Киік-қырғын тағы қайталануы мүмкін бе?

0
6096

Ұлан байтақ жерінің кеңдігімен ғана емес, табиғатының алуан түрлілігімен де таң қалдыратын қазақ даласы сирек кездесетін жабайы аң-құстарға  аса  бай.  Сол  сиректердің бірі – киіктер. Бұл  жануарды  қазақ  ақбөкен деп те атайды. Оған әйгілі ақын Сәкен Сейфуллиннің  «Киікті қазақ және дейді бөкен, бетпақты байғұс бөкен қылған мекен», – деп жырлағаны дәлел. Жалпы, түз тағысы ақбөкеннің кешкен тағдыры мен тартқан тауқыметі туралы сөз қозғағанда, тебіренбей жазу мүмкін емес. Ол қаншама зобалаң заманды, небір нәубет кезеңді басынан өткерді, тіпті «жер бетінен жойылып кету қауіпі бар жануар» деп болжағандар да болды. Алайда, ақбөкен қандай тауқыметті басынан кешсе де, өрімтал тұқымын сақтап қала алған жер бетіндегі санаулы жануардың санатында. Оған арғы заманды айтпағанда, тәуелсіздік жылдары орын алған зұлмат кезеңді мысалға келтірсек те жеткілікті. Соңғы ширек ғасыр ішінде киіктер бірнеше рет жаппай қырғынға ұшырап, мүлдемге көз жазып қала жаздаған жануардың түрі екенін қанша жасырғымыз келсе де, жасыра алмаймыз. Бәрібір айналып алдымыздан шығады. Сондай киік-қырғынның соңғысы 2015 жылы қайталанды.  Одан бері де төрт жыл уақыт өтті.

Иә, киіктер қырғынының шуы біршама саябырсыды, бірақ көңілдегі қорқыныш пен күмән әлі сейілген жоқ. Керек десеңіз, көңілді күпті еткен бұл қорқыныш мамыр түсе, тіпті, әбігерге салып, «биыл Құралайдың салқыны қалай өтер екен?» деген үрей туғызады. Бұл әр жыл сайын қайталанып тұратын жағдай. Мамыр айы қалай түседі, көңілді бір түрлі үрей билей бастайды.

Мінеки, биыл да мамырды сондай мазасыз көңіл-күйде қарсы алып отырмыз.

2015 жылы елдегі қырғын тапқан киіктердің саны 130 мыңнан асты

«ҚАРАТАУДЫҢ БАСЫНДА КИІК КЕТІП БАРАДЫ»

Бұл өлең жолдарын біз бала кезімізден жаттап өстік. Бірақ, ол кезде оның астарына бәлендей мән бермеген екенбіз. Қазір қарап отырсам, бұл өлең жолдары ауаның жұпары мен судың тазасын қуалап жүріп өмір сүрген осы бір бейкүнә дала жануары мен қазақ баласының сон-о-оу атам замандарда жолы түйісіп, содан бергі уақытта жұптары жазылмай бірге келе жатқандығының айғағы сияқты.

Бұл не деген сөз? Демек, қазақ болған жерде киік те болған, киік жүрген маңда қазақ та жүрген деген сөз. Олар қоныстас, іргелес, көрішілес көшіп-қонып ғұмыр кешкен деген сөз. Сенбесеңіз, ғылымға жүгінейік. Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қаңқаларға қарағанда, киіктер мұз дәуірінде Қиыр Шығыста Аляска түбегінен бастап, Батыста Ұлыбритания аралына дейінгі кең байтақ кеңістікте көшіп-қонып жүрген екен. Мысалы, өткен ғасырдың 70-жылдары Байкөлдің арғы жағындағы көне қорғанды қазғанда, одан бүлінбеген екі киіктің сүйегі табылды. Археологтар Хакасияның (Ресей) терістігіндегі Малая Сыя деген жерді қазу барысында да дәл осындай олжаға кенелген. Нақтырақ айтсақ, бұл жерден көптеген аң мүсіндері шыққан. Соның ішінде киіктің де мүсіндері болыпты. Тарихшылар Малая Сыядан табылған мүсіндерді зерттеу барысында олардың бұдан 34 мың жыл бұрын жасалғандығы туралы қорытындыға келген. Бұған сену, сенбеу, әркімнің өз құзырында. Дәл осыған ұқсас киік мүсіндерін археологтар Еуразия құрлығының келесі бетінен, яғни Керчь қаласының (Украина) түбіндегі Күл-Оба қорғанынан қазып алған. Б.з. 266 жыл ескерткішіне жататын бұл мұраға ғалымдар «Алтын киік» деп ат берген. Сол секілді Қырым жотасында қазылған үш қорғанның біріншісінен тұтас киіктің қаңқа сүйегі шықса, екіншісінен киіктің басы, үшіншісінен киіктің мүйізі табылған. Әрі қарай Арал теңізінің түстігіндегі Топыраққала (Бір кезде мейманасы шалқыған Хорезм мемлекетінің астанасы болған шаһар – Б.Ш.)  үйіндісін қазғанда  Патша сарайының бір залынан тоғай ішінде жайылып жүрген киік мүсіндері шыққан.  Кейіннен бұл ескерткішті ғалымдар «Киіктер залы» деп атап кетті. Қазақстанға келсек, Павлодар аумағында Ямышева мен Подпуск елді мекендерінен, Семей қаласының түбінен, Қарағанды облысында Нұра, Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендерінің бойынан, Жамбыл облысы аумағындағы Қараүңгір мен Үшбас үңгірлерінен ежелгі және орта антропеген дәуірінен қалған киіктердің сүйектері табылған. Ал, Тамғалытас ескерткішіндегі әр түрлі бейнедегі киіктердің суреттері б.з.д. V- VІІ ғасырларда қашалып салынған екен. Одан басқа көне замандардан бері ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халық ауыз әдебиетінде, өлең-жырлар мен аңыз-әңгімелерде, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерде, тұрақты сөз тіркестерінде қазақ даласында жосылған сансыз көп ақбөкендер туралы айтылатыны тағы бар. Осынау кең байтақ аймақтағы жер-су, елді мекен атаулары мен кісі аттарының «киік», «бөкен», «марал» сөздерімен тіркесе (Мысалы, Киікбай, Бөкенбай, Маралтай, т.б) аталуы бекер болмаса керек. Бұл айтылғандар, қазақ пен киіктің егіз ұғымдар, керек десеңіз бірін-бірі толтырып, толықтырып тұратын тағдырлас жаратылыстар екенін көрсетеді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы Қырым, Таврия, Қаптауы жазираларын жайлаған киіктерге өте ауыр тиіпті. Бұл өңірлерде адамдардың саны күрт өсіп, есесіне киіктердің өрісі тарылып, біртіндеп жойыла бастаған екен. Бүгінде бұл өңірлерде киіктер мүлде кездеспейді десе болады. Осылайша, ежелден еншілес Еуропа мен Азия құрлығын тұтастай жайлаған өсімтал киік тұқымдас жануарлардың саны күрт азайып, бұл күнде олар тек киіз туырлықты, киік текті жұрттар ғұмыр кешетін аймақтарда ғана қалған.

