Бала жанының бағбаны

0
3097

Киелі Қостанай өңірінде Обаған деп аталатын қасиетті ауыл бар. Ол Ресейдің Қорған облысына жақын орналасқан. Кез келген кісіні көркем табиғаты бірден еріксіз таңқалдырады. Шіркін, аталмыш елді мекеннің өзіндік ерекшелігін жазғы күндері осы жерде демалғандар ауыздарынан тастамай айтып жүреді. Осы ауылдан қаншама тұлғалар шықты. Араларында өнер майталмандары, қоғам қайраткерлері, ұстаздар қауымы бар. Бүгін біз жастайынан бала жанының бағбаны болуды, яғни мұғалімдік қадірлі мамандықты армандаған Жанар Асанқызы Қошанова жайлы сыр шертпекпіз.

 ОБАҒАН – ДАРЫНДАР МЕКЕНІ

Біздің қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп босқа айтпайды. Өйткені, кез келген ұл мен қыздың жарқын болашағы, әдебі мен имандылығы, адамгершілік қасиеттері отбасында қалыптасатындығы белгілі.

Адам баласын жібектей әдемі мінезі, көпшілдігі, әділдігі, мейірімділігі және білімділігімен өзіне тартып тұратын ұлтымыздың аяулы перзенті Жанар қарындасымыз айрандай ұйыған шаңырақта дүниеге келіп, тағылым алды.

Отағасы, яғни әкесі Асан ағамыз да жергілікті бауырларымыздың арасында өте беделді-тін. Тек айналасындағы кісілерге «жақсылық жасасам, кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетсем» дейтін жаны ізгі ағамыз еді ғой.  

Мұндай адамға жерлестері де өте үйір болатын. Өйткені, одан білмегендерін үйренді, ғұмырлық тағылым алды. Ол бесаспап маман-ды. Елді мекенде түрлі салада жұмыс істеді. Зоотехник, агроном, есепші және жас ұрпақты ізгілікке баулыған ұстаз да болды. Ал, шаңырақтың берекесін келтіріп, басқаларға дүниеден өткенше шуақ шашқан ардақты анасы Сақан да өте қадірлі. Жерлестерімен барын бөлісетін. Үйіне келген қонағын дән риза етіп шығарып салатын, қолы ашық, аса жайдары-тын. Осы әулеттің абыройын асырған апамыз биыл 81 жасқа толды.

Асан ағамыз қаншама жауапты қызмет атқарса да әрқашан руханиятты жоғары қойды. Көптеген басылымдарды үйіне жаздырып алатын. Әрине, оның ішінде ана тіліндегі газет-журналдар басым еді. Бауыр еті – балалары соларды кішкентайынан оқып, парасатты болып өсті.

Осы арада отағасының қолы қалт еткенде шығармашылықпен айналысатын әдеті де болғандығын ерекше атап өткеніміз абзал. Кезінде өмірден көргендері мен түйгендерін арқау етіп, «Өмір белестері» деп аталатын қос томдық кітабын да артына мұра етіп қалдырды.

Аталған кітаптар кейінгі жастардың бойына қаншама күш-қуат дарытып, оларды жасампаздық еңбекке жетелеп, тіршілікте өз орындарын табуына ерекше әсерін тигізді. Оның көкірегі тұнған шежіре, жан-жақты азамат болғандығын өткен жылдарда шапағатын көргендер әлі күнге дейін әңгімелейді. Міне, осындай кісілерден тәлім алған ұрпақтары да бұл күндері тамырларын тереңге жайып, өңірде өзгелерге ғибрат болып жүргендерін мақтанышпен айтар едік.

Әбілтаевтар әулетінде жеті бала тәрбие алды. Олардың бәрі де бертін келе жүректері қалаған мамандықтарды игеріп, солардың шебері атанды. Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін қысқаша тоқталып өтелік. Мәселен, кейіпкеріміздің үлкен ағасы Ғалым қазіргі таңда көлік инспекциясында білікті маман. Інілері Жанболат, Ерболат, Тасболат, Нұрболат та өз қатарларынан қалмай, айрандай ұйыған, тату-тәтті отбасының ұйытқылары болып отыр.

Олардың бәрі де өз кәсіптері бойынша ел құрметіне бөленді. Осы шаңырақтағы қыз баланың бірі – Анар да әпкесі Жанар секілді ұстаздық мамандықты таңдады. Ол қазақ тілі және әдебиеті пәнінен дәріс береді. Талай жастардың азамат болып қалыптасуына өзінің қомақты үлесін қосты.

Обаған киелі ауыл екендігін жұрттың бәрі біледі. Сақан апамыз бұл күндері сүйікті ұлы Тасболатпен бір үйде ғұмыр кешіп жатыр. Жасы келген кісіге қамқорлық жасап, оның денсаулығына ерекше көңіл бөледі.  

Қара шаңырақ болған соң өзге балаларының бәрі де осы үйде бас қосады. Сақан апамыздың қас-қабағына қарап, ол кісіні өздерінің еңбектегі, оқудағы табыстарымен қуантуға тырысады.

