Халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабайұлының есімі бүгінде дүние жүзіне мәлім. Ғасыр жасап, екі заманның бірдей куәсі болған ақын өз тағдырын туған халқымен тұтастырып, оның бар өмірін, биік мұратын, мұң-мүддесін жырына арқау етті, дәстүрлі қазақ жырын жаңа дәуірдің талап-тілектеріне орайластыра, жаңарта, жасарта білді. Кәсіби ұлттық әдебиеттің өкілдерімен қатар жасаған ол сол әдебиеттің жаңалықтарын халық поэзиясында пайдаланып, өзі білген халықтың сөз өнерінің тапқыр да бай үлгісін, азаматтық дәстүрін олардың бойына сіңіруге тырысты. Сөйтіп, ол халық поэзиясы мен жазба әдебиетінің арасындағы көпір сияқты болды. Бұл жағдайлар Жамбылдың шығармашылық өнерін өлшеусіз биікке көтеріп, ХХ ғасырда халық поэзиясының жаңа бір өрлеуі туғанын әйгіледі. Мұны ақын замандастары ерте-ақ таныды, бағалады.
Жамбылдың шығармашылық өмірінің 75 жылдығы тойланып жатқан күндерде (1938) Данияның аса көрнекті жазушысы Мартин Андерсен-Нексеннің (1869-1954) ақынға жолдаған сәлемінде: «Сіз көшпенділердің өмірінен осы заманғы адамның, еркін азаматтың өміріне мыңдаған жылғы мәдениеттің көпірін салдыңыз», – деп жазуы жай айтыла салған сөз емес. Ол көшпелі қазақтың суырып салып айтушылығы мен тапқырлығын бүгінгі заманға жеткізіп шыңдаған, жетілдірген Жамбылдың ақындық өнері халық поэзиясының осы заманғы биік үлгісі екенін көріп, мойындағандықтан айтқан. Ал, орыс жазушысы Л.Соболев осы пікірді «Жамбылдың халықтың ақындық дәстүрлерін сақтаушы ретіндегі зор таланты, оның айқын дүние танымы қазақ әдебиетінің екі бағытын: бұрынғы ауызша поэзия мен қазіргі кәсіби поэзияны біртұтас етіп біріктіреді», – деген оймен қорытты.
Жамбыл 1846 жылы қазіргі Шу өзені бойындағы Жамбыл тауының етегінде ақпан айының аяқ кезіндегі қыстың бір боранды күндерінде туыпты. Содан ол Жамбыл атын алған. Әкесі Жапа Ыстыбайұлы жоқшылық зардабын көп тартқан кедей, бірақ тумысында ержүрек, батыр адам болған. Қоқан хандығына қарсы (Жетісу өңірі ол кезде Қоқан хандығына қараған) халықтық күрестерде өжет ерлігімен көзге түскен. Жамбыл оның үш ұлының (Тәйті, Жамбыл, Қоман) ортаншысы екен. Бұл балалардың жастық шағының бәрі көшпелі ауылдың кемтарлық, жоқшылығы жағдайында өткен. Қоқан ханы Құдияр, оның атарман-шабармандары қазақ ауылына салықты шектен тыс көп салып, адам төзгісіз зорлықтар жасаған. Қалың бұқараны қайыршылыққа ұшыратып, тентіреуге дейін барған. Жамбыл жас кезінде осындай халықтық күйзелістердің куәсі болған. Болашақ ақынның өмірге көзқарасы да осындай жағдайда қалыптасқан.
Жамбыл ешқайда оқып білім ала алмаған. 17 жасында оны Тәйті деген ағасы ауыл молдасына алып барған екен, молданың бірінші таяғынан кейін Жамбыл оқуға бармай қойған. Есейіп, сөз өнерін қууға ниет ете бастаған жас талант молда алдындағы қорлықты бірінші рет өлеңмен суреттейді:
Шып-шып етіп молданың
Қолындағы тобылғы.
Қозғалтпайды жон жағым,
Талай дүре соғылды.
Торсылдатып танадай
Жыртар болды тонымды.
Діни-схоластикалық оқу тәртібін, молданың қаталдығын сынауда өлеңнің едәуір әлеуметтік мәні бар. Әкесіне шағым ете барып («Шағым»), Жамбыл енді молда алдына бармайтынын, ақындық жолды қуатынын айтады. Ақындық өнерді мадақтау, өлең сүйетінін айтып, осы жолға түсуге рұқсат сұрау Жамбылдың сол тұста шығарған «Әкеме», «Сарыбайға» деген өлеңдерінің де мазмұнын құрайды. Бірақ, өлең сөздің бағасын түсінбейтін қатал әке оған рұқсат етпеген. «Екейде елу бақсы, сексен ақын, болады жын шаққандай кешке жақын» деген аңызды есіне салып, «Сен сексен бірінші болып қайтесің», – деген.
