Түркіменстан Орталық Азияның «Солтүстік Кореясына» қалай айналды?

0
5516

5,7 миллион халқы бар Түркіменстан көгілдір отынға бай ел. Биылғы жылға дейін бензинді, газды, суды, тұзды, электр қуатын тегін пайдаланып келген түркімендерге тамсанатын, ал президенттерінің кейбір шешімдерін түсінбейтін әлемде ел көп. Оның үстіне әлемдік қауымдастық Түркіменстанды Орталық Азияның «Солтүстік Кореясы» санайды. Өйткені, бұл сыртқа есігін аша бермейтін «жабық ел». Ал, бүгінгідей ХХІ ғасырда томаға-тұйық тіршілік кешіп, өз қазанында өзі қайнап жатқан елдердің дамудың даңғыл жолына түсіп кетулері оңай емес. Нарық заманында тым құрығанда көрші елдермен алыс-беріс пен барыс-келіс еш артықтық етпейді. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін түркімен кілемі және ақалтеке сияқты арғымақтарымен әлемге танылған оңтүстік-батыстағы көршіміз Түркіменстанның тыныс-тіршілігіне шолу жасайды.

БЕРДІМҰХАМЕДОВ АТАҚ-ДАҢҚЫН МАРҚҰМ НИЯЗОВТАН ДА ҚАЛАЙ АСЫРДЫ? 

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы 15 республикадан тұрған алып империя құрамындағы елдер өз жөнімен кетті. Бірі дамудың дара жолын таңдаса, енді бірі авторитарлық режимді құп көрді. Олардың ішінде ешкімнің ішкі және сыртқы ісіне араласпай, өзімен өзі өмір сүру жолын таңдағандар да жоқ емес еді. Ол, яғни, бейтарап саясат ұстанған мемлекеттер. Посткеңестік елдер ішінде бірінші болып осы жолды Түркіменстан таңдады.

Иә, Түркіменстан 1991 жылы 27 қазанда Кеңес Одағынан бөлініп, өзінің тәуелсіздігін жариялады. 1985-1991 жылдары Түркіменстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Сапармұрат Ниязов тәуелсіз Түркіменстанның тұңғыш президенті болды. Осылайша, табиғи газға бай елде Ниязов дәуірі басталды. Президенттік билік қолға тиісімен өзіндік саясат жүргізді. Аз жылдың ішінде КСРО құрамында болған Түркімен КСР әлемдегі санаулы «жабық елдің» бірі болып, Орталық Азияның «Солтүстік Кореясына» айналды.

Әлемдік қауымдастық Сапармұрат Ниязовты диктатор санады. Ал, айналасындағы жағымпаздар мен жандайшаптар оның атақ-даңқын асыруға бар күштерін салды. Түркіменстан Парламентінің арнайы қаулысымен Сапармұрат Ниязовқа «Түркіменбасы» деген атақ берілді. Бұрынғы Красноводск қаласы – Түркіменбасыға өзгертіліп, ондаған көшелер мен зауыттар, кеңшарлар мен мектептер тұңғыш президенттің атымен аталды. Жер-жердегі ұйымдар мен мекемелердің алдына, көшедегі көліктердің маңдайшаларына Түркіменбасының портреттері ілінді. Бас-аяғы 14 мыңнан астам алтын жалатылған ескерткіштер мен бюсттер жасалынып, әр аймақта орнатылды. Ес білген баладан – еңкейген кәріге дейін Түркіменбасы жазған түркімен халқының тарихи-рухани өсу жолы жайындағы «Рухнама» кітабын жаттады. Міне, осылайша Сапармұрат Ниязов кәрістер Құдайындай көретін Солтүстік Кореяның 1972-1994 жылдардағы басшысы Ким Ир Сен (1912-1994) сияқты культ-тұлғаға айналды. Алайда, бұл өмірде ештеңе де мәңгілік емес. «Түркіменстанның мәңгілік президенті» саналған Түркіменбасы 2006 жылы 66 жасында жүрек ауруынан қайтыс болды.

Рас, 1999 жылы Түркіменстанда жүргізілген жалпыхалықтық референдумға бойынша Сапармұрат Ниязов «Мәңгілік президент» болды. Жалпы, бұл ұғым тарихта болған. Мəселен, 1802 жылы Наполеон өзін мәңгілік президент атаған. Мұндай жағдай XX ғасырда да аз болған жоқ. Айталық, президенттер Рафаэль Каррера (Гватемала), Франсуа Дювалье (Гайти), Иосип Броз Тито (Югославия), Хосе Гаспар Родригес де Франсиа (Парагвай), Сукарно (Индонезия) және Кваме Нкрума (Гана) өздерін мəңгі патша санап, билік басында өмірлерінің соңына дейін отырды.

