Саламат Садыкова: «Өкінішке толы көңілімді, сәулелі өмірімді әнмен әрлеп келемін»

0
5763

Қырғыз Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, әйгілі әнші Саламат Садыкованың сахна сыртындағы сыры.

«ӘКЕ-ШЕШЕСІЗ ӨМІРМЕН КҮРЕСУГЕ ТУРА КЕЛДІ»

– Саламат ханым, барлық балалар секілді бала шақтан болашаққа аттандыңыз. Сырласуымызды сол бала күннің сәулелі сәттерінен бастайықшы. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінің оқырмандарына балалық шағыңыз, ата-анаңыз туралы айтып беріңізші…

– Алғашқы сөзімді алғыс айтудан бастауды жөн көріп отырмын. Бір туған бауырлас елдің, бүтін қазақ халқының атынан маған жолдаған сауалдарыңызға алғысым шексіз. Тамыры терең, тағылымы мол, тарихы бай, қазақ баспасөзінде өзінің салмақты орны бар ата басылым саналатын «Qazaq» газетінің оқырмандарын және осы басылымның өркендеуіне үлес қосып жүрген редакция ұжымын өткен 105 жылдықтарыңызбен құттықтағаным да артық болмас. Бұл – бір. Екіншіден, менің алдағы күндері (28-29 наурыз, – ред.) болатын шығармашылығымның биік шыңы іспеттес мерекелік кешіме қызығушылық танытып, газет арқылы мыңдаған оқырманмен қуанышымды бөліскелі отырсыздар. Бұл мен үшін зор қуаныш әрі маған шалқар шабыт сыйлайды!

Сұхбатымыз менің көпшілікке таныс әрі бейтаныс балалық шағымнан басталғанын қалап отырсыз. Мен Баткен облысында жарық дүниеге келдім. Жалпы, менің балалығым өнерде жүрген өзге өнерпаздардікіне мүлде ұқсамайды. Әркімнің балалық шағы әртүрлі болады ғой. Ол сонысымен де қызық, сонысымен де ұмытылмайды. Бір қарағанда, балалық шағым қызықсыз әрі қанық бояулары аз болып көрінуі мүмкін. Өйткені, әке-шешесіз өмірге бейімделуге, өмірмен күресуге тура келді. Жетім өстім. Әкем Момын мен ес білмей тұрып, екі жарым жасымда дүниеден өтіпті. Ал, анам Мәрия бар-жоғы 26 жасында көз жұмды. Осылайша анамнан сегіз жасымда айырылдым. Осы сәттен бастап өмірімнің ең қиын кезеңдері басталды. Әркімнің қолында, әр босағада ата-анасыз өстім. Бір сөзбен айтқанда, менің балалық шағым өте ауыр болды. Өз бетіммен еңбектеніп, соның нәтижесінде талантымды ұштап, бүгінгі деңгейге қол жеткіздім.

Қазір туған жеріме үлкен мерекелерде ғана тым сирек барамын. Өйткені, ол жақта жақын туысым жоқ.

Он сегіз жасымда Таластың Кара-Буура  ауданына келін болып түстім. Жанымды жадырататын бір жәйт,  өкіл әке-шешем – қазақтар болды. Жас кезімде Тараз қаласына жиі баратынмын.

Жолдасым Тұрғынбек – өзімді, өнерімді қадірлейтін өте парасатты жігіт.  Оқығаны көп, аса мәдениетті. Өмірге екі қыз әкеліп, тәрбиеледік. Өте мейірімді, балажан. Қыздарын ештеңеден тарықтырмай, еркін де ерке өсірді. Өзім әке-шешеге еркелік қылығымды, назымды білдіре алмай өскендіктен, қыздарым өзімнің құрбыларымдай еркін-ерке өскенін қаладым. Пікірлерін үнемі ашық айтатын, өз көзқарастарын білдіріп отыратын ақылды, пайымы жоғары қыздарым – мақтанышым. Рас, жалғыздықтан, жетімдіктен  қатал болып өстім. Сондықтан қыздарға да қатты сөйлеген кездерім болмады емес, болды. Одан олар жаман болған жоқ. Екеуі де жоғары білімді маман. Тұрмыста. Күйеубалаларым да, құда-жекжаттарым да көңілімнен шығады, араласып, хабарласып отырамыз.

