Саян Жұмабекұлы: «Хрущевтің көксеген ойы мен жымысқы саясатын әкем жүзеге асыртпады»

0
3228

Тағдырлы қиын сәтте туған ұлтының абыройы мен беделін жоғары қойып, оған бүкіл ғұмырын арнаған тұлғалардың қатарында Жұмабек Тәшеновтің есімі ерекше аталады. Өйткені, ол кезінде басын бәйгеге тігіп, Кеңес Одағының басшысы Никита Хрущевке қарсылық білдіріп, солтүстіктегі бес облысты Ресейге, оңтүстіктегі мақта өсіретін үш ауданды Өзбекстанға, Маңғыстауды Түркіменстанға қосудан аман алып қалғанын исі қазақ жақсы біледі. Бұл қасиеттер ерлікпен пара-пар еді. Ол мынау тіршіліктен тек қана жерім, халқым деп өткені көпшілікке мәлім. Мен оның сүйікті ұлы, техника ғылымының кандидаты Саян Жұмабекұлымен арнайы кездесіп, әкесінің мағыналы өмірі жайлы әңгімелескен едім.

«КЕЗ КЕЛГЕН ІСКЕР ЖАННЫҢ ҚОЛЫ ЖЕТЕ БЕРМЕЙТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІ АБЫРОЙМЕН АТҚАРДЫ»

– Саян аға, іздесек қолға түсе бермейтін азаматсыз. Сондықтан бүгінгі әңгіме барысында көптен көкейде жүрген сауалымды қойып, соның нақты жауабын алғым келеді. Себебі, күллі исі қазаққа Жұмекеннің өскен ортасы, қайраткерлік – кеменгерлік қырлары, батылдығы мен қаһармандығы өте қызық та мәнді. Сұхбатымызды оның шыққан әулеті, тәрбиелеген ата-анасынан бастасақ…

Қостанай – киелі жер, менің ардақты асқар тауым, яғни әкем Жұмабек Ахметұлы осы облыспен көршілес жатқан Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданының Танагүл деп аталатын елді-мекенінде 1915 жылы 20 наурызда дүниеге келді.

Біздің қазақ «Жеті атасын білмеген – жетесіз» дейді. Сөздің орайы              келгенде әкемнің шыққан тегіне де тоқталып өткенім артық болмас. Тәшеновтер әулеті Орта жүздегі Арғынның ішіндегі Қуандық руының Алтай тармағынан тарайтындығын кішкентай кезімізден құйма құлақ бала болсақ та естіп өстік. Мұны оқырман білсін деген ниетпен айтып отырмын.

Атам Тәшен қарапайым ғана шаруа болыпты. Алайда, өзі мекен еткен жерде еті тірі болғандықтан, сөзі өтімді, халық арасында беделі мен абыройы өте жоғары екен. 

Жалпы, Тәшен атамның кезінде ата-анасының азан шақырып қойған аты Тәшмұхамбет болыпты. Олардың ғұмыр кешкен құтты қоныстары «Тәшен ауылы» деп аталған.

Атамыздың бәйбішесі Гүлсім әжеміз де ұлтымыздың әйелге тән барлық асыл қасиеттерін бойына сіңірген аяулы кісі еді. Бір-бірін өмір бойы сыйлап, қадірлеп өткен Тәшен Жақсыбаев пен оның жұбайынан Қасым, Қасен, Манап, Жұмабек, Бибінұр, Сақыпжамал деген ұл-қыздары киелі шаңырақтың шаттығын арттыра түскен.

Кейбір дерек көздеріне қарағанда, атамыздың алғашқы перзенті Қасым ерте шетінеп кеткен. Қазақтың бауырмалдығы мен салт-дәстүрге деген құрметі ерекше ғой. Сондықтан да, әулет басшысының көзі тірісінде-ақ өзі жақсы көретін ұлдары Манап пен Жұмабекті інісі Ахметтің балалары болмағандықтан оларға берген. Олар ағасының ұлдарын бауырына басып, тәрбиелеп өсірген. Сол себептен де өзіміз біліп жүргендей, шаңырағымыздың тірегі «Жұмабек Ахметұлы» болып құжаттарында айқын жазылған.    