Осы мақаланы жазу барысында қолға түскен мына бір деректер де назар аудартпай тұрмайды. Жалпы, ХVІІ ғасырдан бері көрші елдер есебінен «жер жинаумен» айналысқан Ресейдің, одан кейінгі Кеңестер Одағының аумағына кіретін жерлердегі киіктер, олардың өмір сүретін аймағы, саны жөнінде сақталған мағлұматтар өте мардымсыз, жоқтың қасы десе болады. Белгілісі мынау екен: 1391 жылы қаһарлы Әмір Темірдің 200 мыңдық армиясы Торғай даласында, яғни қазіргі Қостанай облысына қарасты Аманқарағай ауданы аумағында екі күнге созылған аңшылық жүргізген. Жеңсік етке құныққан жауынгерлер емін-еркін киік аулап, таңдап-талғап, оның ең дәмділерін ғана жеген деседі. Тобырда ес бола ма, елірген әскерлер ақбөкендерді қынадай қырып, Торғай даласын қып-қызыл қанға бөктіріпті. Ал, Шыңғыс хан билігі тұсында киіктің осы бір түрін аулау дағдыға айналғаны тарихтан белгілі. Ол кезеңнен әлем әміршісінің үлкен ұлы Жошыны құлан теуіп өлтіріпті деген аңыз қалған. Жошыны шынында да құлан теуіп өлтірді ме, әлде оның басқа құпиясы бар ма, оны енді біз біле алмаймыз. Білетініміз, Батыс Қазақстан облысының даласында «Құланөтпес» деген жер атауы сақталған. Бізге жеткен аңыздың айтуынша, Жошының ажалына бірден бір кінәлі деп тапқан құлан үйірін жазалауға бекінген қаһарлы хан оларды бір үлкен жарқабаққа айдап әкелген деседі. Арғы бетке қарғып өтейін десе, өте алмай, кері бұрылып қашайын десе ханның қалың қолынан мерт боларын түйсігімен сезген байғұс жануарлар жарқабақтан секіре-секіре жаппай қырғын тауыпты. Құландардың өлігі сол жерде тау болып үйіліпті. Құлан өте алмаған бұл жер кейіннен «Құланөтпес» аталып кеткен деседі ел ауызындағы аңыз.

Мұны аңыз десек те, қайсыбір шындықтың ұшқыны шығатындай көрінбей ме сізге?..

Тақырыпқа оралайық. 1630 жылғы деректерге қарасақ, осы жылдары татар, қалмақ, ноғай және тау халықтары дала сәні саналатын құландарды көп мөлшерде аулаған екен. Бірақ, неге мұншама көп мөлшерде аулағандығының себебін түсіндірмейді. Ал, 1769 жылғы дерек бойынша, Орал өңірінің шөбі шүйгін жерлерінде, нақтырағы Самара, Еділ – Жайық өзендерінің бойында, әсіресе Индер тауларының баурайында киіктер жүздеген табын болып жүріпті. Орыс армиясының офицері және ориенталист ғалым Петр Рычковтың: «Қазақ жеріндегі ақбөкендерге сан жетпейді. Оралдың төменгі ағысына келіп, теңізге құлаған ақбөкендерден өзен суы көрінбей қалды» деп хатқа түсіретіні (1772 жыл) осы кез. Сол сансыз көп ақбөкендерді аяусыз аулап, тегін ет пен теріге белшесінен батқан Орал казактарына ай дейтін ата, қой дейтін қожа болмағандықтан, бейкүнә жануарлардың саны күрт азайып кетіпті. Алайда, өсімтал киіктер ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында қайтадан ес жиып, Запорожье жерін мың-мыңдап жайлаған деген дерек сақталған. Ол жердегі киіктердің көптігі сонша, олар бүкіл даланы алып жатқан деседі.

