төңірегіміз бен әлемдік кеңістіктегі орын алып жатқан қайшылықты оқиғаларды ескерсек, әрине, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне басымдық беріледі. Ел азаттығын сақтап қалудағы көкейтесті дүние – қауіпсіздік. Еліміздің абыройы тек ғылым мен білім, руханият, экономика салаларымен қатар әскер күшімен де бағаланатыны мәлім. Мемлекетіміздің ең ұтымды көрінісі болып табылатын бүгінгі саяси тұрақтылығымыз да осы әскери қарулы күштеріміздің өжеттілігінде жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилердің психологиялық-физиологиялық ахуалы мен әлеуметтік әлеуетін жақсартуға, әскери борышын өткеру жағдайында туындаған қайшылықты жағдайларды реттеуге бағытталған бірқатар шараларды қолға алды. Биыл 15 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңдағы өзгерістерді мұқият зерделесек, мұнда әскери қызметшінің құқықтары мен міндеттері біршама кеңейтілген. Атап айтқанда, қызметтік тұрғын үйлерді жекешелендіру, әскери қызметшіге шекті жастан жоғары әскери қызмет мерзімін бес жылға ұзарту, әскери қызметшілерді «модульдік» тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мәселелері қамтылды. Барлық қажетті коммуникациямен жабдықталған модульдік тұрғын үйлер әскери қызметшілердің отбасымен уақыт үнемдеп, жылдам көшіп-қонуына мүмкіндік береді. Әскери қызметке орналасуға үміткер азаматтың жас ерекшеліктеріне қарай шектеулері (отыз жастан отыз екі жасқа дейін) ұлғайтылды.

Тағы бір маңызды қадам – Мемлекет басшысы 2022 жылдың қазанында елдің әскери доктринасына өзгерістер енгізу туралы Жарлықты бекітті. Доктринаның кейбір қағидалары бойынша стратегиялық бағыттарда әскерлердің (күштердің), қару-жарақтың, әскери техника мен материалдық құралдар қорларының қажетті жиынтығын жасау есебінен мемлекеттің әскери ұйымының құрлық, әскери-әуе және әскери-теңіз құрауышының жауынгерлік әлеуетін арттыру көзделген. Сонымен қатар, әскери мақсаттағы ақпараттандыру объектілерінде ақпаратты қорғаудың қазіргі заманғы проактивті жүйесін қалыптастыруға бағытталған техникалық және кадрлық әлеуетті дамыту бойынша жоспарлы шаралар қолға алынды.

Еліміздегі әрбір әскери құрылымдар осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, қарулы күштеріміздің сапасын көтеру мақсатында іске жұмылуға міндетті. Бұл көтерілген мәселелердің барлығы да еліміздің қауіпсіздігін бекемдеп, әскери қызметшілердің мәртебесін көтереді деп сенеміз. Сондай-ақ, бүгінгі таңдағы ең интеллектуалды бағыттағы міндеттердің бірі – жеткіншектерді әскерде борышын өтеуге қызығушылықты арттыру. Осы қырынан алғанда да, әскери қызметшілердің мәртебесін көтерудің мемлекет тұтастығы мен тыныштығын сақтап тұрудағы маңызын айқындары ақиқат. Бұл орайда, Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мінсіз әскери қызметі мен ерен ерлігі арқылы дараланатын азаматтар – өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс» деген орнықты сөзі өрбіткен ойымыздың түйінін бекітеді.

Ғазиза ОРАЛОВА,
Шымкент қаласы 35748 әскери бөлімі
Штабтық батальон байланыс
ротасының аға радиотелеграфисті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here