АУЫЛҒА СЫЙЛЫ КЕЛІН БОЛДЫ

Ағамыз Асан мен апамыз Сақан үшін балаларының әрқайсысының орны қашан да бөлек. Дегенмен, Жанар есімді қыздары кішкентайынан өте зерек, алғыр, тілалғыш, адам баласына жақын болып қалыптасты. Ол сонау мектеп қабырғасында жүргеннен бастап ұстаз болсам дейтін. Білім ордасындағы мұғалімдердің дәріс беру тәсілдеріне ерекше қызығатын. Жылдар өткен сайын сол іңкәрлік оны тек биіктерге құлшындырды.

Ауылдағы мектепте оқитын білімге ынтызар Жанар уақыт өте сол кездегі облыс орталығындағы ана тілімізде оқытатын жалғыз ғана Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатқа қабылданды. Осы жерде оның басқалардан дараланатын барлық асыл қасиеттері жарқырап көрінді.

Сабаққа зейінді, қоғамдық жұмыста белсенді бойжеткен құрбылары және ұстаздары арасында үлкен беделге ие болды. Оны білетіндер бұдан келешекте ел үшін адал қызмет ететін жан-жақты маман шығатындығына шексіз сенетін. Олардың сол үміті де толық ақталды деуге негіз бар. Өйткені, ол мектеп-интернатты ойдағыдай аяқтаған соң, сол шақтағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында студент атанып, бала кездегі асқақ арманы біртіндеп жүзеге аса бастады.

Уақыт деген зырылдап өтіп жатты. Өзінің ерекше қабілеті, мол адамгершілігі, қарапайымдылығы әркез бірден сезіліп тұратын ол жоғары оқу орнын 1986 жылы ойдағыдай аяқтап, қолына көптен күткен дипломды да алды.

Ауылда дүниеге келіп, ес білгеннен еңбек қана кімді болсын тек асқақ шыңдарға көтеретіндігін жұдырықтай жүрегімен сезініп өскен ол қаладан шалғайда жатқан Ұзынкөл ауданының Абай деп аталатын елді мекеніне жолдама алды.

Дәл сол кезде осы замандастарымыз кейде Итсары да деп те атайтын, яғни кіл қаракөз бауырларымыз қоныс тепкен қасиетті ауылға жас маман ретінде ұстаздық қызметке кірісті.

Алғаш көріп, жылы қабақ танытқан кісілер қашан да жадыңда мәңгілік сақталып қалады емес пе? Жігерлі жас ұстазды осындағы Бірлік негізгі мектебінің директоры болып қызмет атқарған білікті ұстаз, сегіз қырлы, бір сырлы, абыз тұлға Қалиақбар Балтабаев өзінің туған қызындай жылы қарсы алды.

Бұл да өзінің ізгі қасиеттерімен жаңа ортаға судай сіңіп кетті. Қысқа мерзім ішінде жастайынан тиянақты білім алғандығын іс жүзінде дәлелдеп шықты. Осындағы жүректері ізгілікке толы әріптестерінің бауырмалдығының, бастаған ісін соңына дейін жеткізбей қоймайтын ізденімпаздығының арқасында таңдаулы ұстаздарының қатарына қосылды.

Абай ауылы ол үшін өте құтты болды. Себебі, ол осында жергілікті, өзінің жан-дүниесін терең түсінетін, еңбекте әбден шыңдалған, білікті электрик болып жұмыс істейтін Бақытжан есімді жігітпен көңілдері жарасты. Сол шынайы сыйластық үлкен де мөлдір махаббатқа ұласты. Сөйтіп, олар өз алдарына жеке шаңырақ көтеріп, екі жақтағы туған-туыстарын шексіз қуанышқа кенелтті. Ұстаздық қызметте де беделі артып, есімі аудан мен облысқа танылды.

«Балалы үй – базар» демекші, үш перзенттері отбасының қуанышын еселей түсті. Бәрі де ата-аналарынан тағылымды өнеге көрді. Отағасы да өте балажан, жарына адал, айналасындағылармен ізгі қарым-қатынастағы азамат еді.

Ешкім де алда не күтіп тұрғанын білмейді. Тағдырдың жазуына не істерсің? Ақкөңіл, сезімтал Бақытжан бауырымыздың ғұмыры қысқа болды. Әрине, оның дүниеден өтуі әулетіне оңай түспегені белгілі. Дегенмен, Жанар қарындасымыз тас-түйін бекініп, жақсы күндер мен жылдарды алдан күтті. Үш балапанын өз қатарынан қалдырмай өсіруге барын салды. Әкелерінің жоқтығын байқатпады. Олар да әкелерінің атына кір келтірмей, аналарының ақ сүтін ақтауға ұмтылыс танытты.

Қазір барлық кездескен қиындықтар артта қалды. Тұңғыштары Әсем өте елгезек, кішіпейіл әрі жан-дүниесі сұлу бойжеткен болып қалыптасты. Анасына демеу болып, тиянақты білім алды. Қазіргі таңда Қостанай қалалық әкімдігінде ішкі саясат бөлімінің басшысы. Оның ғұмырлық серігі, яғни отағасы Тойшыбек Қостанайдағы заң академиясында жауапты қызметте. Ерлі-зайыптының алтын асықтай, сүп-сүйкімді қос қыздары өсіп келеді. Тұңғыштары Самира – 2-сынып оқушысы, үздік шәкірт. Одан кейінгі Адема балабақшаға барады.