1850 жылғы мәліметтерде киіктер Каспий теңізінің жағалауындағы Үстіртте, Арал теңізі мен Сырдария өзені маңында көрінген. 1851-1852 жылдары киіктердің бұл түрі Есіл, Ертіс, Зайсан өзендері маңайын мекендепті. Байғұс бөкендер осы жылдары өте көп мөлшерде ауланыпты. Мысалы, 1840-1850 жылдар аралығында Қазақ даласынан Бұқар, Хиуа хандықтарына 750 мың киік мүйізі өткізілсе, 1858 жылы 41 мың мүйіз Қытайға сатылған екен. Қолда бар кейбір мағлұматтарға қарағанда, ол кезде бір ақбөкеннің мүйізі бір жүйрік аттың немесе бір атан түйенің құнына тең болыпты. Осындай жантүршігерлік қырғынды тоқтату және саны азайып кеткен ақбөкендерді қорғау мақсатында Бөкей ордасының билеушісі Жәңгір хан киіктерді аулауға қатаң тыйым салатын арнайы заң шығарған. Бұл заң түз тағыларының санын көбейтуге біршама септігі тигенімен, мүйіз сатумен айналысатын саудагерлердің бассыздығын біржола баса алмағанға ұқсайды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында киік табындары Шу өзені бойында, Қаратау аумағында көрінген, кейіннен оның мыңғырған миграциясы Бетпақдала мен Сарыарқаны басып өтіп, Есіл бойына, Атбасарға жеткен.

«СҰЛУДЫ АДАМ ЖАНЫ ҚИМАЙДЫ ЕКЕН…»

Ресми мәліметке иек артсақ, бүгінде дүниежүзінде киіктердің 5 популяциясы белгілі. Оның Бетпақдала – Арыс, Еділ – Жайық және Үстірттік аталатын үш түрі қазақ даласын мекен етеді. Бұл барлық киіктердің 90 пайызы. Қалған екі түрі көршілес Қалмақ даласы (Ресей) мен Моңғолияда. Жайылым жердің тарыла бастауы себепті бұл елдердегі киіктердің басы өткен ғасырдан бері көбейе қойған жоқ деседі мамандар. Ал, моңғол жеріндегі киіктердің бұл тұқымы құрып бітті деуге болады екен. Белгілі ғалым Соколовтың 1978 жылғы жазбасына қарағанда, сол кездің өзінде-ақ Шаргиин – Гоби мен Хойсыл – Гоби шөлдерінде небәрі 300 басқа жетер жетпес киік қалыпты. Содан бергі уақытта олардың саны өсті ме, әлде өшті ме, бізге белгісіз. Реті келгенде хабардар ететін жайт, мейлі қалмақтікі, мейлі моңғолдікі болсын, олардың киіктері біздің Бетпақдаланың ақбөкендерінен дені тұрқы жағынан анағұрлым аласа, шағындау болып келеді және бұл топтар өз ара араласқа түскен емес. Айтпақшы, киіктің азғантай тобы Өзбекстан мен Түркіменстан аумағын да мекен етеді. Мамандардың көрсетуінше, ақбөкендердің бұл тобы қазақ-стандық Бетпақдала – Арыс популяциясынан әртүрлі себертермен бөлініп қалған киіктер тобына жатады, олар күзгі қоныс ауыстыру кезінде осы көршілес жатқан елдер аумағын қыстап шығады екен. Бетпақдала – Арыс популяциясы киіктұқымдастардың ішіндегі ең ірісі және сан жағынан ең басымы болып табылады. Бұл топтың мекені – Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысынан Шу өзені, Балқаш көліне дейін, Бетпақдаланың ұланғайыр шетіндегі Теңіз өзенінен оңтүстік батысқа созылған шөл дала Торғай мен Ұлы Жыланшық өзендерінің айналасы. Яғни, ұлы Сарыарқа сахарасы. Өйткені, шөлді, шөлейтті және далалық жазиралы бұл аймақтар ақбөкендер тіршілік ету үшін өте қолайлы жерлер болып табылады.

Өткен ХХ ғасыр деректеріне назар аударсақ, 20-жылдардың басында еліміздегі ақбөкендердің саны күрт азайып кеткен. Алдымен 1917-1918 жылдағы қыстың жұты осынау түз тағысының жүздеген мың басын шығынға ұшыратты. Сол кездегі жергілікті үкіметтің шешімімен 1919 жылдан бастап Сарыарқада киік аулауға қатаң тыйым салынса да, одан көп өзгеріс бола қоймапты. Сөйтіп, 1927-1928 жылы болған жұттан кейін ақбөкендерге жер бетінен мүлдем жойылып кету қауіпі төнді. Ал, 1930-1932 жылдардағы күштеп жүргізілген ұжымдастыру науқаны, сонымен бірге түз тағысының негізгі жауы саналатын ит пен құс, ауру тарататын шыбын-шіркейдің күрт азаюы киіктердің өсуіне қолайлы жағдай туғызса керек. Қазақ халқы отырықшылық өмірге бейімделе бастаған тұста ақбөкендердің өрісі кеңейіп, санын көбейтуге мүмкіндік алған. Сол жылдары ауа райы жылы, қысы да жұмсақ болыпты. Осындай қолайлы жағдайдың әсерінен табындары еселеп көбейген киелі түз жануары 1941-1945 жылдары далада еркін өмір сүрген екен. Бұл уақыт Қазақстандағы ақбөкендер санының ең көбейген кезеңі болыпты. Бұл деректерді ғалым А.Слудский өз еңбегінде нақты атап көрсетеді. Содан бергі уақытта дала сұлуы – ақбөкендер адамдардың жауыздығы мен жауапсыздығынан бірнеше рет жаппай қырғынға ұшырап, саны ойсырап азайған.