– Әрине, өзіңізбен кездеспес бұрын қаншама мәліметтерге ден қойып, Жұмекең туралы жазылған жайлардан хабардар болғаным рас. Сонда көңілге түйгенім, әкеңіз жастайынан қағылез де ширақ, келбетті кісі болыпты. Осы жайлы да баяндап берсеңіз орынды болар еді…

Әкемізді бәріміз де мақтан етіп өстік, қолымыздан келгенше осынау заңғар тұлғаға еліктедік. Өзімнің пайымдауым бойынша, ол бозбала кезінен бастап зиялылық қасиеттерді бойына сіңіруге талпыныс танытқан.

Парасат-пайымымен айналасындағыларды баурай білген. Расында да, ол өте білімді, дүниеден өткенше есте сақтау қабілеті өте жоғары болды. Замандастары жас кезіндегі көркем келбетін, екі көзі ботаның көзіндей әрі тостағандай қап-қара еді деп сипаттайды.

Бәрі де талпыныста жатыр емес пе?! Кәдімгі орыс және қазақ тілдеріне өте жетік еді. Қимылы да ширақ әрі батыл еді. Өзі араласқан ортасында осындай тағылымы мол қырларымен мәңгілік қалды. Адамның бойындағы ешкімнен тайсалмайтын қасиеттер әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен келетіндігін бәріміз жақсы білеміз. Оның кез келген кісіде кездесе бермейтін айрықша қайсарлық пен өжеттік мінездері балалық шағынан қалыптасты.

Егер таратып айтатын болсақ, әкеміздің кейінгілерге өнеге болатын қырлары – шексіз отансүйгіштігі, ұлтқа деген терең сезімі. Халқының тарихына деген құрметі өз алдына бөлек әңгіме. Оған осы сұхбат барысында тағы да тоқталатын боламыз. Сенімді дерек көздеріне сүйенетін болсақ, ол кезінде комсомол мүшесі болып, өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қырларын да жарқырата көрсеткен. Сол кезеңдерде, негізінен, партиялық қызметтерге осындай жігерлі бозбалаларды тартатын. Өйткені, белгілі бір уақытта олар түрлі жауапты жұмыстарда болып, әбден шыңдалады. Халықпен жұмыс істеуді әбден меңгереді. Мұның өзі үлкен мектеп болатын.

Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін мына бір жайларды да тілге тиек еткен жөн сияқты. Жоғарыда баяндалғандай, оның көшбасшылық қабілеттері уақыт өте барынша аңғарылады. Көзі қарақты оқырманға оның сонау бір жылдары техникумда оқығаны аян болса керек. Алайда, оның болашағынан көп үміт күткен жоғарыдағы басшы азаматтар оған үлкен сенім артып, 1934-1938 жылдары солтүстік өңірдегі Красноармейский, Ақмола, Вишнев, Нұра аудандарына жауапты қызметке жібереді. Ол кезінде оқыған Ақмола құрылыс техникумын аяқтап та үлгермеді. Сол шақтары кеңес, партия органдары әкем секілді арнаулы орта білімді, қос тілде еркін сөйлеп, сауатты жаза білетін жігерлі де қарымды қазақ жігіттеріне өте зәру еді.

Бұл пікіріміздің нақты дәлелі ретінде ол 1934 жылы Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы, жер бөлімінің басшысы секілді қызметтерде өзін шыңдайды. Көп өтпей бұрынғы Қарағанды облысында жаңадан құрылған Красноармейский ауданына барып, жұмысын одан әрі жалғастырды. Араға төрт жыл салып, өзін жақсы жағынан көрсете білген азаматты әлгі өңірден Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық тамақтандыру бөлімінің басшысы болып бекітілді. Бұл кезде ол небәрі 23 жастағы өткір де уәдеге берік азамат болып қалыптасқан еді. Содан ол 1952 жылға дейін жоғарыда тілге тиек етілген Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылық, кеңес-партия органдарында түрлі қызметтер атқарып, әбден шыңдалды.

Сол өңірде тәжірибесі молайып, ұйымдастырушылық қабілеттері жарқырап көрінген білікті тұлға 1952 жылы Ақтөбе облысы партия комитетінің бірінші хатшысы сияқты лауазымды әрі жауапкершілігі көп қызметке тағайындалды.

