Осетия екіге қалай бөлінді?

0
7262

Оңтүстік Осетия мен Грузия, Ресей және Солтүстік Осетия арасындағы қатынастар тек саяси ғана емес, тарихи дау-дамайға да айналғалы ондаған жылдар болды. Оңтүстік Осетияның Грузия құрамына енгені, 2008 жылғы Грузия мен Ресей арасындағы соғыстың себебі мен салдары әлем жұртшылығының назарын өзіне аударып келеді. «Qazaq» газеті бүгін Осетияның екіге бөліну тарихына тоқталады.

ОСЕТИЯ ҚАЛАЙ ОТАР ЕЛГЕ АЙНАЛЫП, ЕКІГЕ БӨЛІНДІ?

Ежелгі заманнан бері Осетия аумағында скиф-сармат тайпаларының құрамдас бөлігі саналған парсы тілдес осетин тайпалары мекендеген. Осетин халқының жері оңтүстігі грузин тайпаларының аумағымен, солтүстігі Ресей империясының шекарасымен шектесіп жатты.

ХІV ғасырдан ХVII ғасырдың ортасына дейін ешқандай қаласы, жазу-сызуы жоқ осетиндер жабық таулы аймақта тұрды. Билікті ірі феодалдардың ықпалымен жүргізіп келді. Жабық есік саясатын ұстанып келген осетиндерге ақырған аюдай отарлау саясатын жүргізген солтүстіктегі Ресей империясы оларды еріктеріне жібере қоймады. Себебі, Осетия жері орыстар үшін Кавказ тауларын бақылауға алатын жалғыз стратегиялық маңызы бар нүктесі болды. Осы арқылы Ресей империясы шешен, грузин халықтарын отарлауға алғашқы қадам жасады.

1774 жылы Астрахан генерал-губернаторы Н.Кречетников мансабында қалу үшін ІІ Екатерина патшайымға жаңа иелік жер қосып беріп, оның көңілінен шыққысы келді. Содан осетиндерді отарлау жобасының сценарийін жазып шықты.

Кейбір деректерде Осетияның  Ресейге 1774 жылы қосылғаны айтылады. Ал, осетиндік тарихшылар мұнымен келіспейді. Тарихшылар М.Балиев пен Р.Базаров ІІ Екатерина патшайымға Кречетниковтың отарлау жобасы 1775 жылы мақұлдау үшін ғана ұсынылғанын дәлелдеді.

Қалай айтсақ та, Осетия ІІ Екатеринаның тұсында Ресейдің құрығына түсті.

Отар елге айналған осетиндер империя тұсында орыстандыру саясатын басынан өткерсе де, ол уақытта осетин халқының тұтастығы бұзыла қоймаған еді.

Осетия жерінің, халқының екіге бөлінуі 1922 жылы Кеңес үкіметі  орнағаннан  кейін  басталды. Мәскеу Осетияның солтүстік аумағын Ресей КСР, ал оңтүстік аумағын Грузия КСР құрамына берді. Осылайша, Кремльдің бұл жымысқы саясаты осетиндерді трагедияға ұшыратты.

ОҢТҮСТІК ОСЕТИЯ ГРУЗИЯНЫҢ ҚҰРАМЫНА НЕГЕ ӨТТІ?

1917 жылы Ресей империясы ыдырағаннан кейін Грузия оңтүстік Осетия аумағын өз иелігіне қосып алды. Сөйтіп, Грузияның бұл басқыншылық әрекеті осетиндердің наразылығын туғызды.

Осетиндер Грузия билігіне 1917-1920 жылдар аралығында қарулы қарсылық көрсетіп келді. Грузия кеңестік билікті мойындағаннан соң оңтүстік Осетия өз еркімен Грузияға берілуге мәжбүр болды.

1922 жылы 20 сәуірде Грузия КСР Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен Оңтүстік Осетия автономиялық аумағы құрылды.

Тбилиси Оңтүстік Осетияға автономия мәртебесін бергенімен, бұл тек құжат жүзіндегі мәртебе еді. Содан Грузия билігі осетиндерге отарлау саясатын жүргізе бастады. Халықты ассимиляцияға ұшырату үшін осетиндердің құжаттарында оларды грузин ретінде жазды. Және осетиндердің тарихи жерлерін иелену мақсатында осетин тіліндегі жер атауларын грузинше жаңа атаулармен атай бастады. Халықтар достығын желеу етіп, Оңтүстік Осетия автономиясын Грузияның шикізаттық меншігіне айналдырды. Қамбаны осетиндердің бидайымен толтырды. Және автономияның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші барлық жағынан Грузияға қарағанда анағұрлым төмен болды.

Осетиндерді ассимиляциялаудан кейін автономияда жергілікті халықтың саны азайып, грузиндердің үлесі артты. 1939 жылы осетиндердің әліпбиі латыннан грузин әліпбиіне көшіріліп, барлық білім мекемелерінде грузин әліпбиі қолданылды.

