Беларусь әлем чемпионатынан қалай көз жазып қалды?

0
3312

Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, елдер арасындағы қарым-қатынас пен байланыстың көрсеткіші, түрлі мемлекеттер достығын нығайтушы құрал. Сөзімізге дәлелді Ежелгі Грекиядан бастау алған Олимпиада ойындарының тұрақты түрде өткізілуімен келтірсек болады. Тіпті, өткен заманда Олимпиада кезінде соғыстар тоқтатылып, қасиетті тыныштық орнайтын дәстүр болған. Төрт жылда бір келетін ең ірі халықаралық дода нышанында бес түсті сақинаның бейнеленуі де тегіннен тегін емес. Бес түрлі сақина бес құрлықтың (Еуропа, Азия, Африка, Америка, Океания) белгісі ретінде беріліп, олардың түрлі-түсті болуы әлем елдерінен хабар береді. Тудағы шеңберлердің бір-бірімен байланысып жатуы спорттық ойындардың тек жарыс емес, ынтымақтастықтың көзі екендігін білдіреді. Дегенмен, әлемдік арена «алыптары» спортты саясатпен шебер ұштастырып, дүбірлі додаларда да өз үстемдігін көрсетуге тырысатындығы жасырын емес.

САЙЫСТА – ТАРТЫС, САЯСАТТА – ТАЙТАЛАС

Олимпиадалық ойындар ықылым заманнан бейбітшілік символы ретінде танылғанымен, уақыт өте спорт додасының саясилану деңгейі жоғарылады. Спорттық ойындардың дамуы мен өркен жаюы, өз кезегінде, саясатты да салмақтай түсті. Кейінгі кезде қатар қолданылып жүрген қос ұғым туралы сөз қозғағанда, «бойкот» ұғымын жиі кездестіреміз. Бойкот деген не өзі? «Өзінің экономикалық немесе саяси талаптарын орындату мақсатында жеке адаммен, ұйыммен, мемлекетпен толық немесе ішінара қатынасты тоқтату, сол мақсатта белгілі бір міндеттерді орындаудан бас тарту» деп тізеді сөздіктегі түсіндірмесі. Бойкот жариялау спорттық сайыстарға да салқынын тигізіп отырған. Олимпиада ойындарынан бұндай бас тартуды БҰҰ, ХОК сияқты халықаралық ұйымдар, спортшылар тобы немесе өзге елдер жүзеге асыра алады.

Айтулы шаралар қанша жерден достық пен бейбітшілікті насихаттайды десек те, олимпизм қозғалысының көш басында тұрған атақты француз Пьер де Кубертеге еліктеп «спорт – саясаттан тыс» болуы керек десек те, спорт саясаттан бөлек кеткен емес. «Дайрабайдың көк сиырынан» басталған дау бойкот жариялауға апармаса да, дүбірлі додада ойындағы тартыспен қатар мемлекеттер арасындағы тайталас көрініс беріп тұрады. 1908 жылы Лондон Олимпиадасында Ресей қарамағындағы финдердің төл туын алаңға алып шыға алмауынан айтарлықтай дау туындаса, 1936 жылы Германияда өткен ойындар – ең көп шу шыққан доданың бірі ретінде тарихта қалған.

1980 жылы АҚШ бастап, батыстық бірнеше ел қостап Мәскеу Олимпиадасына бойкот жариялаған. Төрт жылдық дайындығының нәтижесін көрсетіп, сыналар тұсында мұндай тарихи сәттен айыру спорт үшін де, спортшы үшін де оңайға соқпасы анық. КСРО астанасында өткізілуі тиіс айтулы шараға АҚШ, Ұлыбритания мен Канада қатысудан бас тартқан. КСРО әскерлерінің Ауғанстан жеріне енгізілуі – мәселенің басты себебі. Үш алып мемлекеттің бастамасына әлемнің 65 елі үн қосып, нәтижесінде Мәскеу Олимпиадасында Еуропа елдерінен Австрия, Грекия, Мальта, Финляндия және Швеция спортшылары ғана төбе көрсеткен. Ұлыбритания үкіметі шешім шығаруды спортшылардың еркіне салғанын ескерсек, британдық 170 спортшы бәсекеде бақ сынаған. Айтулы жобаларда даңқты спортшыларымен көш бастап келген Түркия, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты мемлекеттер Мәскеу Олимпиадасына қатыспаған. Аталған ойын алауы тұтануға үш күн қалғанда АҚШ-тың Филадельфия штатында «Бойкот жасалған Олимпиада ойындары» атты халықаралық жарыс өткізіліп, оған дүбірлі додадан шет қалған 29 елдің дүлдүлдері ат салысқан.