Жаңа аймақта да жергілікті халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдады. Оның алдына келген қарапайым халық қашан да рухы көтеріліп, алғысын қарша жаудырып жататын.

Бұл лауазымды жұмысқа кіріскенде ол өмір көрген, жақсы мен жаманды ажырата білетін жаста еді. Одан кейін де туған жерінің нағыз патриотының еңбегі бағаланып, 1955-1961 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы секілді кез келген іскер жанның қолы жете бермейтін қызметтерді үлкен абыроймен атқарып, халықтың айырықша құрметіне бөленген-ді.

Әкеміз қайда жүрсе де, көмекке мұқтаж кісілерді қолтықтарынан демеп, олардың нағыз қамқоршысы бола білді. Бір мысал келтіре кетелік. 1955 жылы ол Қытайдан Алматы қаласына келіп қоныстанған бірнеше отбасының үйсіз әрі жұмыссыз жүргенін жоғарыға жазып, өзге мемлекеттен арамызға қосылған қандастарымыздың өзекті мәселелерін шешуге тікелей мұрындық болды.

 «ТУҒАН ХАЛҚЫНЫҢ МҮДДЕСІН ӘРҚАШАН ЖОҒАРЫ ҚОЙДЫ»

– Өзіңіз білесіз, Жұмабек Ахметұлы аса жоғары лауазымды қызметтерді атқарып тұрған кездері Солтүстік өңірдегі бес, яғни Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарын Ресейге қоспақ болған кезде ерекше қажыр-қайрат көрсетіп, тағдырлы мәселелер шешілерде тойтарыс бергені мәлім. Сондай-ақ, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар аудандарды да Өзбекстан аумағына көшіруден сақтап қалған жоқ па? Соны өз аузынызда естісек деп едік…

– Әкем қандай қызметте жүрсе де, өзінің жеке басының қамын ойлаған емес. Жоғары лауазым мен мансаптың құлы болмады. Туған халқының мүддесін әрқашан да жоғары қойды.

Кешегі алып Одақ дүркіреп тұрған кезде қайсарлық танытып, оның басшысы Н.С.Хрущевтің көксеген ойы мен жымысқы саясатын жүзеге асыртпады. Оның негізгі мақсаты, сауалыңызда тоқталып өткендей, көздегенін бірте-бірте іске асыру болды. Алайда, оның республикамыздағы бес облысты біріктіріп, өткен тарихтан белгілі «Тың өлкесі» деген аймақты құрып, уақыт өте Ресейге қоспақ болған арам ниеті мен пиғылының жолы кесіліп, күтпеген жерден қарсылыққа тап болды. Сол зымиян саясатын орындау үшін Хрущев ештеңеден аянбады. Әлгі аталған өлкенің тізгінін Т.И.Соколов деген өзінің сенімді адамына ұстатты. Одақ басшысының тарапынан қолдау тапқандықтан ол Қазақстанның басшылығына бағынғысы келмейтін сыңай танытты.

Мұны естіген әкем қалай ғана шыдап отырсын?! Бұл кезде ол Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болатын. Батыл әрекет жасап, мәселенің алдын алу мақсатында 1960 жылы қоңыр күзде сол уақыттағы Тың өлкесінің орталығы Целиноград шаһарына шұғыл түрде ұшып келді. Содан республикалық жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне керекті мәліметтерді бермей отырған әрекеті үшін Соколовтың мысын басатындай өткір сөзін батыл айтты. Оны жауапты қызметінен босатып, бір тәуліктің ішінде Қазақстаннан қуып шығатындығын және Тың өлкесі ешқашан да көршілес Ресейге қосылмайтындығын ашық білдірді.

Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Кеңес Одағының басшысы Хрущев пен әкемнің арасындағы айқас 1960 жылдың желтоқсан айында басталды. Одақтың тізгінін ұстап отырған өктемшіл, өркөкірек лауазым иесі бұрынғы Целиноград қаласындағы ұйымдастырылған бір конференцияның соңында әкеме: «Тың  өлкесіндегі бес облыстың басшысы өңірлердің Ресейге қосылуына қарсы емес. Қонаев та келісімін берді. Енді сіздің пікіріңізді білгім келеді», – деді. Мұндай күтпеген жайға намысты, ел абыройын терең ойлайтын қай адам көне қойсын?! Қаны басына шапшыды. Бірден қарсылық танытты.

