2012 жылы «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Сейітқали Дүйсен мен Қанат Еңсеновтің «Жұмабек Тәшенев» атты ғылыми-зерттеу еңбегі тарих ғылымының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның редакциясымен «Ұлы Дала тұлғалары» сериясы бойынша жарық көрген еді. Аталған кітапта қайраткердің өнегелі өмірі мен тағылымды тағдыры және тұтастай кеңестік дәуірдегі оқиғалар мен құбылыстар, ел тарихындағы таластар мен тартыстар баяндалған.
Қазақ Республикасы Министрлер кеңесiнiң төрағасы Жұмабек Тәшенев (1915-1986) Мәскеудің қыспағымен Қазақстанның ірі бес облыс жерін толықтай аумағымен Ресейге берiп жіберуден аман алып қалды. Қайраткер сақтап қалған қазақ жерінің көлемі 565 мың шаршы шақырым шамасында немесе қазiргi Қазақстан аумағының бестен бiр бөлiгi екен.
Зерттеуде тұлғаның осындай қоғамдық-саяси қызметі, елдің ірі мәселелері жазылады. Жұмабек Тәшенев және сол сияқты кесек тұлғалар туралы зерттеулердің жазылуы замана шындығын ұрпаққа өз болмысында жеткізудің бір шарасы.
Расында да, Мәскеудің саясаты әуел бастан қазақ жерін Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Түрікменстан сияқты әртүрлі кеңес республикаларына таратып беруді көздеген. Кезінде Н.С.Хрущев Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосып, Ақмола облысынан немістерге автономиялық облыс ашпақ та болды. Бірақ, сол кездегі қазақ халқы үшін, жері үшін қаймықпай қарсы тұрған Жұмабек Тәшенев сияқты асыл азаматтарымыз ерлік көрсетті, қылышынан қан тамған қызыл империяның айтқанына көнбей қарсы тұра білді. Алайда, Н.С.Хрущев ешкімді тыңдамай баса көктеп, қазақ жерін талапайға салды. Оңтүстік Қазақстанның Бостандық, Мақтаарал, Киров, Жетісай, Шымқорған сияқты шұрайлы бай өлкелерін Өзбекстанға беріп жіберді. Бұрынғы Киров ауданына қарасты Арнасай, Амангелді, Ильич, Шымқорған совхоздарын Өзбекстанның Жызақ облысының Фарыш ауданына қосты. Сол солақай шешім мен қаулының кесірінен аты аталған совхоздар мал-мүлкімен, байлығымен Өзбекстанда қалып қойды. Кейіннен Мақтаарал, Жетісай, Киров аудандары Дінмұхамед Қонаевтың арқасында қайтарып алынды.
Республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірген Жұмабек Тәшенев сынды Алаш арыстарының есімдерін мәңгі есте сақтау, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек үңілу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Осы мақсатта Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Сейітқали Дүйсен мен Қанат Еңсеновтің «Оңтүстік Қазақстан аудандары үшін күрес» атты зерттеу мақалаларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
РЕДАКЦИЯ
Ел өмірі мен тарихында жер, шекара мәселесі ерекше орын алған. Онда талай айтыс-тартыстар болған. Мәселен, 1934 жылы Орталықтың шешімімен шаруашылықты тиімді ұйымдастыру мен ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Қазақстанның Тамды, Үшқұдық жерлері Өзбекстанға берілді. Бұған қанағаттанбаған Өзбек КСР-ы осы жылы орталықтан бұған қосымша Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын қарамағына беруін өтінеді. Осы мәселеге байланысты 1934 жылы 9 маусымда РК (б) П Қазөлкекомы бюросының Бостандық ауданына байланысты мәжілісі өтеді. Мәжіліс Оңтүстік Қазақстан обкомы мен Бостандық ауданы партия комитеті Бостандық ауданының партия ұйымдары арасында Өзбекстанның ОК-нің Бостандық ауданын Өзбекстан құрамына қосу жөніндегі шешімін келеңсіздік деп түсіндірілсін деген нұсқау беріліп, Е.Ерназаров пен Ұ.Құлымбетов КСРО ОАК-не М.И.Калининнің атына Өзбекстан ұйымдарының ісіне қарсы наразылық жолдап, осы мәселеге қатысты қазақстандық ұйымдармен келісімсіз жасалған Өзбекстан ОК-нің шешімі заңсыз деп есептеліп, РК (б) П ОК бұл мәселені қарауға ұсыну жөнсіз деген Л.И.Мирзоянның қолы қойылған наразылық шешімін қабылдайды.
1940 жылдардың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Бағыс ауылының жиырма мың гектар жері мен ол кезде Қазақстанға қарайтын Бостандық ауданының бір бөлігі артиллериялық полигон салу үшін КСРО Қорғаныс министрлігінің Жарлығымен уақытша Түркістан әскери округінің қарауына берілді. Осы тұста Бағыс ауылы округтің «Туркистанец» қосалқы шаруашылығының құрамына еніп, әскерилер үшін мал және егін шаруашылығымен айналысты (округ 1926 жылдан 1946 жылға дейін САВО (Орталық Азия әскери округі) деп аталған). Ал, осы Түркістан округінің штабы Ташкентте болды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елдің әскери қорғаныс саласын дамыту мақсатында республика территориясынан әскери полигондар салу үшін жерлер кесіліп алынып отырған. Ол уақытта Қазақстан КП ОК бюросының келісімінсіз Мәскеудің тапсырмасымен белгілі территорияны көрсетілген уақытта ауылдардан, малшылардан тазартып қоюға тапсырма берілетін. Бұл тапсырмалар мүлтіксіз орындалуы тиіс еді. Қазақстан жерінің белгілі бір бөлігін әскери мақсатта пайдалануға жеке И.В.Сталиннің өзі қол қоятын. Осындай мәселелерге байланысты сол кезде сұрақ қоюға немесе қарсыласуға ешкімнің дәті бармайтын. Оның себептері де белгілі. Жоғарыда аталған мақсаттармен басшылық Оңтүстік Қазақстан облысының біраз жерлерін сол кезде құрылған әскери полигонның құрамына алып қойды (Сейдін Н.Б. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы: Қалыптасуы, мәселелері және айқындалу барысы. Ғылыми басылым. – Алматы: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, 2006. – 52, 53//, Нұрмағамбетов С. Жұмабек Тәшенев жайында бір үзік сыр// Азат. 2004.).