Екей – Жамбылдың шыққан руы. Шынында да, бұл рудан талантты ақын-жазушылар, өнер иелері көп шыққан. Солардың ең атақтысы – Сүйінбай ақын. Сүйінбай жырлары ел басшыларына жағынбай, шындықты айта білуімен, өткірлігімен, тапқырлығымен ұнаған және халық арасына кең тараған. Жасынан сөз өнеріне жетік, шыншыл, бірбеткей Жамбылдың алғашқы өлеңдерін Сүйінбай мақұлдап, оған бата берген. «Өлеңді тыңдаушының көкейінен кетпейтін етіп айт. Сенің өлеңдерің жеке адамдардың емес, бүкіл халқымыздың игілігіне арналатын болсын. Көмеймен емес, жүрекпен жырла. Әрқашан әділ сөйлеп, адал бол», – дейді үлкен ақын жас шәкіртіне. Сүйінбай жолын куған Жамбыл оны өмір бойы ұстаз тұтып, одан үлгі алған. Жанас ақынға айтқан өлеңінде ол:
Менің Пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай.
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай.
Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай! – дейді.
Халықтың төменгі тобының ішінен шығып, өнер қуған ақынның ендігі мектебі де елінің өмірі мен шындығы болады. Ол еңбекші елдің кемтар тіршілігін, ел басшыларының әділетсіздігін, таптық қайшылықты көп жырлаған. Алайда, Жамбылдың революциядан бұрынғы жырлары кезінде жазылып алынбай жоғалған. Олардың азын-аулақ сақталғандарының өзі-ақ ақын жырларының халықтық бағытын айқын таныта алады. Ол «Жылқышы», «Кедей күйі» өлеңдерінде еңбегі мен бейнеті жанбаған адамның аянышты күйін, оны тағдыр талқысына салған заман қатыгездігін айтты.
Сары түнде сарылып, кірпік ілмей,
Салқын күзде бір жылы үйді білмей,
Сахарада салақтап күндіз-түні,
Бұралқы ит пен малшының сиқы бірдей, – деген жолдарда қазақ ауылындағы малшы тіршілігінің қатал да ащы шындығы бейнеленді.
Жамбылдың алғашқы жырларында басым көрінетін сыншылдық ащы сарынды осы шындық туғызды. Ол халық мұңын көре білмейтін, ел күйімен санаспайтын қатыгез ел басшыларын сынға алады. «Сот сайланарда», «Мөңке туралы», «Шалтабайға», т.б. өлеңдеріңде ақын болыс-билердің әділетсіздігін, парақорлығын, қатігездігін батылдықпен аяусыз шенейді.
Қайымады түйелер,
Қысырады биелер.
Қыста қырсыз жұт болдың,
Елге жүгіңді үйе бер.
Шығынмен де шаршаттың,
Енді қайтіп күй енер?! – дейді ақын Ұзын Қарғалының болысы Сәтке айтқан өлеңінде.
Жамбыл Сәттің болыс болған заманын халықтың қайғылы дәуірі етіп суреттейді де, осыны қайта сайлау керек пе, жоқ па дегендей, елге ой сала сөйлейді.
«Шалтабайға» айтқан өлеңінде ақын Абай болыстарының типін («Болыс болдым, мінеки» өлеңін еске алыңыз) бейнелеп, оның сайлау кезіндегі шабуылы мен билікке жеткен мерзімдегі салғырт мінезін сықақтайды. Бай адамдардың өктем, менменсіген ұсақ мінездерін сынау ақынның «Қалиға», «Мәмбетке», «Есенәлі мешкейге», «Кәдірбайдың төбеті» атты өлеңдерінде кең орын алады.
Жамбыл жырларының өткірлігі мен ақынның бетке айтар қайсар таланты осы кезден бастап-ақ оның беделін көтере түседі. Есенәлі деген бай дастархандас болған Жамбылды ұнатпай, «Жамбыл май жемейді» деп қазының бәрін өз алдына туратқызыпты. Сонда шыдамаған Жамбыл:
Жаралғалы жегенің қазы, жамбас,
Қарның ашты дегенге адам нанбас.
