Осыдан 15 жыл бұрын Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында қарапайым география пәнінің мұғалімі Константин Куксин мектеп ауласына киіз үй тігіп, көшпенділер мәдениетіне арналған кішігірім мұражай ашқан еді. Қазіргі таңда Көшпенділер мәдениетінің мұражайы – Ресей Федерациясы астанасының ірі этнографиялық мұражайының біріне айналды. Мұражайда көшпенділер тұрғын үйлерінің 30 түрімен танысуға мүмкіндік бар. Айталық, киіз үйлер, обалар, шатырлар және Орталық Азия, Тибет, Солтүстік Африка, Америка, Ресейдің Қиыр Солтүстігінің көптеген тұрғын үй түрлерін табуға болады. Келген қонақтар көшпенді халықтардың қолөнерінен өтетін шеберлік сабақтарға қатысып, бауырсақтан дәм татып, садақтан оқ атып, тақырыптық дәрістер тыңдайды. Араға бірнеше жыл салып Константин Куксиннің шәкірті Алексей Ежелев Мәскеу түбінен көшпенділердің өмірін көз алдыңызға келтіретін ашық аспан астындағы этносаябақтың іргесін қалады. Ата-бабасы ежелден отырықшы тұрмыс кешкен Константин Куксин неге көшпенділер мәдениетіне қызықты? Мәскеу төріндегі Көшпенділер мәдениеті мұражайының көздегені не? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын алу үшін көшпенділер мәдениетін насихаттаушы, саяхатшы, этнограф, Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі, бірнеше кітаптардың авторы Константин Куксинді ашық әңгімеге тарттық.
«МӘСКЕУДЕГІ МҰРАЖАЙДЫҢ БАСТАУЫ КИІЗ ҮЙ БОЛДЫ»
– Константин, Сіздің мұражайыңыз жекеменшік пе, әлде мемлекетке қарай ма?
– Мұражай Мәскеудегі бір мектептің аумағында орналасқан және қалалық білім бөлімімен тікелей байланыс орнатқан. Мұражай жеке өзімдікі. Бұл жерде мен бүкіл әлемнен жинаған жәдігерлерімді халықтың назарына ұсынып жүрмін.
– Көшпенділер мәдениеті Сізді несімен баурап алды?
– Туыстарым Өскеменде тұрады. Анам Алматы қаласында дүниеге келген, ал әжем өмірін сол қалада өткізген, мен болсам жыл сайын Алматыға барып тұрамын. Яғни, түркі халықтарының мәдениетіне бала кезімнен қанық болып өстім.
Енді «Көшпенділер мәдениеті мені несімен баурап алды?» деген сұраққа келсем, осыдан 17 жыл бұрын спортшы ретінде Моңғолияда болған едім. Содан Шыңғыс ханның еліне ғашық болдым. Оның үстіне моңғолдар, чукчалар, тағы да басқа көшпенді болған халықтар туралы кейбір адамдардың ойында түрлі жаңсақ пікірлер қалыптасып қалғаны көңілге қаяу түсіреді. Осы жаңсақ пікірлердің барлығы-на тоқтау қоюға, адамдардың көзін ашуға, олардың шын мәнінде қандай халық екенін Ресей халқына паш етуге шешім қабылдадым. Сөйтіп, ол жақтан киіз үйді алып келіп, мектеп аумағына орналастырып, көшпенділер тарихы мен мәдениеті туралы айта бастадым. Қазіргі уақытта мұражай Мәскеу қаласындағы ірі этнографиялық мұражайлардың біріне айналды. Жылына орта есеппен мұражайға 40 мың адам келеді.
«БОЛГАР АЗАМАТЫ ЭКСКУРСИЯНЫ ҚАЗАҚША ЖҮРГІЗЕДІ»
– Мұражайдан Қазақстан мәдениетін еске түсіретін экспонаттарды кездестіре аламыз ба?