Жалпы, әкемнің арам ниетті кісіге тайсалмастан сол уақытта айтқан сөзі де кімді болсын толғандырмай қоймасы анық. Бірден ойын ашық білдіріп: «Менің ата-бабам осы жерде жатыр, олардың алдында мәңгілік қарыздармын. Никита Сергеевич, егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса, КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал, ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ», – деген батыл жауабынан қадірлі оқырман көп жайды көңілге түйіп, пайымдайды деген үміттемін. КСРО-ны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Хрущев әкемнен мұндай қарсылықты күтпесе керек. «Сен кімсің, бұл мәселені өзіңнің келісіміңсіз-ақ шешеміз» деген көрінеді.

Әкем қандай ел мүддесі қозғалған маңызды кездесулерде пікірін жоғарыдағыдай іркіп қалмай, ашық білдірген, тәкаппарлық танытқан кісілердің мысын басып, жиналған жұртшылықтың алдында жігерлерін жасытып тастайтын.  Мәселен, Алматыдағы Үкімет мәжілісінің бір басқосуында келесі жылдың халық шаруашылығы жоспары қаралды. Онда Тың өлкелік атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары А.И.Козлов өз сөзінде: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны», – деп өзінше қыр көрсетпек пиғыл танытады. Мұндайға кеудесін намыс қысып шыдамаған әкем оны лезде тоқтатып: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық Комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияның мүшесісіз, мынадай қыңыр мінезбен істі қоймайтын болсаңыз, партиядан шығарып, орныңыздан аламыз. Содан кейін баратын жеріңізге барып, арызыңызды айта беріңіз», – деп қатты тұқыртып тастайды.

Оның алдында Кеңес елінің басшысы Хрущевтің қаһарына ілігіп, Қазақстанға жіберілген Козловтың зәресі ұшып әрі күтпеген сөзден тауы шағылған ол көпшіліктің алдында еріксіз кешірім сұрауға мәжбүр болады.

 «АЛМАТЫДАҒЫ ҮЛКЕН ДАҢҒЫЛҒА ҰЛЫ АБАЙДЫҢ ЕСІМІН БЕРГІЗДІ»

 Ағамыздың бойындағы тағы бір қайраткерге тән аса бір атап өтер қасиеті – мәдениет және өнер қайраткерлеріне деген жанашырлығы десек, орынды болар. Себебі, ол кісі Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы болып тұрған кезде руханият саласында жүрген қаншама азаматтар тиісті марапаттарға ие болыпты. Сондай-ақ, үйсіз-күйсіз жүрген кісілерге де шарапат-шапағатын көрсетіпті. Осы айтылғандарға перзенті ретінде алып қосарыңыз бар ма?

Дұрыс айтасыз, ол кісі өзі басшылық қызметте болған кезінде мәдениет және өнер саласында жүрген қайраткерлердің еңбегін жоғары бағалауға тырысты. Шығармашылықпен айналысатын тұлғалардың қаншама сахнадан тыс көп тер төгетіндігін терең түсінді. Сондықтан олардың халық арасындағы беделін көтеруге барын салды. Сонау 1959 жылы қаңтар айында арнайы қаулы бойынша Халық әртістері Шабал Бейсекова, Шолпан Жандарбекова, Каукен Кенжетаев, Сәбира Майқанова, Бибігүл Төлегеноваға құрметті атақтар беруге ықпал етті. Басқа да қаншама адамдар осындай құрметтерге бөленді. Сонымен қатар, Халық ақыны Кенен Әзірбаевтің 75 жасқа толуына байланысты Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасының тапсырылып, қалың жұртшылық алдындағы мәртебесін асқақтатуға барын салды.