«Медальдың екі қыры бар» дегендей, Сапармұрат Ниязов культ-тұлғаға айналғанымен, оның тұсында Түркіменстанда газ, тұз, су, бензин, электр қуаты тегін болып, ел астанасы – Ашхабад қарқынды дамыды.

Түркіменстан Республикасының Конституциясы бойынша Сапармұрат Ниязовтың қазасынан кейін президенттік билік сайлау өткенге дейін Түркіменстан Мәжілісінің төрағасы Овезгелді Атаевқа өтуі тиіс-тін. Дегенмен, күтпеген жерден оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің шешімімен Сапармұрат Ниязовты жерлеу комиссиясын басқару және президенттік міндетті уақытша атқару 2001 жылдан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовке жүктелді.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, 2006 жылдың 26 желтоқсанында Халық мәслихатының басқосуына қатысқан 2 507 делегаттың бәрі бірауыздан Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовты қолдап, Түркіменстан президенттігіне үміткер ретінде ұсынды. Сөйтіп, 2007 жылдың 11 ақпанында өткен президенттік сайлауда Бердімұхамедов сайлаушылардың 90 пайызға жуық дауысын иеленіп, тәуелсіз Түркіменстанның екінші президенті атанды. Ал, 2012 жылғы сайлауда 97,14 пайыз, 2017 жылғы сайлауда 94,27 пайыз дауыс жинап, үш мәрте президенттік «таққа» қайта отырды.

Сапармұрат Ниязовтың қазасынан кейін Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов «өзі жоқтың – көзі жоқ» саясатын ұстанды. Бұл туралы кезінде «Qazaq» газетінде кеңінен жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Сондықтан бұл тақырыпты қысқаша ғана қайталап өтудің еш артықтығы болмас.

Рас, тұңғыш президенттің қолымен жасалған кейбір жаңалықтар өзгеріске ұшырады. Айталық, 2007 жылғы 22 ақпанда жаңа президент Отанға адалдық анты мәтінінен өлең түріндегі «Ұлы Түрікменбасы» қосымшасын алдыртып тастады. Осы сияқты жергілікті газеттердің алғашқы беттерінен Сапармұрат Ниязовтың портреті мен «Рухнамадан» алынған сілтемесі біртіндеп ығыстырылды. Оның орнына Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовтің фотосуреті және инаугурацияда сөйлеген сөзі басылды. Барлық мекемелер мен ұйымдардың кітап сөрелерінде тұратын «Рухнама» кітабы жинап алынды. Оны мектептерде оқыту қысқартылды. Ол бойынша міндетті түрде емтихан тапсыру талабы жойылды.

Бұдан бөлек, сол жылдың 15 наурызында президенттік штандарттан тұңғыш президент Сапармұрат Ниязовтың есімі өшіріліп, орнына «Түркіменстан Президенті» деген сөз жазылды. Түркіменбасының тұсында жабылған Ұлттық ғылым академиясы, ғылыми-зерттеу институттары мен ауылдық емханалар қайта ашылды.

Сонымен қатар, 2009 жылдан басылымдар, көше мен елдімекен атауларынан Ниязов пен оның туыстарының есімдері алынып тасталды. Ашхабадтағы Күнмен бірге айналып тұратын Түркіменбасының алтыннан жасалған алып ескерткіші қиратылды. Есесіне, Ниязовтың ізбасары өзінің туыстарын ұлықтап жүр. Айталық, көзі тірі әкесінің есімі әскери бөлімге, мәдениет үйіне беріліп, еңселі ескерткіші бой көтерді. Марқұм атасының да әруағы риза шығар. Немересі атасына мектептің есімін бергізді. Ескерткіші тағы бар.

Осылайша, 2007 жылы Түркіменстанда Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов дәуірі басталды. Екінші президент көзі тірісінде-ақ культ-тұлғаға айналған Сапармұрат Ниязов жасаған өзгерістерді жоққа шығаруға тырысты, тырысып та жүр. Бір қызығы, Түркіменстандағы жеке басқа табынушылықты өзі қайта бастады. Оңтүстік-батыстағы көрші елдің қазіргі культ-тұлғасы – Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов.

Елге сіңірген «еңбегін» бағалаған түркімен халқы оны «Ұлт көшбасшысы», «Аркадаг» (қамқоршы) деп жариялады. Елдің әр бұрышында екінші президенттің алып ескерткіштері орнатылып, оның есімімен мекеме, көше атаулары атала бастады. Мектептерде Бердімұхамедовтың кітаптары Ниязовтың «Рухнамасын» алмастырды. Қазірдің өзінде екінші президенттің кітаптары мектеп бағдарламасында бар. Мәселен, оның «Игі атың мәңгі есте қалады» атты романын 7-сынып оқушылары төрт сағат оқиды.

