Тоқсаныншы жылдары Татарстан азаттық алу мүмкіндігінен қалай айырылды?

0
2793

Ұзақ жылдар қаншама елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген алып империя (КСРО) құлағаннан кейін Кремльдің алдынан күйіп тұрған өзекті мәселелер шықты. Өйткені, Мәскеуден бөлініп кеткен 14 елден (ішінде Қазақ КСР да бар) бөлек, Ресей Федерациясында азаттықты аңсаған 16 автономиялық республика (қазір көрші елде Қырымды қосқанда 22 автономиялық республика бар) қалды. Сол автономиялық республикалардың ішінде 3,6 миллион халқы бар (1989 жылғы көрсеткіш) Татарстан толыққанды тәуелсіз ел болуын қатты талап етті. Ал, сол елең-алаң шақта татарлардың тәуелсіздік алуы Ресей Федерациясының құрамындағы өзге 15 автономиялық республиканы да азаттық алу арманына бір қадам жақындата түсер еді. Мұны жақсы түсінген сол кездегі Ресей Федерациясының президенті Борис Ельцин (1931-2007) Қазанға (Татарстан астанасы) аттанып, Минтимер Шаймиевпен (1991-2010 жылдардағы Татарстан президенті) келіссөздер жүргізеді.

ЕЛЬЦИН VS ШАЙМИЕВ: КЕЛІССӨЗДЕР НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

1990 жылы 6 тамызда Қазан қаласына барған РКФСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Борис Ельцин: «Берите столько суверенитета, сколько сможете проглотить. Но вы находитесь в центре России, и об этом нужно подумать», – деп ашық мәлімдеме жасады. Борис Николаевич айтқан бұл екі сөйлемнің бірінші сөйлемі (Берите столько суверенитета, сколько сможете проглотить) орыстар үшін қанатты сөзге айналса, екінші сөйлемі (Но вы находитесь в центре России, и об этом нужно подумать) татарларды қатты ойландырды. Неге десеңіз, Татарстанның тым құрығанда жақын жатқан Қазақстанмен шекарасы жоқ, тәуелсіздік алған күннің өзінде географиялық жағынан қарағанда татарлар ормандай орыстың ортасында қалады. Сондықтан да, Татарстанның «өгіз өлмейтіндей, арба да сынбайтындай» саясат ұстанудан басқа амалы болмады.

Ельцин мен Шаймиев келіссөздеріне тоқталмас бұрын тоқсаныншы жылдардағы Татарстандағы саяси жағдайды айтқан дұрыс шығар.

Қазан мемлекеттік университетінің доценті Мулюков бастаған зиялы қауым өкілдері 1988 жылы жаңа ұйым құрады (кейін бұл экстремистік ұйым саналды). Татарстанның білім мен мәдениетін дамытуды көздейтін ұйым ретінде тіркеуден өтті. Шын мәнісінде ұйымның негізгі мақсаты Татарстанды одақтас республикаға айналдыру, ал татар тіліне мемлекеттік мәртебе алып беру болды.

Жаңа ұйымды құрғандардың 60 пайызы коммунистер, атап айтқанда, Набережные Челны қалалық кеңесінің екінші хатшысы Рафгат Алтынбаев, «Милли меджлис» басшысы Талғат Абдуллин, бас идеолог Рафаэль Хакимов болды. Сондықтан бұл ұйымнан қауіп-қатер келетініне Мәскеу еш күдіктенген жоқ. Ал, ұйым жасырын түрде елдің ішінде тәуелсіздік тақырыбын көтеріп, татар тілінің мемлекеттік мәртебе алу мәселесін қозғай бастаған еді. Осылайша 1991-1992 жылдары татар ұлтшылдығы шарықтау шегіне жетті. Бұрын отбасы, ошақ қасында айтылатын Татарстан тәуелсіздігі сол жылдары мінберлерден ашық айтыла бастады.

Бұл мәселені ауылдан қалаға қоныстанған татарлар ушықтыра түсті. Басшылық қызметте, жақсы жұмыстарда орыстардың үлесі татарларға қарағанда тым көп екенін және татар тілінің мүшкіл жағдайын айтып алаңға шықты.