Есесіне, төрт жылдан кейінгі келесі Олимпиадада Кеңестік блок «бойкот» деп, Лос-Анжелестегі ойындарға қатыспау туралы шешім шығарған. Басты себеп спортшыларға қауіпсіздік кепілдігінің берілмеуі делінгенмен, 1984 жылы Варшава келісімшартына қол қойған мемлекеттердің АҚШ-та өткен Олимпиададан бас тартуының астарынан «қайтарылған кектің» көлеңкесі көрініс береді.

Хоккей ойнаған президенттер – Путин мен Лукашенко. Сочи, Ресей. 2020 жыл

ЛУКАШЕНКОҒА КЕЛГЕНДЕ СПОРТТЫ САЯСАТ ЖЕҢДІ

ХХ ғасырдағыдай алыптар арасындағы «қарусыз майдан» жаңа ғасырға аяқ баса бере тағы қайталанды. ҚХР билігіне наразы саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері 2008 жылға жоспарланған Бейжің Олимпиадасы қарсаңында қыр көрсетіп, шараның кейінге қалдырылуын немесе бойкот жариялануын талап еткен. Дәл осындай жағдай 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындары таяғанда орын алған. Ал, 2012 жылы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко екі жыл бұрын сайлаудағы азаматтық қоғам мен демократиялық оппозицияға қарсылығы үшін Лондонда өткен Жазғы Олимпиада ойындарының ашылуына қатыспаса, Аргентина Президенті мемлекетаралық мәселелерді меңзеп айтулы шарада төбе көрсетпеген.

Кейбір ықпалды елдер спортқа өз әмірін жүргізе бастады. Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпиада қарсаңында баяғыны қозғап, мықты спортшылардың додада бақ сынауына кедергі келтірді. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасын ойдан сыза тұрғанда, болары болып, бояуы сіңіп кеткен Бейжіңдегі бәсекеде допинг қолданды деп айыптап, кей елдердің спортшыларына алаңда бой көрсетуге тыйым салды. Ресейге қатысты қозғалған допинг дауы да спорт пен саясаттың арасын салмақтап берген сыңайлы.

Сайыс пен саясат бүгінгі күні де егіз ұғымдай бір-біріне ықпал етуде. Маңыздылығы бойынша Олимпиада ойындарынан кейін екінші орындағы халықаралық жарыс – әлем чемпионаты екі жылда не жылына бір рет өткізіліп тұрады. Сайыс өткізу мәртебесіне ие болған ел бірнеше жыл бұрын анықталып, дайындық жүргізеді. 2017 жылы Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының конгресінде осындай кезекті турнирді Латвия мен Беларусьте өткізу құқығын беру туралы шешім қабылданды. Қос ел де алдыңғы жылдары Әлем чемпионатын сәтті өткізген. Содан 2020 жылдың күзіне дейін бұл шешімге ешкім қарсылық көрсете қоймаған. Алайда, 1994 жылдан бері Александр Лукашенко басқарып келе жатқан елдегі президент сайлауынан кейін Беларусьте басталған наразылықтар елдің ішкі жағдайына ғана емес, сыртқы саясатына да салқынын тигізді.

Хоккейден әлем чемпионаты биылғы жылдың 21 мамыр мен 6 маусым аралығында Минск пен Латвия астанасы Ригада өтуі тиісті еді. Дегенмен, Президент билігіне қарсы наразылық тоқтамай, Беларусь «басымен қайғы» болып жатқандықтан, Халықаралық хоккей федерациясы (ІІНF) чемпионатты Минскіде өткізбеу мәселесін қарастыра бастаған.