Енді саясатқа қатысы жоқ тақырыпқа да тоқталайық. Бердімұхамедовтің ат спортына, футболға, қару жинауға әуестігі де бар екендігін жиі байқаймыз. Ел шулаған тағы бір жағдай, оның өз туған күніне миллиондаған долларға шетел әншілерін шақырып, олармен көңіл көтергендігі еді. Әсіресе, Голливуд актрисасы Дженнифер Лопес қазір Түркіменстанның жиі қонағына айналған.

Кітап та жазатын (11 жылда алуан тақырыптағы 33 кітап жазған), ән де шығаратын, ол әндерін бір өзі орындайтын, медицина ғылымының да, экономика ғылымының да докторы, айналдырған 11 жылдың ішінде түрлі 45 атақ алған Түркіменстанның «сегіз қырлы, бір сырлы» президентін американдық «Foreign Policy» журналы әлемдегі ең қатыгез бес диктатордың бірі санайды. «Press Freedom Index» тізімінде сөз бостандығы мүлдем жоқ елдердің қатарында тұр.  Саяси тұтқындар санынан да алдына ешкімді салмайды.

Цирк, опера және балет театры, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары атымен жоқ, өз халқына қара түсті көлік мінгізбейтін, темекі тартқызбайтын, әйелдері көлік жүргізбейтін, 30 жасқа толмаған ер-азаматтарды шетелге шығармайтын, «Youtube», «Facebook» секілді интернет ресурстарына заңмен тыйым салған, халқының 5 пайызы ғана интернетті қолданатын Түркіменстан осылайша Орталық Азияның «Солтүстік Кореясына» айналды.

КЕЛМЕСКЕ КЕТКЕН ЖЕҢІЛДІКТЕР НЕМЕСЕ ТҮРКІМЕНДЕРДІҢ ТҰРМЫСЫ ТҮЗЕЛДІ МЕ?

Сапармұрат Ниязовтың ұйытқы болуымен 1992 жылы «Түркіменстан тұрғындарының электр қуатын, газ және суды тегін пайдаланатыны туралы» қаулы қабылданды. Кейін бұған 1994 жылы қабылданған ас тұзын да ақысыз пайдаланатындығы жөнінде қаулы қосылды. Және бұл қаулылардың 2020 жылға дейін күшінде болатыны айтылды. Артынан Түркіменбасының ұсынысымен 2030 жылға дейін электр қуаты, газ, су, бензин және ас тұзының тегін болатындығы жайында Парламенттің қаулысы шықты. 2002 жылы президенттің өзінің туған күніне орай 62 жасқа толған әрбір азаматтың қосымша бір күн демалатындығы және оған құрбандыққа шалуға сатып алатын қойдың ақшасы берілетіндігі туралы Жарлық күшіне енді. Осыдан кейін түркімендерге, диктатор саналған Сапармұрат Ниязовтың тірлігіне тамсанбай көріңіз!..

Жоғарыда Түркіменстанда Бердімұхамедов дәуірінің дүрілдеп тұрғанын жаздық. Десе де, Ниязов тұсындағы жеңілдіктердің бірқатары жойылды, қалғандары таяу уақытта жойылатын түрі бар. Айталық, Ниязовтың тұсында тегін болған бензин 2008 жылдан бастап мөлшерлеп берілетін болды. Ай сайын автокөліктердің иелері – 120 литр, жүк көліктері мен автобустардың иелері – 200 литр, ал мотоцикл иелері – 40 литр бензиннің талонын тегін алады. Осы мөлшерден асса бензин бағасынан 8 есе артық коммерциялық бағамен сатылады. Бірақ, коммерциялық бағаның өзі сол жылы тек 15 АҚШ центіне тең немесе Қазақстандағы бағадан 5 есе, Ресейдегі бағадан 6 есе арзан еді. Түркіменстандағы бензинге қатысты азайған жеңілдіктің көлемі мұнымен шектелмеді. Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов 2014 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғындарға ай сайын тегін бензин үлестіруді жою туралы Жарлық шығарды.

Былтыр қазан айында Ақсақалдар кеңесінде сөз сөйлеген Ғұрбаноғлы  Бердімұхамедов электр қуаты, газ, су және тұзды тұтынуды кезең-кезеңімен ақылы жүйеге көшіру керектігін айтты.

«Сол жылдары теңдессіз ерекше жеңілдіктердің ұсынылуы – әлемдегі қиын экономикалық жағдай кезінде жақсы өмір қалыптастыру, азаматтарды нарықтық экономикаға бейімдеу болды. Нарықтық қатынастар жағдайындағы елдің терең экономикалық жағдайы ұлттық байлықты үнемді пайдалануды талап етеді. Халық табысының артуы, жұмыс өнімділігінің жоғарылауы әлеуметтік жеңілдіктерді ақылы етуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді бұл шешімді Түркіменстанның президенті.

