АҚШ Қытайдан неге қауіптенеді?

0
2414

«Мынауың «китайский» ғой» десе Сіздің де ойыңызға «арзан әрі сапасыз» деген ассоциация айналып келе қалады ма?! Бірақ, Ежелгі Шығыс ғылымы мен білімі Антикалық кезеңде-ақ дами бастағаны, соған сай алғашқы құрылыс өнерімен қатар жібек, қағаз, кітап басып шығаратын станок сияқты құрылғылар осы елде ойлап табылғаны тарихтан белгілі. 20 жыл бұрын «Made in China» белгісі соғылса, «сапасыз» дегенмен бара-бар еді. Себебі, дүкен сөресінде қытайлық көшірме тауар самсап тұрады. Бағасы да арзан, есесіне аз ақшаға алынған зат аз уақыт қана қызмет қылады.

Уақыт өте қытайлық технологиялар әлемде ірі жетістіктерге жете бастады. Сөзімізге дәлелді «Чанъе-5» аппаратының 44 жылда алғаш рет Ай бетінің топырағын жинап, оны Жерге жеткізуімен келтірсек болады. Қытай бұған қол жеткізген АҚШ пен КСРО-дан кейінгі үшінші әлемдік державаға айналды. Қытайлық Huawei, Baidu, Alibaba, Tencent сияқты компаниялар халықаралық нарықты жылдам қарқынмен жаулап алуда. Ал, АҚШ билігі олардың «технологиялар жарысында» жетекшілік етіп, көш бастауына жол бермеу үшін санкциялар жариялауда. Себебі, қытайлық бренд сапасы қазір еуропалық және америкалық өнімдерден кем емес.

КӨШІРМЕ ӨНІМ КӨШБАСШЫЛЫҚҚА ЖЕТКІЗЕ МЕ?

2020 жылдың 21 желтоқсанында АҚШ Сауда министрлігі ресейлік 45 ұйым мен қытайлық 58 компанияға қарсы санкциялар салынғанын жариялады. Сауда министрлігінің басшысы Уилбур Росстың айтуынша, санкциялар қос елдің «әскери бағдарламаларында американдық технологияларды қолдану» әрекеттеріне қарсы тұру үшін жасалған.

АҚШ-тың Ресейге қарсы санкция жариялауы жаңалық емес. Ал, Қытайға қарсы қатаң қаулыға Дональд Трамптың билікке келуімен қол қойыла бастаған. Американың 45-ші президенті АҚШ-тың басты бәсекелесі Мәскеу емес, Бейжің деп білді. Себебі, Қытай соңғы 40 жылда айтарлықтай байып, күш алып, америкалықтардың әлемдік көшбасшылық үшін күрестегі басты қарсыласына айналды. Даму жолында қытайлық өнертапқыштар Америка ғалымдары ашқан технологияларды ғана емес, ресейлік, еуропалық, жапондық жаңалықтарды көшіріп, шебер пайдалана алды.

 «20 жыл ішінде айтарлықтай технологиялық серпіліс жасаған қытайлықтар әр салада түрлі стратегияларды қолданды. Айталық, бағдарламалық жасақтама өндірісінде патенттік құқықты бұзған қытайлықтар өзгелер ойлап тапқан технологияны көшіріп алып отырды. Түпнұсқадан арзанға түсетін көшірме өнімді нарыққа шығарып, пайдаға белшесінен батты. Нәтижесінде тіпті компанияның өзін сатып ала алды» деп жазады ресейлік сарапшы Кирилл Каем.

1990-2000 жылдардың кезінде аспан асты елі бірыңғай көшірме өнім жасаумен айналысқан болса, бүгінде ел өнертапқыштары тың идеялар мен технологиялар ойлап табуда. Себебі, бірыңғай көшіру мен идея ұрлау арқылы көшбасшылыққа жету мүмкін емес. Ендігі жаңа әрі меншікті жаңалықтар өзге елдің «ұрлығынан» қорғауды қажет етеді.

Қытайтанушы ғалым Александр Лукиннің айтуынша, қытайлар кезінде КСРО-ның электронды жабдықтар технологиясын көшіруде ұшыраған сәтсіздігінен әлі күнге сабақ алады. Оның пікірінше, Қытайда Кеңес Одағының жетістіктері мен қателіктерін, құлдырау себептерін зерттейтін тұтас ғылыми бағыт бар. 