Киелі шаңырақта тәрбиеленген ортаншы перзенті Арайлым анасына балғын шағынан қатты еліктейтін. Шешесіндей мұғалім болуды көксейтін. ­Өсе келе соған қол жеткізді. Психолог және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі.  

Жанардың ұлы Арман биыл Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін тәмамдады. Саналы бозбала білікті маман болып шықты. Әулеттері оның болашағы жарқын болатындығына әу баста нық сенді.

БІЛІКТІ БАСШЫ ӘРІ ТӘЛІМГЕР

Бұл күндері Жанар Асанқызы Қошанова облыстағы тәжірибелі ұстаздардың бірі. Қазіргі қызметіне дейін жоғарыда аталған Ұзынкөл ауданындағы Киев орта мектебіне басшылық етіп, білім ордасының беделін көтерді. Былтырдан бері Қостанай шаһарындағы №29 орта мектептің директоры.

Осынау аралас мектептің жұмысын жандандыруға бойындағы барлық қажыр-қайратын, білімі мен білігін арнап келеді. Қазіргі таңда мұнда 1030 оқушы бар. Тек өткен бір жыл ішінде 300 оқушы қосылды. Қазақ сыныптары да едәуір көбейді. Осының өзі мектептегі жұмыс пен тәрбиенің дұрыс жолға қойылғандығын байқатып тұрған жоқ па?

Білім ордасында шәкірттердің алаңсыз оқуына барлық жағдай туғызылған. Елуден астам ұстаз ортақ мақсат жолында қызмет атқарып жатқандығын таяуда осы жерде арнайы болғанымызда да өз көзімізбен көріп, көңілімізге түйдік.

Жанар тек өзін ғана ойлаған жандардың санатынан емес. Ерекше қамқорлығы мен мол адамгершілігінен де болар, қаншама қазақ қыздары оның жолын қуды. Мысалы, Татьяна Тязина, Балғанат Базарбаева, Ұлжан Қазиева секілді шәкірттері  өз саласының танымал мамандары атанды. Ұстаз үшін бұдан артық бақыт пен қуаныш бола ма?

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Оның мәртебесі биік, төрден өзіндік берік орын алуы еліміздегі барша қандастарымызға тікелей байланысты. Осыны жете түсінген білім ордасының директоры өзі жетекшілік ететін ұжымда оқушыларымыздың бойына ұлттық құндылықтарымызды терең сіңіріп, ана тіліміздің барынша өрісін кеңейтуіне септігін тигізуді өзінің күнделікті борышы деп есептейді. 

Өзімен тілдескен №29 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Оспанова басшысы жайлы өз ойын ортаға сала келіп, былай деп сыр шертті: «Жанар Асанқызы ұйымдастырушылық қабілеті мол, әріптестерінің арасында аса құрметке бөленген. Ол өзіне де, өзгелерге де жоғары талап қояды. Сондықтан да біз ол кісіден үйренеріміз жеткілікті. Өткен бір жылдың ішінде-ақ оқушыларымыз қалалық, облыстық ғылыми жоба сайысына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Облыс орталығындағы «Абай оқулары», «Бауыржан оқулары» сайыстарында көзге түскен оқушылар да баршылық».  

«Ананың отбасында және балаларының өмірінде алар орны ерекше. Мұны біз жақсы білеміз. Осы күнге дейін тіршілікте бірдеңеге қолымыз жеткен болса, онда шешеміздің де сіңірген еңбегі мол деп есептеймін. Қыз бала анасына жақын болып келеді. Әлі күнге дейін онымен сырласамын. Қажет кезінде маған ақыл-кеңесін беріп отырады. Немерелеріне деген сүйіспеншілігі де ерекше. Ал қызметіне келсек, жауапкершілік жүгі өте жоғары. Мектепке ерте кетіп, кеш оралады. Көп жылдардан бері өзі жас кезінен бастап таңдаған орыс тілі және әдебиеті пәніне тыңғылықты әзірленеді. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, төккен маңдай тері ескерусіз қалған жоқ. Бірқатар марапаттарға ие болды. Ол үшін ең басты жетістік – шәкірттерінің ел сенімін ақтап, тәуелсіз Қазақстанның тұғырының биік, абырой-беделінің жоғары болуына атсалысуы. Олар жайлы лебіз естісе, төбесі көкке бір елі жетпей қалады», – дейді қызы Әсем.

Міне, бүгін Қостанай облысындағы сыйлы да білімді ұстаз, заман талабына сай білікті мектеп басшысы Жанар Қошанова жайлы сыр шерттік. Ол алдағы уақытта да намысты да жігерлі, өз Отаны мен туған жерін шексіз сүйетін нағыз патриоттарды тәрбиелеуге өзінің қомақты үлесін қоса беретіндігіне шүбә келтірмейміз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here