Мандоки – 77: Ағайын арасында «алтын көпір» болған тұлға

1
3667

Еліміз егемендігін алып, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін оң-солымызды танып, жоғымызды түгендеп, ақтаңдақтардан арылып жатырмыз. Елбасының арқасында алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыз тарихи Отаны – Қазақстанға оралып, елге ел қосылып жатыр. «Елге ел қосылса, құт» деген бар. Берекеміз кіріп, құт қонғаны осы да. Алла көп көрмесе, біз азсынбадық. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып, әлем қазақтары Қазақ елінің көгілдір байрағы астына топтаса береді алдағы уақыттарда. Құдай ұзағынан сүйіндіргей!

Иштуан Қоңыр Мандоки және Оңайша Мақсымқызы

Алыс-жақын шетелдердегі ағайындардың Қазақстанға «бүйрегі бұра» бастауы кеңестік кезеңдегі терезеге темір шілтер ұстанған заманда да байқалған. Бірақ, дәл қазіргідей мүмкіндік болған емес. Сол мүмкіндік болмаған кезеңнің өзінде Қазақстанды бауырлас ел, қазақты туысқаным деп танығандар табылатын әлемнің әр түкпірінен.

Мажарстан мен Қазақстан арасына «алтын көпір» салу арманын жүзеге асыруға атсалысқан азаматтардың бірі де бірегейі – Иштуан Қоңыр Мандоки. Оған ешкімнің дауы жоқ. Еуропалықтар ешбір негізсіз Венгрия атап кеткен Мажарстан халқының негізін мажарлар құрайды. Мажарларды былайғы жұрт «мадьярлар» деп те атайды. Олардың арғы тектері қыпшақтар екенін көп ел біле бермейді. Ал, анығы – солай. Тарих солай дейді. Иштуан Қоңыр Мандоки соны ғылыми негізде дәлелдеген ғалым. Өйткені, дәл қазір бүкіл түркі әлемі Қазақстанды өздерінің екінші Отаны санайды. Иштуан Қоңыр Мандокидің көрегендігі сол – ол алғашқылардың бірі болып осы тұжырымға тоқтаған. Оны алдына айқын мақсат етіп қойған. Әттең, мақсатына жетпей кетті. Оны әрі қарай жетілдіру, жеткізу – біздің, бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Қоңыр Мандоки Мажарстанның Қарсақ қаласында 1944 жылы 10 ақпанда дүниеге келген. Түркітанушы мажар ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Қарсақ ауыл шаруашылығы техникумын, Өтвеш Лоранд мемлекеттік университетін бітірген.

«Болашақта үлкен ғалым болатын тұлғаға қазақ тілін үйреніп шығу өмірінің өзекті бір мақсаты болуға тиісті» деген ой оған ғылымға мойын бұрмастан көп бұрын, мектеп қабырғасында-ақ келген екен. Содан бала Қоңыр қариялардың әңгімесін тыңдап өскен. Мажарша сөйлеп отырған қариялар сөз арасында Қоңырға түсініксіз сөздерді айтып қалса керек. Зерек бала қыпшақ сөзі екенін, өзінің Қыпшақ руынан тарайтынын білген. Осылайша, 10 жасар Қоңыр Қарсақ маңындағы Кеңес Одағының әскери базаларында тұратын қазақ, қырғыз, татар ұлтының азаматтарынан тіл үйрене бастаған.

«Тіл үйренуге ынтаң болса жетеді» дейді ғой. Менің құлқым болғанмен, айналамда қазақша білетін ешкім болмады. Сөздік тағы жоқ. Сөйтіп қиналып жүргенде көктен іздегенім жерден табылды. Қарсақ қаласына командировкаға келген қазақ жігітімен кездейсоқ танысып қалдым. Мектепте үйренген орысшаммен сөйлесіп, қазақ тіліне құмарлығымды айттым. Ол Қазақстанға оралған соң қазақ тілін өздігінен үйренушілерге арналған кітап жіберді. Артынан Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына хат жолдап, басқа кітаптар алдырттым», – деп еді бір сұхбатында.