Кеңес дәуірінде «халық шаруашылығын оңтайландыру» деген ұранмен жоғарыда көрсетілген одақтық республикалар арасындағы әкімшілік шекаралар бірнеше рет өзгертілген, яғни одақтық Үкімет кейбір территорияларды бір мемлекеттің иелігінен алып, басқа бір мемлекеттің иелігіне беріп отырды.
КСРО басшысы Н.С.Хрущев Қазақстанның оңтүстік аудандарын бөлшектеуге құлшына кірісті. Сол кезде республиканың жоғарғы басшылығының шоғырында болған, осы оқи-ғаның куәгері Әди Шәріпов былай деп еске алады: «1954 жылдың тамыз айының аяғында Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетіне «КОКП Орталық Комитетінен Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын түгелімен Өзбекстанға беру жөнінде ұсыныс жасаңдар» деген хабар түсті. «Бұл ауданды Өзбекстанға беруге болмайды» деген қарсылық білдіріп, Министрлер Кеңесінің орынбасары М.Бейсебаев қол қойған хат осы күні мұрағаттан табылды (ҚР ОММ. 1137 – қ., 22-т., 125-А-іс, 6-п.). Бұдан кейін де Бостандық ауданын Өзбекстанға беруге қарсылық білдірген хаттар мұрағатта сақтаулы.
Өзбекстанға Бостандық ауданын бермеу жөнінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары М.Бейсебаевтың 1955 жылы 29 желтоқсанда жасаған мәлімдемесі бар. Онда Бостандық ауданын Өзбекстанға берудің мүмкін еместігі туралы бес түрлі себеп аталған.
Біріншіден, Бостандық ауданы Оңтүстік Қазақстанның ең құрғақ субтропиктік жалғыз ауданы саналады, онда өте қымбат жабайы өсімдіктер өседі, сондай-ақ 8 мың гектар жаңғақ өсетін жерлері бар. Бұл ауданда консерві зауыты салынған. Онда жылына 10 млн банкі өнім шығарылады. Онымен қоса, осы жерде Шыршық, Бүркіт-Молалы жерлерінде жаңғақ өнімдері шаруашылығы мен орман шаруашылығы құрылған.
Екіншіден, бұл ауданда Шыршық және тағы басқа тау өзендері сарқырап ағады. Бұл Оңтүстік Қазақстанда су электр станциясын салуға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, осы ауданның су ресурстарын пайдалана отырып, Келес, Сарыағаш және Қаратас аудандарының ауыл шаруашылығын дамыта түсуге мүмкіндіктер бар.
Төртіншіден, ауданда қымбат мрамор өндірісі жолға қойылып, зауыт салынған. Мұнда өндірілген мрамор Мәскеу, Ленинград және одақтас республикаларға тасымалдануда.
Бесіншіден, Бостандық ауданында Шымған санаторийі жұмыс жасайды. Сондай-ақ, көмір және мырыш өндірісі бар. Жалпы, жер көлемі 5,6 мың шаршы шақырымды құрайды. Жер көлемі 540 мың гектарды қамтиды. Құрамында 16 колхоз, 2 МТС, 1 мрамор зауыты, 1 консерві комбинаты және басқа да кәсіпорындар бар (ҚР ОММ. 1137-қ., 22-т., 125-а. – іс, 6-7-п.).
Мәскеуден «Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын Өзбекстанға беру жөнінде ұсыныс енгізіңдер» деген нұсқау қайта келеді. Осы мәселе бойынша Ж.А.Тәшеневтің төрағалық етуімен арнаулы комиссия құрылады. Оның құрамында М.Бейсебаев, С.Дәуленов, Х.Арыстанбеков, А.Морозов, В.Шереметьев болады. Алайда, Ж.А.Тәшенев төрағалық еткен комиссия Мәскеудің бұл ұсынысын мақұлдамайды. Комиссия мәселені қарастыра келе, «Бостандық ауданының жері мал өсіруге ыңғайлы, құрылыс материалдарын өндіруге су-энергетикалық қоры мол, қорғасын, көмір мен машина жасау өндірістерінің жұмыскерлері демалатын санаторийлер ұйымдастыруға өте қолайлы. Сондықтан бұл ауданды Өзбекстанға беруді тиімсіз санаймыз» деген шешім шығарады.
Жұмабек Ахметұлы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бостандық ауданына іс-сапар-мен барғаннан кейін осы өңірдегі маңызды өндірістің бірі – мрамор өндіру ісін жандандыру мәселесін шешуді ҚКП Орталық Комитеті Бюросында қарауды ұсынады. Өйткені, бұл жерде 600 мың куб метр мрамор қоры болғанымен, 1948 жылдан бері жұмыс істесе де, жылына 350 куб метрі ғана өңделеді екен. Оның себебі зауыттың материалдық-техникалық базасының нашарлығынан деп түсіндіреді. Бұл құрылыс саласы үшін маңызды материалдың сұранысын өтемейді. Сондықтан шұғыл түрде бұл мәселені қолға алуды ұйғарады (ҚР ПМ. 708-қ., 28-т., 328-іс, 121-п.).
Комиссия шешімі 1955 жылдың 1 маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Л.И.Брежневке жіберіледі. Абырой болғанда Л.И.Брежнев Ж.А.Тәшенев төрағалық еткен комиссияның қорытындысына қарсы келмейді. Қайта қолдау білдіріп, «Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін» деген Қаулы қабылдады.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің тапсыруы бойынша арнайы құрылған комиссия Бостандық ауданына барып, жер-гілікті аудан адамдарымен сұхбаттасып, сол жердің жағдайын жете зерттеп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне арнайы хат түсірді. Оның мазмұны төмендегідей болатын:
1. Бостандық ауданының жері мал өсіруге мәні зор екендігін, құрылыс материалдарын өндіруге су-энергетикалық қорларының молдығын, қорғасын, көмір және машина жасайтын өндірістердің жұмыскерлері демалатын санаторийлер ұйымдастыруға өте қолайлы екендігін ескеріп, бұл ауданды Өзбекстанға беруді өте тиімсіз санаймыз.
2. Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын Өзбек КСР-на беру жөніндегі Өзбек КСР-ы үкіметінің сұрауын комиссия негізсіз деп есептейді (қол қойған комиссия мүшелері Ж.Тәшенев, М.Бейсебаев, С.Дәуленов, Х.Арыстанбеков, А.Морозов, В.Гогосов, В.Шереметьев. 1 маусым, 1955 жыл).
Комиссия қорытындысы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бюросында арнайы қаралды. Онда мынадай шешім қабылданды:
…1955 жылдың маусымы… Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бюросы қаулы етеді:
Бостандық ауданы жерінің мәнін жоғары бағалай келіп, Орталық Комитеттің бюросы Ж.Тәшенев басқарған арнайы комиссияның қорытындысымен келісті. Бостандық ауданын Өзбекстанға бермеу жөнінде қаулы қабылдады. Десек те, республика басшыларының қарсылығына және аудан халқының 80 пайызы қазақтар екендігіне қарамастан, Н.С.Хрущев Бостандық ауданын Өзбекстанға зорлықпен бергізген. Бұл мәселеге қатысты Қазақстанның орталық мұрағатында сақталған құжаттар жеткілікті» (Шәріпов Ә., Көргенім, көңіліме тоқығаным// Жұлдыз. 1994 жыл, №15-16).
Осы жерлердің мәселесін Орталықтың мүддесіне сай шешу үшін Кеңес Одағы Орталық Комитетінің Ауыл шаруашылық бөлімінің өкілдері П.Биязев пен КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінен Н.Ананьев және К.Корнев 1955 жылы 25 қазанда өз алдына ұсыныс жасаған. Олардың нұсқауы бойынша шөл даланың жерлерінен тағы Өзбекстанға беру жайлы сөз болды (ҚР ОММ. 1137-қ., 22-т., 125 А – іс, 2-п.). Бұл арада дәл осы ұсынысқа қазақ басшылары келіспейтіндіктерін айтып, Қазақстан Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесі ортақ мынадай тоқтамға келген:
1) Шөл даладағы ауыл шаруашылықты игеруді алтыншы бесжылдықтың жоспарына қосу және Қазақ КСР-дағы колхоздар мен совхоздарда мақта өндіруді дамыту.
2) Кеңес Одағының Ауыл шаруашылық министрлігіне 1956 жылдың екінші жартысына дейін Орталық шөл даланы игеруге жобаны бекітуді жүктеу.
3) Шөл даланы игеруге байланысты ұсынысты дұрыс қабылдамау бұл аудандардағы ауыл шаруашылығын дамытуға қиындықтар туғызып отыр (ҚР ОММ. 1137-қ., 22-т., 125 А-іс, 4-п.).
Қазақстан тарапынан Мәскеуге 1955 жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Брежнев пен Д.А.Қонаев хат жазған. Осы хатқа назар аударсақ, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы жолдас Н.А.Булганинге және КОКП ОК Бірінші хатшысы Н.С.Хрущев жолдасқа Қазақстан КП ОК және Қазақ КСР Министрлер Кеңесі бірнеше рет ақылдаса келіп, шөл даланың жерлерін мақта және ауыл шаруашылығын дамытуға Оңтүстік Қазақстанды пайдалану үшін өз ұсыныстарын Кеңес Одағы Орталық Үкіметіне жолдайды. Бұл жерлерде кейінгі жылдары Киров каналы салынғандығы және 60 мың гектар жер шөл даладан игерілгендігі аталады. Сондай-ақ, осы жерлерден мақта өсіретін колхоздар мен совхоздар бар Ильич, Киров және Қызылқұм әкімшілігі аудандары ұйымдастырылған.
Шөл даланың колхоздары мен совхоздарында өсірілетін мақта өнімі Оңтүстік Қазақ-станның басқа аудандарының өнімімен салыстырғанда өте өнімді екендігі баса көрсетіліп, бұл өңірде ауыл шаруашылықты дамыту үшін шөл даланың жерлерін игере түсу қажет делінген. Сонымен қатар, Қазақ КСР-ында мақта өндірудің 1956-1960 жылдарға арналған жоспары жасалған (ҚР ОММ. 1137-қ., 22-т., 125 А-іс, 5-6 п.).
Енді дәл осы оқиғаның арасында болған қоғам қайраткері Хайдар Арыстанбеков естелігіне назар аударайық: «ХХ ғасырдың елуінші жылдары Қазақстан басшыларының арасынан шоқтығы шығып, ерекше көз тартатын тұлға Жұмабек Тәшенев еді. Олай деп айтуға оның өмір жолы, халыққа деген адал қызметі, Қазақстан мемлекетінің территориясы үшін кезіндегі КСРО басшыларымен батыл да дәлелді күрестері толық айғақ бола алады. Мен бұл жерде Жұмекеңнің мемлекетіміздің жері үшін жасаған еңбектерін тәптіштеп айтуды жөн санаймын. Ол өзін қазақпын деп санайтын ер азамат екені белгілі.
…Жұмекең қоғам ісіне өте берілген, өзіне тапсырылған жұмысқа жауапкершілігі күшті адам еді. «Елім, жерім» деп өмір сүрді, халқына жақсылықтан жанын аямады. Өзінің әділдігін білген мәселеде қашан болсын белсеніп шығып, қызына сөйлеп, көзқарасын батыл қорғайтын. Ең үлкен дәрежедегі жиындарда пікірін өзі де ашық айтатын, өзгенің де жасқанбай сөйлеуін қалайтын. Өзбекстанға жер бермеу жөніндегі комиссияны басқарғанында жете ұғынысып жұмыс істедік, жеріміздің тұтастығын сақталуын талап еттік. Жұмекең онда да аянбады. Бір өкініштісі: ол тым бірбеткей еді. Қарым-қатынастағы адамдармен әлдебір мәселені шешерде шыдамы шектеліп, қызбаланып кететін кездері болып жүрді. Ал халқының жағдайын, әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеруге бағытталған шараларды қабылдауға өте жауапты қарайтын. Министрлер кеңесінің төрағасы болып істеген кезінде жұртшылыққа жасаған жақсылығы мол болды. Жұмекеңнің жер туралы күрестерінің бірі – оның тікелей қатысуымен көрші Өзбек республикасы арасында болған жағдайдан байқауға болады.
