ҚызПУ-да «Digital Lady» атты білім бәйгесі өтті

0
2109

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде мектеп оқушылары арасындағы «Digital Lady» атты республикалық пәндік олимпиадасы мәреге жетті, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметі.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған жарыстың басты мақсаты – болашақ талапкерлердің мамандық таңдауына ықпал ету, мектеп түлектерінің келешектеигеретін кәсіптеріне деген қызығушылықтарын арттыру.

Жастардың зияткерлік әлеуетін және оқу орнының қоғамдағы имиджін арттыру бағытындағы білім сайысы 2 кезең бойынша ұйымдастырылды.

Сайыстың іріктеу кезеңіне еліміздің барлық аймағындағы білім беру мекемелерінен 100-ден астам оқушы қатысты. Олар ағылшын тілінен тест тапсырып, базалық білімін тексеруге мүмкіндік алды.Додаға қатысушылар бұл турда лексикалық-грамматикалық тест сұрақтарына жауап беріп, аудиомәтін және видеоматериалдар бойынша тапсырмалар орындады. Бірінші кезең бойынша 11 оқушы 70 пайыз балл жинап, ақтық айналымға жолдама алды.

Ақтық кезеңнің «Introducing» турында әр оқушы өзін, мектебін таныстыру мақсатында жаһандану заманындағы «What’s a Digital Lady» тақырыбында 2 минуттық бейнебаян түсіріп, ХХІ ғасырдағы «Digital Lady» бейнесін ұсынды. Ал «Magic Box» турында білім мен танымды айқындайтын тапсырмаларды орындаса,«Жұлдызды сұрақ» бөлімінде қатысушылар университетте білім беретін профессор-оқытушылар қойған сұрақтарға жауап берді.

Бірнеше сатылы жарыс қорытындысы бойынша Алматы облысының «Үшқоңыр» орта мектеп-гимназиясының оқушысы Диляра Арынова үздік атанып, бірінші орынға ие болды. Екінші орын Алматы қаласындағы №86 мектептің оқушылары Аида Оразбек пен Дана Сәбитоваға бұйырды. Ал үшінші орынды Түркістан облысындағы №3 Хамза жалпы орта мектебінің оқушысы Шахруза Сұлтанбекова, Алматы қаласындағы №86 мектеп гимназияның оқушысы Арманда Қасенова мен Шымкент қаласындағы Қ. Сыпатаев атындағы орта мектептің оқушысы Лейла Құрмашина өзара бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, Алғыс хаттармен және сертификаттармен марапатталды.

Олимпиадада «жүзден – жүйрік…» шыққан оқушы Қыздар университетінің Тілдерді оқыту орталығында 4 ай мерзім көлемінде ағылшын тілінен білімін ақысыз негізде тереңдетуге мүмкіндік алды.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here