Университеттің соңғы курсында оқып жүргенде Моңғолияға барып, сондағы қазақтармен жүздескен. Қазақ жігіттерімен етене араласуы үлкен пайдасын тигізеді. Сөйлеу тәжірибесі қалыптасады.

Иштуан Қоңыр Мандоки түркі халықтарының әдебиет, фольклор, поэзия үлгілерін мажар тіліне аударуға атсалысты. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» мажар тіліне аударған. Мажар тіліндегі әлем әдебиеті энциклопедиясына 40-қа жуық түркі халықтары қаламгерлері туралы мақалалар жариялады. Түркі халықтары мәдениеті туралы жан-жақты зерттеу еңбектері үшін оған Мажарстан Ғылым академиясының Постумус сыйлығы берілді.

Иштуан Қоңыр Мандоки өзінің аты-жөнінің осылай аталуын 1984 жылы «Лениншіл жас» (Жас Алаш) газетіне берген сұхбатында дәлелді түрде әңгімелеген. Онда ол өзінің қыпшақ тайпасынан тарайтынын, қыпшақтардың ұрпақтары Ұлы Қыпшақ, Кіші Қыпшақ аталатын екі аймақта әлі күнге тұрып жатқанын мақтанышпен айта келіп, қыпшақтардың балаларына көбінесе «Қоңыр» деп есім беретінін, ал Мандоки үлкен аталарының Маңдық деген жайлауынан тарағанын айтқан. Мажар тілінің үндестігіне бағынып «Мандоки» аталып кеткен.

Осы орайда мына бір тақырыпқа тоқталып өтсек артық болмайды. Мажарлық антрополог, «Мадьяр-Тұран» қорының төрағасы Андраш Жолт Биро бұрыннан түркі халықтарының тарихын зерттеген өз ісінің маманы. Ол – Қазақстанды «екінші үйім» деп санайтын, «мажарлар фин-угордан емес, түркіден шыққан» деген тұжырымға келген тұлға. Биро басқарған мажарлық қор екі жылда бір рет елшіліктермен бірге әлемнің түркі халықтарының құрылтайын ұйымдастырып отырады. Сол Андраштың сөзімен айтсақ, мажарлар өткенін мақтанышпен айтады, тарихқа тәуба етеді. Едіге, Арпад сияқты ата-бабаларын қастерлейді. Түптеп келгенде, мажарлар қазіргі алмағайып заманда көп халыққа үлгі бола алады. Өйткені, мажарлар Еуропаға шығыстан келсе де, 1200 жыл бұрынғы тарихын, тілін, мәдениетін жоғалтпаған, ешкімге де бодан болмаған. Оларды жеңем деген түріктер, моңғол-татарлар, Австриядағы Габсбургтер еш уақытта Мажар мемлекетін  иеленген емес. Керісінше, мажарлардың ұлттық идентификациясы күшті, өгей ортада өз мемлекеттілігін сақтап келе жатыр.

Мажарстан қыпшақтары моңғол-татар шапқыншылығы кезінде Еуропаға өтіп кеткен, ХІІ ғасырдан сонда өмір сүріп жатқан олардың түп атасы түркі халықтарына, оның ішінде қазақтарға өте жақын екенін айтқан. Өзінің түркологияға ден қоюына негізгі себеп те осы болған. Әңгіме барысында оның «Торғай бассейнінде тұратын мадьярлар осыдан 300 жыл бұрын шамасында Қаратау, Оңтүстік аймақтарда өмір сүрген. Антропологиялық-генетикалық зерттеулер шын мәнінде оңтүстік халықтарымен жақындығын, ұқсастығын дәлелдейді» дегені бізді таңдандырғаны рас. Бұл жерде ол Торғай өңіріндегі қыпшақ руы өкілдерін «мадьярлар» деп отыр. Шындығында, көп жағдайда қыпшақтарды «мадьярлар» немесе керісінше мадьярларды «қыпшақтар» деп атағаны жөнінде тарихи деректер бар. Ал, Қоңыр өзін қыпшақ санаған.