ҚХР кеңестік қағидаларды өз тәжірибесінде ұтымды пайдаланып отырды. Үкімет ғалымдардың Батыс елдеріне бағыт алып, сол жерде ғылыми зертханаларды басқарып, өз мансабын құруына жағдай жасады. Тіпті, сол жақта тұрақтап қалғандар да болды. Кейін, кезінде қоныс аударып, Стэнфордта, Гарвардта жұмыс жасайтын оқымыстыларын елге қайтару үшін алдымен олардың жағдайын жақсартуды қолға алды. Соңғы 10 жылда ҚХР ұлттық ғылымның өркендеу жолында қаржыландыру көлемін барынша арттырып, көптеген ғылыми орталықтар ашты. 

Шет елдерде жылдар бойы жұмыс жасап, тәжірибе алмасып келген ғалымдар Отанына оралған соң ірі жобаларды бастап, ғылым мен білімді дамытуға күш сала бастады. Мысалы, Қытай биология мен молекулярлық генетика саласы бойынша әлемдік аренада алғашқы орынға шыға алды. Оған дейін бұл саланың теңдессіз көшбасшысы АҚШ болып саналатын. Американың ғылым мен техникасы тәжірибелік тұрғыдан көш ілгері екені анық. Бірақ, қытайлық стратегия көп елді басып озуға қауқарлы болып шықты. ҚХР өнертапқыштары әлемдегі ең жақсы лазерлік машиналар жасауды үйренді. Ақпараттық технологиялар саласында, робототехникада үлкен жобалар жасалды. Бір айта кетерлігі, аталған салалардың сап түзеп, өсімге қол жеткізуі жылдар бойы сырт елдерде жұмыс жасап, кейін елге қайтарылған ғалымдар тарапынан атқарылған істің нәтижесі еді.

Қытай үкіметі елдегі ғылым мен техниканың құлаш жаюына өз ғалымдарымен қоса, шетелдік ғалымдарды да тарта білді. Оларға жылына миллион долларға дейін жалақы төлеуге де тәуекел етті. Бұл қаржыға келіскен шетелдік ғалым өз білімі мен тәжірибесін қытайлық студенттерге беруге міндеттеледі. Ол ҚХР ғылыми орталықтарында жұмыс жасап, ғылыммен айналысады. Алайда, менталитет пен мәдениеттегі айырмашылық түбегейлі жұмыс жасауға кедергі келтіреді. Сондықтан бұл әдістің Қытай ғылымын дамытудағы пайдасы шамалы болды.

АҚШ ПЕН ЖАПОНИЯДАН КЕЙІНГІ ҮШІНШІ ЕЛГЕ ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мәліметінше, атқарылған шаралар нәтижесінде Қытай АҚШ пен Жапониядан кейін әлемдегі үшінші елге айналды. Бұл жетістік ҚХР-де үлкен өзгерістер орнауына себеп болды. Елдегі техника мен технологияның үздіксіз дамуының нәтижесінде халық тіпті қолма-қол ақша ұстамайтын жағдайға жетті. Себебі, барлық төлем белгілі аппараттар мен машиналардың көмегімен жүзеге асты. Түрлі техниканың тамашасына қарық болған халық қалалардағы кептеліс, қоқыс, медицина мәселелерінен арыла бастады. Көшелерде орнатылған бейнебақылау құралдары адам бетін анық түсіруге қауқарлы, бұл қылмыстың азаюына ықпал етті.

Әрине, аспан асты елі «аспаннан түсіп», мұндай жетістікке бір демде қол жеткізбегені белгілі. Әлемдік техникалық текетіресте оза шауып, үштікке енер жол түрлі мәселелер мен тәжірибелерден тұрды. 1980 жылдары өздерінің жеке жолаушылар лайнерін құруға тырысқан қытай оқымыстылары 4 қозғалтқышты Y-10 жасап шығарды. Ал, оның прототипі – Boeing 720, яғни америкалық компания ойлап тапқан әуе көлігі. Бірақ, бұл тәжірибе сәтсіз аяқталды. Дегенмен, дәл сол жаңалықты жасап шыққан ғалымдар 2017 жылы алғаш рет жаңа модельдегі С919 әуе лайнерін дүниеге әкелді.

