Еті арам, еңбегі адал есектің терісін Қытай қайтеді?

0
6484

«Есекті қанша тағаласаң да ат болмайды» дейді қазақ. Алайда, еті арам, еңбегі адал есектер ауылдарда қалмай барады. Өйткені, бүгінде Қазақстанда «есек бизнесінің» көрігі қызып тұр. Оған басты себеп – Қытайда қазір қазақстандық есектерге сұраныс өте жоғары.

Рас, біздің елде есектің еңбегі адал, еті арам болғанымен, Қытайда оның еңбегі де, еті мен терісі де бағаланады. Ал, «бит терісінен биялай тіккен» көрші елге есектің еті мен терісі неге қажет болды? Енді осы сұрақтың жауабын іздестіріп көрелік. Сонымен…

Ғаламторда есектің терісін сатып алушылардың хабарландырулары қаптап тұр. Есек терісінің құны – 15-20 мың теңге. Біз теріні өткізуші ретінде сол қаптаған хабарландырулардың біріне хабарласқан едік.

«Есекті өзіңіз бауыздауыңыз керек. Бізге тек терісі қажет. Құры тері емес, теріде есектің құлағы мен құйрығы міндетті түрде болуы шарт. Ондай тері көп болған жағдайда өзіміздің алып кетуге мүмкіндігіміз бар. Ал құлақсыз, құйрықсыз терінің құны көк тиын. Сонымен қатар, бізге есектің жасы маңызды емес», – деп анық-қанығын айтты теріні сатып алушы.

«Сонда сіздерге есек терісі не үшін қажет?» деген сұраққа: «Сіз тері үшін ақша алсаңыз болды емес пе? Басқа сұрақпен басыңызды қатырып қайтесіз», – деп жауап қайырды.

Елде есектің терісіне сұраныс көп болғандықтан, «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, қорадағы есектерді еншілеп кететіндердің қатары көбейген. Айталық, Түркістан облысының бір ауылында бір түнде 22 есек қолды болыпты. Полицейлер ұрлықшыларды құрықтады. Бес адамнан құрылған топ есектерді ұрлаумен айналысқаны анықталды. Олар есектің терілерін Қытайға жөнелтіп отырыпты. Ал, аспан асты елінде есектің терісінен эцзяо желатині (желатин – мал сүйегінен шығарылатын дәмі, иісі жоқ мөлдір желім) алынады екен. Яғни, одан жасалған препарат қытай медицинасында кеңінен қолданылады. Ол препарат иммунитетті көтереді, теріні жасартады, ұйқысыздықты, бедеулікті жояды. Есек терісінен жасалған препараттар әлем елдерінде де үлкен сұранысқа ие. Демек, аспан асты елінде есекті табудың өзі оңай шаруа емес. Ал, ет тартқыштан өткізілген есектің еті фарш ретінде базарда сатылады. Көрші ел базарындағы құны бүгінде қой-ешкінің бағасынан қымбат болуы сондықтан.

Американдық «New York Times» газетінің дерегіне сенсек, Қытайда жылына бір миллионнан астам есектің еті мен терісі өндіріледі. Есек тапшылығына байланысты аспан асты елі Үндістан мен Пәкістаннан есекті тірідей тасымалдаса, Ресей, Украина, Тәжікстан, Қазақстан мен Қырғызстаннан тек есектің терісін «импорттайды».

Иә, Қазақстанда құнсыз болып келген есектің енді аяқ астынан бизнес көзіне айналатыны кімнің ойына келген?!

МАДИЯР ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» -ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here