Фин-угор мәселесімен ғалымдар екі топқа жарылды. Алайда, кейіннен Мажарстан археологтары мен антропологтары лингвистердің ұсынған болжамына қарсы шықты. Оның үстіне соңғы 20 жыл ішінде антропология үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Сөйтіп, мажарлардың түркі халқымен туыс екені ғылыми түрде дәлелденді. Антропология мажарлар Карпат бассейніне қоныстанған кезде олардың бет-әлпеті, түр-тұлғасы, бас сүйегінің өлшемдері түркі халықтарына ұқсас болғанын көрсетті. Тіпті, лингвистикалық талдау жасайтын болсақ, барлық ғалымдар мажар тілі Алтай тобына жақын екеніне келісетін еді.

2017 жылы Андраш Биро 1916 жылы Торғайдағы Ұлт-азаттық қозғалысының батыры Кейкінің бас сүйегінің бейнесін қалыптастырып, мүсінінің суреттерін елімізге табыс еткен еді. Сол жылы Арқалыққа Кейкі батырдың жерлеу рәсіміне Тараздан барған өзім жоғарыда аталған Андраш Биромен батырға арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан едім.

Мажарстан парламенті төрағасының орынбасары Лежак Шандар: «Біз шығысқа қарай қақпаны ашуымыз керек», – деді. Ендеше, екі жақты туысқандық байланыс күшеюі тиіс. Әрине, бұл басқа тақырыптың өзегіне арқау болар бөлек әңгіме. Негізгі тақырыпқа оралайық.

«Кішкентайымнан тағы бір қасиетім – ертегіге құмар болдым. Әкем мен нағашымның айтуында, Орақ, Қаблан, Сағыр, Текес, Қара сияқты атақты қыпшақ батырлары туралы, олардың ел қорғаудағы ерліктері, жауынгерлік істері туралы аңыз-әңгімелерді сағаттар бойы жалықпай тыңдауға бар едім. Осы жылқы мен ертегі мектептің үшінші сыныбында оқып жүрген кезімнен, тоғыз жасымнан бастап қыпшақ тарихын білуге құштар еткені рас. Өйткені, «нағыз қыпшақтарша атқұмар екенмін, енді тарихын біліп, тілін үйреніп алсам-ау» деген арман ұялады бала көңілге. «Қыпшақ тарихы туралы ақиқатқа ұмтылам» деп көп нәрсеге көзім ашылды. Бір тәуірі әкем Шандор қай талпынысымды да теріс көрмей құптап отыратын. Әйтпесе, сегіз жылдық мектепті бітірген, небары он төрт жастағы баласына үш мың форинт тұратын «Кодекс Куманикус» сияқты сирек кездесетін кітап сатып алып беруін немен түсіндіруге болады? Мұнда ақша табу үшін ол бес ай жұмыс істеуге тиіс еді», – депті көзі тірісінде Иштуан Қоңыр Мандоки.

Студент кезінен бастап Еуропада түркі этнос топтары арасында тілдік, фольклорлық және этнографиялық экспедициялар жасаған. Ғылыми зерттеу сапарын Анадолы, Еділ бойы, Қазақстан мен Орта Азия, Моңғолияға дейін жалғастырған. Ол өз зерттеулері арқылы мадьяр тіліндегі түркі текті көптеген сөздердің (бертө, буту, дионик, каптань, козма, тилт, цөткен – сүттіген, мөнар – мұнар, ньөкер, бузьган және т.б.) түп төркінін тапқан.

«Техникумнан соң Будапешт мемлекеттік университетінің филология-философия факультетіне, оның туркология бөліміне оны жетектеп келген де осы байлам болатын. Ұстаздарының ұйғарымымен 1968 жылы үздік бітіруші ретінде университетке оқытушы болып қалдырылып, біраз уақыттан соң 1978 жылы өмір бойы армандаған Алматыға келді», – деп есіне алады жұбайы Оңайша ханым.