Ет пен майды ішіңе сықап алып,
Адамшылыққа инедей орын қалмас, – депті.
Жақсы көретін иті өлгенде Жетісу ақындарын жинап алып жоқтатпақ болған Кәдірбайға да Жамбыл: «Итің мал күзетуге керек еді, одан да өзің неге өлмедің?» – деген.
Жамбыл бірде Ұзынағаш базарында Қисыбай болыс бастаған бір топ ұлықтармен (ішінде орыс чиновнигі бар) кездесіп қалыпты. Қисыбай оны орыс әкіміне таныстырып: «Мынау Жамбыл деген қазақтың ақыны», – депті. Ұлық қылышын нұсқап: «Анық ақын болса, бізді өлеңге қосып айтсын», – дейді. Сонда ұлықтарға айтқан жырында Жамбыл сол дәуірдегі әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздіктің көріністерін терең суреттеп, ел басшыларының кінәсін бетіне басқан. Өлең өткірлігімен, суреткерлік тапқырлығымен, ақындық сырдың мазмұнды байлығымен бағалы. Өлеңді:
Қолына қылыш ұстаған,
Ақыл-ойы қысқадан.
Қазақты қорлап жақтырмай,
Қылышымен нұсқаған.
Кедейді көрсе керіліп
Сөйлесуге ерініп,
Сендерге ермек болуға
Жүргенім жоқ зерігіп, – деп наразылығын айтудан бастайды да, әрі қарай Жамбыл ел жағдайының ауырлығын суреттеуге ауысады. Ақын ел мұңын жоқтаушы боп сөйлеп, халық пен ұлықтар арасындағы қайшылықты ашады, орыс әкімшілігінің отаршылдығы қыспаққа түсірген халықтың жүдеу тіршілігін бейнелейді.
Жамбыл шығармашылығында саяси-әлеуметтік мәселелердің тереңдей қойылуына революция қарсаңындағы қоғамдық тартыстар мен қақтығыстар елеулі әсер етеді. 1913 жылы Алматыда Романовтар династиясының (Ресей патшаларының тұқымы) 300 жылдық тойына арналған көрме ашылады да, Алматының (бұрынғы Верный) губернаторы патшаны мақтау үшін Жетісу ақындарын жинайды. Осы жиында айтқан «Өстепкеде» («Выставка» деген сөзден алынған) деген өлеңді Жамбыл патшаны мақтауға бармай, керісінше көрмеге келген ел әкімдерінің жағымсыз мінездерін сынаған:
Елде жүрген егейлер
Қалада құр үйілдің.
Ұлық көрсең ұйлығып,
Желді күнгі қамыстай
Жапырылып иілдің.
Жүріппіз сыр алыспай,
Жайларыңды түйіндім.
Келтірдіңдер намысты,
Бек қорланып күйіндім, – дей отырып, ақын:
Шұлғымаймын сендерше,
Керегі жоқ сыйыңның.
Қор болмаймын өлгенше,
Өлеңіме сыйындым, – деген асқақ мінез білдіреді.
1916 жылғы маусым жарлығынан кейінгі халық басына түскен ауыртпалыққа Жамбыл өзінің жырымен ортақтасты. «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» атты өлеңдерде халықты тәуелсіздік үшін күреске үндеп, көтеріліс басшыларын мадақтады.
Жамбылдың айтыс шебері есебінде танылуы да осы кезде. Жазуы кеш дамып, өлеңді ауызша шығарып айтуды дәстүрге айналдырған елде айтыс – ақындықтың үлкен мектебі болғаны белгілі. Ақын айтыс үстінде тапқырлыққа, уытты сөздерді табан астында тауып айтуға үйренген, шеберленген. Жамбыл да осы салтты берік ұстап, қолына домбыра алғаннан бастап айтысқа түседі, сөз жарыстыру өнеріне жаттығады. Оның айтыстарында ақынның осы жолдағы ізденістерінің алуан түрлі үлгісі бар. Айкүміспен, Бөлектің қызымен айтыс-қақтығыстарында жас ақын аңсарын өлеңмен сездіріп, өзімен замандас, тілектес жастарды сырласуға шақырады. Бақтыбаймен, Сарымен, Майкөтпен, Жүнісбаймен кездесулерінде жас ақын егде ақындар алдында өнерін көрсетіп, олардан ақындық жолға бата алады. Орайлы жерінде ол ақындардың өзін сөзден бөгеп, үлкен өнер иесі екендігін мойындатады. Мұның бәрі Жамбылдың үлкен айтысқа барар жолы тәрізді.