Иә, ақбөкендердің жаппай қырғынға ұшырауы біздің елімізде әлденеше рет қайталанған жайт көрінеді. Мысалы, 1962 жылғы авиасанақ қорытындысы бойынша, қазақ даласындағы киіктердің саны 650 мың басқа жетсе, ал 1971 жылғы санақта оның саны 1,3 миллионға дейін көтерілген. Осының арқасында бұл аң жоспарлы түрде ауланып, 40 жыл бойы мемлекет қазынасына жылына 3 миллиондай АҚШ доллары есебінде табыс түсіріп отырған. 1976 жылғы санақта бұл көрсеткіш екі есеге кеміп, 600 мың басты құраған. Киіктер санының бұлайша күрт қысқарып кетуін 1974-1975 жылдағы құрғақшылықпен байланыстырады мамандар. Бұл жылы күннің ыстығынан сахарадағы шүйгін шөптер күйіп, су тапшылығы да байқалған екен. Сондай-ақ, 1975-1976 жылғы оңтүстіктегі қыс әдеттегіден ызғарлы, суық, қар қалың түсіп, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарында көптеген киіктер қырғын тапқан. Оған қоса төрт аяқты жыртқыштардың көбеюі де өз залалын әжептәуір тигізген деседі. Сонымен бірге осы жылдары аң аулау жоспары да жоғары болып, екі аяқтылар 500 мыңнан аса ақбөкенді атып алған. Дегенмен, өсімтел жануар 1978-1980 жылдары қайта ес жиып, олардың саны 800 мыңға дейін жеткен. Алайда, 1981 жылы бір Торғай облысында 180 мың бас ақбөкен пытырап қалды. Үш жылдан кейін бұл жағдай тағы қайталанған. 1984 жылы Еділ мен Орал құмында 250 мың, ал 1988 жылы Байқоңырдан зымыран ұшқаннан кейін бірнеше күннің ішінде 434 мың бас ақбөкен опат болған. Кезінде бұл мәліметтер ресми түрде баспасөзде жарияланды. Айта кететін нәрсе, өкілетті мекемелер осы апаттардың бәрінде түз тағыларының жаппай қырылу себебіне кінәлі пастереллез індеті деп қорытынды шығарған болатын. Бұл жағдайлар Кеңес заманына тиесілі мәліметтер еді.

Енді Тәуелсіз елімізге қатысты жағдайға келейік. 1993 жылғы санақ нәтижесі бойынша, еліміздегі ақбөкендердің жалпы саны 1,2 миллион басты құраған екен. Бұл көрсеткіш одан кейінгі өткен жылдары күрт кеміп, 2003 жылы 21 200 басқа дейін азайған. Күлесің бе, жылайсың ба?! Табиғатқа қатысты мұндай қаскөй қылмысты қалай ақтап алуға болады?! Көрдіңіз бе, Тәуелсіздік қазаққа құт болғанымен, киікке жұт әкелген. Өлім себебін анықтау үшін құрылған арнайы комиссия киіктер пастереллез (Pastercelle muetocida қоздырғышы) ауруына шалдыққан деген қорытындыға келген. Алайда, артынша «жоқ, олай емес екен» деп жалтарған. Бұл қырғын да киіктердің жаппай ажал құшуының соңғы дерегі болмай шықты. Одан кейінгі жылдары да еліміздің бірнеше өңірінде киіктердің жаппай ажал құшу фактілері тіркелді. Мысалы, 2010 жылы мамыр айында 4 күннің ішінде Орал құмында 12 мың бас киік қырылып қалды. Оның 64,2 пайызы аналықтар, 35,4 пайызы лақтар, 0,4 пайызы текелер. Өлген киіктердің барлығының да белгілері ұқсас болған: мұрындары мен ауыз қуыстарында қанды көбік байқалған, іштері кеуіп, тышқақтаған. Өліктерді сойып тексергенде өкпеге, кеуде қуысына, бауыр мен көкбауырларға қан толғаны (гиперемия) анықталған. Ауру өте ауыр токсикалық жағдайда жүріп, аңдар 4-5 күннің ішінде жаппай өлім-жітімге ұшыраған. Дәл осы белгілерге сүйеніп комиссия сарапшылары киіктердің тек пастереллезден емес, снымен қатар ылғалды шүйгін шөпті шектен тыс көп жегендіктен, яки қомағайлықтан буынып өлген деген болжамдарын ұсынды. Шын мәнінде сол өлген ақбөкендердің неден қырылғаны бүгінгі күнге дейін нақты анықталған жоқ. Араға жыл салып осы өңірдегі ақбөкендердің қырылу оқиғасы тағы да орын алып, қазақ даласын мекендеген түз тағыларының саны 500-ге кеміді. Өлген аңдардың 90 пайызы аналықтар мен лақтар болып шыққан. Киік тұқымдас бұл аң түрінің жаппай қырылуы 2012 жылдың көктемінде Торғай даласында да орын алды. Осы аумақта мекен еткен сұлу жануардың 600-ге жуығы тағы да белгісіз себептермен қырғын тапты. Сарапшылардың бұл жолғы болжамы «даладағы шашылып жатқан химиялық тыңайтқыштар мен ғарыштық кемелерден бөлінетін улы заттар киіктердің өліміне әсер етуі мүмкін» дегенге сайды. Киіктердің жаппай қырылу фактісі мұнымен де тоқтай қойған жоқ. 2013 жылы Қарағанды мен Ақмола облыстарының аумағында 3 мың бас ақбөкен тағы баудай түсті. Жүргізілген сараптаманың нәтижесі бұлардың өліміне де бұрынғыдай пастереллез індеті себепкер деп шықты. Яғни, қыстың қатал, аязды күнін көтере алмай төлдеу кезінде ортаға бейімделу қасиеті төмендеген, сөйтіп иммунитеті әлсіреп, іші өткен, жұқпалы ауру бірінен екіншісіне жұғып, ақыры жаппай өлімге әкелген дейді.