– Қазақ халқы мен оның мәдениеті туралы көп айтамыз. Айта кетейін, бізде экскурсия жетекшілерінің арасында болгар азаматы бар. Өзі болгар болса да, экскурсияны қазақ тілінде де жүргізе алады. Оның жары – қазақ қызы, қателеспесем Ұлы жүзден шыққан. Сонымен қатар, бізде қазақ, қырғыз, түркімен сияқты басқа да түркі халықтары жайлы толық мәлімет алуға болатын «Орталық Азия көшпенділері» атты шеберлік сабақтары өтеді. Бұл шаруа келген қонақтардың жас ерекшелігіне байланысты жүргізіледі. Өйткені, мұражайға жас алшақтығы әртүрлі қонақтар келеді. Оның ішінде бүлдіршіндер де бар. Ал, оларға жоғарыда айтып өткен халықтардың ұқсастығы, айырмашылығы, мәдениеті туралы құрғақ сөзбен айтып түсіндіру мүмкін емес. Осындай жағдайда біз сахналандырылған қойылымдар қоямыз.
– Сіздерге Орталық Азиядан қонақтар көп келе ме?
– Бірден айтайын, өкінішке қарай, қазақтар аз келеді. Есесіне, мұражайға келетін қырғыздардың қатары аз емес. Күні кеше бір қырғыз азаматы мұражайға бас сұқты. Кетерінде Тәжікстанмен шекаралас жатқан ауылына саяхаттауға шақырды. Кейде моңғолдар, тывалықтар да келіп тұрады. Ал, ең белсенді диаспора ретінде буряттарды атар едім.
– Жоғарыда «Түркі халықтары туралы қалыптасқан жаңсақ пікірлерге тоқтау қоямын» деп айтып қалдыңыз. Ал, көздеген мақсатыңызға жете алдыңыз ба?
– Бұл өте көп уақытты және қажырлы еңбекті қажет ететінін ескерген дұрыс. Соған қарамастан, ғасырлар бойы біздің қоғамдағы көшпенділер туралы қалыптасқан жаңсақ пікірлерді өзгертуге барымызды салып келеміз. Мен тек қана мұражайда жұмыс жасамаймын, сонымен қатар, радио, телеарналарға, басылымдарға жиі сұхбат беремін. Кітаптар жазамын. Мейрамдарда мыңдаған халық жиналатын жерге де барып, мінберлерден көшпенділер мәдениеті туралы сөз қозғаймын. Көшпенділер мәдениетімен толықтай танысқан менің шәкірттерім чукчаларды, қазақтарды көре қалса, оларды «қытайлар» деп саусақтарымен шұқшитып көрсетпейді. Мүмкін барлығы бірдей түсіне бермес, ең бастысы жастарға сыртқы бейнесі бізге ұқсамайтын болса да, оған құрметпен қарап, оны сыйлау керектігін үйреткіміз келеді.
Рас, біздің мұражай ашудағы мақсатымыз айқын. Ал, мен айқын мақсат адастырмайтынына сенемін.
«БІР ҚАРИЯ ҚОБЫЗ ТАРТУДЫ, ДОМБЫРА ШЕРТУДІ ҮЙРЕТТІ»
– Жеке өз тәжірибеңізде көшпенділер туралы қалыптасқан қандай жаңсақ пікірлерді түзетуге көбірек күш жұмсалды?
– Ең бірінші моңғолдар туралы қалыптасқан жаңсақ пікір – «олар жабайы халық».
Иә, моңғолдар арасында жауыздар да болған. Олардың мақсаты дамуды, халық өмірінің алға қарай жылжуын болдырмау еді. Бірақ, бір адам жаман екен деп, барлығына топырақ шашу дұрыс емес қой. Моңғол империясы өте үлкен держава болғаны бәрімізге де аян, не десек те, өз уақытында олар жер бетінің бестен бір бөлігін алып жатты емес пе?! Өзіңіз ойлап қараңызшы, жабайы халықтың қолынан осындай нәрсе келер ме еді?!
Келесі жаңсақ пікір – Қиыр Солтүстіктің халқы мен чукчалар жайлы. Чукчалар – Сол-түстіктегі басқа халықтарға қарағанда жауынгер халық. Олар аңшылыққа да бейімделген, жеңіл қайықтармен кит те аулай біледі. Мен олармен біраз уақыт өмір сүріп көргенмін, біз үшін өте жұмбақ ұлт.