Жамбыл айтыстарының үлкен үлгілері – оның Құлмамбетпен, Сарбаспен, Досмағамбетпен, Шашубаймен айтыстары. Бұрынғы айтыс ақындарының көбінің басында бар қайшылық – ру атынан сөйлеу, оны мадақтап, қарсы руынан жоғары қоюға тырысу Жамбылда да кездеседі. Бірақ, түптеп келгенде, ақын қарсыласын жеңерлік, тілге тиек етіп, мақтан тұрарлық әңгімелерді ру маңынан, жеке адамдардың байлығын айтудан емес, халықтың игі қасиеттерінен, ерлік салтынан іздейді.
Құлмамбетпен айтысында Жамбыл Албан, Дулат руларының байларын мақтаған қарсыласына:
Баймын деп сендей тасыман
Кедеймін деп жасыман.
Берекелі елді айтам,
Ер тұтқасы ерді айтам,
Басымнан сөз асырман, – дейді. Ол Сұраншы, Саурық, Сыпатай батырлардың ел мүддесін қорғаған ерліктерін мадақтайды.
Құлмамбетпен айтыс – Жамбылдың ең көлемді және поэтикалық күш-қуаты мол айтыстарының бірі. Құлмамбет бұл кезде (айтыс 1881 жылы болған) Жетісу еліне аты кең тараған, айтыстың белгілі шебері еді. Айтыста көп жеңген жүйрік ақынды халық «Құлан аян Құлмамбет» атаған. Іле бойындағы үлкен бір жәрмеңкеде тоғыз ақынмен айтысып, бәрін жеңген Құлмамбет мардымсып, өзіне тең келер ақын іздейді. Жас Жамбылдың атағы жаңа шыға бастаған кез. Құлмамбет онымен айтысуға ниет қылып:
Біреуді Жамбыл деген ел мақтайды,
Еркек қойдай құйрығын салмақтайды,
Ақын болса қайда отыр ол немесі,
Көрелік оны неге ардақтайды.
Құдеке, кісі жібер Жамбылыңа,
Жамбылды болар ма екен алдыруға?
Албан, Дулат тобында мен бір жорға,
Менімен жарар ма екен шалдыруға? – дейді. Жиын иесі Құдай берген Жамбылды алдырады. Есіріп отырған Құлмамбет Жамбылға тиісе сөйлеп, айтыста оны кемітіп, шыққан руын жамандаудан бастайды, өз елінің байларын мақтайды. Жамбыл оның бәріне тойтарыс бере отырып:
Адамдықты айт, ерлікті, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр
Оны мақтап әуре болмай, жөніңе қайт, – дейді. Оның үстіне Жамбыл Құлмамбет мақтаған қазақ байларының сасық байлығына қарсы өз елінің өнерпаздығын, отырықшылдығын, Алматы сияқты шаһар салғанын мақтан етеді.
Осындай үлкен айтыста Құлмамбет сияқты белгілі ақындарды жеңіп, Жамбыл аты ел ішінде онан әрі кең жайылады.
Өз елінің өнері мен батырларын мадақтау, байларды сынау, көп ойындағы бұқарашылдық сезімді дәл баса айту Жамбылдың кейінгі айтыстарында да кең орын алады. Дулат руының көптігін айтып мадақтаған, Жамбылдың елі Шапыраштыны кемсіте сөйлеген Сарыбас ақынға қарсы Жамбыл:
Көп Дулаттың баласы
Рас, сенен аз едім.
Аз да болса, батыр ем,
Топты жерге барғанда
Саулап тұрған сөз едім, – деп жауап береді. Айтыста Сұраншы батырдың Қоқан хандығына қарсы елін қорғап көрсеткен ерлігі жырланады. Батырдың руға бөлмей, ел намысын қорғаған патриоттығы мадақталады. Сөйтіп, алғашқы өлең-жырларымен қатар Жамбыл айтыста да халық мұңын жырлаушы ақын болып қалыптасты.
Жамбыл халықтың эпикалық жыр үлгілерін де игерген ақын есебінде танылған. Оның «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» атты дастандары да халықтың арман-мұңын жырлауға арналған. Бұл шығармалардың идеялық негізіне халықтың шартты тұрмысы мен бақыты үшін күрескен ерлердің үлгілі істері алынады.