Сол тұстағы Министрлер Кеңесінің Төрағасы, кейін Татарстанның алғашқы президенті болған Минтимер Шаймиев тоқсаныншы жылдары елінің тәуелсіздігі жөнінде ойы болғанымен, оны ашық айта алған жоқ.

«Считаю очень важным, что у меня хватило выдержки нигде и ни разу в этот период не произнести публично слово «независимость». Я так и не высказывал вслух того, чего жаждала от меня бушующая и с каждым днем все более агрессивно настроенная толпа. Можно себе представить, что бы произошло, если бы я, поддавшись эмоциям, обронил это заветное слово», – деп жазыпты саясаткер өзінің ғұмырбаяндық кітабында.

Рас, сол жылдары Минтимер Шәрипулы Мәскеуге қарсы шыққанда Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметімен бірден қоштасып, Татарстанның алғашқы президенті болмас еді. Ал, азаттық туралы ашық айтпағаннан кейін Ельцинмен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік алды.

1990 жылы Татарстан астанасына келген РКФСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Борис Ельцин жоғарыдағы қанатты сөздерге айналған пікірін айтып, алаңға шыққан татар ұлтшылдарының ашу-ызасына тиді.

«После знаменитых слов Ельцина меня начали обвинять: почему человек из Москвы открыто ратует за нашу свободу, суверенитет, а ты осторожничаешь? Но это, я считаю, было нормальным развитием событий. Борису Ельцину своим знаменитым заявлением удалось сделать практически невозможное – выпустить пар из перегретых политическими страстями людей, не позволить дойти до критической точки. Агрессивность митингующих после этого несколько спала», – деп өткен күннен естелік айтты Минтимер Шаймиев.

Борис Николаевичке Қазан сапары оңайға түскен жоқ. Әсіресе, оның «Иттифак» партиясының төрайымы Фаузия Байрамовамен болған кездесуі өте әсерлі өтті. Татардың бұл қоғам қайраткері, көрнекті жазушысы Байрамова Мәскеудің татар халқын басып-жаншып жатқанын Ельциннің бетіне басты, ашық сынады. Ал, Ельциннің Байрамоваға қарсы айтар уәжі болмады. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, Борис Николаевич татар ұлтшылдарымен болған кездесуден кетуге асықты.

Саяси сарапшылардың айтуынша, Минтимер Шаймиев Борис Ельцинді татар ұлтшылдарымен әдейі кездестірген. Өйткені, сол кездегі Татарстандағы ұлтшылдықты минаға теңесек, бұл елде ақырын іске қосылған «мина» кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін еді. Ал, Татарстанда жарылған «минаның» салдары Шешенстан сияқты автономиялық республикалардағы онсыз да күрделі жағдайды ушықтыра түседі. Демек, ресми Мәскеу Қазанның кейбір шарттарымен келісуге мәжбүр болады.

«Минтимер, я тут суверенитета людям наобещал, что же теперь будем делать? Татарстан же не выйдет из России?» – деген Ельциннің сұрағына Шаймиев: «Выход один, Борис Николаевич, писать договор!» – деп жауап беріпті.

Ельцин мен Шаймиев келіссөздері негізінен Татарстанның пайдасына шешілді. Татарстан толыққанды тәуелсіздік алмаса да, Ресей Федерациясынан бөлініп шықпаса да, 1990 жылы 30 тамызда Тәуелсіздік туралы декларациясын, ал 1992 жылы 30 қарашада Конституциясын қабылдады. Ата заңында татар тілінің орыс тілімен бірдей мемлекеттік мәртебесі тайға таңба басқандай айқын көрсетілді.

КРЕМЛЬДІҢ ТІЛІН ТАПҚАН ПРЕЗИДЕНТ

Кремльдің тілін тапқан Минтимер Шаймиев 1991 жылы 12 маусымда қарсыласы жоқ сайлауда Татарстанның тұңғыш президенті болды. Елді 19 жыл басқарды (2010 жылға дейін). Оның тұсында өткен бір маңызды шараны атап өтпеске болмайды. Ол – референдум. 1992 жылы наурызда Шаймиевтің бастамасымен Татарстан Республикасының мәртебесі туралы тағдыршешті референдум өтті. Сол референдумда халықтың 61 пайызы елдің тәуелсіздігін жақтап дауыс берді. Дегенмен, Кремльдің бұл жөніндегі ұстанымы белгілі еді.

