Латын әліпбиіне өтудің қажеттілігі

0
6697

Мақалада қазақ жазуының тарихынан үлкен орын латын жазуының түрік халықтары үшін маңызы мен қажеттілігі қысқаша баяндалады. Әліпби – ұлттың рухани байлығы екендігі, жазудың ұлттың рухани қазынасын, мұрасын, ғылымын, әдебиетін, мәдениетін сақтаушы құралы екендігі сөз болады. Өткен ғасырдың өзінде ұлттық бірегейлікті ұстау мақсатында қазақ зиялылары түркілік түбірге назар аударды. Қазақ жазуын латын графикасына көшіру туралы мәселе қазақ зиялы топ өкілдерінің бастамасымен, 1989 жылы «Тіл туралы» Заңның қабылданысымен-ақ көтерілді. Мақалада қазақ жазуын латын жазуына көшірудің қажеттіліктері тілші ғалымдардың пікірлерімен дәйектеледі.

Тілді тұрақтандыратын, асқақтататын – оның әліпбиі, яғни жазуы екені анық. Жер бетін мекен еткен барша халық өзіндік ұлттық мұраларын жазу арқылы ұрпақтан-ұрпаққа мирас етеді. Әліпби – ұлттың рухани байлығы. Ал жазу арқылы ұлттың рухани қазынасы, мұрасы, ғылымы, көркемөнері, әдебиеті, мәдениеті сақталады.

Жазу мәдениеті өте ерте заманда қалыптасқанымен, әлем халықтары арасында жазудың негізгі үш түрі (латын, араб, кирил) қолданылады.

Орта ғасырларда бүкіл Еуропа халықтарына кең таралған латын әліпбиі грек жазуы негізінде пайда болған. Әр халық әліпбиін өз тілінің дыбыстық жүйесіне ыңғайлап, бастапқы әріптің мағынасын сақтап, формасына ішінара өзгеріс енгізіп отырған. Еуропаның 80%, Азияның 50 шақты, Африканың 130-ға тарта, Американың 60-қа таяу халқы латын жазуын қолданып келеді. Латын әліпбиінің тіл ерекшелігіне бейімделгіштігі мен жазудағы икемдігін ескерген басқа да әлем халықтары оны өз әліпбиі ретінде қолданысқа енгізуге бет бұра бастады.

Еуразия кіндігінде орныққан түркі тілдес халықтар өткен ғасырдың             20-жылдары осы әліпби негізінде жазуын дамытқанын тарих дәлелдейді.

Жазу мәдениетіне саясаттың кереғар ықпалының нәтижесінде әліпбиін өзгертуге мәжбүр болған осы түркі тілдес халықтардың ішінде тек қана Түрік мемлекеті латын графикасына негізделген жазумен сауаттанып келеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы лебі соғылып, Кеңес Одағының ыдырауымен түркі тілдес тәуелсіз республикаларда түркілік идея бас көтере бастады. Ұлттық бірегейлікті бекіту мақсатында қазақ зиялылары түркілік түбірге назар аударды. Қазақ жазуын латын графикасына көшіру туралы мәселе қазақ зиялы топ өкілдерінің бастамасымен, 1989 жылы «Тіл туралы» Заңның қабылданысымен-ақ көтерілген болатын. Осындай әрекеттер өзге де түркі тілдес республикаларда орын алып, бұл үдерісті ашық қолдаған, өзінің сыртқы саясатында басқа түркі тілдес елдермен байланысын нығайтуды мақсат еткен, ортақ түркі әліпбиі идеясын шабыттандырушы, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің түрлі салалық институттары мен жоғары мектептері, университеттерімен қарым-қатынас жасаудың инициаторы Түркия елі болатын.

Түрік мемлекетінің ұстанымы бойынша, түркі тілдес елдер өркениетін нығайтудың негізгі мәні мәдени құндылықтарда, түркі мәдени бірегейлігін қалыптастыруда басты рөлді түркі тілдерін латын графикасына көшіру атқаратыны белгілі.

1991-92 жылдары Түркия мемлекетінде ұйымдастырылған жиындарда Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түрікменстан мемлекеттерінің жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі талқыланады.

Осы жиынға қатысқан қазақтың академик-тілші ғалымы Ә. Қайдар латын графикасы түркі халықтары тілінің ортақ әліпбиі ғана емес, олардың мәдени, рухани, әдеби, тағы басқа да байланыстарының іргетасы болуы қажеттігін айтады.

Ә. Қайдар қазақ жазуының латын графикасына өтуі кезек күттірмейтін аса қажеттілік екенін негіздеп, үлкен мақала жариялайды. Соңын ала осы мәселе бойынша ел Президентіне де Ашықхат жолдайды.

Осы хат негізінде ел Президенті әліпби ауыстыру мәселесіне байланысты қоғамдық пікірді зерттеу үшін өкілетті органдарға тапсырма жүктейді.

Тіл комитеті тарапынан ұйымдастырылып, ғалымдардан, әдебиет және өнер, қоғам қайраткелерінен, мемлекеттік мекемелер өкілдерінен құрылған комиссия қазақ жазуын латын графикасына көшіру бойынша келіп түскен жобаларды сараптау жұмысын бастап кетеді.

Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшу шараларын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының құзырына тапсырған болатын. Аталған институтқа Философия және саясаттану, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер және Экономика, Информатика институттарының ішінен ғылыми қызметкерлер, орындаушылар тағайындалып, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбилерінің жобалары талқыланды, жаңа әліпбиге кететін экономикалық шығындар есептеліп, халық арасында түрлі әлеуметтік сауалнамалар және шетелдік тәжірибелер қарастырылып, сараптамалар, ғылыми негіздемелер жасалды.