Тұңғышым Құндыз – журналист, түрколог, ақын. Күйеубалам Кубаныч – қырғыз еліне танымал әнші. Ал бас құдам Чубак Сатаев та өнерден құр алақан емес, осы күні «МузАРТ» тобы орындап жүрген «Арман-ай» әнінің авторы. Тағы да бірнеше әндерін ел біледі, сүйсіне тыңдайды.

Кенже қызым Махаббат қызмет бабымен шетелде жұбайымен бірге тұрады.

Құдайға шүкір, жиен немерелер өсіп келеді. Мына тірліктен шаршаған, қажыған, тіпті қиналған сәттерімде соларға асығамын…

«ЕЛІМНІҢ АҚ БАТАСЫ ӨНЕРДЕ ҚЫРАН ҚҰСТАЙ САМҒАУЫМА СЕП БОЛДЫ»

– Сіздің орындауыңыздағы «Қырғыз жері» әні қырғыз халқының екінші әнұраны іспеттес. Дәл осы ән Сіздің өнер жолындағы жолбастарыңыз деуге бола ма? Сол әннің тарихын айтап бересіз бе?

– «Қырғыз жері» әнін маған дейін автор жас кезінде жеті жылдай баянда (аккордеон) орындап жүрген екен. Дегенмен, автордың орындауында әннің бағы ашылмапты. Репертуарымнан орын алғаннан кейін бұл ән менің жұлдызымды жақты, ал мен әннің бағын аштым. Әннің сөзі әсерлі, рухты! Бұл әнді алғаш рет комузбен орындаған едім. Кейіннен оркестрмен орындай бастадым. Туындыға түрлі аспаптарды қосудың нәтижесінде ән мүлде басқа кейіпке еніп, түрленіп шыға келді. «Камбаркан» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде әннің көркемдік деңгейін күшейтіп, тыңдарманға рух сыйлайтындай етіп шығаруда Қырғыз Республикасының Халық әртісі, бас дирижер Рысбек Жумакуновтың үлесі зор болды. Бұған қоса, әнді нақышына келтіріп орындауға кеудемдегі елім деп соққан жүрегім, отансүйгіштігім де әсер еткен болар, кім білсін…

Иә, туған елге, туған жерге деген құрметімді әніммен жеткізгім келді. Мен осы мақсатымның үдесінен шықтым. Бүгінгі таңда бұл ән автордың, менің, әнді өңдеп үлес қосқандардың мәртебесін арттырған, сый-құрмет әкелген, тыңдарманның ықыласына бөленген, халқым сүйіп тыңдайтын ақжолтай ән болып ән тарихында қалды. Алдымен Жаратқанның мені осы баққа лайық көруі, екіншіден, елімнің ақ батасы өнерде қыран құстай самғауыма, жолымның ашық болуына сеп болды деп ойлаймын.

«Қырғыз жері» әні 1992 жылдан бастап әрбір нұрлы таңда тәуелсіз еліміздің әнұранындай мәртебеге ие болып, теле-радио эфирлерінде бақыттың, шаттықтың әніндей шырқалып тұратыны рас.

Негізі, өнердегі менің қолтаңбамды қалыптастырған әндерім 1986 жылдан бастау алады. Алғашында комуз   аспабымен өзімді-өзім сүйемелдеп, сүйікті әндерімді орындап, көрермен қошеметіне бөлендім. Қырғыз елінің ұлттық аспабы, киелі де қастерлі комузда халық әндерімен қоса, лирикалық әндерді де орындауды қолға алдым. Соның нәтижесінде, әлемнің түкпір-түкпіріне, Ресейге, Польшаға, Италияға, Түркияға, Германияға әндерім мені жетелеп барды. Бұдан өзге көптеген елдерде қырғыз әнін әуелеттім. Бұл менің ғана емес, елімнің де жетістігі.