Өтеген туралы халық аңызы Жетісу бойында кең жайылған. Сүйінбай, Майкөт сияқты ақындар оның сюжетін пайдаланып, өзінше жырлаған. Жамбыл аңыздың негізгі сарынын сақтай отырып, оған жаңа мазмұн береді. Оның Өтегені – қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын еркіндік заманды іздеуші, бақыт пен тыныш қоныс үшін күресуші. Аңыздың біраз мифтік жақтары (Өтегеннің батырлығының белгісі – қос мүйізді болуы, айдаһармен алысуы, жезтырнақпен кездесуі, т.б.) Жамбыл дастандарында сақталады. Алайда, мұны ақын бақыт іздеп ылғи жол үстінде жүрген батырдың ерлігін көрсету үшін алады. Батыр жауыздықтың бәріне қас, жетім-жесір, жылағанды жақтаушы гуманист болып суреттеледі.
Дастан ауыз әдебиетіндегі батырлық жырлардың үлгісімен шығарылған. Онда ел арманын арқалаған Өтегеннің Жетісу бойын анталаған патша мен хандардан аулақ тыныш қоныс іздеуі, сол жолда қиын-қыстау шақтарды бастан кешкен ерлігі дәстүрлі жыр үлгісінде жырланады.
Сұраншы батырды жырлауда Жамбыл тарихи деректерге сүйенеді. Қоқан хандығына қарсы халықтық күресте ерлік көрсетіп, хандық езгіден құтқарған Сұраншы Хакімбеков Жетісу бойының аса сүйікті батырларының бірі болған.
Шығарма сюжеті нақты оқиғалар арқылы дамиды. Қоқан ханы Құдияр Жетісуға шабуыл жасап, елді қырып-жоя бастайды. Қорлыққа шыдамаған ел Сұраншы батырды іздетеді. Алыста, тау ішінде жатқан кедей батырға қос атпен кісі шабады. Сұраншы өз батырларын жинап, «құмырсқадай қайнаған» көп жаумен соғысқа шығады. Ақын Сұраншының осы тұстағы ерлігін зор шабытпен жырлайды. Дастанда дәстүрлі батырлық жырдың үлгісі жаңа мазмұнмен байытылады. Жырдың тағы бір жаңалығы – онда қазақ халқын Қоқан хандығының қол астынан азат етудегі орыс әскерлерінің пайдалы қызметі, азаттық жолындағы күресте табысқан қырғыз, өзбек еңбекшілерінің достық ынтымағы нанымды суреттеледі.
Мұның бәрі Жамбылдың ақындық жолының алғашқы кезеңі халық өмірімен тығыз байланыста болғанын көрсетеді. Ол шындықтың шабытты жыршысы, халықтың арман-мұңының жоқтаушысы болды. Қазақстанда Кеңес өкіметі орнаған тұста Жамбыл жетпістен асқан қарт еді. Еңбекші елімен бірге өмірдің азапты жолын өткен ақын оны теңдік заманы туды деп ұқты, байлар мен билеушілерді тежеп, кедейлерді алға ұстаған саясатты мақұлдады. Сондықтан, ол революция тудырған өзгерістерді ықыласпен қабылдап, оны жырлауға дайын екендігін білдірді.
Ақынның 20-шы жылдары айтқан жырларының көбі сақталмаған. Кезінде жазылып қалғандары – «Қазақстан тойына» (1924), «Заман ағымы» (1927) сияқты бірен-саран ғана жыр-толғаулар. Мұның алғашқысын Жамбыл Қазақстанның автономия алуының төрт жылдық тойында айтқан. Онда елдікті, тәуелсіздікті аңсаған ақынның көңіл-күйі, арман-тілегі жырланады, Қазақстан автономия алуына қуанышын білдіреді.
«Заман ағымы» – ұзақ толғау жыр. Ол 1927 жылы жер бөліс кезіндегі бір жиында айтылған. Мұнда ақын өзінің туған халқы бастан кешкен тарихи кезеңдер мен уақиғаларды эпикалық сарында жыр етеді. 81-ге келген қарттың көрген өмірі де, шеккен азабы да аз емес еді. Жамбыл жыр оқиғасын өз сезімін суреттеуге құрады да, осы ұзақ дәуірлер ішіндегі ел билеушілер, қоғам, әлеуметтік өзгерістер жайлы толғайды. Өзі көрген халық өмірінің ауыр күйлері жырда кедей-жалшылар өмірінің суреттері, әйелдердің теңсіздіктегі тіршілігі арқылы көрініс табады. Елді алдап сорған, қанаған бай-болыстар, молда-қожалар, саудагерлер жайы сөз болады. Ақын заман ағымының өзгергенін айтып, жаңа өмір таңы атты деген сенімін жырға қосады. Жырда Жамбыл өзі куә болған халық өмірінің екі кезеңі ақындық шендестірулер арқылы көркем суреттеледі.