Иштуан Қоңыр Мандоки Алматыға ғылыми ізденіспен келген бір сапарында Сәтбай Боранбаевпен кездейсоқ танысып, сұраса келе Сәтбайдың қыпшақ руынан екенін естіп, екеуі туысқан болып тарасқан екен. Кейін олар бірқатар жылдар хат жазысып тұрған. Екеуінің арасындағы алтын арқауға айналған хаттардың бірінде Қоңыр: «Мен де тәуба деп жұмыс істеп жатырмын. Жұмыс барысы жаман емес. Жылдағыдан да табысты, өте көңілді де. Бұған Алматыдағы туыстар мен достардан алған көмек пен ақыл-кеңестер маған бірден-бір әсерін тигізіп, рухани түрде зор жігер берген еді. Алдағы уақытта да осы екпінмен қарқынды жұмыс жасап, қазақ әдебиеті мен мәдениетін біздің қыпшақтар мен туысқан мажар халқына таныстыру жолында еңбектенуді әрі қарай жалғастырудамын», – деп жазыпты. Оның «Алматыдағы туыстар мен достар» деп отырғаны – Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Ақселеу Сейдімбеков, Асанәлі Әшімовтер сынды қазақтың мүйізі қарағайдай қаламгерлері мен этнограф ғалымдары. Бұл ғалымның осындай асыл азаматтармен шығармашылық байланыста, жақсы қарым-қатынаста болғанын көрсетсе керек. Бұл туралы ғалымның жары, қазақ қызы Оңайша Мақсымқызы да БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтыпты.

Қазақстандағы баспасөздердің біріне берген сұхбатында ғалымның жұбайы Ай-апа: «Шүкір, Қоңыр салған жол жалғасып келеді. Әсіресе, тынбай ізденіп жүрген жас ғалым Дәуіт Қара Шонфанды атап өткім келеді. Бақсылық, ауызекі әдебиет тақырыбында бірталай мақала жазған ол қазақ тілін меңгеріп алып, Қазақстанда зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Осыдан 15 жыл бұрын Бенко Михайдың «Торғай мадьярлары» деп аталатын монографиясы жарық көрді. Сонымен қатар, антрополог Биро Андраштың да еңбегін атап кеткен жөн. Мұның бәрі Қоңырдың өзі кеткенмен, ісінің мәңгі өлмейтіндігін дәлелдеп тұр. Алла Тағала Қоңыр екеумізге Атлан есімді ұл берді. Есімін «Аттан!» деп жауға шапқан баба ұранының негізінде әкесі қойған», – дейді.

Осы бір екі мәселе – Қоңырдың қарағандылық Сәтбай Боранбаевпен достығы және өз ортасында «Ай-апа» атанған Оңайша Мақсымқызының мандокитанудағы өлшеусіз қызметі туралы әңгімеге қосып айтарым бар. Мен жуырда Қарағандының Саран қаласында тұрып жатқан Сәтен ағайға (Сәтбай Боранбаевты өз ортасы осылай атайды екен) арнайы барып, жолығып қайттым. Ол кісінің Иштуан Қоңыр Мандокимен алғашқы танысуы, одан кейінгі хат алмасып тұрған достықтары туралы қызықты әңгімелері бұрынғы білгендеріме көп мәліметтер қосты. (Ол хаттардың сақталғандары менің қолымда. Тараздағы Тұрар деген азаматтан алғанмын.) Сондай-ақ, мен Қоңырмен отыз жылдай отбасылық ғұмыр кешкен асыл жары Оңайша апамызбен таяуда ғана телефон арқылы тілдестім.

