Айға алғаш аяқ басқан кім?

0
15761

1961 жылы «Байқоңыр» айлағынан «Восток» ғарыш кемесімен Юрий Гагарин алғаш рет аспан әлеміне аяқ басқаны белгілі. Гагарин ғарышқа тұңғыш аттанып, күллі әлемге атағы шыққан сәтте АҚШ ғарыштық бәсекеде КСРО-ның іс жүзінде алға шыққанын мойындаған болатын. Кейін 1969 жылы америкалық Нил Армстронг пен Эдвин (Базз) Олдрин Айға «ат басын тіреп», онда екі жарым сағат зерттеу жүргізеді. Посткеңестік көп елдер Юрий Гагаринді ғарыш дәуірінің басты кейіпкері деп таныса, әлемнің басқа бұрыштарында Нил Армстронгтың есімі ерекше аталады. Өзге кеңістікке сапар шеккен қос тұлғаның да мақсаты бәсеке емес, болашақ еді. Аспан әлеміне батыл қадам жасаған Гагарин ғарыш әлемі үшін «алғашқы» болса, Нил Армстронг айға алғаш аяқ тіреген астронавт ретінде тарихта қалары сөзсіз.

Нил Армстронг 1930 жылдың бесінші тамызында Американың Огайо штатындағы Уапаконета қаласында дүниеге келген. Ата-анасы – Виола Энгель мен Стивен Армстронг штат үкіметінде қызмет еткен. 1947 жылы Уапаконета қаласындағы орта мектепті аяқтаған болашақ ғарышкер жоғарғы сыныптарда оқып жүріп WFS авиамектебінде арнайы дайындық курсынан өтеді. Нәтижесінде орта мектепті бітірген кездің өзінде «ұшқыш» куәлігі бар курсант болып шығады. Ол 14 жасқа жеткенше 20 түрлі қалада көшіп-қонып өмір сүргенімен, мектепті үздік тәмәмдайды. Жоғарғы оқу орнында білім алуы үшін қаражаты жеткіліксіз отбасына ауыртпалық түсіргісі келмей, «Холлоуэй» бағдарламасы негізінде 1947 жылы Пердью университетіне оқуға түседі. Бағдарлама бойынша мемлекет екі жыл тегін оқытса, студент оқу аяқталған соң үш жыл әскерде қызмет етуге міндеттелетін. О бастан аспан әлеміне жақын жігіт университет қабырғасында-ақ авиациялық техника саласындағы зерттеулерін жүргізе бастайды. 1949 жылы Нил оқуын тоқтатып, АҚШ әскери-теңіз күштерінде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Оның өміріндегі бұл кезеңдер Корея соғысымен тұспа-тұс келеді. Нил Армстронг  АҚШ әскери-теңіз флотының ұшқышы ретінде 1950 жылы Кореяға аттанып, онда екі жыл әскери қызметте болады. Екі жыл ішінде Grumman F9F Panther әскери ұшағымен 78 рет ұшқан. Тіпті, бірде әуеден құлап, жарақат алған. Көрсеткен ерлігі нәтижесінде «Әуедегі операция үшін» және «Алтын жұлдыз» медальдарымен марапатталып, 1952 жылы Пердью университетіне абыроймен оралады. Кейін оқуын жалғастырып, 1955 жылы университетті үздік аяқтаған соң, осы саладағы қызметіне кіріседі. 1955-1962 жылдары Эдвардс авиабазасы мен АҚШ Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі басқармада сынаушы ұшқыш болған.

АҚШ-тағы алғашқы ғарышкерлер тобы КСРО-дағыдай әскери ұшқыштар арасынан жинақталды. 1962 жылы НАСА орталығындағы ғарышкерлер құрамына қабылданған Нил Армстронг 1966 жылдың 16-17 наурызында Gemini 8 кемесінің командирі ретінде тұңғыш рет ғарышқа сапар шекті. Ол онда 10 сағат 41 минут 26 секунд болды. Апатқа ұшырай жаздаған әуе кемесі командирдің кемелді білімінің нәтижесінде аман-есен жерге қонды. Апатты жағдайда абдырап қалған Армстронг бар күшін жинап, қонуға бағытталған қозғалтқыштарды іске қосқаннан кейін, НАСА ұшу бағдарламасын тоқтатып, қонуға бұйрық берді. Алғашқы сапарды абыроймен аяқтаған Армстронгқа кез келген қиындықтағы тапсырманы сеніп тапсыруға болатындығы белгілі еді.