Одан кейін сығандар жайлы қате пікірлер бар – «олардың барлығы дерлік ұры немесе анаша сатумен айналысады». Әрине, барлығы дәл бұлай емес! Сығандардың ішінде қылмыстық топтар бар екенін жоққа шығара алмаймын, бірақ дәл осындай қылмыстық топтар орыстардың да, қазақтардың да арасында барын мойындағанымыз жөн. Ал сығандардың 90%-ы – көшпелі қолөнершілер.
– Сіз түзеуге тырысқан қазақ халқы жайлы жаңсақ пікірлер бар ма?
– «Қазақ халқында поэзия атымен болған емес, ақындар – тұрақсыз, жеңіл-желпі адамдар» деген сияқты пікірлерді кездестіруге болады. Бұл пікірдің қате екеніне көздерін жеткізу үшін қонақтар арасында арнайы жарыс ұйымдастырамыз. Жарыстың шарты – сол уақытта суырып салып өлең шығару, яғни айтысу. Суырып салма – ақындықтың ең биік шыңы. Осы уақытқа дейін айтысқа, өлең шығаруға атүсті қарап келген адамдар екі сөзді ұйқастыра алмай, қынжылып жатады. Негізінен, қазақтар жайлы жаңсақ пікірлер жоқтың қасы.
– Домбырада керемет ойнайды екенсіз. Қазақтың ұлттық аспабын қайдан үйрендіңіз?
– «Керемет ойнайды» дегеніңіз артық болар, «жаман емес» деп бағалағанымыз дұрысырақ шығар.
Домбыра шертуді Қырғызстанда үйренген болатынмын. Бір қария маған қобызды, одан кейін домбыраны үйретті. Негізінен музыкалық білімім бар. Сырнайшымын. Домбырадан кейін гитарада ойнауды үйренуім қиын болмады.
Экскурсия кезінде домбырада ойнап жүріп, ертегілер айтамын. Мен әлемді аралап жүріп, Қиыр Солтүстіктегі бұғы бағушыларға Сахара көшпенділері жайлы, Сахара көшпенділеріне – қазақтар мен қырғыздар жайлы әңгімелеп беремін.
Бір сөзбен айтқанда, кезбе әңгімешімін. Жалпы, «мәдениеттер арасындағы делдалмын» десем артық айтқаным болмас…
– Қазір өз домбыраңыз бар ма?
– Иә, Орталық Қазақстанда жүргенімде бір кезбе музыканттан сатып алған домбырам бар. Содан бері бірнеше жыл өтті. Дегенмен, домбырам әлі ескірмеді.
– Сіздің қазақ мәдениетін зерттеу үшін Батыс Моңғолия мен Батыс Қытайға барғаныңыз жайлы баспа беттерінен оқыған едік…
– Мен Оңтүстік Қазақстанда, Балқаш маңында жұмыс істегенмін. Сол уақыттарда Қытайдан, Моңғолиядан келген қазақтармен тілдескен болатынмын. Олар сол жақта көшпенді өмір сүрген. Солардың кеңес беруімен Батыс Моңғолия мен Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына экспедиция ұйымдастырдық. Мен XIX ғасырдағы Қазақстанды көзіммен көрдім, киіз үйлер пешсіз жылытылады, адамдар ұлттық киімдермен жүреді, ең бастысы, ислам діні таза сақталған. Бұл бір басқа әлем іспеттес. Одан кейін біраз жылдар бойы тек қазақтардың мәдениетін зерттеумен айналыстым. Осының арқасында көптеген қазақ достарымды да таптым.
Моңғолияда қазақтар – диаспора, егер олардың басқалардан ерекшелеп тұратын салт-дәстүрлері болмаса, олар баяғыда-ақ моңғолдардың салт-дәстүрімен бір қазанда қайнап кетер еді.