Осыған орай «Бостандық ауданынан біз қалай айырылып қалдық?» деген сұрақтың тууы орынды. Ол былай болды. Әуелгіде өзбектер Бостандықты сұрап, Мәскеу жаққа хат жіберген. Ол кезде Өзбек КСР-ның бірінші хатшысы Н.Мұхитдинов болатын. Ол мынадай себептерді алға тартты: «Біріншіден, Қазақстан бұл ауданға Ташкент арқылы қатынайды (Жол жоғы рас тұғын. Тауды айналып, Өзбекстан арқылы баратынбыз). Екіншіден, мақта саламыз, мал көбейтеміз, экономиканы көтереміз, т.б. мәселелер».
Қысқасы, өзбектер осынау шұрайлы өлкемізді әйтеуір бір сылтаумен қолға түсіргенше асықты. Содан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті құрған арнайы комиссиядағы жеті адам: Ж.Тәшенев (комиссия төрағасы), М.Бейсебаев, С.Дәуленов, мен (Х.Арыстанбеков), А.Морозов, В.Гогосов, В.Шереметьев қол қойып, 1955 жылдың 1 маусымында: «Өзбек КСР-ына Мақтаарал ауданының кейбір бөліктерін беруге келісеміз, ал Үкіметтің (бұл жерде естелік иесі КСРО Үкіметін айтып отыр, – авт.) Бостандық ауданын беру туралы өтінішін негізсіз деп санаймыз», деп атап көрсетіп, хат жаздық.
Осы жерде айта кететін бір жайт, біздің мұндай шешім қабылдауымыз өкіметтің саясатына қарсы екенін білдік. Бірақ, осы шешімге Ж.Тәшенев батылдығы көп әсер етті. Оған дәлел Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы болып істейтін арамыздағы А.Морозов хат соңында: «Согласен с пунктом 1, 2 и 4, что касается Бостандыкского района считаю целесобразным еще раз обсудить этот воп-рос и правильно было бы решить о передаче его состав Узбекской ССР» деп жазып, бізбен толық келіспейтінін, өкімет саясатын түсінетінін, Мәскеудің ғана ыңғайымен жүретінін білдірді.
Бұл хатымыз сол қалпында біраз уақыт жауапсыз жатты. Содан кейін өзінен-өзі жоғарғы жақтан «звонок келді» де… Бұл өзі Никита Хрущевтің бастап жүрген мәселесі ғой. Сөйтіп, Бостандық ауданы ең құнарлы да ұлан-ғайыр территориясымен, 360-370 мыңдай қойымен қоса Өзбекстанға берілді, ал ар жағындағы Бағыс пен Түркістан ауылына қарасты 20 миллион гектардай жайылымды «берілсін» деп біз айтқанымыз жоқ. Карта жасағанда олар Қазақстанда қалды.
Сол қалпында Жоғарғы Кеңестің сессиясында қаралып, біраз жер өзбектің пайдасына шешіліп кете барды… Ол кезде сессия төрағасы Қонаев болатын. Артынша Мұхитдинов Саяси Бюроға мүше болып Мәскеуге ауысты. Оның орнын Ниязов басты. Осы жерде бір нәрсеге мән беру керек. Ниязов өндіріс академиясында Хрущевпен бірге оқыған. Бұл – бір. Ал, Жоғарғы Кеңеске төрайым болып Насреддинова келе қалды. Хрущев Насреддинова не айтса да қарсы болмайтын. Ел аралауға шыққанда екеуі машинаға бірге мініп, бірге түсіп жүретін еді. Содан олар: «Мынау Мақтаарал, Киров, Речевский – мақталы аудандар, қазақтар мұның бәріне Ташкент арқылы келеді. Осы жерлерді бізге беріңдер», – деп тағы сұраныш жасады. Сөзсіз тағы да ауыз жаласқан шешім бойынша комиссияға ілігіп кеттік. Бірақ, біздің азаматтардың, атап айтсақ, Ж.Тәшеневтің күшімен сол жолы бір қатерден аман қалдық. «Біз Украинаға бүкіл Қырымды беріп жібердік. Ал сендер бір-екі аудан үшін…» – деп, Хрущевтің айқайлағаны есімде. Көп ұзамай Тәшенев қызметтен кеткен соң, ол аудандардан да айырылып тындық. Кейін көп нәрсе өзгерді. Л.И.Брежневтің кезінде Мақтаарал, Жетісай аудандарының кейбір бөліктері бізге қайтарылып берілді. Әйтсе де, өзбектер жарты жерді алып қалды.
Бұған өзіміз кінәліміз. Ол қазақтың принципсіз, немқұрайлы, кең қолтық көзқарасынан деп түсіну керек. Осы күні жер дауы деп төбелесіп жүргенде (естелік иесі Қазақстан мен Өзбекстан арасында шекараны белгілеу кезінде кейбір орын алған келіспеушілікті айтып отыр, – авт.), сол кезде өзбектердің талай жерімізді өзінен-өзі заңдастырып алғанында біздердікінің ашық ауыз, ештеңені керек қылмай, тек өзбек айтқандай, «хоп, мейлі» дей беретіндігімізден. Ал, Бағыс пен Түркістан қазақтың ежелгі жері екені рас. Баяғыда Түркістан каналы салынғанда республикамыздың мақта өндірісін қалыптастыруға жол ашқан үлкен қадам болатын. Өзбек ағайын шетінен кіріп, күрек салып, атыздап ала берді. Сарыағаш, Келес аудандарына қарбыз өсіріп, тіпті «Сарыағаш» шипажайына бар-жоғы 500-600 метр жерге дейін шекарасын жылжытып алған. Ал, біз үндемейміз! Тіпті, бертін келе Сарыағаш ауданы әкімінің бір май құю стансасы да Өзбекстан территориясында болып шықты.