«В Казани собирались даже собственную валюту вводить и взимать свои таможенные платежи. В феврале 1994 года после трех лет тяжелейших переговоров Татарстан подписал с федеральным центром двухсторонний договор. Конфликт удалось урегулировать, и важно подчеркнуть, что механизм его разрешения выработали именно в 1992 году в Грозном, но реализован он был с Татарстаном», – деп түсіндірді ресейлік мемлекет және қоғам қайраткері Сергей Шахрай.

Сергей Михайлович айтқандай, ресми Мәскеу мен Қазанның келіссөздері ұзаққа созылды. Сол уақыт аралығында Татарстан Ресей Федерациясына салық төлеуді доғарып, өз мұнайын өзі игере бастады. Ал, Қазанның бұл өзім білемдігі Кремльдің қытығына әбден тиді.

Сол арада елдің ең ірі қос қаласы – Қазан мен Набережные Челны татар ұлтшылдарының алаңға шығатын мекеніне айналды. Мәскеуден тәуелсіздікті талап еткендер алаңда Ресей Федерациясының туын өртеп, кеңестік және ресейлік белгілерді аяққа таптап жатты. Және бұған Минтимер Шаймиев қарсылық танытқан жоқ.

«В своё время один из советников Ельцина рассказывал мне, почему Ельцин отказался от ввода войск в Татарстан. На него неизгладимое впечатление произвёл довод советника, что в армии России служат много татар, в том числе и на ответственных должностях. И оккупация Татарстана произведёт на них нехорошее впечатление. Это может негативно отразиться на обороноспособности и даже на лояльности вооруженных сил», – деп  пікір білдірді сол кездегі жағдай туралы Рашит Ахметов.

Кремль есін жинай алмай жатқан тоқсаныншы жылдары халық Татарстан мен Шешенстанды салыстырып, олардың ұлтшылдығын айтуды жақсы көретін. Өйткені, қос ел ғана сол жылы Федералдық шартқа қол қоюдан бас тартты. Он төрт елден бір жылда айырылып есеңгіреп қалған Мәскеуге ес жиғызбауға тырысты. Темірді ыстық кезінде соқты. Тәуелсіздікті талап етті. Дегенмен, Шешенстанға қарағанда Татарстанның бір артықшылығы болды. Татарстан басшысы Кремль оңайлықпен тәуелсіздік бермейтінін жақсы түсінді. Шаймиевтің азаттық жолында нар тәуекелге бармауы Ельцинмен екі тарапқа да пайдалы бір келісімге келуге жол ашты.

Рас, Шаймиев сол тұста екі орындыққа да отыруға тырысты. Халықтың да, Кремльдің де тілін табу тісқаққан саясаткердің қолынан келді. Өйткені, Шешенстандағы жағдайдың арты жақсылыққа апарған жоқ. Біріншіден, Кремльдің сеніміне селкеу түсірді. Екіншіден, ел ішінде таққа талас басталды. Дудаев пен Шешенстан парламентінің айтыс-тартысы ұзаққа созылды. Ал, Шешенстандағы сценарийдің Татарстанда қайталануын Шаймиев қаламады. Билік басында қалу үшін ресми Мәскеудің қолдауы ауадай қажет болатынын ұғынды.

«Чечня выбрала свой путь, к сожалению, тупиковый. Я предупреждал Дудаева, что встать под знамя полной независимости невозможно. Этим самым он закрыл себе возможности для переговоров, выбрал путь вооруженной борьбы, чтобы добиться независимости. К сожалению, случилось то, что случилось», – деп жазды Татарстанды 19 жыл бойы басқарған экс-президент.

Расында да, Кремльге қарсы шығып, тәуелсіздігін талап еткен Шешенстан билігі мен халқы опа тапқан жоқ. Ұзақ жылдар бұл ел оқ пен оттың ортасында өмір сүрді.

1994 жылы 15 ақпанда ресми Мәскеу мен Қазан екіжақты шартқа қол қойды. Шарт бойынша, Татарстан Республикасы артықшылығы бар Ресей Федерациясының бір бөлшегі.