– Айтпақшы, Сіз экскурсияға шығарда өзіңізбен бірге мәскеулік оқушыларды қосып алады екенсіз. Неліктен?
– Біріншіден, олар жоғары сынып оқушылары. Алдымен Мәскеуге жақын жерлерде боламыз, уақыт өте алыс жерлерге саяхаттауға шыға бастаймыз. Қазақстанның жартылай шөлейтті жерлеріне жеткен балалар өте көп сынақтардан өтеді, өскенде тіптен ТЖМ-де жұмыс істей алады. Арнайы дайындықтан өтпеген баланы мен өзіммен бірге алып жүрмеймін. Себебі, олар маған белгілі бір уақыт аралығындағы тапсырылған аманат қой. Жауапкершілікті де сезінемін.
Балалар басқа мәдениет өкілдері қалай өмір сүретінін көреді, біздің қалай жұмыс жасайтынымызға куә болады, бөгде адамдардың үйіне кіруді, оларға өзінің көкейіндегі сұрақтарды қоюды үйренеді. Барлығын да осы сала бойынша жетік меңгертіп шығару менің мақсатым емес, бірақ болашақта шәкіртім қандай мамандық иесі болса да, басқа мәдениетке деген сыйластықты, құрметті сақтап қалады, өзінен кейінгіге үйретеді.
– Мұражайыңызда африкалықтардың да мәдениеті таныстырылады екен. Бұл мәдениеттердің қаншалықты айырмашылығы бар?
– Жалпы, көшпенді көшпендіні жақсы түсінеді. Дегенмен, мәдениеті ешбір халыққа ұқсамайтын африкалық көшпенділер бар. Олар – афарлар және аты аңызға айналған масай халқы.
Мен негізі көшпенділер мәдениетін қазақтың құрақ көрпесіне теңеймін, әр бөлігі бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі болғанымен, барлығының түбі бір мәдениет қой.
«МЕНІҢ ШӘКІРТІМ АШҚАН ЭТНОСАЯБАҚТА ҚЫМЫЗДЫҢ, ШҰБАТТЫҢ ДӘМІН ТАТЫП КӨРУГЕ БОЛАДЫ»
– Көшпенділердің тұрғын үйлерін Мәскеудің құбылмалы ауа-райында қалай сақ-тайсыз?
– Негізінен, ең алғашқы экспонат – моңғолдардың киіз үйі болатын. Мәскеудің құбылмалы климаты туралы ойланбастан киіз үйді мектеп ауласына тігіп қойдық. Уақыт өте киіз үй шіри бастады, ішінен жағымсыз иіс те шықты, төбесінен су да ақты. Осының бәріне қарап мен климаты басқа жерде көшпенділердің үйін сол күйінде сақтауға болатынын үйрендім. Ал қазақтың киіз үйлеріне қосымша құрылғылардың керегі жоқ.
Африкалық көшпенділердің тұрғын үйлері өте нәзік болып келеді. Кәдімгі шатырлар ғой. Сол үшін оларға «көрінбейтін» темір жақтаулар қоямыз, оны тек кейбір қонақтар ғана байқайды. Жақтаулар қалың қар жауғанда шатырдың құлап қалмауын қамтамасыз етеді.
Жасыратын ештеңе жоқ, маңдай термен, ерен еңбекпен ізденген, тәжірибеден өткізген дүниелеріммен қуана-қуана бөлісемін. Қазіргі таңда менің осы әдістерім бойынша Мәскеу қаласының түбіндегі Хотьково қаласында «Кочевник» этносаябағы жұмыс жасайды.
Аталған этносаябақты осыдан 9 жыл бұрын менің шәкіртім Алексей Ежелев ашқан еді. Ашық аспан астындағы бұл саябақ көшпенді халықтың салт-дәстүрімен таныстырады. Ол жақта қымыздың, шұбаттың дәмін татып көруге, ұлттық кәдесыйлар сатып алуға, түйелерге, қойларға шөп беруге, тағы да басқа ресейліктерге таңсық дүниелермен танысуға болады.
– Константин мырза, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан: Жанар Дәулетқызы, «Qazaq» газеті