Жоғарыдағы сұхбатында ол кісі Қоңырдың қазақ зиялыларымен достығы, қарым-қатынасы туралы айта келіп, ол қайтыс болғанда қазақтың арда ақыны Фариза апасы (Оңғарсынова) ата салтымен өлеңмен көңіл айтқаны, оның Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленуіне ықпал еткені туралы тебірене сөз етеді. Қоңырдың бейіті ұлт мақтанышы, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының бейітіне жақын маңайда жатыр екен. Бұл да ұлтын сүйген ұландардың арасындағы сәйкестікті құдіретті бір күштің жақындастыра түскеніне бір дәлел.

Оңайша Мақсымқызына Тараз жерінде Иштуан Қоңыр Мандоки есімі мен мұраларын ұлықтауға арналып ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілгелі жатқанын жеткізгенімде ол кісі онлайн форматтағы бұл тарихи танымдық басқосуға қатысуға шын жүректен ықыласты екенін білдірді. Алла қаласа, оның да сәті түсіп қалар.

Қазіргі уақытта Қоңырдың жұбайы Оңайша Мақсымқызы Мандоки зейнетке шыққан, Мажарстанның Будапешт қаласында Қазақ мәдениет орталығының төрайымы қызметін атқарады. Лакителек халық университетінің ұстазы, «Барыс» қорының төраға мүшесі.

Иштуан Қоңыр Мандоки – аты мен артында қалған мұраларына осындай құрмет көрсетіліп, оның әрі қарай жалғасын табуына тұратын тұлға. Ол – қазақ елінде мойындалған ғалым. Оған дәлел Алматыда №154 орта мектеп Иштуан Қоңыр Мандоки атымен аталады және осы шаһарда ғалым атында көше бар. Қоңыр мұраларының шырақшысы Оңайша Мақсымқызы осыған дейін Мажарстан парламентарийінде қазақ тілінде дәріс беріп жүрген азаматша болды. Қоңырдың қайын жұрты, Оңайшаның төркін жұрты Атырауда ғалым атындағы Қазақ тілі қоғамы жұмыс істейді.

1992 жылы 22 тамызда қазақ және мажар мәдениеті, бүгінгі түркология орны толмас қазаға душар болды. Мажар халқының үлкен жүректі азаматы, белгілі түркітанушы-ғалым, Будапешт университетінің профессоры, қазақ халқының адал досы Иштван Қоңыр Мандоки дүние салды. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін түркологияға арнады. Бұл жолда Қоңыр жан-жақты қабілет- дарыны мен ерекше еңбекқорлығымен көзге түскен еді. Оның ұстазы әлемге есімі мәлім профессор Ю.Немет болатын. 1981 жылы Қоңыр «Мажарстандағы құман тілінің ескерткіштері» деген тақырыпта диссертация қорғады. Мұнан кейінгі жылдарда ол ғылыми ізденістерін мейлінше ширатып, иісі түркі әлемінің түпкі тегіне, тарихына, мәдениеті, тілі мен этнографиясына қатысты салиқалы еңбектер бере бастап еді.

Мейірімсіз ажал ардақты туысқанымызды, аяулы досымызды арамыздан мезгілсіз алып кетті. Марқұм Қоңыр Мандокидің жарқын бейнесін, бауырмал жүрегін, толымды еңбектерін қазақ жұрты ешқашан ұмытпайды.

Қоңыр өзінің ғылыми еңбектерін мажар, ағылшын, неміс, француз және қазақ тілдерінде жазатын. Бұл орайда ол шын мәнінде классикалық түркологияның бүгінгі Еуропадағы ең бір көп үміт күттірген өкілі болатын. Қоңыр нағыз ғалым-зерттеушіге тән еңбекқорлықпен түркі тілдес халықтар әлемін ерінбей аралайтын. Қазақстанға өзгеше бір бауырмалдықпен ден қойып, жиі келіп, көптеген достар тауып еді. Әсіресе, қазақ пен мажар халқының арасындағы рухани және мәдени байланыстың нығаюына белсене араласатын. Қоңырдың тікелей ұйымдастыруымен Будапештте қазақ-мажар жастарының достық кештері тұрақты өтіп тұрды. Қазақ ертегілер мен әңгімелерінің мазмұнды жинақтарымен мажар тілінде жарық көруіне тікелей дәнекер болған да Қоңыр еді. Бұл ретте, ол түркінің кісілікті мәдениетіне, күйеу балалық жолына қылау түсірген емес. Тіптен соңғы кезде жүрегінің мазалап жүргенін сезіп, олай-бұлай болып кетсе, топырақтың қазақ жерінен бұйыруын өсиет еткен екен.