Өзі Үкіметке басшылық етіп тұрған шақта, яғни 1960 жылы Алматы шаһарындағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында 212 пәтерлік үлкен зәулім үйдің бәрін де өнер мен мәдениетіміздің болашағы үшін аянбай тер төгіп жүрген өнер және мәдениет қайраткерлеріне бергізуге өзінің тікелей ықпалын тигізді. Сондай баспанаға ие болғандардың қатарында есімдері қалың оқырманға жақсы таныс Ілияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Ысмайылова, Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Сейфолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтер, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Елебековтер, қаламгерлер Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Жүсіп Алтайбаев және басқалар ие болды. Осы алыстан жұрттың назарын бірден аударатын ғимаратты зиялы қауым әлі күнге дейін ерекше ілтипатпен «Қазақ ауылы» немесе «Тәшенов үйі» деп те атайды.

Басқа да қаншама қазақ елі үшін адал еңбек етіп жүрген әрі үлкен қалада пәтердің азабын әбден тартқан ғалымдар, елімізге белгілі тұлғалар баспаналы болып, оларға шарапаты тиді.

Алатаудың баурайындағы аса көркем шаһардың қақ ортасындағы сонадайдан жұртшылықтың назарына ілігетін үлкен даңғылға ұлы ақын Абай Құнанбайұлының есімін бергізді. Талай өнер тарландарының бағын ашып, жұлдызын жандырған Республика Сарайының алдында ұлтымыздың бас ақынының ескерткішін орнаттырып, оның лентасын қиюға қатысты. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Қазіргі арамызда жүрген өнер майталмандары, эстрадамыздың жарық жұлдыздары хабардар болсын деп әдейі мысалға келтіріп отырмын. Бұл игілікті істі жүзеге асыру да оған оңай болған жоқ. Орнықты уәжі мен өзгелердің бәрін де иландырып, келісімін алды.

Өзі Үкіметті басқарып тұрғанда аса батылдық танытып, қайсар мінезінің арқасында кешегі асыра сілтеу заманында жазықсыз жала жабылып, «халық жауы» атанған ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың асыл жары Зылиха апамызға жоғарыда аталған мәңгі жасыл шаһарда салынған үйден пәтер бергізуі тек нағыз азаматтың ғана қолынан келетіндігі ағайындарға түсінікті болса керек.

«ОҢТҮСТІКТЕГІ АҒАЙЫНДАР ӘКЕМДІ АЛАҚАНДАРЫНА САЛЫП ҰСТАДЫ»

 – Кешегі  Кеңес Одағы кезінде ақ адал, мемлекетшіл тұлғаларға қиянат жасалып, олар қызметінен төмендетілді. Хрущевтің нұсқауымен «ұлтшыл» деген айып тағылып, Жұмабек ағамыз лауазымды қызметінен босатылды. Сөйтіп, жүрегі елім мен жерім деп соғатын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері бұрынғы Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып төмендетілді. Алайда, оның нағыз қайсар да ештеңеден қаймықпайтын азамат екендігін жоғары бағалайтын шырайлы өңірдің халқы оны қаһарман азамат ретінде құшақ жая қарсы алды. Өңір жұртшылығы есімін әлі күнге дейін ардақ тұтады. Сіз ол кезде жас едіңіз. Осы кезеңдерге қысқаша тоқталып өтсеңіз…

Арыстан жүректі әкем шын мәнінде байлық қуып, мансапты жоғары қойған емес. Егер атақ пен даңққа, қызметке қызықса, тек қана жеке басын ойлайтын еді ғой. Оның бір ерекшелігі – рухы мықты еді. Облыстық деңгейдегі қызметке барса да, өзінің іштей адалдығына нық сенді. Өйткені, кейбіреулер қызметінен төмендетілсе, өзін-өзі жоғалтып, ұнжырғасы түсіп жатады. Тіпті, ауруға шалдығатындары да кездеседі. Оның бойынан мұндай осалдықты сезбедік. Қайта шымкенттік ағайындармен бұрыннан білетіндей, тонның ішкі бауындай араласып кетті.