Алайда қазіргі Қазақстан қоғамында өзекті мәселе болып тұрған қазақ жазбасын өзгерту – латын әліпбиіне ауысу мәселесі шешілді. Ғалымдар, қоғам, өнер қайраткерлері арасындағы әртүрлі көзқарастар мен пікір қайшылықтары болды. Өз ұстанымдарын негіздеуге тырысқан зиялы топ өкілдері бір тоқтамға келді деуге болады.

Сонымен, қазіргі қазақ қоғамында әліпби реформасын жасау мәселесіне қатысты төрт түрлі көзқарас қалыптасқан. Бірінші топ орхон жазуына өту керек десе, екіншілері А.Байтұрсынұлы реформалаған араб әліпбиі негізінде жасалған төте жазуды қайта ұстануды қолдайды. Үшінші топты құраушылар қолданыстағы әліпбидің кемшін тұстарын реформалау керек, ал басқа әліпбиге көшу халықты сауатсыздандыруға жеткізетіндігін алға тосады. Енді бір басым бөлігі қазіргі заман технологиясында қолдануға жеңілдігін, басқа да артықшылықтарын санамалай ескеріп, латын графикасы негізіндегі әліпби жүйесіне түпкілікті тоқталуды жөн санайды.

Қазақ тілінің латын негізіндегі әліпбиге көшу қажеттігін мәселе ретінде көтеріп жүргендердің шоғыры анағұрлым басымырақ. Осы ұстанымды қолдаушылар да өзіндік дәйектерін көп аспектілік негізде ұсынып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі Қазақстанның түркі халықтары әлемімен жақындасуына мүмкіндік беретіндігін, ал бұл дегеніміз Қазақстанның мәдениетін және ұлттық бірегейлігін нығайтуға септігін тигізетіндігін; латын графикасына өту Қазақстанның Ресейдің империялық ықпалынан, сыналап енген орыс мәдениетінен құтылудың жолы ретінде ұлттық бірегейліктің ғұмырын ұзартатын, әлем қазақтарын біріктіретін құрал екендігін, Қазақстанның өзінің дербес ұлттық жазуы болатындығын басты критерий етіп көрсетеді.

Әліпби ауыстыру мәселесі көтерілген 1990 жылдардың басында латын графикасы негізіндегі әліпбиді енгізуге байланысты қарсы көзқарастардың көп болуына қарамастан, Ә.Қайдар бастаған қазақ ғалымдары осы ұстанымды берік ұстанды.

Ғалым, академик Ө.Айтбаев қазақ тіліне және бүкіл Қазақстанға латын графикасын енгізудің принциптік мәні бар екенін айта келіп, бұл мәселеге филологиялық тұрғыдан қарап, латын әліпбиі кирилге қарағанда қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктеріне сай келетіндігін атап көрсетеді. Сонымен қатар, оның пікірінше, латын әліпбиі қазақ халқының тілін, рухын, ділін сақтайтын маңызды мәдени элемент.

Жаңа әліпби қазақ жазуының кемшіліктерін болдырмауға мүмкіндік беретін, тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, дамуына ықпалын тигізердей деңгейде болып, түркі тілдес халықтардың қабылдаған әліпбилерімен ортақтық сипатын сақтау басты алғышарт ретінде саналуы қажет.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тарапынан ұсынылған латын графикасына негізделген жаңа әліпби жан-жақты ойластырылып, ғалымдар тарапынан құрастырылған ғылыми нақтыланған жоба. Онда қазіргі әліпби жүйелерінде шешімін тапқан, сонымен қатар жазу тарихымыздағы тәжірибелерді қорытып, дұрыс нәтиже көрсеткен сараптамалар өз деңгейінде пайдаланылған. Қазіргі қазақ жазбасында енгізуге толықтай жарамды. Әріптерді белгілеудегі жеке-дара пікір қайшылықтары болғанымен, қазақ халқы үшін латын графикасына өту заман талабына сәйкес өте қажетті де маңызды болып саналады. Сондықтан қазіргі қазақ тілін латын графикасына негізделген әліпби жүйесін таңбалауда барлығы шамамен 32 таңба жұмсалуы тиіс деп ойлаймыз.

Нағима Қошанова, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Уәлиев Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негiздерi: фил. ғыл. канд. … автореф. –Алматы, 1993.–162 б.

2 Қайдар Ә. Латыншаға көшу – заманауи қажеттілік, бірақ ол – ұзаққа созылатын процесс // Алматы ақшамы, 2006. 2 қараша.

3 Дөңгелек үстел «LATIN: Бір адым алға ма, әлде екі адым кейін бе?» – Ана тілі. – 2007. –18 қаңтар.

4 Сейдімбек А. Қазақ әліпбиін жаңғыртуға қатысты ойласатын мәселелер (келіп түскен хат).

5 Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы ғылыми зерттеу материалдары. –Алматы, 2007. –194 бет.

6 Бегулләһ Ә. ибн Алдамжар әд-Дөйти. Латынға Исраил көше ме?// Ана тілі. –2006. – 9 қараша.

7 Дастан Ельдесов. Что за графической основой языка?// Ана тілі. –2007. – 24 мамыр (№ 21).

8 Айтбаев Ө. Бұл мәселенiң пiсуi жеттi // Алматы ақшамы. –2006. – 2 қараша.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here