Иштуан Қоңыр Мандоки көзі тірі болғанда өзімен қандас туыс, Қарақыпшақ Қобыланды атанған қазақ батыры туралы да зерттеу жұмыстарын жүргізуі әбден мүмкін еді. Өйткені, өзін қыпшақпын деп атаған, шыққан тегін мақтаныш еткен ғалымның ондай қадамға баратыны сөзсіз. Бірақ, оған тағдыр жазбаған соң амал нешік!..

Қобыланды батырдың Жамбыл жерінде болғаны туралы тағы бір бұлтартпас дәлел бар. Шайбани шахтың шайтаны азғыруымен бірқатар уақыт алданып жүрген аңғал батыр ақыры Қазақ хандығының туын көтерген Керей мен Жәнібек хандардың қолына келіп қосылады. Ол туралы режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ тарихы» атты деректі, тарихи көркем фильмінде айтылған. Ал, Қазақ хандығының шаңырағы Жамбыл жерінде көтерілгені тарихтан белгілі. Осыдан артық қандай дәлел керек?!

Дегенмен, соңғы уақыттарда дәл осы мәселелерге орай оң өзгеріс, қуанатындай қозғалыс бар. Мен бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаларға жазып жүріп болашаққа қызмет ететін жақсы нәтижеге қол жеткізгендеймін. Тараз қаласында Қобыланды батыр ескерткішін орнатуға жер бөлініп жатқаны, Иштуан Қоңыр Мандоки еңбектері мен мұраларына арналып өткізілгелі жатқан Халықаралық танымдық конференция осыған дәлел. Ол үшін министр А.Райымқұлова ханым мен өңір басшысы Б.Сапарбаев мырзаға алғыс айтамын! Тарихты тануға жол ашып отырған бұл тұлғалар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған маңызды міндеттерді жүзеге асыруға да зор үлес қосып отыр. Бұл өңірде туризм кластерін дамытуға ашылған даңғыл жол деп қабылдағанымыз дұрыс. Мақалада қозғалып отырған көп мәселелер, олардың жүзеге асырылатын, жүзеге асырылуға тиісті жұмыстары – алдағы уақыттың еншісінде. Ең бастысы, бізді тарихты ұлықтауда, тануда сіресіп жатқан сеңнің қозғалғаны қуантып отыр. Оған бәріміз де атсалысуымыз керек. Бұл – тарих және ұлт алдындағы ұлы парыз.

Зерттейтін нәрсе көп. Тіпті, жай мысал түркологияға байланысты көне әдебиеттерді қарап отырғанда жер-су аттары қазіргіден өзгеше аталатындығын байқайсыз. Оны біреу біледі, біреу білмейді. Айталық, Венгрия – Мажарстан, Польша – Леһистан, Болгария – Бұлғарстан, Дунай – Дұна, Германия – Жәрмен, Грузия – Гүржістан, Лезгін – Ілезік… Иштуан Қоңыр Мандоки осыларды жүйелеп шығу да іздегенге бір міндет деп тұжырым жасаған. Ал, болашақта Тараз Мажарстандағы қалалардың бірімен бауырлас қала атанып, достық дәнекеріне айналып жатса, нұр үстіне нұр.

Әзімбек ТІЛЕШЕВ, еңбек ардагері, әуесқой ізденуші-зерттеуші

ТАРАЗ ҚАЛАСЫ

 

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here