Алайда, ҚХР әлі күнге көптеген техниканы Батыстан алып отырады. «Бірақ біз бір ғана ел барлық салада көш бастай алмайтынын түсінуіміз керек» дейді сарапшылар. Десек те, Америка Құрама Штаттары өз басшылығымен еуропалық, жапондық, израильдік, т.б. ел компанияларының күшін біріктіре алады. Сонысымен де АҚШ басқа елдерден бірнеше қадам алда. Ал, ресейлік, сол секілді қытайлық компаниялар тек өз күштеріне сеніп, жалғыз «жортуға» мәжбүр. Тек телекоммуникация саласындағы ірі компаниялардың бірі саналатын Huawei-де бүкіл әлем бойынша инженерлік орталықтардың желісі болды. Сонымен қатар, ол Батыстық серіктестермен де ынтымақтастық қатынас орнатып үлгерген. Бірақ, дәл қазір АҚШ-тың санкциялық соққысы осы салаға бағытталып отыр.

ҚЫТАЙ ЭКОНОМИКАСЫНА КОРОНАВИРУС КЕСІРІ ҚАЛАЙ ТИМЕДІ?

Жаһандық пандемия әсерінен бүкіл әлем экономикасы түрлі дағдарысқа ұшырауда. Бұндай рецессия (шегініс) ҚХР-ді айналып өткен сыңайлы. Қысылтаяң шақта Қытай экономикасының гүлдене түсуі сарапшылардың көкейінде сұрақ туындатып, назарын аудартуда. Кейбіреулер тіпті Қытай үкіметінен үлгі алуға кеңес береді.

ҚХР сын сағаттан сүрінбес үшін стратегияларын салмақтап, түрлі өзгерістер енгізіп отыр. Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жуырдағы отырысында «жаһандық фабрика» тұжырымының ескіріп, ішкі тұтынымға басымдық беретін «екі айналым» деп аталған жаңа бағытын талқылады. Жаңа саясаттың мәні – ішкі айналымға баса назар аудара отырып, сыртқы айналымды белсенді түрде дамыту.

«Жаһандық фабрика» тұжырымдамасы турасына тоқталып өтейік. Қытай реформалары батыстың да, шығыстың экономикалық үлгілеріне бағытталмаған. Дэн Сяопин және оның ізбасарлары дүниежүзілік тәжірибенің ең құндыларын өзіне алып отырды. Қытайлықтар өз нарығында кәсіпорын құрушы шетелдіктерге мүмкіндік жасады. Есесіне, бұндай бірлескен кәсіпорындардан ең озық технологияларды енгізу талап етілді. Бірнеше жыл ішінде бұл саясат ҚХР-ді «әлем фабрикасына» айналдырып, түскен түсім ғылымға, индустриалды инновацияларға, тиімсіз өндірістерді қайта құруға, жоғары жылдамдықты автомобиль жолдарын салуға жұмсалды.

Мемлекет ірі жобаларға жол көрсетіп, үлкен бастамаларға бас болып отырды. Нәтижесінде ел жетістігі еселеніп, жас инновациялық жобаларды дамыту үшін өңірлерді қосуға арналған жолдар мен технопарктер құрылды. Мемлекет экономиканың барлық саласы «бір» дегенде дамып кетпейтінін жақсы түсінді. Сондықтан әр сала үшін салық жеңілдіктерін ұсынып, бизнеске барынша қолдау көрсетті. Ел экономикасына қауіп төнсе, үкімет шағын және орта бизнеске салынатын салық көлемін азайту әдісін қолданады. АҚШ-пен сауда соғысы басталған кезде, билік ішкі нарықты нығайту мақсатында компанияларға міндетті табыс салығын 25%-дан 12,5%-ға дейін төмендеткен. Ал, халықтың тұтынушылық сұранысын арттыру үшін айлық табысын көбейтіп, табыс салығының мөлшерін азайтқан. Бүгінде бұл төлем теңгемен есептегенде 300 мыңға дейін айлық алатындар үшін алынып тасталған.