«МАҒАН «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ» АТАҒЫ «АВАНС» РЕТІНДЕ БЕРІЛГЕНІН ЖАҚСЫ ТҮСІНДІМ»

– Құдайға шүкір, бір адамның басына жетіп артылатын атақ-даңқыңыз бар. Ал, Сізге «Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі» атағы қашан және қалай берілді?

– 1995 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған резолюцияға сәйкес, «Манас» эпосының 1000 жылдығы тойланғанын білесіздер. Қырғыз халқының ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ауыз әдебиетінің барша байлығы, алуан жанрлары табиғи үйлесім тауып, мұра боп келе жатқан батырлық эпостың 1000 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтілді. Осы кезеңдерде бауырлас қос ұлттың – қырғыз бен қазақтың арасындағы қарым-қатынас өте жақын еді. Еларалық түрлі мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылды. Сол жылдары елші болған атақты ақын Мұхтар Шахановтың осындай басқосуларды ұйымдастыруға қосқан үлесі өлшеусіз болды (айта кетейік, Мұхтар Шаханов 1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде болды, – ред.). Екі елдің ортасында ешбір қиындықтар болмай, емін-еркін араласушы едік. Қырғыздың ел ақындары Сүйүнбай Эралиев, Сооронбай Жусуев,  Эстебес Турсуналиевтермен бірге мен де жоғары деңгейдегі халықаралық кештерге, салтанатты жиындарға қатысып жүрдім. Сондай жиындардың бірінде Қазақ елінің көшбасшысы, ұлы саясаткер, ұлт көсемі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің Эстебес Турсуналиевке «Қазақстанның Халық әртісі», ал маған жас болсам да «Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі» атағын табыстады. Бұл мәртебе, құрмет маған «аванс» ретінде берілгенін жақсы түсіндім. Сондықтан болар, талантты да білімді қазақ композиторларының көптеген әндерін репертуарыма қосып, қырғыз әндерінен артық орындамасам, кем орындап жүрген жоқпын. Мысалы, Мұхтар Шахановтың «Ер Манастың елінде», Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» әндерін, сонымен қатар, «Сәби болғым келеді», «Сағындым Алматымды», «Анашым», «Гүлдерайым» сынды өзге де әндерді орындап келемін. Қазақ елінің көреген басшысы екі елдің арасындағы ынтымақтастықты ұйытқы етіп, біздің елге ағалық қамқорлығын аямай, әрдайым арқасүйер бола білді. Ризашылығым мен алғысым шексіз. Бұл менің ғана емес, елімнің де ақжарма тілегі. Дара тұлғаға ұзақ ғұмыр тілеймін!

– Қазақ жастары халық әндеріне құмар. Соңғы жылдары ұлттық өнер біздің елде қайта ұлықталып жатыр. Көптеген дәстүрлі әншілер өнер сахнасына шықты. Ал, Қырғыз елінде халық әнінің халі қалай?

– Біздің ұлттық мәдениетіміздің жағдайы осыдан 30-40 жыл бұрынғымен салыстырғанда заман ағымына қарай ілгерілеп, өте жылдам даму үстінде. Дарынды жастар легі көбейіп, әлеммен терезе теңестіретін музыканттар мен ансамбльдер саны артты. Халқымыз қазіргі таңда таланттардан кенде емес. Заман ауысқан сайын өзінің озық таланттары мен дарындылары сап түзейді емес пе?!  Ілгеріректе, яғни, 60-70 жыл бұрын өнердің кез келген саласы болсын, операда да, жазба поэзияда да сол саланың өкілдерінің аттарын санамалап қана білетінбіз. Ал қазір әншілеріміз де, күйшілеріміз де, қаламгерлеріміз де көп. Өкінішке қарай, өнерпаздардың көбейгені сонша, өнер адамдары өз тұрмысы үшін, қаражат үшін кез келген ортада ән салып, күй шертетін деңгейге жетті. Мәдениетіміздің айнасын кірлетіп, өрнегін бұзып жатқан шоу-бизнестегі кейбір жандардың әрекеті қытайдың жылтырағындай, арзан матасындай саудаға айналып бара жатқанын да ұмытуға болмайды.