Қысқасы, тұқымы жер бетінен жойылып кету алдында тұрған ақбөкендердің жаппай қырылу фактісінің жыл сайын қайталануы халықты ашындырып, ашу-ызасын тудырса да, зерттеушілер мен шенділер оның нақты себебін анықтай алмады.

БОЛЖАМ КӨП, НӘТИЖЕ ЖОҚ

Сонан соң не болды дерсіз? Киіктерге қатысты түсініксіз жағдай 2015 жылы көктемде тағы да қайталанды. Бұл жолғы апаттың зардабы өте ауқымды және қайғылы болды. Киіктердің жаппай өлім құшу фактісі әуелі Қостанай облысында тіркелді. Одан кейін Ақтөбе және Ақмола облыстарында киіктердің жаппай қырылуы байқалды. Мамыр айының соңында осы үш облыста қырылған киіктердің саны 120 977 басқа жеткен. Оның үстіне ажал тапқандардың көпшілігі – аналықтар мен лақтар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметі бойынша, киіктердің жаппай қырылуы олар төлдейтін мезгілде және жануарлар тұрақты мекендейтін өңірлерде орын алған.

Енді мынаған қараңыз, мамыр айында басталған киіктердің белгісіз себеппен жаппай қырылуы маусым айының басында Ақтөбе облысының Әйтеке би және Ырғыз аудандарында тағы да қайталанды. Бұл аймақтарда 18 мамыр мен 1 маусым аралығында 9 мыңнан астам киік ажал құшса, 3 маусымда бір күнде 10 мың киік мерт болған. Сөйтіп, екі аптаның ішінде қырғын тапқан түз тағысының жалпы саны 130 мыңнан асып түсті.

Сайын дала сұлуларының нендей індетке ұрынғанын анықтау ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне қарасты Биология институтына жүктелген болатын. Әуелде олардың неден қырылып жатқандығын анықтау мүмкін болмады. Сөйтіп, еліміздің шенділері мен мамандары киіктердің қандай індетке шалдыққандығын анықтай алмай шетелден арнайы мамандар шақыртуға тура келген. Шекара асып келген неміс, ағылшын және орыс ғалымдары қазақ даласында жортқан киікті қырғынға ұшыратқан аурудың себебін анықтауға бірден кірісіп кетті. Қорытындысында, мамандар киіктердің қомағайлық дертіне шалдыққанын айтып, өздерінің тексеру жұмысына нүкте қойды. Олардың пайымдауынша, киіктер тойған-тоймағанын білмей қалған, сөйтіп ашкөздікпен көк майсаны шектен тыс көп жеп, бөгіп қалған-мыс. Осындай болжамын ұсынған Ұлыбританиядағы «Киіктерді сақтау альянсының» жетекшісі Миллер Гулланд: «Киіктер пастереллезден басқа індетке шалдыққан, олар улы майсаны қомағайлана асау барысында уланып әлсіреген, содан өлуі мүмкін», – деді.

Еске сала кетейік, киік қора-қопсыда өскен үй жануары емес, туғаннан түз тағысы. Жабайы аңның инстинкті далалы жерге жақсы бейімделген, қай жерде қыстап, қандай шөп жеу керектігін жақсы біледі. Сондықтан оның улы шөпті ажырата алмауы мүмкін емес екенін айтады кейбір мамандар. Олардың дәлелдеуінше, далада, тауда, орманда өсетін улы өсімдіктердің саны, сапасы, қауіптілігі әлдеқашан анықталған, біздің елімізде жүз мыңдаған жануарды бірден жалп еткізердей көлемде бірде бір улы шөп өспейді екен.

Сол екі арада Ресейдің ауыл шаруашылығын бақылау федералдық қызметі бұл апатқа байланысты өте қызық мәлімдеме жасап үлгерді. Олардың болжамынша, киіктердің жаппай ажал құшуына пастереллез де, олардың қомағайлығы да кінәлі емес екен, оған Өзбекстаннан иммиграция жасайтын жануарлардың теріс әсері бар болып шықты. «Аусыл, оба, шешек сынды жұқпалы дерттер киіктердің жаппай қырылуына түрткі болуы мүмкін. Ал, бұл дерттен ада емес жануарлар Өзбекстан жерінен Қазақстан аумағына мың-мыңдап қоныс аударады», – деген ресми ақпаратта. Біздіңше, бұлай болжам жасауға ешқандай негіз жоқ. Себебі, Өзбекстан мен апат орын алған өңірдің арақашықтығы тым алшақ. Егер өзбек жерінен келген ауру түрі болса, киіктер миграциясы Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарын кесіп өтеді, жергілікті үй жануарларына да өз әсерін тигізуі керек еді. Ондай факті тіркелмеген. Ресейліктердің бұл әрекетіне күле қараған кейбір сарапшылар Сарыарқада орын алған апат пен «Байқоңыр» аэроғарышының қызметі арасында тікелей байланыс жоқ екенін меңзеп, халықтың көңіл күйін басқа жаққа аудару үшін жасалған «арзан саяси трюк» ретінде бағалады.

