Мамандық бойынша дайындық шеңберінде Алматы, Қонаев гарнизондарының 200-ден астам әскери қызметшісі әуеден секіруді орындады. Оның ішінде 100-ге жуық мерзімді қызметтің жауынгерлері алғаш рет парашютпен секіріп тұр.
Десантшылар үшін парашютпен секіру жауынгерлік дайындықтың негізгі элементі. 800 метрлік биіктіктен құлдилау естен кетпес эмоция ғана емес, сонымен бірге өзіңнің батылдығыңды тексеру.
Секіру алдында жауынгерлер мұқият дайындықтан өтті. Жас сарбаздар парашютті жинауды жақсы меңгерген. Бұл десантшылар үшін өте маңызды міндет саналады. Сол себепті оған деген жауапкершілік те жоғары.
Секіру алдындағы жердегі курстар әуе-десанттық кешенінің тренажерларындағы сабақтарды қамтыды. Онда әскери қызметшілер ауада, оның ішінде мүмкін болатын штаттан тыс жағдайлардағы іс-қимылдарды пысықтады. 25 метрлік мұнарада өткен жаттығулар секіруге психологиялық тұрғыдан дайындалуға, қорқыныш пен сенімділікті дамытуға мүмкіндік берді.
Ұшу алаңында, тікұшаққа отырар алдында десантшыларға нұсқаулық өткізілді. Тәжірибелі тәлімгерлер қауіпсіздік шараларын еске салып, оларға сәттілік тіледі.
Десантшылар жерге қонғаннан кейін тактикалық тапсырмаларды орындады.
– Десантшы үшін парашютпен секіру жауынгерлік тапсырманы орындау. Бұл міндеттер жүзеге асқан соң топ командирлері жеке құрамды белгіленген жерде жинап, басшылықпен байланысқа шықты. Топтың белгіленген нысандарды басып алып, ұстап тұру міндеттері уақытлы орындалды, – деп түсіндірді құрама командирі подполковник Данияр Қарманов.
Әскери қызметшілер қолбасшылық қойған міндеттерді сәтті орындап шықты. Парашютпен алғаш секірген сарбаздар Десанттық-шабуылдау күштерін ерекшелейтін көгілді берет пен көкірекшелерді лайықты киіп жүру құқығына ие болды.