«МЕН ӨЗ ТАҒДЫРЫМА БАЙЛАНЫСТЫ ӘНДЕРГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРЕТІН ӘНШІМІН»

– Біздің білуімізше, отыз жылдан бері Т. Сатылғанов атындағы Қырғыз Мемлекеттік филармониясының жанынан құрылған «Камбаркан» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде өнер көрсетіп келесіз. Аталған ансамбльдің бүгінгі тынысы қандай?

– Бұл ансамбльдің құрылғанына тура отыз жыл болды. «Камбаркан» этнографиялық-фольклорлық ансамблінің құрылуының өзі қызық. Сол кезде «Ұлттық үн» деген атаумен кастинг жарияланып, іріктеуден топ жарып шыққан мен осы ансамбльдің тұңғыш әнші-солисті атандым. Ансамбліміздің тұсауы игілікпен кесіліп, биік белестерді бағындырғанымызға қуаныштымын. Бәрі де еңбектің жемісі. Ансамбль ұжымы осы уақытқа дейін Еуропаның бірнеше елінде, Жапонияда, Қытайда, Үндістанда, Сауд Арабиясында, Оңтүстік Кореяда, Түркияда, бір сөзбен айтқанда, дүниенің ең мықты сахналарында өнер көрсетіп, жарты әлемді тамсандырды.

– «Жаңбыр төкті» («Жамгыр төктү»), «Адасқан   жаңбыр»  («Адашкан   жамгыр») әндеріңіз тыңдармандарыңыздың ықыласына ие. Жаңбырмен жиі сырласатын секілдісіз. Осы әндердің жеке өміріңізге әсері болды ма?

– Иә, менің репертуарымда «Жамгыр»,  «Жамгыр калсын эсимде», «Адашкан жамгыр», «Армандуу дуйно» сынды лирикалық әндер бар. Бұл әндер бекерден-бекер көмейіме қонбағаны да рас. Мен өз өміріме, тағдырыма байланысты әндерге басымдық берген әншімін. Оның басты себебі, мен бүкіл өмірімді өнерге байлап, әнді серік етіп, өкінішке толы көңілімді, сәулелі өмірімді әнмен әрлеп ғұмыр кешіп келемін. Менің жан сырым осы.

– 28-29 наурызда Бішкек қаласында өнерде жүргеніңізге 40 жыл толуына орай үлкен шығармашылық кешіңіз өтеді. Кешке дайындық қалай жүріп жатыр? Бұл кештің өзге кештерден өзгешелігі қандай болмақ?

– Алдағы күндері өтетін «Келгиле сыйлашалы» атты ән кешіме дайындығым жақсы. Ұлттық филармониядағы бас директорымыз Кыргызбай Осмонов бастаған шығармашылық ұжым, асыл тыңдармандарым, қырғыз халқы, өзге елдердегі әріптестерім бірауыздан қолдап жатыр. Ізгі тілектер мен ақ көңілдерінен шыққан жылы сөздері маған шабыт сыйлап, демеу болуда. Бұл кеш өзім үшін де, өнерімді жоғары бағалайтын тыңдарман үшін де, болашақта мені тыңдайтын жас ұрпақ, жас өнерпаздар үшін де тарихи кеш, ерекше әсер сыйлайтын концерт болып, ән тарихында алтын әріппен жазылатынына күмәнім жоқ.  Өйткені, киелі де қасиетті сахна төрінде осы күнге дейін бар күш-жігерімді, өнерімді сарп етіп, елім, жерім, отаным деп ән салып келдім. Ол  үшін қырғыз халқы ешқашан қошеметін аяған емес және әрдайым қолдаудан жалықпайды. Менің бірінші Жаратушыға, содан соң білікті басшыларымызға алғысым шексіз. Қырғыз елі мені анамдай еркелетіп, мәпелеп, бауырына басты, сүрінген жерімде демеу болды, қолдап-қорғаудан танған емес.  Мен бақытты елдің бағы жанған, жұлдызы жоғары ерке қызы атандым. Тағдырыма ризамын. Жаратқан ұзақ өмір берсе, ән болып төгіліп өтсем, өнер көгінде жарқырап жүрсем деген тілек қана бар менде.