Осылайша, киіктердің жаппай қырылу себебін ешкім нақты анықтай алмады. Ашынған жұрт бұл қалай десті. Сөйтіп, 2015 жылғы апаттан соң халық биліктің болжамдарына (пастереллез нұсқасына) тұңғыш рет күдік келтірді, шындықты жариялауды талап етті. Оған себеп жоқ емес еді. Өйткені, киік-қырғын болардан бір күн бұрын ғана «Байқоңыр» аэрокешенінен аспанға көтерілген «Протон» апатқа ұшыраған болатын. Одан кейінгі төрт-бес күннің ішінде далада ақбөкендер қынадай қырылып қалды. Түсінбестік те осыдан басталды. Қараңыз, аспаннан 600 мың тонна өте қауіпті у көтерген зымыран құлайды, ертеңіне киіктер қырылады, оған неге екені пастереллез індеті кінәлі болып шығады. Қисын қайда?! Жалпы, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай резерваты ақбөкендердің жаппай қырылатын эпиорталығына айналғалы қашан?! Бұған не себеп? Апатқа ұшыраған «Пратоннан» осыншама көлемде гептил уы шашылуы мүмкін бе? Алайда, Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы, академик Мейірбек Молдабеков оның мүмкін еместігін мәлімдеді. Киіктердің зымыран ұшырылымының әсері тиетін аймақтардан қашықта қырылғанын алға тартқан ол: «Киіктердің қырылыуына экологиялық ғарыш айлағының қатысы бар шығар. Бірақ, киік зымыран ұшыру әсер ететін аймақтардан қашықта мерт болып жатыр. Зымыран әсер ететін аймақ Қарағанды облысы, ал киіктердің жаппай қырылуы байқалған жерлер Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстары. Сондықтан, біз олардың арасында тікелей байланыс бар деп айта алмаймыз, дегенмен бұл мәселені зерттейтін боламыз», – деген еді. Дәл осындай мәндегі пікірді Франкфурт (Германия) Зоология қоғамының өкілі Штефан Цутар да білдірді. «Өйткені, киіктердің қырылған жерлері әркелкі. Олар бір ғана аймақта топ-топ болып өлмеген. Зымыран ұшып өтпейтін жерде де өліп жатқанын көріп отырмыз. Біздің болжауымызша, олар белгісіз жұқпалы аурудан ажал құшып жатыр», – деді ол. Бірақ, бұл бір жақты қорытынды қоғамды сендірмеді. Мысалы, киіктердің қырылу себебін зерттеумен айналысып жүрген қоғамдық белсенді Мақсат Ілиясұлының бұған айтатын өз уәжі бар болып шықты. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына: «2015 жылдың 16 мамырында Байқоңырдан ұшырылған «Протон – М» зымыраны жерден көтерілгеннен кейін арадан 500 секунд өткенде апатқа ұшырады. Ал, киіктердің алғашқы өлексесі зымыран құлаған күннің ертеңіне табылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ырғыз – Торғай» табиғи резерватында бір тәулік ішінде 4 киіктің өлексесі табылғанын растап ресми мәлімет таратты. Әрине, мұның бәрін кездейсоқ деп айта алмаймыз», – деп жазды. Бұл деректі сол замат Ресей ҒА Экология және эволюция мәселелері институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Евгений Ротшильд те растады. Бұл жайт қарапайым халықпен бірге зиялы қауым өкілдерінің де ашу-ызасын тудырды. Мысалы, сол кездегі Сенат депутаты, ақын Нұрлан Оразалин «Бұған гептилдің қатысы жоқ деп айту қиын. Біздіңше, киіктердің жаппай қырылуына аспаннан құлаған тажалдың да қатысы бар» десе, Мәжіліс депутаты, жазушы Алдан Смайыл біріккен Парламент отырысында киік-қырғынның «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметімен, нақтылағанда «Протон» зымыранымен тікелей байланысы бар екенін ашына айтты. «Біз Байқоңырдан ұшырылатын «Протонның» бағытын жақсы білеміз. Ол Төретам, Қоскөл, Арқалық, Қарағанды, Ақмола облысының жері арқылы, Алтай және одан әрі қарай кетеді, тап сол бағытпен көктемде қалың киік жөңкіледі. Олар осы жолдың бастауында уланып, Арқаға жеткенде өлуі әбден мүмкін», – деді ол.