Осыдан 51 жыл бұрын Нил Армстронг адамзат тарихындағы елеулі оқиғаның себепкері болды. Ол 1969 жылы 16 маусымда Apollo-11 кемесінің командирі ретінде тарихта қалған өзінің ғарышқа екінші сапарына аттанды. 1969 жылдың 20 шілдесінде Нил Армстронг пен Базз Олдрин Айға аттанды. Алғашқы болып Нил Армстронг Ай бетіне аяқ басса, 15 минуттан кейін Базз Олдрин жер серігі бетіне табан тіреді. Сол сәттегі Нил Армстронгтің «Адамның кішігірім қадамы – адамзат үшін үлкен секіріс» дегені қанатты сөзге айналды. Армстронг пен серігі ғарыш кемесінің сыртында 2 сағат 21 минут болып, 1969 жылдың 24 шілдесінде Жерге оралды. Ал, зерттеу аппараты Айда 21 сағат 36 минуттай тұрған. Ғарышкерлер алдымен АҚШ президенті Ричард Никсонмен екі минуттай сөйлесіп, Ай ландшафтын фотоға түсірген. Одан кейін Айдың бетіне сейсмометр мен лазерлі сәуле шағылдырғышты орнатып, ай топырағының үлгілерін алған. Ғарыш кемесі Ай бетіндегі 49 сағаттан кейін Жерге бет алды. Армстронгтың сапары 8 тәулік 3 сағат 18 минут 35 секундке созылды деп сараптайды ресми деректер.

Айдың бетінде ай модулінің сатысы қалды. Онда Жердің картасы бейнеленген және «Бұл жерге Жер ғаламшарының адамдары Айға алғаш рет аяқ басты. Шілде, жаңа заманның 1969 жылы. Біз барлық Адамзат атынан бейбітшілікпен келдік» деген жазу жазылып, «Аполлон-11» кемесінің үш ғарышкері мен президент Никсонның қолы қойылған тақтаның үстіне орнатылған.

Айға алғаш аттанған «Apollo» әлі күнге дейін ең қымбат жобалардың бірі саналады. НАСА орталығы бұл жобаға 23 млрд доллар жаратқан.

Ай бетіне жақындағанда қағылған апатты дабылдың салдарынан жүрек қағысы минутына 150-ге дейін жиелеген «Аполлон-11» кемесінің капитаны жерге қонуға жеткілікті жанармай азайғанымен, жоспардың сәтті өтуіне 90 пайыз сенімді болғандығын айтады. Бұл бір жағынан кәсіби ұшқыштың ептілігінен болса, екінші жағынан көрер сәулесінің сарқылмағанынан болса керек. Кейін осы ұшу сапары үшін Нил Армстронг «Аса көрнекті сіңірген еңбегі үшін» марапатталып, Президенттік Бостандық медаліне ие болды.

Сол кездері АҚШ үкіметі өз батырымен мақтанса, бүкіл әлем Америка туын Айға тіккен тұлға туралы тамсана жазып жатты. Кейіннен бұл сапар туралы түрлі мәлімет ел арасында тарап кетті. Бірі ғарыш кеңістігінен жасалған суреттердегі «кейбір қателіктерді» көрсетіп, түсірілім Жер серігінің бетінде жасалғандығына сенбесе, енді бірі «Армстронг Айда азан дауысын естіді» деп жазды.

Аяғы да, атағы да Айға жеткен Армстронг бұл сапардан соң НАСА-ның аэронавтика бөлімінде орынбасар қызметін атқарды. Кейін магистр дәрежесін алып, 1971-1979 жылдары Цинциннати университетінде профессор болды. Елдің саяси ісіне араласуды құп көрмеген ол оқу орнындағы қызметінен де бас тартып, бірыңғай кәсіппен айналысуды жөн көрді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

2011 жылы 81 жасқа аяқ басқан ғарышкер бір сұхбатында «Ғарышкерлер сенбі күні дүниеден озбайды, мен мұндай жағдайды көрмедім» деп қалжыңдаған болатын. «Айтылған сөз – атылған оқ» дейді қазақ. 2012 жылдың 25 тамызында Нил Армстронг жүрек ауруының асқынуынан көз жұмады. Бұл аптаның сенбі күніне тура келген болатын…

Оның скафандры Вашингтондағы ұлттық астронавтика музейінде сақтаулы. Адамзат тарихында Айға алғаш аяқ тіреп «тұңғыш» атанған тарихи тұлғаның туғанына биыл 90 жыл. 2012 жылы 14 қыркүйекте Нил Армстронгтың күлі АҚШ-тың теңіз әскери күштерінің дәстүрі бойынша суға ағызылғанымен, ол адамның қолынан бәрі келетінін дәлелдеп кеткендей. «Біздің заманымыздың ғана емес, барлық заманның ең ұлы америкалық батырларының бірі» деп бағаланған тұлға адамзат тарихында мәңгі жасамақ.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here