1989 жылы 10 қарашада Оңтүстік Осетия автономиялық округінің халық депутаттары автономияның құқықтарын қорғау және оның конституциялық кепілдіктерін сақтау жөнінде Грузия КСР-ның Жоғарғы Кеңесі Президиумына шешімнің қаралуы туралы өтініш білдірді. Алайда, Грузия Жоғарғы Кеңесі автономия депутаттарының шешімін конституцияға сай емес деп жариялады. Тбилисидің жалтару әрекетінен кейін Оңтүстік Осетия мен Грузия арасындағы қарулы қақтығыстар мен саяси тартыстар басталып кетті.

1992 жылы ақпан айында Грузия әскері Цхинвал қаласына шабуыл жасай бастады. Әскери қимылдар сол жылдың 13 шілдесіне дейін жалғасты. Қорытындысында жүздеген әйелдер мен балалар, қарттар қаза тапты. Сол жылы 20 мамырда Эдуард Шеварднадзенің Грузия Мемлекеттік Кеңесінің Төрағалығына қайтып оралуы Оңтүстік Осетияның жағдайын өзгерте қоймады. Шабуылдар күшейді. Соған қарамастан 1992 жылы 29 мамырда Оңтүстік Осетия Республикасының Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң  қабыл-дады.

1992 жылы 24 маусымда Сочиде грузин-осетин қақтығысын реттеу үшін төрт жақты орыс-грузин, грузин-осетин келіссөздері өтті. Сол жылғы 14 шілдедегі келісім бойынша Оңтүстік Осетияны БҰҰ-ның бес мүшесі тәуелсіз республика ретінде мойындады. Олар: Ресей, Никарагуа, Венесуэла, Науру және Тувалу. Қалған елдер Оңтүстік Осетияны күні бүгінге дейін Грузияның автономдық аумағы ретінде санап келеді.

Грузияның Оңтүстік Осетияға жасаған агрессиясының салдарынан 1989 жылдың қарашасынан 1992 жылдың шілдесі аралығында үш мыңнан астам осетин қаза тапты, 300-ге жуық адам із-түзсіз жоғалды, 40 мыңнан астамы Ресейге қоныс аударды, 100-ден астам осетин ауылдары отқа оранды.

Айта кетейік, жер көлемі біздің Талғар ауданымен шамалас Оңтүстік Осетияда 53 мың халық тұрады. Оның 89,1%-ын осетиндер, 8,9%-ын грузиндер құрайды.

БЕС КҮНДІК ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС: СЕБЕП ПЕН САЛДАР

БҰҰ елдерінің Оңтүстік Осетияны дербес мемлекет ретінде толықтай мойындамауы Грузияның отарлық саясатты тоқтатпауына себеп болды. 2008 жылы Оңтүстік Осетия мен Абхазияның өздерін тәуелсіз республика деп жариялауы Грузия үкіметінің ашуын келтірді. Осылайша, 2008 жылдың 8 тамызы мен 13 тамызы аралығында болған «бес күндік тамыз соғысы» басталды.

Грузия әскерилері Оңтүстік Осетия астанасы Цхинвал мен оның айналасындағы елдімекендерді бомбалай бастады. Мұны халықаралық қатынастар тұрғысынан заңсыздық деп таныған Ресей Федерациясы «Грузияны бітімгершілікке мәжбүрлеу» мақсатында Тбилисиге екі әскери ұшақ жіберіп, бомбалатты. Абырой болғанда адам шығыны болмады. Ресейге жауап ретінде Грузия артиллериясы «жазықты екі ұшақты» атып түсіруге «мәжбүр» болды. Осыдан соң Грузия мен Ресей арасында жанжал орын алды.

Ресей әскерилері Оңтүстік Осетияның Кодорское шатқалына кіріп алды. Содан грузин қалаларын, әскери базаларын бомбалай бастады. Теңіз әскери күштері де белсенді қимылдар жасады. Ресей теңіз әскерлері Грузияның Қара теңіздегі Поти портын басып алып, шекарашылардың кемелерін, әскери мақсаттағы сүңгуір қайықтарын түгелдей дерлік жойып жіберді.

Әлем елдері бұл жанжалға бейжай қарай алмады. БҰҰ Грузия мен Ресейдің соғысты тоқтатуын талап етті. Ал, 10 тамызда сол кездегі Грузия президенті Михаил Саакашвили Цхинвалдан әскерін шығаратындығын, атысты тоқтатуға бұйрық беретіндігін жариялап, Еуропалық Одақ ұсынған бітімге келу құжатына 12 тамызда қол қойды. Шегіне жүріп қырғын салған грузин-ресей әскерлері 13 тамызға дейін соғыс қимылдарын жалғастырды. Бес күндік соғыстың зардабы грузиндер мен осетиндерге оңай тимеді. Швейцариялық дипломат Хайди Тальявинидің мәлімдемесіне сүйенсек, бес күндік соғыста 650 адам қаза тапқан, 100 мыңнан астам жергілікті тұрғын үйлерінен айырылған, 15 мың грузин және 34 мың осетин босқынға айналған.