Жалпы, гептилдің қауіптілігі туралы бір-екі ауыз сөзбен жеткізсек, гептил кез келген удан 10 есе қауіпті індет. Егер ол ішкі ағзаға түссе, ол ұзақ уақыт сырт көзге байқалмай бірте-бірте асқынады. Құдды қойынға жасырынып асықпай іске қосылатын қопарылғыш сияқты. Ал, бұл у біздің жерімізді жарты ғасырдан бері ластап келеді. Оның қатысы жоқ деп үзілді-кесілді айта алмайтынымыз сондықтан. Ескерте кетер нәрсе, гептил жанармайын өндіріске қолдануға көптеген елдерде қатаң тыйым салынған. Ал, біздің шенділер ақбөкендердің жаппай ажал құшуына зымыранның түк қатысы жоқ деп сендірмек болады. Өйткені, оның ұшу траекториясына сәйкес келмейді-міс. Құдай-ау, «Протон» ұшатын аумақтың бәрі бір-бірімен жалғасып, сабақтасып жатқан бір географиялық – циклдық ортаға кіретіні қолында қолақпандай дипломы бар маман түгілі, мектеп партасында отырған балаға дейін белгілі емес пе? Сонда шенділер кімді алдағысы келеді?

Қырылған киіктердің тек аналығы мен лақтары болуы да ойландырмай тұрмайды. Мұның себебі неде? Біреулер бұл құбылысты аналық киіктің қыстан әлсіреп шығуымен, төлдеуден кейін пайда болатын әлсіздікпен, оған улы шөптің тез әрі күйіс қайырғанда кері әсер ету факторымен байланыстырады. Оның себебін киіктер жаппай төлдер алдында текелері топ-топ болып бөлініп шығып, солтүстік жаққа ауып кетуінен іздестіретіндер де бар. Осылайша, олар зымыран ұшырылымының кеңістігіне тап келмей, аман қалады-мыс. Оның үстіне орта есеппен жүз ұрғашыға бір текеден келетін факторды еске алсақ, ұшы-қиыры жоқ ұлан далада мерт болған аналық қиіктердің арасынан өлген текелері байқала бермеуі де мүмкін ғой… дейсің.

Ал, елімізге белгілі ветеринар ғалым Әбілқасым Жақыпбаев киіктердің қырылуына геморрагиялық септицемия себеп болуы мүмкін екендігі туралы болжамын ұсынды. Яғни, түз тағыларының жаппай қырылуына себеп болған инфекцияны кенелер таратқан. Ғалымның уәжіне сенсек, біздің жерімізде кененің 100 түрі өмір сүреді екен. «Өйткені, киіктер өлімінің белгілері бірдей болып отыр, – деді ол өз сөзінде. – Алдымен мал мазасызданады, көзі алайып ентігеді, аузынан сілекей ағады, титықтайды, аяқтары сіреседі де жүруге жарамай қалады. Сосын мойын еті тартылып, 3-5 күн ішінде өледі. Ал, көл жағасындағы құрғақ шөп, қамыс басқа да желекті паналайтын қоңыз бар. Қазақ оны алагүлік дейді. Алагүлік өте улы қоңыздың түрі. Үлкендігі 1-2 сантиметр ғана. Оның өзі, қаны, нәжісі, жұмыртқасы бәрі улы. Киіктерпді қырғын сол қоңыз болуы мүмкін. Өйткені, Атырау, Маңғыстау, Торғай даласында ол қоңыз бар».

Сөйтіп, киіктердің жаппай ажал құшу себебін қоғам белсенділері протоннан көрсе, ресми мекемелер пастереллезден, кенеден, шегірткеден, қоңыздан, шешектен көреді. Бұл нәубетке кінәлі «шегіртке емес, шенеуніктер» деп шенділерге шүйліккен белсенділер де бар. Ашынған, уәдеге тойған халықтың аузына қалай қақпақ қоясың?! Қысқасы, қазақ сахарасында дембе-дем қайталанып тұратын алапат зауалдың неден келгені, оның себебі мен салдары үкіметтік деңгейде зерттеліп, тексерілді. Бірақ, киіктердің жаппай қырғын табу себебінің жұмбағын таба алмады. Былайша айтқанда, ұсынылған болжам көп, нақты нәтиже жоқ.

КИІК-ҚЫРҒЫНҒА КІМ ЖАУАПТЫ?

Осылайша, 2015 жылы небәрі екі аптаның ішінде қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің 50 пайызы қырылып қалды. Бұл экологиялық апат халықаралық қауымдастықты да алаңдатпай қойған жоқ. Көп ұзамай жағдайды жан-жақты бақылауда ұстап, жіті қадағалап отырған халықаралық ұйымдар, мәселені зерттей келіп, киіктің бұл ерекше түріне жер бетінен мүлде жойылып кету қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді. Ал, Американың ең таралымы көп «Вашингтон пост» газеті бірнеше күннің ішінде жүздеген мың түз тағыларының қырылып қалуын «Қазақстанның экологиялық жұмбағына» теңеді. «Бұл апатты жағдай халықаралық қауымдастықтды қатты шошытып отыр» деп алаңдаушылық білдірген.

Халықаралық ұйымдардың қазақ даласында орын алған экологиялық апатты назардан тыс қалдырмай бақылауда ұстап, дабыл қағуының өзіндік себебі бар.

