Үш локдаунды бастан өткерген еврейлер қалыпты өмірге қалай оралды?

0
2499

Джонс Хопкинс университетінің 26 сәуірдегі мәліметі бойынша, пандемия басталғалы бері 9,3 млн халқы бар Израильде 838 мың адам коронавирус жұқтырып, соның 830 мыңы емделіп шыққан. Өкінішке қарай, 6,3 мың адам көзге көрінбейтін жаудың құрбанына айналған. Дегенмен, басқа елдермен салыстырмалы түрде Израильде өлім-жітім аз тіркелген. Мысалы, COVID-19 жұқтырғандар саны Израильмен шамалас Португалияда 17 мың адам опат болған. Ал, қазір Израильде карантиндік шектеулер жоқ, мейрамханалар да, кинотеатрлар да ашық. Сонда үш локдаунды бастан өткерген еврейлер қалыпты өмірге қалай оралды? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін коронавируспен күрестегі Израильдің тәжірибесіне тоқталады.

Қаладан тыс жерлерде, ауылдарда тұратын еврейлер екпені осындай жылжымалы «вакцина бөлімшелерінен» алады

Коронавирустың таралуын тоқтату үшін Израиль үш рет жаппай локдаун енгізді. Алғашқы шектеулер былтыр наурыздың ортасында басталып, мамырдың соңында бір-ақ аяқталды. Карантиндік шектеулер жеңілдетілгеннен кейін індет жұқтырғандар саны күрт артып, қыркүйекте әлемде алғашқы елдің бірі болып локдаунға қайта оралды. Тұрғындарға үйден 500 метрден ары шығуға рұқсат берілмеді және билік оны қатаң бақылауда ұстады. Әдеттегідей мектеп, мейрамхана сияқты барлық нысандарға қара құлып салынды. Желтоқсанда басталған үшінші локдаун үш айға созылды. Бұл кезде вакцинациялау басталып кеткен еді. Тек ақпан айының соңында ғана локдаун алынып, карантиндік шектеулер жеңілдетілді. Жоғарыда айтқанымыздай, қалыпты өмірге оралған еврейлер қазір алаңсыз өмір сүріп жатыр. Бұл қалай мүмкін болды? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

Премьер-министр Биньямин Нетаньяху бастаған, денсаулық сақтау министрі Йоэль Эдельштейн қоштаған халықты жаппай вакцинациялау науқаны жылдам жүріп жатыр. Басқа елдер екпе мәселесінде ойланып-толғанып жатқанда, еврейлердің бұл науқанға білек сыбана кірісуіне өзіндік себеп те жоқ емес. Әрине, басты себеп – коронавирустың таралуын тежеу. Бірақ, халықтың қарсылығына қарамастан Иерусалимнің батыл шешім қабылдауына тағы бір себеп бар. Өйткені, Биньямин Нетаньяху коронавирусқа қарсы вакцинаның барлық елге жетпейтінін, онсыз көзге көрінбейтін жауды жеңу мүмкін болмайтынын, бәрібір халық жаппай екпе алатынын жақсы түсінді. Содан «темірді қызған кезінде соқты».

«Жаппай вакцинациялау науқанын жүргізу үшін вакцинаның дозасы жеткілікті болу керек. Қазіргі уақытта екпеге қол жеткізу де оңай шаруа емес. Бағасы да қымбат. Соның өзінде оған тапшылық байқалады. Осы мәселелерді таразы басына салып, әлемде алғашқы елдердің бірі болып бұл науқанды ерте әрі жылдам жүргізу шешімі қабылданған еді», – деп түсіндіреді премьер-министр.

Үкімет басшысының айтуынша, салыстырмалы түрде Израильде халық саны аз болғандықтан, «Pfizer» компаниясы кішкентай нарықтан көл-көсір пайда таппайды. Ал, вакцина мәселесінде барлық елдер «жүз рет өлшеп, бір рет кесу» саясатын ұстанған жыл басында америкалық фармацевтикалық компания Иерусалимнің ұсынысын қуана қабыл алған. Оның үстіне «Pfizer» компаниясы медицинасы озық, халқының 99 пайызы электронды медициналық карта қолданатын Израильдің жаппай вакцинациялау науқанын сәтті жүзеге асырып, әлем алдында ұпай жинап беретініне сенген.

Биньямин Нетаньяху саясатының дұрыс болғанына оның қарсыластарының да (қыста Израильде жаппай вакцинацияға қарсы шерулердің сан түрі өткен, – ред.) көзі аз уақытта жетті. Неге десеңіз, вакцина сатып алу келісіміне Иерусалим мен «Pfizer» компаниясы желтоқсанда келді. Вакцинаның алғашқы 700 мың дозасын 10 қаңтарда премьердің өзі күтіп алды. Ал, 15 қаңтарда «Pfizer» компаниясы Бельгиядағы зауытын модернизацияға жапқандықтан басқа елдерге вакцина тасымалын уақытша шектейтіндерін хабарлап, бірақ бұл шешім Израильге еш әсер етпейтінін мәлімдеді.

Израиль бастапқыда екпені 60 жастан асқан азаматтарға, содан кейін 16-18 жастағы жасөспірімдерге салды. Қаңтар айының соңында екпе алғандар саны 2,6 млн адамға жетті. Қазір, 26 сәуірдегі жағдай бойынша, вакцинаның екі дозасын алғандар саны 5 млн адамнан асты. Бұл – жалпы халықтың 55 пайызы. Ал, бірінші дозасын алғандар 60 пайыздан асып кетті. Ал, барлық халықтың 80 пайызы екпе алғаннан кейін 2,5 млн бүлдіршіндерге де коронавирусқа қарсы екпе салынады. Демек, Израиль коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыруға жақын қалды.

Қазірдің өзінде еврейлер қалыпты өмірге орала бастады. Карантиндік шектеулер алынып тасталды. Мысалы, барлық нысандар ашық. Оқушылар мектепте, студенттер университетте білім алып жатыр. Кәсіпкерлердің де алаңсыз жұмыс істеуіне бұрынғыдай кедергілер жоқ. Тек алыс-беріс, барыс-келісте Израиль халқынан «жасыл құжат» талап етіледі. Онсыз бір қадам аттап басуға болмайды. «Жасыл құжат» деген не? Ол екпе қабылдағандарға берілетін арнайы құжат. Ал, әлі екпе алмаған 2,5 млн бүлдіршін мен екпе алуға болмайтын денсаулығында кінәраты бар 740 мыңдай адам коронавирусқа тест тапсыруға міндетті.

Айта кетейік, басқа елдер Израильдегідей «жасыл құжатты» ел ішінде қолданысқа әлі енгізген жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да бұл туралы ортақ бір шешім қабылдамады. Қытай ғана мұндай құжатсыз аумағына сырттан адам кіргізбейді. Дегенмен, Израиль тәжірибесін Еуропалық Одақтың бірқатар елі мен Ұлыбритания қолдануды қарастырып жатыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Рас, Израиль – әлемде бірінші локдаун енгізіп, одан бірінші шыққан, алғашқылардың бірі болып шекарасын жапқан әрі жаппай вакцинациялауды бастаған мемлекет. Нәтижесі көңіл көншітеді, таңдай қақтырады. Сөйтіп, қалыпты өмірге қайта оралған Израильдің уақытында «ары тартса арба да сынбайтындай, бері тартса өгіз де өлмейтіндей» шешім қабылдағанын қазір әлемдік қауымдастық мойындады. Ал, коронавирусты жеңудің жалғыз жолы екпе салдыру екенін еврейлердің тәжірибесінен көріп отырмыз.

 Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here