Қалтасы қалың қазақстандықтар – Forbes

0
666

4 сәуір күні «Forbes» америкалық журналы жариялаған миллиардерлердің тізімінде 6 қазақстандық бар. Олар – Владимир Ким, Тимур мен Динара Құлыбаевтар, Вячеслав Ким, Тимур Турлов және Болат Өтемұратов. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін қалтасы қалың қазақстандықтарға тоқталады.

62 жастағы Владимир Ким әлемдегі ең бай адамдардың жаһандық рейтингінде 591-орынға жайғасқан. Мақтаарал тумасының қалтасы бір жылда 400 млн долларға жұқарып, байлығы 4,6 млрд долларды құраған. Дегенмен, бұл «KAZ Minerals Ltd» мыс өндіруші компаниясының басшысына еліміздегі қалтасы қалың қазақстандықтардың көшін бастауға кедергі бола алмады. Кәсіпкердің «Kazakhmys Corp.» корпорациясында, «Bank RBK» банкінде, «Таң» телерадиокомпаниясында үлесі бар. Владимир Сергеевич қазақстандық байлардың көшін 2017 жылдан бері бастап келеді.

Аталған тізімде екінші орында Тимур мен Динара Құлыбаевтар тұр. «Forbes» америкалық журналы Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы мен қызының байлығын 4,3 млрд долларға бағалаған. Бұл көрсеткіш бойынша ерлі-зайыптылар жаһан рейтингінде 636-орыннан көрінген. Былтыр қалтасы 1 млрд долларға қалыңдаған Тимур мен Динара Құлыбаевтар америкалық журналдың рейтингінде 144 сатыға көтерілген. Оларға жүз жылдық тарихы бар «Halyk Bank» тиесілі.

Жаһандық тізімде 53 жастағы Вячеслав Ким 3,6 млрд долларымен 787-орынды иеленген. «Планета электроники» дүкендер желісінің негізін қалаған Алматының тумасы «Magnum» сауда желісінің және «Kaspi Магазин», «Kaspi Bank», «Kaspi Pay», «Kaspi Travel» компанияларының басын біріктірген «Kaspi.kz» технология компаниясының тең иесі.

Вячеслав Кимнің серіктесі Михаил Ломтадзе де аталған рейтингте бар. Оның байлығы бір жылда 1,8 есе артып, 3,7 млрд долларға жеткен. Содан әлемдік рейтингте 766-орынға жайғасқан. Бір айта кетерлігі, америкалық журнал Грузия азаматын қазақстандық тізімге қоспаған. Дегенмен, оның екі мыңыншы жылдардың басында елімізге көк тиынсыз келіп, Вячеслав Кимнің арқасында миллиардер атанғанын бәрі біледі. 47 жастағы кәсіпкер жоғарыда аталған «Kaspi.kz» технология компаниясына Вячеслав Киммен бірге иелік етеді.

Былтыр Қазақстан азаматтығын алған Тимур Турлов 2010 жылдан бері отбасымен бірге Алматыда тұрады. Мәскеу тумасы «Freedom Finance» инвестиция компаниясының негізін қалап, оны алпауыт компанияға айналдырды. Бүгінде «Freedom Holding Corp.» холдингінің құрамына «Фридом Финанс» банкі, «Freedom Insurance», «Freedom Life» сақтандыру компаниялары және «Freedom24» интернет дүкені кіреді. Америкалық журнал 35 жастағы кәсіпкердің байлығын 3,1 млрд долларға бағалап, 949-орынға қойған.

Қазақстандық миллиардерлердің тізімін «Forte Bank» пен «Верный Капитал» инвестиция компаниясының иесі Болат Өтемұратов түйіндейді. 65 жастағы Атырау тумасында 2,7 млрд доллар бар. Бұл көрсеткіш бойынша жаһан рейтингінде 1 104-орында тұр.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here