Араларына қосылған білікті тұлғаның уәдеге берік, аса беделді басшы екендігін жете түсінетін жергілікті бауырлар оның қабылдауына жиі баратын. Кейбір түйткілді, қордаланып қалған аса көкейтесті жайларды өңірдің бірінші жетекшісіне жеткізбей өзі-ақ шешіп тастайтын. Оның алдында республикада лауазымды тұлғаның бірі болғандықтан ба, облыстың тізгінін ұстап отырған кісінің өзі оның іскерлігін, қайтпас қайсарлығын мойындап, кейінгі жастар бай тәжірибесінен көп тағылым алды.

Біз Шымкент шаһарында ұзақ жылдар бойы тұрдық. Сондықтан бұл қала өте көркем, халқы дархан, сыйластыққа жете көңіл бөледі. Ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін ұстанады. Әңгіме арқауына айналған тұлға 1975 жылы Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер атанды. Ғұмырының соңғы жылдарында «Қаракөл» ғылыми-зертханалық институтында, сол облыстық талдау есептеу орталығында қызмет атқарды.

Әрине, адал еңбек ескерусіз қалмайды. Әкеміз «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталғаны онымен қатарлас жүрген кісілердің жадында болса керек.

 Оңтүстіктегі ағайындар қазақтың іскер ұлын алақандарына салып ұстады. Ол қолы бос кездері ғылымға ден қойды. Сондықтан да шығар, экономика ғылымдарының кандидаты атанды. Докторлық диссертацияны қорғауға кедергі жасағандар да болмай қойған жоқ. Қайран азамат 1986 жылы қараша айында жүрек талмасынан қайтыс болды. Шымкент шаһарында жерленді.   

Сол кезде де оның халық арасында қаншалықты қадірлі, сыйлы екендігін жас та болсақ отбасымызбен терең сезіндік. Өмір көрген ақсақалдар мен бірге атқарған әріптестері көңілді толқытар жылы лебіздерін арнады.

Оңтүстіктегі ағайындар соңғы сапарға құрметпен шығарып салды. Сондағы тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатып, үлкен көшеге есімін берді. Бұл да болса ондағы бауырларымыздың оған деген айрықша құрметінің бір белгісі болса керек. Шырайлы шаһардың тұрғындары әрдайым оның ұлтжандылық, іскерлік, елжандылық қырларын бізбен бірдей сағынышпен еске алып отырады.

 «СҮЙІКТІ ЖАР, АРДАҚТЫ ӘКЕ БОЛДЫ»

 – Барша қандастарымыз Жұмекеңді қатты жақсы көрді. Ұлты үшін ештеңеден аянбайтын ұйымдастырушылық қабілетін қызметтес кісілер бірге жүргенде көрді әрі сезді. Алайда, оның отбасылық өмірін, артында қалған өзіңіз секілді жастайынан өнегелі тәрбие алған ұрпақтарын біле бермейді. Меніңше, соларды да өзіңізге баяндап берудің орайы келген секілді…

Мына тіршілікте ата-анадан артық кім бар дейсіз?! Сол ұрпақтары үшін түн ұйқысын төрт бөліп, алақандарына салып аялап өсірген бізге аса ардақты кісілерден бастағаным жөн болар.

Отағасы Солтүстік Қазақстан облысы бұрынғы Бейнетқор, яғни қазіргі ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев атындағы ауданда жер бөлімінің басшысы болып жұмыс істегені өмірбаянынан белгілі. Ол, әрине, жап-жас, жанарынан жастыққа тән жалын көрініп тұратын жігіт кезі-тін. Бірде сол ауданда қызмет атқаратын жас маман Бәтес есімді аруды кездестіріп, бір-бірін білісті.

Сол бозбала мен бойжеткенмен арадағы өзара түсіністік үлкен махаббатқа айналды. Бір-бірін сүйген екі жас тағдырларын қосып, жеке отбасын құрды. Анамыз әкемізден 7 жас кіші еді. Оның тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі Әлімбаева болатын. Өзі негізі Ақкөл ауданының қызы.

Олар ұзақ жылдар бойы, яғни жарты ғасырға жуық бақытты ғұмыр кешті. Ерлі-зайыптыдан бес бала тарадық. Ізімді басып келе жатқан Саят есімді інім осыдан біраз уақыт бұрын дүниеден өтті. Болат болса зейнеткер, қазіргі таңда Шымкент шаһарында тұрады.