Жоғарыдағы басшылар қандай саясат ұстанып отырғанын білмеймін. Тек айтарым Бостандықтың кезінде берілген 418 гектарынан артық мал жайылымдылық жерлер – қазақтыкі. Оны өзбектердің иемденіп алғаны, оны сол заматта-ақ құжаттармен негіздей білгені болып тұр. Бірақ, олар оны жетістіріп, шипажайлы аймақ жасай алған жоқ. Ал, Бостандықты білесіз, нағыз жерұйық! Мұнда шай планта-циялары да өсірілетін.
Бостандық ауданын Өзбекстанға өткізу кезеңі ауыр болды. Комиссияның жетекшісі Жұмабек Тәшеневтің тапсырмасымен құжаттарға, картаға қол қоюға барғанбыз. Өзбектер сол жерге түскі ас дайындапты. Менімен бірге барған 3-4 қазақ: «Тамақ ішпейміз, кетеміз», – деп Бостандық аудандық атқару комитетінен шығып бара жатқанымызда, таяқ сүйенген қазақтың екі шалы алдымыздан шығып:
– Шырақтарым-ау, не істедіңдер? Бізді қайда тастап бара жатырсыңдар?! – дегенде мен шыдай алмай жылап жібердім.
Жалпы, осы айтылған мәселелердің барлығы да Жұмабек Тәшеневтің басшылығымен болған жер туралы айқастарда кездескен қиыншылықтардың бір белесі ғана. Жер туралы айтатын болсақ, сөз көп. Ата-бабаларымыздың аруақтары жерімізді саудаға айналдырғандарды ешқашан да кешірмейді. Егер бүгін қайран Жұмабек Тәшенев тірі болса: «Қазақстан территориясындағы жер, кен, т.б. адамзатқа керекті ресурстар – ата-бабамыз қалдырған қазақ халқының мұрасы мен байлығы. Жерді, басқа ресурстарды біреулердің иемденуіне, сатуға, «арам» ақшамен сатып алуына және жеңіл жолмен тез байыу үшін «арбап-алдап» жалдауға ешкімнің де қақысы жоқ», деген болар еді» (Арыстанбеков Х. Елім, жерім деп өмір сүрген нар тұлға// Азат, 2004 ж., 24 қараша). Біз жер дауына байланысты болған ақиқатты сол қалпында жариялап отырмыз.
Бостандық ауданы мен шөл дала жерлерін Өзбекстан өз құрамына қосып аларда өзбек басшылары барлық айла-шарғыға барған. Тарихқа көз жүгіртсек, жер мәселесі қашанда өзекті болып келген. Мәселен, кеңестік дәуірде әміршіл-әкімшіл басшылар тарапынан қазақ елінің әкімшілік-аумақтық құрылымына ішінара өзгерістер жасалды. Сондай өзгерістердің бірі 1956 жылы болды. 21 қаңтарда Өзбек КСР-ы «Бостандық ауданы мен шөл даланың жерлерінен ішінара өз құрамына қосып алғандығы жөнінде» қаулы қабылдап, Кеңес Одағы Конституциясының 14 бабының «д» тармағына сәйкес өзгерістер енгендігі аталады. Бұл тарихи құжатқа Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Мәскеуде К.Ворошилов пен хатшысы Н.Пегов қол қойған (ҚР ОММ. 1109-қ., 5-к., 597-іс, 419-п.).
Одақтық Үкіметтің авторитарлық-волюнтаристік қысымымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1956 жылғы 21 қаңтарда «Бостандық ауданы мен Бетпақдала жерінің бір бөлігін Қазақ КСР-ның құрамынан Өзбек КСР құрамына беру туралы» қаулы қабылдауға мәжбүр болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясында Төралқа төрағасы Ж.А.Тәшенев Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы мен басқа қосымша жерлерді Өзбек КСР-ына беру туралы мәлімдеме жасады. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал, Қызылқұм аудандарынан алынған 329 га жер, сондай-ақ 1936 жылдан өзбек колхоздары мен совхоздары уақытша пайдаланып келген жерлер Өзбекстанға толық берілсін делінген. Орталық және Оңтүстік арналар суаратын далалық жерлерден 95 мың га, Оңтүстік Қазақстан облысы Бостандық ауданы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары колхоздары жайылым ретінде пайдаланылатын жерлерінен басқа аумағы берілсін деген қаулыға сол кездегі Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Ж.Тәшенев, Министрлер Кеңесінің Төрағасы Д.А.Қонаев және КОКП хатшысы Л.И.Брежнев қол қойды.
Жалпы, кеңестік заманда Өзбекстанға Орталықтың күштеуімен берілген жерлердің бір қатарын Д.А.Қонаев Н.С.Хрущев биліктен кеткеннен кейін қайтарып алған болатын. Ол жайында өз естеліктерінде қайраткер бұл жерлерді сақтап қалу мен қайтарып алу оңай шаруа болмағанын жазған. Демек, ел мен жер үшін күрестер жүргізіп, қажырлы еңбек еткен қоғам қайраткері өз заманының көрнекті тұлғасы болғандығы даусыз (ҚР ПМ. 708-қ., 29-т., 163-іс, 137-138 п.п.).
1956 жылы Бостандық ауданы мен шөл даланың бір бөлігінің Өзбекстанға берілуінің қалай заңдастырылғанына көз жеткізу үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясындағы баяндамаларға, пікірлерге толығырақ тоқталғанды жөн көрдік.
Жұмабек Тәшенев баяндамасынан: «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының өтінішін арнайы комиссия жіберіп, мұқият зерттеп, екі жаққа да тиімді ортақ шешімге келді. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары ұжымшарларының Бостандық ауданын және көрсетілген жер аумағын Өзбек КСР-ына беру туралы Республика Жоғарғы Кеңесінің қарауына және бекітуіне ұсынады.
Бостандық ауданы Өзбек КСР-ына берілуі екі республика экономикасының бірлігін, территориялық жақындығын және шаруашылық, мәдени байланыстарының беріктігін көрсетеді. Сондай-ақ, туысқан Өзбек КСР-ы экономикасы мен мәдениетінің одан әрі қарқынды дамуына сеп болды. Сондықтан территориялық және экономикалық тұрғыдан алғанда Бостандық ауданын Өзбек КСР-ына беру орынды шешім деп ойлаймыз.