Жамбылдың шығармашылық өрлеу жолдары – отызыншы жылдар іші. Бұл кезде біздің елімізде жаңа қоғамдық құрылыс – социализм жеңді деп жарияланды, жаңа конституция қабылданды. Қазақстан автономиялық республикадан одақтық республикаға айналды. Осының барлығы билеуші партияның жүргізіп отырған өктем, отаршыл саясатын бүркемелеп, демократияның жақтаушысы болып көрінуге тырысуы еді. Ұсақ ұлттарды езу, олардың бас көтерер азаматтарын мезгіл-мезгіл жойып, ұлттық қозғалысты басып отыру саясатымен қатар коммунистік партия мәдениетті дамыту саласына көңіл бөліп, творчество адамдарын идеологияны нығайтуға пайдаланды, оларды жаңа қоғамдық құрылыстың артықтығын суреттеуге, осындай заман орнатқан партия, ел басшыларын жырлауға бағыттады. КСРО Жазушыларының бірінші съезі (1934) осындай ұранмен өтті. Онда ауыз әдебиетін жинау, одан үйрену, халық поэзиясына көңіл бөлу мәселесі де сөз болады. Қазақстан Жазушыларының бірінші съезінде Жамбыл одақ мүшелігіне өтті. Үкімет оған арнаулы хатшы бекітті. Ақын 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, одан орден алды. Мәскеуді, Ленин мавзолейін аралады. Осындай жағдайлар қарт ақынның көңіл-күйін көтеріп, оны заманын көтеріңкі пафоспен жырлауға итермеледі. Ол социалистік қоғамды, партияны, оның көсемдерін, халықтар достығын мадақтайтын жырлар шығарды. Олардың ең маңыздылары – «Туған елім», «Ленин мавзолейінде», «Халықтың сәлемі», «Ленин», «Орден алғанда», «Қайта жасардым», т.б.
Жамбыл шығармаларында Отан сүю мен оны мекендеген халықтар достығы тақырыбы кең жырланады. Жаңа өмір үшін күресте нығайған осы достыққа ақын айрықша мән береді. Достықты терең түсіне, сезіне жырлау ақынның «Дастархан жыры», «Халық туысқандығы», «Пушкинге», «Тарас», т.б. өлеңдерінде анық байқалады.
1937 жылы желтоқсанда Жамбыл Тбилисиде өткен Шота Руставелидің 750 жылдық тойына барды. Осы сапарда ол «Кавказға сәлем», «Ақынға», «Тынық Донның ұлдарына», «Өмір жыры», т.б. көптеген өлең-жырлар шығарды. Олардың бәрі де жол үстінде ақын көрген, сезінген өмір мәліметі негізінде туды.
Отан бейнесін жасауға Жамбыл халық поэзиясының ең бір шырайлы, кестелі сөз өнерін қолданады. Ол Отанды көбінесе мәуелі баққа немесе жаңа жолға бет алған салтанатты көш бейнесінде алады. «Жаз жырында» ол:
Отаным – байтақ мәңгі бақ,
Гүл, бәйшешек толған жер.
Он бір жұрт1 – он бір туысқан
Қанаттас қатар қонған жер, – десе, «Одақ» өлеңінде:
Одағым десе ойыма
Шалқыған шалқар көл түсер.
Көк жиегі бал құрақ
Көкорай шалғын жер түсер, – деп, «Ұлы көш» жырында:
Бүгін міне, қарасам,
Бір көш кетіп барады.
Салтанатты, сәулетті,
Гүлдей болып жанары.
Масаты кілем жамылған,
Алтыннан қоңырау тағылған,
Дабысы жерді жарады,
Адамы гүлдей жайнаған,
Қызыл жалау байлаған,
Ел қуанған бір думан
Шырқатып әнге салады, – дейді.