«КЕЙІННЕН ҚАЗАҚСТАНҒА САПАРЫМ СИРЕЙ БАСТАДЫ»

– Жоғарыда айтқанымыздай, Сіз Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісісіз, бірақ соңғы кездері қазақ сахнасынан мүлдем көрінбейсіз. Мұның себебі неде? Себеп бізде ме, әлде Сізде ме? 60 жылдық мерейтойыңыз қарсаңында Қазақстанда концерт өткізу жоспарыңызда бар ма?

– Қазақстанның ең ғажайып қаласы Алматыға алғаш барған 1988-1989 жылдар әлі есімде. Қазақ елінің әнді терең түсініп, жүректеріне жақын қабылдайтыны соншалық, тыңдармандарым ыстық ықыластарын сездіріп, ду қол шапалақтарымен құрмет көрсетіп, құшағымды гүлге толтырғаны да есімнен кетпейді. Бұл бір ұлттың мәдени сауаттылығы мен өнерге деген құрметінің дәлелі.

Алғаш қазақ еліне барған жылдары қазақ әншілерінен ешкімді танымайтынмын. Сондықтан болар, қазақ әншілерінен жақын достарым болса деп армандап жүрдім. Ол күндер де алыс емес екен, қазақ әншілерінің көбісімен танысқанымыздың нәтижесінде, бүгінде өте жақын қарым-қатынастамыз. Кейбіріне жан сырымды, жүрегімде болып жатқан күйлерді, өмірімнің құпияларын да айттым.

 Кейіннен Қазақстанға сапарым сирей бастады. Мұның басты себебі, пенделердің көре алмаушылығы мен өсек-аяң, пендешілік еді. Өнерпаз атаққа ие болғаннан кейін оның соңынан түрлі сөздер ереді екен. Бұл заңдылық шығар, бәлкім. Осылайша, қазақ еліне барар жолым жабыла берді. Сырт көзге күліп, жадырап-жайнап жүрсем де, ішкі жан дүниемде ешкімге айта алмаған сырға толы он жылым тез өтіп кетіпті. Осы он жыл аралықты ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың:

«Шыда, шыда Шыдай түс, шыда тағы

Шыдамдыны мына өмір ұнатады», – деген өлеңін жиі қайталаумен өткіздім.

«Алматыда жеке концертімді өткізсем» деген асқақ арманым солай көңілімнің бір түкпірінде қала берді. Әйтсе де, сүріндім, жығылдым, қайта тұрып, жеңіс пен жеміс толы жылдарға қарай бет түзедім. Бәріне, барына шүкір. Ең бастысы, мен киелі сахнада, қастерлі өнер жолында адал еңбек етіп келемін. Өз жолымнан адаспауға, ақиқат жолынан жаңылмауға серт бердім.

Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы емес пе?! Олай болса, бар ақыл-ойымды, еңбегім мен талантымды бабалар салған сара жолды жалғастыруға жұмсауға тиіспін. Мен ғана емес, кез келген жан осылай ойласа, біз рухани байимыз, мәдениетіміз дамиды. Бастысы, екі елдің арасында бірлік, ынтымақ жоғалмасын. Бірлік болған жерде ғана тірлік болады, суық қыстан көктемге, мамыражай жазға бағыт алып, түрлене түседі.

Алдағы концертімде менің қуанышымды бөлісіп, әрдайым қолдау білдіретін жандарды, ақкөңіл қазақ халқын күтемін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Саламат ханым, сахна сыртындағы сырыңызға алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқандар: Қали ҚАМБАРОВ, Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here