Осыған дейін Түркіменстан халқы тұзды, газды, электр қуаты мен суды ешқандай лимитсіз тегін тұтынып келді. Бұл әлеуметтік көмектерді ақылы ету туралы алғаш рет 2015 жылы сөз болды. Кейін 2016 жылы Бердімұхамедов бұл ұсынысқа келісті. Бірақ, кейін президент кенеттен ел бюджеті аталған жеңілдіктерді тегін күйінде сақтауға мүмкіндік беретінін жариялады. Енді президент қайтадан жеңілдік жүйесі пайдасыз екенін айтып, оның күшін жоюға бұйрық берді.

Ресми Ашхабадтың мәлімдеуінше, жеңілдіктерді қысқарту жөніндегі ұсынысты Ақсақалдар кеңесі көтеріпті. Олардың айтуынша, қуатты және бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан түркімендер газ, су, тұз және электр қуатының төлемақысын еш қиындықсыз төлей алатын жағдайға жетті. Яғни, түркімендердің тұрмысы түзелді.

Осылайша, Бердімұхамедовтың бүгінгі дәуірінде Ниязовтың тұсындағы жеңілдіктер мерзімінен бұрын келмеске кетті. Ал, ол жеңілдіктер 1993 жылы тәуелсіз елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың қаулысымен пайда болып, 2030 жылға дейін күшін жоймауға тиіс еді.

Түркіменстанды өмірінің соңына дейін басқарған Сапармұрат Ниязов 1993 жылы «Алтын ғасыр» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. «Жабық елде» қаншалықты «алтын ғасырдың» болғанын түркімендердің өздерінен басқа ешкім білмейді. Бір анығы, тұңғыш президент өз халқын тегін ауыз су, газ, тұз және бензинмен қамтамасыз етті. Ал, 2007 жылы билік басына «Алтын ғасырды» артқа тастаған, «Алып күш және бақыт дәуірі» бағдарламасын бастаған Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов келді. Жағымпаз атқамінерлерден «Ұлт көшбасшысы», «Ұлт қамқоршысы» атақтарын алғаннан кейін Бердімұхамедов Ниязов тұсындағы бірқатар жеңілдіктердің көзін жойды. Ресми Ашхабадтың ұстанымы бойынша, түркімендердің қазір жағдайы жақсы, жеңілдіктерге мұқтаж емес. Әрине, түркімендердің тұрмысы түзелді ме, әлде олар тығырыққа тірелді ме, енді «жабық елдегі» нақты жағдайды білу мүмкін емес.

Әрине, посткеңестік елдердің ешқайсысында ешқашан бензин, газ, электр қуаты, су… тағысын тағы заттардың тегін болмағанын әділдік үшін айтуымыз керек.

Түркіменстан бойынша бір ғана мобильді оператор қызмет көрсетеді. Оның тарифтерін мемлекет қадағалайды. Яғни, біздегідей білгенін істеп, бағаны өзі белгілейтін монополистер жоқ.

Үйлер ешқандай пайызсыз 30 жылға жалға беріледі. Сондықтан, бұл елде үйсіз жүрген жас отбасылардың саны аз.

Түркімен манатының құны да өте жоғары. Бұл елде ақша құнсыздану дегенді білмейді. Бұл Түркіменстан тәуелсіздік алған жылдардан бері 30 жылға жуық уақытта еш өзгермей келе жатқан жағдай.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әрине, Түркіменстанда тәуелсіздіктің 27 жылында екі-ақ президент басқарғанымен, олардың елдің тарихи әрі мәдени өмірлерінде үлкен іздері қалатынын ешкім жоққа шығармайды. Алайда, «Елдің келесі президенті кім болады?» дейтін сұрақ көптің көкейінде жүр. Бұған дейін үш рет сайланып үлгерген Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов те өзін Сапармұрат Ниязов секілді Мәңгілік президент етіп сайлай ма? Әлде тақтың мәңгі еместігін, уақыты келгенде өзгеге тапсыру керектігіне көзі жетті ме? Ол жағы белгісіз. Бір анығы, көптеген саясаткерлер Түркіменстанда болашақ президент Ғұрбаноғлының жалғыз ұлы Сердар Бердімұхамедовтің болуы мүмкін екенін айтады. Ал, бүгінде оған байланысты алғышарттар да жасалып жатыр. Мәселен, Түркіменбасының 37 жастағы ұлы көптеген лауазымды қызметтерге аралысып, аз уақытта партияны да басқарды, депутат та, елші де болды. Қазір Түркіменстанның сыртқы істер министрінің орынбасары. Бұл билік ешкімге де опа бермеген. Сондықтан, бейтарап мемлекет Түркіменстан да болашақта монархиялық елге айналып кетуі мүмкін… 

Айбол ҚАРАШЕВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here