Осылайша Татарстанның алғашқы президенті Мәскеумен сауатты саудаласа жүріп, республиканың салыстырмалы болсын азды-көпті экономикалық әрі саяси егемендігіне қол жеткізе білді.

КЕК САҚТАҒАН КРЕМЛЬ

1994 жылға дейін Кремль мен Шаймиев саясатына қарсы шыққан татар ұлтшылдарының үні біртіндеп өше бастады. Шаймиевке қарсы шыққан Рафгат Алтынбаев мемлекеттік қызметтерден шеттетіліп, саясат сахнасынан кетті. Рафгат Закиевич сияқты бір кездегі белсенділер өзеннің жағасына шығып қалған балықтай күй кешті.

Оппозиция тұншықтырылды. Қандай да саяси күштердің барлығы қудаланып, түрмеге отырғызылды, қалғандары шетелге қашты. Бұрынғыдай билікке қарсы алаңға мыңдап шықпайтын болды. Шығуға қорқады.

Дегенмен, бұл ресми Қазанның Мәскеудің барлық талабына келісіп, бас шұлғи беретінін білдірмейді. Татарстан тәуелсіздігі үшін күреспесе де, татар тілінің болашағы үшін орыстармен тартысады.

Өткен жылы тамыздың соңында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин: «Адамды өз ана тілінен басқа тілді мәжбүрлеп оқытуға және Ресейдің этникалық республикаларындағы мектептерде орыс тілі сағаттарын азайтуға жол берілмейді» – деп, аймақтарда ресейліктердің (анығында орыстардың) құқықтары қалай сақталып отырғанын тексеруді тапсырды. Прокуратура республикаларда ұлттық тілдерді азаматтардың қалауы бойынша ғана оқытуға болатынын ұйғарды. Бұған дейін орыс тілді балалардың ата-аналары татар тілі орыс тілінен гөрі көбірек оқытылатынына шағымданған еді. Тіпті, оқушылардың бірінің анасы Татарстан басшылығын сотқа беріп, ақшалай өтемақы талап еткен-ді.

Татарстанда татар тілі барлық мектептерде оқытуға міндетті тіл болып қала беретінін, бірақ ол бұрынғы аптасына алты сағаттың орнына енді екі сағаттан оқытылатынын Татарстан президенті Рустам Минниханов мәлімдеді. Президенттің айтуынша, жаңа ережемен федералдық билік келіскен.

Татар тілін оқу тек бірінші сыныптан тоғызыншы сыныпқа дейінгі оқушыларға міндетті болады. Жоғары сыныптарда ол факультативті пән ретінде оқытылады.

Татарстан Конституциясы бойынша, орыс пен татар – мемлекеттік тіл саналады. Олар мектептерде міндетті және теңдей түрде оқытылуы тиіс. Федералдық заңдар бойынша, татар тілі ерікті түрде үйретілуі керек.

Иә, татар  ұлтшылдары кешегі Ресей мен бүгінгі  Ресейдің  арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бұрынғыдай тәуелсіздікті талап етіп алаңға мыңдап  шықпайды. Мысалы, 18 ақпан күні Қазан қаласында татар тілін қолдау жиыны (митинг емес) өтті. Бірінші рет рұқсат берілген жиынға бар болғаны 150-ге жетер-жетпес адам қатысты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кеңес Одағы құрылғаннан бері автономиялық республикалар қатарында екінші сорт саналып келген татар халқының ұлттық сана-сезімі 1990 жылдардың басында күрт оянды. КСРО-ның ыдырап, 14 елдің азаттық алуына байланысты ұлт белсенділері ұлттық мәселелерді қозғады. Жоғарыда аталған Бүкілтатар қоғамдық орталығы мен оның Набережные Челны қаласындағы бөлімшесі, «Иттифак» партиясы, «Азатлык» жастар қозғалысы сияқты ұлттық және ұлтшыл қозғалыстар дәл сол кезде – 1990 жылдардың басында құрылған еді. Дегенмен, мықтының аты – қашанда мықты. Кремль  тоқсаныншы жылдардағы татар ұлтшылдарын қазір қоғамдық-саяси ортадан шеттетіп тастады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here