ІІНF басшысы Рене Фазель: «Біз саяси қысымға тап болдық, бұл Минскіде 2021 жылғы шайбалы хоккейден әлем чемпионатын өткізуге кедергі келтіруі мүмкін», – деп мәлімдеме жасаған болатын. Нәтижесінде, биылғы ерлер арасындағы сайыс «қауіпсіздік мәселелері туындағандықтан» аталған елде өткізілмейтін болды. Бұл шешімді 18 қаңтарда ресми орган жария етті.

«ІІНF кеңесі Беларусьте қазір командалардың, жанкүйерлердің және ресми тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес деп шешті» делінген мәлімдемеде. Сонымен қатар, «Мәселенің бұлай болғаны өкінішті. Біз Беларусьтегі қоғамдық-саяси мәселелерді дұрыс жаққа қарай шешуге тырыстық. ІІНF кеңесі спорттық сайыстың салмағын саясатпен өлшеу дұрыс емес деп тапты. Дегенмен, ел күрмеуі қиын мәселе үстінде тұрғандықтан, аталған шараны мұнда өткізу орынсыз болады», – деп түсіндірді Рене Фазель. Десек те, келтірілген деректерге әркім әртүрлі көзқарас танытып жатты…

Көрсетілген басты себеппен қоса, халықаралық федерация елдегі коронавирусты бақылауда ұстау мәселесіне де күмән келтірген. Жоспар жоққа шыққандықтан, ұйымдастырушыларға белгілі мөлшерде өтемақы төленетін болады. Келтірілген шығынды түгелімен ІІНF өз мойнына алады. Ал, чемпионат тек Латвияда өте ме, әлде Беларусьтің орнын басқа елмен алмастыра ма, бұл жағы әзірге белгісіз. Федерациялық кеңестің мүшесі Петр Бржизаның баяндауынша, қазіргі уақытта чемпионатты өткізу туралы Дания, Словакия, Литва секілді елдермен келісім жүргізілуде.

БОЙКОТҚА БОЙ БЕРМЕГЕН БЕЙЖІҢ

Халықаралық спорт жарысында саяси ахуал жарыса жүргізілген жағдайлар жиі кездеседі. Олардың бірінде мәселе бойкот жариялауға дейін барса, кей кезде бұндай бүлік көпшілік көзінен таса қалып жатады. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасына аздаған уақыт қалғанда АҚШ үкіметі  «бойкот жариялау керек» деп дабыл қаққанымен, аспан асты елі Олимпиада ойындарын ойдағыдай өткізіп шықты. Бұл сайыста «бойкот» деп байбалам салған АҚШ жалпы командалық есеппен екінші орын алған болатын.

2014 жылғы Сочи Олимпиадасы да бір «бәледен» аман қалғаны бар. АҚШ сенаторы Линдси Грэм сол жылғы қысқы ойындарға «АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнің іс-әрекеттері үшін» кесірін тигізе жаздаған. «Сноуден Мәскеуге қашты, ал Путин барлығын біліп отыр» деп болжаған Линдси Грэм «Сочиде жалауын желбірететін Олимпиадаға бойкот жариялау керек» деп дүрліккен. Алайда, АҚШ үкіметі бұл шешімді құп көрмей, байрақты бәсекеде белсенділік танытып, жарыс есебі бойынша алғашқы бестіктен көрінген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Пьер де Кубертенің олимпизм идеясы – ұлттар мен нәсілдер арасындағы, сондай-ақ халықаралық қайшылықтарды қалыпқа келтіруге, жаһандық спорт қозғалысын жолға салуға негізделген гуманистік идея болатын. Тіпті, көне дәуірдің өзінде Олимпия ойындары кезінде соғыс тоқтатылып, шараға қару әкелуге тыйым салынғанын еске алсақ, кейінгі жағдай кері сипат алып, спорттың саясат жүгін арқалап кетуі көңілді қынжылтпай қоймайды. Саяси текетірес, өз кезегінде, талай спортшының тағдырын тәлкек етіп, спорттың ішкі этикасы мен эстетикалық мәнін төмендетуге ықпал етері сөзсіз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here