Дэн Сяопин Қытайды гүлденген елге айналдыру үшін жүз жылға жуық уақыт жұмсау қажет екендігін айтқан еді. Бірақ, қытайлар реформаларды қабылдай алды. Халық жайлылыққа тез үйренісіп, өмірлерінің жақсара бастағанын сезінді. Мемлекет көп ресурстарды әлеуметтік бағдарламаларға арнайды. 2010 жылы ел тарихында тұңғыш рет халықтың барлық санатына зейнетақы тағайындалды. Ауылдық жердегі зейнеткерлерге бөлінген ақы көлемі аз болғанымен, бұл елдегі кедейлік көлемін 0,1%-ға төмендетті.

Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2021 жылы Қытайдың ЖІӨ 7,8%-ға дейін өсуі мүмкін. Бүгінде қызмет көрсету саласындағы өндіріс көрсеткіші 7,4%-ға, тұтыну тауарларындағы бөлшек сауданың жалпы көлемі 4,3%-ға өскен. Ал, қытайлықтардың өнімдерді сатып алуға деген сұранысы пандемияға дейінгі деңгейден жоғары.

Қытай экономикасының тез қалпына келе алуы мен тұрақтылығы үш негізгі факторға байланысты.

Біріншіден, әлемнің берекесін кетірген COVID-19 вирусына байланысты профилактикалық шаралар мен эпидемологиялық жағдайды бақылау әлеуметтік-экономикалық дамумен үйлестіріле отырып, ғылыми тәсілдерге негізделіп жүргізілді. Эпидемияға қарсы іс-шаралардың қатаң түрде жүргізілуі бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде мұнда дертке шалдыққандардың саны өзге елдермен салыстырғанда төмен. Бүгінде Қытайда коронавируспен тіркелгендердің саны 90 мыңнан астам. Бұл Италиямен салыстырғанда 14 есе, Ресейден 22 есе, АҚШ-тан 130 есе аз көрсеткіш. Айта кетерлігі, Қытайда тәжвирустың екінші толқыны жоқ. Жергілікті өнеркәсіп өркендеп, елдегі мұражайлар, сұлулық салондары, мейрамханалар әдеттегі жұмыс режимімен халыққа қызмет көрсетуде.

Екіншіден, елдегі жағдайды бақылау мен реттеу қатар жүргізіліп отырды. Қаржы саясатының мақсатты әрі тиімді жүргізілуі негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсуіне түрткі болды.

Үшіншіден, елде кедейлікпен күрес, нарықты тұрақтандыру мен жұмыспен қамту шаралары күшейтілді. Бұл, өз кезегінде, халықтың жағдайын  жақсартуға ықпал етті.

Күзде 19-шы рет шақырылған ҚКП Орталық Комитетінің пленумында 14-ші бесжылдықты әзірлеуге ұсыныстар қабылданды. Үкімет «заманауи социалистік мемлекет құрудың жаңа жолын бастауды» жоспарлауда. Соңғы бес жыл ішінде мемлекет коммунистік партия жетекшілігімен бүкіл әлем назарын аударған нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бес жыл бойы жиналған астық көлемі жылына 650 млрд тоннадан асып отырса, 55,75 млн ауыл тұрғындары кедейліктен арылды, ал ЖІӨ 100 трлн юаньнан асып түседі. 1,4 млрд тұрғыны бар Қытай Халық Республикасы бұл күнде әлемнің 120-дан астам елінің сауда серіктесі болып табылады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ұзақ уақыт бойы КСРО тарихы Қытай үшін тәжірибе мектебі болды. Нәтижесінде бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен аспан асты елі өзге мемлекеттер үшін үлгі аларлық дәрежеге жетіп отыр. Қытайдың кез келген қиындықта жедел әрі қатаң шешім қабылдай отырып, жаңашылдыққа ұмтылуы мемлекет үшін ұтымды. Сондай-ақ, шетелдегі өз ғалымдарын елге тартудың тиімді тәсілін қолдануы – Қытай ғылымы мен білімінің, оның нәтижесінде ел экономикасының дамуына оңтайлы жол салып берді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here