Ұлттық ойын – бабадан қалған асыл қазына

0
1933

Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт.

«Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» – деп, Елбасымыз айтқандай, көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан тәуелсіз еліміздің тыныштығын тілеуіміз керек.

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толуына қадам баса отырып, тарихы тереңде жатқан қазақ елінің ұлттық құндылықтарын дәріптейтін жыл басы Наурыз мерекесіне келіп жеттік. Ұлыстың ұлы күні бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымы терең тарихи шежіре.

Наурыз ай туғанда күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін табиғат мерекесі.

Наурыз – жыл бойы өткен-кеткен ренішті кедергісіз кешіріп, ән-күймен, ойын-сауықпен жанды жадыратып, сананы серпілтетін Көңіл мерекесі.

Осындай жадырап келген көктемнің наурыз мерекесін ерекеше  жандандырып, көңіл көтеретін әні мен биі ғана емес, сонымен қатар ұлттық ойындары да жаныңды жадыратады.

Ұлттық ойындар – ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтардың бір түрі. Оның бастауы тым тереңде, ға­сырлар қойнауында жатыр.

Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы аса зор. Ұлттық ойындар қазақ халқының ежелгі – мәдениеті мен өнерінің де ешкімнен кем болмаған. Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ұлттық ойындар атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып жатыр. Ата–бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Шындығына келсек өмір сүруімізде ұлттық ойындардың атқаратын міндеті айрықша.

Осы ойындар негізінде әр халық әртүрлі жаттығулар жасау жолымен дене шынықтыру ісінің негізін салды. Бұл бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығын жақсарта түсуде пайдасы зор екені белгілі. Қазақтың ұлттық ойындары – бабаларымыздан қалған асыл қазына. Сондықтан халықтық мұраны үйренудің әрі күнделікті тұрмысқа пай­даланудың зама­нымызға сай ұр­пақ тәрбиелеуде ора­сан пайдасы тимек. Ойын әр баланың алдынан өмірдің жарқын сәттерін ашып, жеке қасиеттерімен біте қайнасып, әрі қарай дамуымен ұштасады.

Ойын де­геніміз – білуге, білімге құш­тар­­­лықты ұшқындататын құрал.

Қазақта 150-ге тарта ұлттық ойындар бар. Оларды зерттеген Е. Сағындықов, Ә. Диваев секілді ғалымдар: ойын-сауық, тұрмыс-салт ойындары, жануарлар дүниесі, аңшылыққа байланысты ойындар, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, дене шынықтыру спорт ойындары деп бес түрге бөліп қарастырған.

Міне, мұның бәрі баланың көңі­лін ашатын, оны ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиялмен қанат қақтыратын ғажап ақыл-ой жетекшісі, денсаулық ке­пілі, өмір тынысы. Әрине, ол ойындардың бүгінде біразы ел есінен шығып, ұмытылып барады.

Ұлттық ойындар спорттық және ақыл ойға арналған ойындар болып екі топқа бөлінеді. Ұлттық ойындарға мына ойын түрлері жатады: «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Асық», «Ақсүйек», «Арқан тарту», «Қыз қуу», «Көкпар», «Күміс алу», «Жамбы ату». Бұл ойындар баланың еңбекке деген қарым–қатынасы мен ойлау қабілеттерін арттырады және баланы шымыр да епті, зерек те алғыр, тапқыр да парасатты болып өсуге тәрбиелейді. Ұлтымыздың асыл қазынасы болған ұлттық ойындарымызды жоғалтып алмай, ұрпақтан–ұрпаққа жетуін насихаттау, халқымыздың, баршамыздың міндетіміз.

Осы аталған ұлттық ойындардың біріне тоқталып өтетін болсақ, «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада» қазіргі таңда еліміздегі карантинге байланысты қызметкерлер арасында өткізілген Ұлттық ойындарды дәріптеу барысында, оқырмандарға онлайн түрінде жеткіздік.