Бостандық ауданы мен 499 мың гектар жер аумағын Өзбек КСР-ына беру қазақ халқының өзбек халқына деген шексіз сенімі мен сүйіспеншілігінің мысалы, елімізде мекендейтін халықтар арасында қалыптасқан туысқандық байланыстарының жарқын дәлелі.
Мұндай салтанатты сәт тек социалистік шындық және КСРО-дағы бұзылмас ұлттар достығы мен бірлігінің нәтижесінде жүзеге асқалы тұр. Коммунистік партия еліміздегі барлық халықтарды бір-бірімен жер дауын туғызбайтын, басқаның есебінен олжа табуға ұмтылмайтын, барлық мәселені тең өзара сенім мен туысқандыққа негіздеп шешетін біртұтас ортақ үйге топтастырды. Мұндай туысқандық әрекеттің бір жарқын мысалы – ұлы орыс халқының украин халқына Қырым облысын беруі болды.
КСРО Конституциясында «одақтас республикалардың территориялары олардың келісімінсіз өзгертілмейді» деп нақты жазылған. Осы арқылы кеңестік одақтас республикалардың егемендігі Конституцияда көрініс тапқан. Бостандық ауданы мен көрсетілген жер аумағын Қазақ КСР-ының Өзбек КСР-ына ерікті түрде және өтеусіз берілуі нағыз тарихи жер мәселесін шешуде жаңа социалистік жолын бейнелейді.
Бостандық ауданы мен көрсетілген жер аумағын Қазақ КСР-ының құрамынан алып Өзбек КСР-ының құрамына беру туралы шешім қабылдау тек қазақ және өзбек халықтарының ғана емес, Кеңес Одағының мемлекеттік мүддесіне сай келеді (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының ду қол шапалақтары).
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мұндай шешім қабылдауы біздің ұлы социалистік отанымыздағы қазақ және өзбек халықтарының арасындағы бұзылмас достық пен бірліктің одан әрі нығайуының көрінісі болмақ (ду қол шапалақтар).
Депутат жолдастар! КСРО халықтарының тарихи тәжірибесінің, Коммунистік партияның басшылығымен социализм орнатып және сенімді түрде коммунизмге бастап бара жатқан кеңес халықтарының мызғымас достығының, еліміздің барлық халықтарының ынтымақтастығының көрінісі. Біздің республиканың құрамынан Өзбек КСР-ының құрамына Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы мен көрсетілген жер аумағын беру туралы мәселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының қарауына және бекітуіне ұсына отырып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттары тарапынан бірауыздан қолдау табады деген сенім білдіреді (қол шапалақтау)».
Жұмабек Тәшенев жолдастың баяндамасынан кейін депутат И.Ю.Юсупов сөз алады. Сөз алушы алдымен КОКП-ның жүргізіп отырған саясатын, соның ішінде ұлт саясатындағы табыстарын мадақтай келе, қазақ және өзбек халықтарының ежелден туысқан көрші халықтар екеніне тоқталды. «Соның бір көрінісі – екі халықтың Сырдария өзенінің суын КСРО халық шаруашылығын дамыту ісінде игеруі» деді.
«Киров атындағы каналды қазып, Сырдың суымен шөл даланы суландырып, мақта мен бау-бақша алқабына айналдырды. Шыршық пен Бозсуды да ортақ игерді. Өзбектер мақта өсірудің тамаша шеберлері. Ташкент облысының мақташылары жыл са-йын Оңтүстік Қазақстан облысына келіп, қазақ мақташыларына ақыл-кеңестерін беріп, тәжірибелерімен бөліседі. Енді міне, қазақ халқы Бостандық ауданы мен шөл даланың бір бөлігін тауысқан өзбек халқына беру туралы шешім қабылдамақшы. Қазақ халқы шын пейілімен және сеніммен өз жерінің ең құнарлы жерін туысқан өзбек халқына бермекші. Бұл жерлер өзбек жеріне сұғына кіріп жатыр. Былайша айтқанда, Ташкент облысының табиғи жалғасы сияқты. Бұл жерлер Өзбекстанмен өте тығыз шаруашылық және мәдени байланыста дамуда. Мәселен, Бостандық ауданында Ташкент пен Шыршықтың аса қуатты гидротехникалық базасы және басқа да өнеркәсіп орындары орналасқан. Бұл жерлерді Өзбекстанға беру – бүкіл Кеңес Одағы үшін маңызды мәселе. Ұлы Отанымыз мақта, астық, көкөніс, жеміс-жидек, мал шаруашылығы өнімдерін одан әрі ұлғайтады. Бостандық жері енді республикалық қана емес, бүкілодақтық демалыс-емдеу орталығына айналады. Елімізге шиті мақта көп керек. Мақтасы көп ел – қуатты ел. Сондықтан шөл даланы игеруді тездету керек, онда әлі 300 мың гектар жер игерілмей жатыр. Осы өңірді екі республика мақташылары бірлесіп игерсе, Отанымыз қосымша ондаған миллион тонна шиті мақта алады. Бұл Кеңес Одағының одан әрі гүлденіп дамуына жол ашады», – деген И.Юсупов сөзінің соңында қазақ жерлерінің Өзбекстанға берілуін шын ниетімен құптайтынын айта келіп, депутаттар да қолдайтынына сенім білдіреді.
Төраға сөзді депутат Н.Д.Оңдасыновқа береді.
Нұртас Оңдасынов: «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында қаралып отырған бұл мәселе үлкен саяси мәнге ие. Қазақстан мен Өзбекстан арасында үлкен шөл дала жатыр. Бұрын бұл аймақ адамдардың игеруді арман еткен құнарсыз, нәрсіз жер болатын. Тек Кеңес өкіметі тұсында бұл жерді игеру қолға алынып, өзбек пен қазақ халықтарының тізе қосып еңбек етуі және орыс халқының қолдауы арқасында гүлденген өлкеге айналды. Шөл даланы игеру «Пахтаарал» кеңшарын құрудан басталды. «Пахтаарал» орыс тіліне аударғанда «Остров хлопка» немесе «Хлопковый остров» дегенді білдіреді. Енді екі республика бірлесе отырып, шөл даланы ақ алтынның ота-ны – мақталы өңірге айналдырады. Оған сеніміміз мол. Кепілдік беретініміз: екі жылда Қазақстанда тың игерудегі ғаламат табыстар», – дейді. Сөзінің соңында бұл ұсынысты қолдайтынын білдірді.