Осы орайда біз үшін мынадай маңызды сауал туындайды. Бұл экологиялық апаттың жұмбағын шешу кімнің құзырында? Бұған қай мекеме жауапты? Міне, осы жайт түбегейлі шешілмегендіктен, 130 мыңнан астам киіктің белгісіз індеттен қырылуы мәселеге жауапты орындарды да әрі-сәрі күйге түсіріп отыр. Оқиға орын алған соң-ақ көп ұзамай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «киіктердің жаппай қырылу себебін анықтау біздің министрліктің жұмысы емес, ол Энергетика министрлігіне, нақтылағанда Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасына жүктелген, ал оған ғылыми түрде зерттеп, сараптап, бағасын беретін Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы шаруа», – деп мәлімдеді. Осыдан кейін-ақ қырылған киіктердің мәселесі осы екі құзырлы орын – Ауыл шаруашылығы (АШМ) мен Білім және ғылым министрліктері (БҒМ) арасындағы дауға ұласып жүре берді. Ал, БҒМ құзырындағы Биологиялық қауіпсіздік мәселелер жөніндегі ғылыми орталық бұған мардымды ештеңе айта алмаған. Осылайша, киік-қырғынның себебін анықтауға жауапты орындар мәселені терең түсінбей, бір-біріне сілтеп отырғандығы себепті іс алға баспаған. Міне, қайғылы экологиялық апаттың болғанына төрт жыл уақыт өтсе де, Елбасының киіктердің қырылу себебін шұғыл анықтау туралы бұйрығына қарамастан олардың неден қырылғаны әлі күнге анықталған жоқ. Бұл ойландыра ма, ойландырмай ма? Ауыл шаруашылығының инспекторлары егер бұл жағдайға байланысты жауапкершілікті ғалымдар өз мойнына алып, тиісті ұсыныстарын тездетіп айтпаса, ақбөкендердің ажал құшуы бұдан кейін де жалғасуы әбден мүмкін деп ескертті. «Киіктердің жаппай қырылу себебін анықтаумен айналысатын Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу институттарынан бүгінгі күнге дейін ешбір жауап алған жоқпыз. Көктемгі зерттеу жұмыстары мен киіктердің миграциялық жолымен жүріп өткен экспедиция мүшелері де ешқандай ұсыныс берген жоқ. Сондықтан біз жаппай киік-қырғын қайталанбайды деп кепілдік бере алмаймыз. Білім және білім министрлігі пастереллездің таралуына не себеп болғанын анықтап, ұсыныстар бермесе киік-қырғынның жаппай қайталану қаупі сейілмейді. Ол қайталанған жағдайда киіктерді мүлдем жоғалтып алуымыз мүмкін», – деді АШМ комитет төрағасының орынбасары Нариман Жүсіпов.

Ең қызығы, Аэроғарыш комитетіне қарасты «Ғарыш – экология» ғылым-зерттеу институты Қазақстан бойынша шашылған гептил уының қоршаған ортаға әсерін зерттеу жөнінде аккредитациядан өткен жалғыз ғылыми орталық екендігіне қарамастан, орталық киіктердің қырылуына гептил уы әсер етті ме, жоқ па деген бағытта ешқандай жұмыс жасамағандығы да ойландырмай тұрмайды. Оны кезінде мекеме директорының орынбасары Алма Бимағанбетова мойындаған болатын.

Біздіңше, халықаралық ұйымдардың киіктің осы түріне жойылып кету қаупі төніп тұр деп дабыл қағып, мәлімдеме жасауына бірден бір себеп, қазақстандық тараптың осындай жайбарақаттығы мен жанашымастығы, сөзбұйда әрекеттері әсер етіп отыр деп ойлаймыз. Өйткені, олардың бұл экоапатты өз бақылауында ұстап отырғаны анық.

Ал, киіктердің қырғынына түсінік берген бұрынғы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бұл экоапатты табиғи заңдылық деп бағалап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. «Енді жаппай қырылудың алдын алу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен байланысып, арнайы шаралар бағдарламасын жасайтын боламыз. Сексенінші жылдардан бастап сайғақтар қырғыны әрбір 4-5 жыл сайын қайталанып тұрған екен. Кей жылдары арам қатқан жануарлар саны 250 мыңға дейін жеткен. Сондықтан мұнда табиғи заңдылық бар деп ойлау керек», – деген еліміздің экс-министрі. Қысқасы, дала кербездерінің жаппай қырылу себебі сол күйі жұмбақ күйінде қалды. Ол табиғи заңдылық па, әлде жұқпалы індет алқымнан алды ма, улы отын – гептил әсер етті ме, әлі күнге себебі анықталмады. Тіпті, мұндай жағдай қайталанбас үшін қауіпсіздік шаралары да қолға алынбаған көрінеді.

Сонымен дала еркесі атанған ақбөкендер неге қайта-қайта қырыла береді? Оның себебі неде? Жұқпалы аурудың салдары ма, әлде басқа себебі бар ма? Алаңдауға негіз бар ма, жоқ па? Алдағы уақытта бұл індеттің қайталануы мүмкін бе? Індеттің қайталанбасына кім кепілдік бере алады?

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақ мамыр айының соңына қарай соғатын желді Құралайдың салқыны деп атайды. Құралай киіктің лағы. Бұл кезде тау басына бұлт төніп, аспан күрт бұзылады. Мезгіл-мезгіл нөсер төпелейді, кейде қар аралас жаңбыр жаууы да мүмкін. Ал, ақбөкендер осы кезде жоғары өрлей жүріп, лағын желге қарсы өргізеді. Байырғы бабалар аспан күркіреп, жел дүркіреп соғатын құралайдың салқынын күтіп, одан сақтанатын болған. Өйткені, бұл кезең даланың ызғары мен ызбары түсетін амал. Киіктердің жаппай қырғынға ұшыраған мезгілі де негізінен осы амал кезінде көп байқалған екен. Ендеше, «сақтансаң сақтайды» демеші, бізге сақ болуға себеп бар. Сақтанбасақ, қауіптің қай жақтан келіп бас салатынын байқамай қалуымыз әбден мүмкін.

Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын, журналист

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here