Тоғыз құмалақ. Тоғыз құмалақ – бүгінге дейін өз дәрежесін ұстап тұрған ұлттық ойындарымыздың бірі. Тоғыз құмалақты төрт бұрышты тақтада  ойнайды. Тақтаның екі қатарға тоғыз-тоғыздан сопақша келген ұясы, әр қатар үшін бірден жасалған екі қазан болады. Олардың түсі екі бөлек. Әр ойыншыға 81-ден құмалақ беріледі. Олар ұяларға 9-дан орналастырылады. Ойын шарты: тоғыз құмалақтың партиясы ақ пен қараның кезектесіп отыратын жүрісінен тұрады. Ойынды бастаушы адам өзінің кез келген ұяшығында бір құмалақты қалдырып, оларды сағат тіліне қарсы жақтан бастап  ұяларға салып шығады. Егер ең соңы құмалақ түскен бәсекелестің ұзындығы тақ саны жұп болса, онда ойыншы сол ұядағы құмалақты түгелімен, өз қазанына аударып алады. Ойын барысында ойыншылардың біреуінің ұясында 2 құмалақ қалып, оған қарсыласы ең соңғы тасын салып үлгерсе, ол үш тасты түгел алады да, ұя ойын аяғына дейін «тұздыққа» айналады. Бұдан кейін сол ұяға түскен тастар «тұздық» иесінің қазанына  көшеді. Қазанына жалпы 82 құмалақ жинаған ойыншы жеңіске жетеді.

Ал «Арқан тартыс» ойыны кітапханамыздағы ер азаматтар арасында өткізілді. Ондағы мақсат, екі жақтағы қатысушыларды күш-жігерлерін анықтау.

 Арқан тартыс. Ойынға ұзындығы 10 метрдей кендір арқан керек. Арқанның қақ ортасы қызыл орамалмен байланады. Осы орамалдың екі жағынан 1,5-2 метрдей қашықтықта жерге белгі салынады. Екі топқа бөлінген жастар бойларына қарай арқанның екі шетінен ұстайды. Төреші белгі берген сәттен-ақ екі топтың ойыншылары арқанды өздеріне қарай тартады. Арқанның ортасындағы қызыл орамалды жердегі белгіге бірінші сүйреп әкелген топ жеңімпаз атанады.

Ендігі кезекте «Қол күресі». Бұл ойын түрі қазақ халқының ұлттық ойыны болмаса да біздің ұлттық ойын түрлеріне ұқсас. Наурыз мейрамы кезінде және басқа да спорттық ойын жарыстарында қолданылып келеді.

 Бұл ойынның қысқаша тарихын айтып кететін болсақ, қол күресі (Армрестлинг) спорты ежелден бері қызық әрі қиын спорт түрі болып табылады. 1952 жылы Калифорнияның Петалума қаласында ең бірінші осы спорт түрі жандана бастаған. Бұл спорт түрінің жандануына үлес қосқан алғашқы адамдардың бірі америкалық журналист – Билл Соберанес. Ол ең алғаш 1952 ж. Петалума залында қол күресінен (Армрестлингтен) жарыс өткізіп халықтың ыстық ықыласына бөлене отырып, осы спорттың дамуына себепші болды. Қазірдің өзінде Петалума қаласында әр жылдың қазан айының екінші сенбісінде қол күресі өткізіліп отырады. 1962 жылы Билл мен Дейв Девото бірінші әлем чемпионатын өткізген. Осылайша бұл спорт түрі қазіргі кезде өз федерациясын құрып, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде өткізіліп отырады. Қазіргі күнде қол күресі «армрестлинг» деген атаумен белгілі. Бұл сөз ағылышын тілінен «arm»-қол, «wrestling»-күрес деген мағынаны береді. Арместлинг спорты қазіргі күнде Олимпиада ойындарында кірмесе де, бұл спорт студенттер, оқушылар, қарттар және мүгедектер арасында өткізіліп отырады.

Бұл ойынды біздегі зағип жандар арасында да өткізіліп отырады.

Жалпы, қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысының да қоғамдық және әлеуметтік мәні зор. Бұған қоса, ұлттық ойындар қазақ халқының о бастан ерекше мәдениеті болғанын айқындайды. Осындай ата-бабаларымыз мұра қылып кеткен асыл қазынамыздағы ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмау үшін келешек ұрпаққа дұрыс дәріптеп жеткізіп отыру біздің міндет.  

Бұл ойындарды дәріптеуде көбінесе көктемгі қазақтың жаңа жылы – 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы кезінде, наурыз көжесімен бірге, әуенді әндері мен билерімен жалғасын тауып, ұлттық ойын-сауықтарымен ұласатыны халықтың көңілінен шығатыны хақ.

Олай болса, Ұлыстың Ұлы күні баршаңызға құт-береке, ырыс-несібе, мол бақыт әкелсін. Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңі – Наурыз мейрамы құтты болсын!

Дайындаған: М.Қ. Әмірова

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here