Шаңырағымыздың ең кішісі – Мұрат. Ғылым докторы, профессор. Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет атқарады. Әулетіміздегі жалғыз қыз бала, яғни Алла есімді әпкеміз – Мәскеу шаһарының тұрғыны. Бір ұлынан қос немересі бар.

Өзіме келсем, бұл күндері 77 жастамын. Техника ғылымдарының кандидатымын. Негізгі мамандығым – инженер-электрик. Кезінде қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тәмәмдадым. Көп жылдар бойы Қазақ энергетикалық ғылыми-зерттеу орталығында жұмыс істедім.  Әйелім Айгүл – заңгер. Біз отбасында екі ұлымызға тағылымды тәрбие бердік. Арман – Америкада, Мирас – Алматы қаласында ғұмыр кешіп жатыр.

Жалпы, әкеміз өте балажан еді. Оның мейірімі мен махаббатын кішкентайында аурушыл болған Болат інім сырқаттанған кезінде байқадық. Тіпті, көзіне жас алғаны арада қанша жыл өтсе де, есімде сақталып қалыпты. Бәрімізді де шексіз жақсы көрді.

Бала кезімізден бізді оқу-білімге тәрбиеледі, руханиятқа көп көңіл бөлді. Отбасымен табиғат аясында серуендеуді ұнататын. Салауатты өмір салтын берік ұстанды. Әрдайым мұқтаж адамдардың жанынан табылды. Үйімізден қонақ арылмайтын. Шыншылдықты, әділдікті, ұқыптылықты, жинақылықты, адам баласына қиянат жасамауды осынау ардақты жаннан үйрендік.

Әулетіміздің бәйтерегімен өткізген әрбір күнімізді өміріміздегі ұмытылмас шуақты сәттерге балаймыз. Одан тараған төрт немере мен үш шөбере оның ғұмырын жалғастырып жатыр.

Менің түйгенім, елі мен халқына адалдық танытқан кісіге құрмет те ерекше болады екен. Ол көзімізден кеткенмен, көңілімізден ешқашан кетпейді. Шымкент шаһарын айтпағанның өзінде, Арыста, елордамыз Нұр-Сұлтанда оның есімінде мектеп бар. Бас қаламызда ескерткіш те қойылды. Оның асқақ тұлғасын кейінгі жастар күнделікті көріп, рухтары көтеріледі.

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласындағы бір білім ордасы да оның атында. Сондай-ақ, осы қалада да ескерткіш қойылған. Жергілікті азаматтар көрнекті тұлғаның көп жылғы жанқиярлық еңбегін елеп-ескергендеріне шүкіршілік дейміз.

– Өзіңіз куә болғандай, Жұмабек Ахметұлы хақында естелік мақалалар, зиялы қауымға ой салар драмалық туындылар да қойылды…

Оның қайраткерлік тұлғасы жайлы дарынды қаламгерлер қаншама әсерлі де құнды дүниелер жазғаны рас. Бұл сөзіме республикалық және жергілікті басылымдарда жарық көрген, оқыған жанның патриоттық сезімін оятатын ойлы мақалалар нақты дәлел.

Қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Михаил Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, Алматыда тұратын ағамыз Сәбит Досановтың еңбегін ерекше атап өтер едім. Оның «Ақбас бүркіт» деп аталатын драмалық туындысы әкемнің рухына арналды. Бұл жастардың патриоттыққа жетелеген шығарма Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театрында өте сәтті қойылды. Драматург пен әртістердің жұмыстарын жергілікті ағайындар жоғары бағалады. Оған мен де қатысып, жүрегім үлкен тебіреніске түсті.  

Сөзден сөз туады. Ол кісінің көзін көргендер сонау бір жылдары руханияттың үлкен жанашыры болғандығын жиі еске алады. Сонау бір кезеңдері ұлтымыздың беделді газеттері болып табылатын «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» басылымын «Казправданың» аудармасы етуден қорғап қалғаны қолына қалам ұстағандардың жадында мәңгілік қалары сөзсіз.

Саян аға, әңгімеңіз үшін алғыс айтамыз!

 Әңгімелескен: Оразалы Жақсанов

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here