Төраға сөзді депутат Б.Саркиеваға береді. Б.Саркиева өзінің Оңтүстік Қазақстан облысы Бостандық ауданынан Жоғарғы Кеңеске сайланған депутат екенін, осы ауданда консерві зауытында еңбектенетінін, Кеңес өкіметінің арқасында білім мен мамандық алғанын, еңбегі еленгенін мақтанышпен айтты. Қазақ пен өзбек халықтарының қоян-қолтық, тату-тәтті еңбек етіп, тұрмыс кешіп жатқанының куәсі екенін келтірді. Бостандық ауданының жері өте көркем, табиғаты әсем, Қырым мен Кавказдан кем түспейтінін, осындай бай жерді туысқан өзбек халқына беруді қолдайтынын білдірді. Бостандық ауданы Өзбекстанмен өте тығыз экономикалық байланыста, аудан жерінде өзбек электрстанциясы, ірі өндіріс орындары, шыны зауыты, теміржол торабы бар және аудан Ташкенттен 60 шақырым ғана қашықтықта екенін айтты. Бұл депутат та жер беруді қолдауға шақырды.
Төраға ендігі сөзді депутат И.С.Волощукке берді. Оңтүстік Қазақстан облысы Георгиев сайлау округінен сайланған депутат И.С.Волощук та Кеңес өкіметінің ұлт саясатын мадақтап, қазақ пен өзбек халықтарының ғасырларға созылған достығын, жерді Өзбекстанға беру экономикалық қажеттіліктен туындағанын, бұл жерлердің картаға қараса да, Ташкент облысының сұғына кіріп жатқанын, тіпті сол табиғи аймақтың жалғасы іспетті екенін айта келіп, ұсынысты қолдайтынын білдірді.
Төраға сөзді депутат Сәбит Мұқановқа береді. Ол: «Қазақта ежелден «Өзбек өз ағам» деген мақал бар. Бұл тектен-тек айтылмаған. Оның терең тарихи мәні бар. Тарихи деректер екі халықтың шыққан тегі бір екенін көрсетеді. Оның бір дәлелі – өзбек халқының құрамында кездесетін қазақ рулары. Тағы бір дәлел, 1598 жылдан бастап 150 жыл бойы екі халықтың едәуір бөліктерінің орталығы Ташкент болған бір мемлекетте тұруы», – деді. Депутат одан кейінгі ғасырларда екі халықтың тарихи тағдыры, көрген азабы бен бейнеті ұқсас болғанын тілге тиек етті. Кеңес өкіметінің екі халыққа жасаған жақсылықтарын санамалай келіп, жер мәселесіне тоқталады: «Әрбір ұлт республикасы белгілі бір территорияны иемденеді. Бірақ, мен сенімдімін, бірде-бір ұлт республикасында немесе облыста ешбір адам «мына жер маған ғана тиесілі» деп кесіп-пішіп айта алмайды. Керісінше Коммунистік партия тәрбиелеген әрбір кеңес азаматының санасында барлық кеңес мемлекетінің жері – менің жерім деген ұғым берік ұялаған. Бұл сенім, әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезінде айқын көрінді. Кинорежиссер Довженконың айтуына қарағанда, Кеңес Армиясы туысқан Украина жерін азат етуге кіргенде, қазақ жауынгері көз жасына ерік беріп, украин жерін сүйген. Сонымен бірге әрбір республика Кеңес Одағы Конституциясы бекітіп берген өзінің территориясын қадірлейді. Бірақ, біздің сессиямызға туысқан Өзбекстан делегациясы қазақ жерінің бір бөлігін бөліп беруді өтініп келіп тұрғанда, мен Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің бір депутаты ретінде олардың бұл өтінішін қолдаймын. Өзбек делегациясы жарты миллион гектарға жуық жер мен Бостандық ауданын сұрап отыр. Мен олардың бұл өтінішін қанағаттандыруға дауысымды беремін. Өз дауысымды бере отырып, мен өзбек жолдастарға өзімнің бір тілегімді айтпақшымын. Біз сіздерге Кеңес Одағындағы Бостандық ауданы сияқты ең бай және көркем жерді қиып беріп отырмыз. Бұл жерді бейнелеп айтқанда, қызымызды ұзатқандай қиналып, қимастықпен әрі қуанышпен бергелі отырмыз. Біз бірақ қызымызды емес, жас, дені сау, әдемі жігіт сияқты тың, тұтас игерілмеген ауданды беріп, ал сіздер оны гүлдендіреді деп сенеміз. Бұл жер Өзбекстанның дамыған, гүлденген аймағына айналады деп сенеміз.
Жолдастар, мен өзімнің қысқаша сөзімді өзбек қаламдастарыма, өзбек жазушылары мен халқына мынадай өлең жыр шумақтарын жолдаумен аяқтағым келеді:
Сегодня по-братский казахский народ,
Народу узбекскому землю дает.
Я случай такой не хочу прозевать,
Хочу я желанья свои загадать.
Чтоб эта земля расцвела поскорей,
Невиданный хлопок чтоб вырос на ней.
Об этом чтоб новый роман написал,
Мой друг и коллега, товарищ Муса.
Пусть выше поднимет свой голос живой,
Пусть бросит поэзии клич боевой.
Прославит поэмой пусть эти поля,
Мой друг и коллега, товарищ Гулям.
О новых, наполненных хлопком полях,
О наших народах – старинных друзьях –
Пусть сын Атагоза-Уйгун запоет,
Чудесные пьесы, пускай создают.
Я пользуясь случаем, как говорят,
Сердечно я случаю этому рад!
Я шлю свой привет моим верным друзьям,
Народу узбекскому братский салям!