Осы жылдары шығарылған Жамбыл өлеңдерінің тақырыптық шеңбері кең. Ел мен қоғам өміріндегі елеулі оқиғалардың қай-қайсысы болса да, ақын назарынан тыс қалған емес. Ол Жаңа конституцияны («Ұлы заң», «Бір жыл», «12-декабрь»), Қазақстанның ұлттық мейрамын («Одақтас»), колхозды ауылдың өмірін («Жайлау», «Егіс жылы», «Мал өсірген аймақта»), табиғатты («Жаз», «Алатау») жырға қосады. Партия съездеріне, Жоғарғы Кеңес сессиясының жиналуына, жастарға, қызыл әскерге, дәрігерлерге, мұғалімдерге арнау өлеңдерін айтты. Осылардың бәрінде ақын өз отандастарына өмір туралы өз байламын толғады, оларды жаңа өмір үшін күреске үндеді.
Жамбыл шығармаларының осы бір тұста шарықтап көрінуі кездейсоқ та емес еді. Ауызша шығарылып, тараған әдебиет үлгісін, халықтың сөз өнерін жетік білген Жамбыл бойында екінің бірінде кездесе бермейтін, елден ерек талант бар-ды. Ол сол талантын жаңа жағдайда дамытып, байытты. Сөзге жаңа мазмұн, өзгеше өң берді. Эпитет, теңеу, метафора, кейіптеу, әсірелеу сияқты көркемдік құралдар оның тіл байлығымен қатар заман бейнесін танытар сөздерді табуға жәрдемдесті. Мұның негізінде ақын еңбегінің халық творчествосымен тығыз байланысы жатыр. Ол туған халқының қуанышы мен қайғысын терең толғап айта білді, өзін ғасырлық тарихтың куәсі ретінде ылғи да алға ұстап отырды.
Ұлы Отан соғысын Жамбыл жауға деген ызамен, кекпен қарсы алды. Тоқсанды орталаған қартты әлпештеп, оны қайта жасартқан заманына, Отанына төнген қауіп ақын жанын қатты күйзелтті. Сондықтан да, ол соғыстың алғашқы күнінен әділетті соғысты жақтаған фашизмді әшкерелеген, өз отандастарын жауға қарсы күреске шақырған отты өлеңдер шығарды. «Ата жаумен айқастық», «Өмір мен өмір белдесті», т.б. өлеңдерінде Жамбыл ұрланып кірген сұрқия жауға қарсы аттанған құйған құрыштай батыр тұлғалы қаһарман халқын жырға қосты, оның күшіне, жеңіске сенім білдірді. «Ленинградтық өренім», «Алынбас қамал», «Москваға» сияқты өлеңдерінде халықтар достастығын жырлап, еліміздің ірі қалаларын (Ленинград, Сталинград) қорғауға үн қосты. Революциялық қозғалыстың орталықтары болған бұл қалалардың жауға қарсы күрестегі ерлік салтын мадақтады.
Ленинградты қорғаудың нағыз ауыр күндерінде шығарылған «Ленинградтық өренім» Ұлы Отан соғысы кезінде поэзияның ең таңдаулы туындыларының бірі болды. өлең қаланы қорғаушыларға күш-қуат берді, оларды жеңіске жігерлендірді.
«Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры жарияланған кез Ленинград халінің аса ауыр шағы еді, – деп жазды ленинградтық ақын Александр Прокофьев, – Бұл шақта немістің қоршауында қалған Ленинградта азық өте аз болды. Жұмыс істейтін адам күніне 250 грамм, жай кісі 150 грамм ғана нан ала алатын, ет, май дегенді халық өте аз және сирек көретін. Басқа азықты тіпті көрген жоқ. Үйлеріне кіретін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды, электр жарығы да нашар жанды, тіпті қаладағы үйлердің көбінде жарық болған жоқ. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды. Осындай халде Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры газеттерде жарияланды. Халықтың рухын көтеруде ерекше күшті қызмет атқарған бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқыды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды кездестірдім. Немістердің самолеттері төбеде ұшып, бомба тастап жүргенде тығылудың орнына Жамбылдың жыры басылған газетті алуға көшеде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім».
Ленин қаласын қорғаушыларға осындай рухани күш берген Жамбыл жырын зор бағалай келіп, Н.Тихонов: «Жамбыл Ленинградқа келіп, оны қорғаушылардың қатарында тұрды», – деп жазды.
«Ленинградтық өренім» өлеңінде қарт жырау Ленин атындағы қалаға деген өзінің ыстық ықыласын қалтқысыз сезіммен суреттей келіп, оны қорғауды бірінші кезектегі міндет етіп қойды. Ленинград пен Қазақстанның творчестволық, экономикалық байланысын әңгімеледі.
