Мақсаты айқын, бағдары анық клуб

0
3586

Қазіргі таңда аралас жекпе-жек спорты (ММА) күннен-күнге қарқынды дамып келеді. Тарихы ежелгі Грекиядан бастау алатыны жиі айтылады. Дегенмен, аралас жекпе-жектен алғашқы халықаралық деңгейдегі жарыс 1993 жылы АҚШ-та өтіп, спорттың бұл түріне жаңа көзқарас сол кезде қалыптасты. Қазір аралас жекпе-жектің өзіне тән ережелері жасалып, заман ағымына сай түрленді. Аралас жекпе-жектің басты ерекшелігі – жекелеген спорт (күрес, бокс, муай-тай, джу-джитсу) түрлерінің барлық айла-тәсілдерін қолдануға болады.

Аралас жекпе-жек – нағыз жүрек жұтқан жігіттердің алапат айқасы. Сондықтан бұл спортта сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар сайысқа түседі. Әрине, кезінде елін, жерін жекпе-жекке шығып қорғаған қазақ батыр бабалардың ұрпағы үшін бұл таңсық дүние емес. Өйткені, аралас жекпе-жектің заманауи түрі елімізге жаңадан енсе де, сегізбұрышты серік еткен саңлақтарымыз жетерлік. Олардың басым көпшілігі белді промоушендармен келісімшартқа отырып, әлемнің түкпір-түкпірінде ел абыройын асқақтатып жүр. Алайда әлемге әйгілі UFC тұжырымында өнер көрсететін қазақ жігіттерінің жоқтығы көңілге қаяу түсіреді. Дегенмен, бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында жекелеген спортшылар өздерінің спорт клубтарын ашып, жастарды спорттың бұл түріне баулып жүр.

Өкінішке қарай, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптаған бұл аралас жекпе-жек клубтарының басым бөлігі алдымен материалдық пайданы көздейді, яғни бұл сала бизнеске айналды. Бүгінгідей нарық уақытында бұл дұрыс та шығар. Бірақ, ақылы түрде спорттың бұл түріне икемі жоқтарды да қабылдайтынын көз көріп, құлақ естиді. Өйткені, сападан бұрын санға басымдық береді. Ал мәселе бұлай болғанда UFC тұжырымында сынға түсетін қазақ спортшыларын жақын уақытта көру арман күйінде қалады.

Рас, жоғарыда аралас жекпе-жектің дамуына үлес қосып жүрген жекелеген азаматтардың барын айттық. Олар аралас жекпе-жек клубтарын ашып, шәкірт тәрбиелеп жүр. Сегізбұрышты серік еткен сондай саңлақтардың бірі – «Raiymbek fighters» аралас жекпе-жек клубының басшысы Азат Катаубаев.

Өткен аптада 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінің редакциясында қонақта болған Азат Нұрахметұлы былтыр Алматы қаласында ашылған «Raiymbek fighters» аралас жекпе-жек клубының мақсатымен бөлісті.

«Клуб ашудағы басты мақсатым ел спортына өз үлесімді қосу, қазақ жастарын салауатты өмір салтына тәрбиелеу болды. Біздің клубта тәрбиеленіп жатқан шәкірттердің кішкене болса да жан дүниелері нұрланып, оларға шеберліктен бұрын рухани қуат, алдарына үлкен мақсат қоюға, өз таланттарына, қабілеттеріне сенуге бағдар бере алсақ, бір мақсатымыздың орындалғаны болар еді. Бұдан бөлек, екі қолға бір күрек таба алмай сандалып жүрген жастарды спортқа баулып, оларды біріншіден адам ретінде, екіншіден кәсіби спортшы ретінде тәрбиелеуді көздеп отырмыз. Ақша табу, пайдаға кенелу клубтың мақсаты болған емес. Ондай мақсатты көздесек, шәкірттердің сапасына емес, санына мән берер едік», – деген жас бапкердің мақсаты айқын, бағдары анық.

Иә, әңгіме барысында Азат Нұрахметұлының спортқа берілген жан екенін бірден аңғардық. Жоғары оқу орнын басқа мамандық бойынша бітіріп, негізгі жұмысы басқа салада болса да, 25 жастағы жас бапкер ешқашан спорттан қол үзбегенін айтады.

«Спорт – менің өмірім. Алты жасымда футболмен әуестендім. 2009 жылы Алматы мемлекеттік Энергетика және электронды технология колледжіне оқуға түстім. Колледж қабырғасында бокспен айналысып, екі-үш жылдың ішінде Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер атандым. Кейін аралас жекпе-жекке ауысып, Еуразия чемпионы, білікті бапкер Бекнар Аманбаевтың қол астында тәрбиелендім. Бүгінде шәкірттеріме үлгі болу үшін спорттан қол үзген жоқпын, түрлі жарыстарға қатысып жүрмін. Жеңіске жету оңай емес, әрине. «Еңбек бәрін жеңбек» дегендей, талмай еңбек етудің арқасында ғана нәтиже болады. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең», әркімнің өз арманы болады ғой. Менің арманым – өзім жетпеген жетістіктерге шәкірттерімнің қолын жеткізу, шәкірттерімнің арасынан чемпиондарды шығару, егеменді еліміздің көк туын желбірету», – дейді Азат Катаубаев.

Біз жас бапкерден өзі басқарып отырған клубтың неліктен «Raiymbek fighters» аталғанын да сұрадық. Сөйтсек, бұл спорт клубтың атауы 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған Райымбек Түкеұлының құрметіне қойылыпты.

«Райымбек батыр біздің тікелей ата-бабамыз (айта кету керек, Азат Катаубаев Райымбек ауданының (Алматы облысы) тумасы, – ред.). Сұрапыл шайқаста бір өзі жоңғардың 11 батырын тізе бүктірген. «Шәкірттерім осы Райымбек батырдай қайсар азамат болсын» деген мақсатпен клубты «Raiymbek fighters» деп атадық», – деп түсіндірді жас бапкер.

Азат Нұрахметұлының айтуынша, клубтың ашылғанына 7 ай ғана уақыт болғандықтан толағай табыстар туралы айтуға әлі ерте. Ең бастысы, клубтың негізі қаланды, спортты серік еткен шәкірттер іріктелді, алды түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, шеберліктерін шыңдап жүр. Бұдан бөлек, руханиятқа басты назар аударатын клуб мүшелері «Жақсылық жасап жарысайық!» атты шараны қолға алып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып келеді.

«Әрине, басты жоспарым – клубты дамыту, шәкірттерді биік белестерге жеткізу. Дегенмен, клубты алдағы уақытта жастарды спорт жағынан ғана емес, рухани жағынан да тәрбиелейтін бірлестік ретінде қалыптастырғым келеді», – деген жоспарымен бөлісті жас бапкер.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Асыл – тастан, өнер – жастан» дегендей, аралас жекпе-жектің қыры мен сырын, әдісі мен тәсілдерін меңгеріп, спорт әлемінде қалықтаған қазақтың намысшыл әрі патриот ұлдарының бірі Азат Нұрахметұлы мен оның клубында тәрбиеленіп жатқан шәкірттеріне сәттілік тілесек артық болмайды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here