Еще я хочу чтоб народы земли,
Войны на земле никогда не вели.
Вот так же по-братский делясь меж собой
Одеждой и хлебом, и даже землей!
Жолдастар, менің қаламдас досым, Өзбекстанның белгілі жазушыларының бірі – Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Ш.Рашидов жолдасқа өзбек халқына арнаған менің осы үндеуімді тапсыруға рұқсат етіңіздер!» – дейді.
Төраға сөзді Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Ш.Рашидов жолдасқа береді. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттарына, қазақ халқына өзбек халқының өтінішіне түсіністікпен қарап, қолдағандары үшін шын жүректен алғысын айтады.
Жиналыстан соң қаулы қабылдапты, Бостандық ауданы мен шөл даланың бір бөлігі Өзбек КСР-ына заңды түрде беріледі (Заседания Верховного Совета Казахской ССР. Стенографический отчет. 1956 год, 144-163 стр.).
Демек, мына құжаттан көріп отырғанымыздай, Кремль басшысы Н.С.Хрущев 1956 жылы Қазақстанның Бостандық ауданы мен 500 мың гектарға жуық жерін Өзбекстанға беруге мәжбүр етті. Қазақстан депутаттары жер беруді қолдап, түгел дауыс берді. Ешбір халық қалаулысы қарсы сөз айта алмаған. Ж.Тәшенев Республика Жоғарғы Кеңесінің басшысы ретінде қаулыға қол қояды.
Ресми құжатта депутаттар «қолдады, қуаттады, бірін-бірі құттықтады» деп жазыл-ғанымен, қандай қазақ жерінің бір бөлігін өз қолдарымен басқа республикаға беріп жатса қуана қойсын! Амал жоқ, күштінің алдында бас ию деп білгеніміз жөн. Ал, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі сессиясының стенографиялық есебінде жазылғандардың бәрі кеңестік идеологияның сол кезеңдегі көзбояушылығы деп ұғынуымыз керек.
Қазақтың жерін Өзбекстанға беріп жатқанда, қазаққа басу сөз айтып, өз абыройын билікке сатқандар аз болған жоқ. Бұған қазақтың танымал ақыны Мұхтар Шахановтың мына естелігі дәлел бола алады: «Оңтүстік Қазақстанда газетте қызметте жүргенде, редактор шақырып алып, Қазақстанның үш ауданы Өзбекстанға берілуіне байланысты осы оқиғаны қостап, өлең жазу керектігін айтты. «Газеттің алғашқы бетіне айқайлатып тұрып береміз, соған орын қалдырып отырмыз» дейді. Бірақ, мен жазудан бас тарттым, аудандарды беруге қарсылығымды айттым. Редактор табан астында Жұмабек Еділбаев деген ақынды шақыртты. Оған: «Үш ауданымызды туысқан халыққа сыйлап жатырмыз. Соған байланысты өлең керек», – деп еді, ол қанша жол қажеттігін сұрап алып, таңертеңгі тоғызда тапсыратынын айтып, қуана басып шығып кетті. Сосын редакторым маған бұрылып: «Міне, ақын деген осындай болуы керек», – дейді. Кейін Шәмші Қалдаяқов екеуміз сол үш ауданды араладық. Сонда жұрттың көбі Жұмабек Еділбаев ақын туралы өте ыңғайсыз пікір білдірді. Ұлттық мүддеге қарсы шыққандарға сол кезден жаным қас еді, әлі сол бағытымнан тайған жоқпын» (Шаханов М. Шындығын жоғалтып алған адамдарды азамат деп те, ақын деп те есептемеймін// Аңыз адам. 2012 жыл, №12.-24-б.).
Бұған өзбек елінің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нуриддин Акрамович Мухитдиновтың кітабын оқығанда көз жеткізуге болады. Ол Бостандық ауданы мен шөл даланың бір бөлігі Өзбекстанға берілгенде, Өзбекстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болатын.
Кезінде Киров ауданының Жүзім кеңшарының директоры Молчанов деген орыс азаматы ауданды Өзбекстанға беруге қарсы шыққан. Ол: «Социалистік құрылыстарды алғашқы болып салғандар кімдер еді, ағайындар?! Атап айтқанда, мынау Киров каналы. Құрылысқа қатысқан қаншама қазақтар қырылып қалды?! Ойлансаңдаршы! Құлазыған қу даланы суландырды. Егін егіп, жемісін жей бастағанда, басқа біреудің қолына өтуі кім-кімнің де болса қабырғасын қайыстырады ғой. Мұндағы еңбек орнында қазақтардың маңдай тері төгілген. Мектеп, аурухана салынды. Қызыл бұрыштар жасалды. Мен орыс адамымын. Былайша айтқанда, маған бәрібір. Ал, еңбек адамы әрі басшы ретінде айтарым – қазақтардың бұл мекенге істеген еңбегін көз алдыма елестетсем, оларға жаным ашиды. Жалпы, мен бұл жерді Өзбекстанға беруге қарсымын. Неге десеңіз, бұл жердің иесі де, гүлдендірген де, суландырған да жергілікті қазақтар» (Қазақ әдебиеті, 1998 жыл, 28 тамыз), – депті.
Никита Сергеевич Хрущев Өзбекстанға қазақ жерлерін алып бергенде өзбек халқына жаны ашып, оның аз жерін Қазақстанның есебінен кеңейтейін деген ойы болған жоқ. Оның көкейін тескен мақта болатын. Қайткен күнде мақта өнімін көбейтіп, КСРО-ның жеңіл өнеркәсібін дамыту, Ресейдің орталығында тоқыма фабрикаларын мақтамен молынан және үздіксіз жабдықтауға қол жеткізу еді. Сөйтіп, тоқыма өнімдері мен киім-кешек шығарудан әлемде жетекші елдердің қатарына қосылу болды. Ал, жер дауы, екі ұлт арасында реніш тууы, ұлтаралық қатынастардың шиеленісуі мүмкін-ау деген мәселе Хрущевті ойландырған да жоқ.
Сейітқали ДҮЙСЕН,
педагогика ғылымының кандидаты
Қанат ЕҢСЕНОВ,
тарих ғылымының кандидаты