Жамбылдың майдандағы жауынгерлермен жазысқан хаттары да жаудан қорғауға үлкен саяси қызмет атқарды десе де болады. 1942 жылы көктемде майданнан келген бір хатта: «Жыр алыбы Жамбыл ата! Қазақ халқы мен орыс халқының ұлдары Дүйсекей Сеитов пен оның командирі Борис Сафаров фашизмді жоқ қылу үшін ерлікпен күресуде. Бізге қуатты жырыңызды жіберіңіз. Жырыңыз бізге көмек береді», – деп жазылған. Мұндай хаттар Воронеж майданының жауынгерлерінен, қазақ солдаттарынан көптеп келіп жатты. Ақынның ұлы Алғадай майданнан хат жолдап, өз бөлімшесінің атына өлеңмен хат жолдауын өтінген. «Сіздің өлеңдеріңіздің бізге көп көмегі тиеді екен», – деп жазған ол. Осы хаттардың бәріне Жамбыл өлеңмен («Майданға хат», «Воронеж батырларына», «Ұлыма хат», «Жүз жасаған жүректен») жауап қайтарған. Жамбылдың соғыс тұсындағы өлеңдері дұшпанға қарсы күресте қаһарлы құрал болды. Ақын халық поэзиясының эпостық кең тынысты дәстүрін дамыта отырып, патриоттық идеяға толы патетикалық толғаулар туғызады. Ақынның Отан алдындағы осындай үлкен еңбегін ескере отырып, КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі оған 1941 жылы әлемге аян жырлары үшін Мемлекеттік сыйлық берді.
Сонымен қатар, Жамбылдың күнделікті тіршілікпен байланысты айтқан әзіл-қалжындар, кәрілік туралы өлеңдері, аралас дос-жолдастарына шығарған шағын экспромт жырлары көп. Мысалы, ол өзі және кәрілік туралы айтқан әдемі бір өлеңінде:
Сақалым темір күрек борға малған,
Селеудей шашым селдір зорға қалған.
Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,
Кәрілік немді қойды қорламаған.
Құлпырған қызыл шырай түсімді алды,
Аузымды опырайтып тісімді алды,
Босатып буынымның шегелерін,
Сыпырып тұла бойдан күшімді алды, – деген. Нағыз шыншыл, образға бай, тапқыр өлең. Кәрілікті мойындаған ақын оның әр белгісін нақты образбен бейнелейді.
Жамбыл жүз жасауға жарты жыл жетпей, 1945 жылдың 22 маусымы күні қайтыс болды.
Жамбыл қайтыс болғанда Қазақстан үкіметі хабарлаған азанамада оны «Халық поэзиясының алыбы, ХХ ғасырдың Гомері» деп атады. Бұл – ақындық еңбегіне берілген зор баға.
Жамбылды қазір әлем біледі. Оның шығармалары көптеген халықтар тілдеріне аударылды. Шетелдің алдыңғы қатарлы прогресшіл қайраткерлері мен көрнекті кеңес жазушылары Жамбылдың көзі тірісінде де, одан кейін де ақын еңбегін зор құрметпен атауда.
Француздың атақты жазушысы Ромен Роллан Жамбылдың 75 жылдық ақындық қызметін тойлау күндерінде: «Батыс Альпінің жүрегінен қазақ халқының және жаңа адам баласының жаршысы, Қазақстан даласының жүрегі Жамбылға туысқандық сәлем жолдаймын», – деп телеграмма берген.
«Халқының жарық жұлдызындай ақыны Жамбылға Индия халқынан бауырластық сәлем. Ол өз халқының өмірін терең, толғана жырлаумен заманының ұлы ақыны болып қалады», – деп жазған ұлы үнді жазушысы Рабиндранат Тагор.
Тәжік ақыны Мирзо Турсун-заде Жамбылдың туғанына 125 жыл толуына арналған кеште сөйлеген сөзінде: «Қазақ халқы ұлы жыршы Жамбылды дүниеге келтірді. Оның өлеңдерін оқыған кезде көз алдыңа Алатау елестейді. Жамбылдың поэзиясы ғасырлар бойы жасайды, әрқашан да өлмейді. Ең биік шың – адамның жаны, адамның жүрегі, Жамбыл өзінің поэзиясымен бұл шыңға жол таба білді және шыңды бағындырды», – дейді.
Бұл сөздер – ақын өмірі мен шығармашылығына, оның ғасыр жасаған, ерлікке толы поэзиясына берілген зор баға.
Серік ҚИРАБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі
- Он бір одақтық республика. – С.Қ.