СОЛТҮСТІК ОСЕТИЯ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

1920 жылдың қараша айынан Солтүстік Осетия Кеңес Одағындағы Тау республикасының құрамына кірді. Тек төрт жылдан кейін ғана автономия болып жарияланды. Өткен ғасырда  Солтүстік Осетияда ғылым мен білімнің, экономиканың алға басуы қарқынды болды. Өнеркәсіп орындары, жолдар, ұлттық бағыттағы оқу орындары салына бастады. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметінің тоталитарлық жүйесі осетиндердің ұлттық рухы көтеріле бастағанына оң қабақ танытпады. 1937 жылғы репрессияда Солтүстік Осетияның бас көтерер зиялылары жалған айыптаудың құрбаны болып, ату жазасына ұшырады. Кремль қарауындағы осетиндерді грузиндер сияқты барлығына шүйлікпей, тек бас көтерерлерін ғана құрту арқылы дегенін істетті. Осылайша, Солтүстік Осетия Кеңес үкіметінің «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» болды.

Бір айта кетерлігі, Солтүстік Осетия тұрғындарының әлеуметтік жағдайы Оңтүстік Осетияға қарағанда біршама жақсы болды. Себебі, Мәскеудің Тбилисиге қарағанда империалистік тәжірибесі анағұрлым көбірек еді. Грузиядағы осетиндердің әлеуметтік жағдайы да, ұлттық мәртебесі де жоқ болғандықтан, олар әрдайым бүлік шығаруға бейім болды. Өйткені, өздеріне жасалып жатқан қысымды ашық көріп отырды. Ал, Кремль солтүстік осетиндердің әлеуметтік жағдайын жақсарту арқылы оларды кеңестік идеологияға сендіре білді. Нәтижесінде солтүстік тұрғындарының көпшілігі орыстанып кетті.

Солтүстік Осетияның тәуелсіздік алуы тек өздері үшін ғана емес, Кеңес Одағының мұрагері Ресей үшін де аса тиімді болды. Одақ келмеске кеткенімен, екі жыл бойы Солтүстік Осетия бұрынғысынша автономиялық аумақ болып саналып келді. Тек 1992 жылы 31 қазан мен 4 қараша аралығында болған осетин-ингуш қақтығысы Солтүстік Осетияға сыртқы күштердің назар аударуына ықпал жасады.

Ингушетия мен Солтүстік Осетия арасын-дағы жер үшін орын алған жанжалды саралаған шетелдік сарапшылар Солтүстік Осетияны тәуелсіз ел болуға құқылы деп танып, Ресейді қыспаққа алды. Сол кездегі Ресей Федерациясының президенті Борис Ельцин мәселені бейбіт жолмен тиімді шешіп жіберді. Грузияның Оңтүстік Осетияға жүргізіп отырған ықпалын тоқтату  үшін Солтүстік  Осетияны  республика ретінде тануды дұрыс деп шешті. Егер Кремль Солтүстік Осетияға республика мәртебесін берсе, алдағы уақытта Грузияның күшеюіне жол бермеу үшін Оңтүстік Осетияның жоғын сол кезде ғана жоқтай алады. Бірақ, Солтүстік Осетиядан түпкілікті көз жазып  қал-мау мақсатында оны Ресей Федерациясының құрамындағы республика ретінде жариялады. Республика іс жүзінде дербес республика болмау үшін  қуыршақ үкіметті билікке қойды. Сөйтіп, 1993 жылы автономия Солтүстік Осетия республикасына айналды.

1995 жылы Солтүстік Осетия – Алания  республикасы болып өзгертілді. Мемлекеттік егемендік туралы декларация бойынша Солтүстік Осетия – Алания республикасы Ресей Федерациясының құрамдас бөлігі саналады.

«Алания» партиясы бүгінгі таңда екіге бөлініп кеткен осетин тілінің салдары жайлы мәселе көтеруде. Жетпіс жылда солтүстік пен оңтүстік тұрғындарының диалектілері бір-біріне түсініксіз болатын хәлге жеткенін айтып дабыл қағуда. Осетин тілінің жойылуға шақ қалғандығын ескертіп, үкіметтен ана тілді жаңғырту үшін шара қолдануды талап етуде.

Айта кетейік, жер көлемі біздің Іле ауданындай болатын Солтүстік Осетияда 700 мыңдай халық тұрады. Соның 64,5%-ын осетиндер, 20,6%-ын орыстар, ал 4,1%-ын ингуштар құрайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кеңес үкіметінің аз ұлттарды жою саясатының жемісті жүргізілгеніне Осетия халқының қазіргі трагедиясы дәлел бола алады. Кезінде бірлігі мығым болған бір ұлт өз еркінен тыс екіге бөлінді.  Дегенмен, әлемдегі 700 мыңға жуық осетин халқы солтүстік пен оңтүстікке бөлінген Осетияның түбі біртұтас елге айналатынына үмітпен қарайды.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here