Заманауи университет қандай болуы керек?

0
2666

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті – 1959 жылы құрылған еліміздегі мамандандырылған жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде 62 жылдық тарихы бар Қазақстанда жоғары білікті мұнайшыларды дайындайтын университет батыл идеялар мен стандартты шешімдерді белсенді түрде іске асырып келеді. Өйткені, білім саласының заман ағымына сай түрленуі заңдылық әрі қажеттілік. Онсыз бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау мүмкін емес. ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы осы мақсатта қолға алынды.

ЖАҢА ЗАМАННЫҢ ЖАҢА РЕКТОРЫ

Бес жылға арналған бағдарлама аясында отандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру, қалалық және ауылдық мектептердің, өңірлердің, оқу орындарының, білім алушылардың арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту, үздік практикалар негізінде білім алушылардың, педагогтердің және білім беру ұйымдарының сапасын бағалаудың жаңартылған жүйесін енгізу, білім беру ұйымдарын цифрлық инфрақұрылыммен және қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жарақтандыру жұмыстары басталып та кетті. Аталған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуына жекелеген үлестерін қосып жүргендер де бар. Соның бірі – Гүлзада Тәңірбергенқызы.

Гүлзада Тәңірбергенқызы – «Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, ҚР БҒМ «ЖОО-ның Үздік оқытушысы» атағының иегері.

«Болашақ» түлегі бай тарихы бар университет тізгінін 2019 жылы қолына ұстады. Осы екі жылда жоғары оқу орнының ұжымдық саясатына енгізілетін бес негізгі жаңа өзгерісті анықтап берді.

Гүлзада Тәңірбергенқызының айтуынша, бірегей жоба жасалған. Онда ЖОО-да заңмен бекітілген академиялық және басқарушылық еркіндік, философиясы мен бағдарламасы толық қамтылған, заман талабына сай жеке бренд қалыптастыру жолы көрсетілген.

«БҰҰ 2021 жылды Креативті экономика жылы деп жариялады. Бастаманы әлемнің 80 мемлекеті қолдады. Бүгінде әлемдік білім беру саласы жетілдіріліп жатқан тұста университет базасында креативті индустрия орталығын құруды қолға алған едік. Ол – кәсіби сарапшылар қоғамдастығы үшін маңызды мәселелерді кең пікірталастарға, жаңа идеяларға, шетелдік тәжірибеге, жаһандық өзгерістерге талдау мен мониторинг жүргізуге болатын негізгі алаң. Білім беруде трансформация жүріп жатқан кезеңде маңызды және дәстүрлі емес шешімдердің шоғырлануы қажет», – деп санайды шетел көрген ректор.

Айта кетейік, университетті басқару жолын жаңаша форматта қалыптастырған Гүлзада Тәңірбергенқызы бірнеше ғылыми дәрежесі бар болса да, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша оқуға барудан жүрексінбеді. Сондықтан білім беру жүйесіне және оның қатысушыларына жаңа көзқарасты қалыптастыру керектігін айтады.

2021 жылдан бастап Қазақстанда өзіндік үлгідегі дипломдар беріледі. Сөйтіп, жоғары оқу орындары түлектері үшін бәсекеге төтеп беру кезеңі басталып отыр. Жаһандық экономиканың сипаты өзгеріп жатқанда, жаңа кадрларды даярлау, әдіс-тәсілін қалыптастыру – басты мәселе. Осы арқылы білім берудегі жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Университеттер жаңа талаптар мен сын-тегеуріндерге жауап бере отырып, жоғары оқу орындарына өзгеріс енгізу жолы маңызды факторға айналады. Ал, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті – Қазақстанның мұнай-газ индустриясының негізгі орталығы. Өңірлік университет бола отырып, жаһандық талапқа сай ішкі өңірлік нарықты әртараптандыруды қамтамасыз етпек. Сонымен қатар, жаңа өнімдер мен қызметтерді жаһандық нарыққа шығаруға ат салыспақ.

ШЕТЕЛ КӨРГЕН РЕКТОРДЫҢ ЗАМАНАУИ БІЛІМ ОРДАСЫН ҚҰРУДАҒЫ БЕС ҚАДАМЫ

Сонымен, ХХІ ғасырдың сұранысына жауап беретін заманауи университет құрудағы бес қадамды ұсынған Гүлзада Тәңірбергенқызының төмендегі пікірлеріне назар аударайық:

  1. DEO (дизайн жөніндегі атқарушы директор). Университет ұстаздары мен студенттері үшін тек өз елінде ғана емес, шет елде де оқуға және жұмыс істеуге мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар, білімділер бәсекелестігі күшейеді. Осылайша, тұрақты өзгерістер ортасы болашақта жаңашылдықтарға жылдам бет бұра алады.

ХХ ғасырдың мінсіз көшбасшысын таңдау кезінде MBA және әскери тәжірибені пайдалану арқылы болашақ көшбасшылардың моделі мен формасы қалыптасты. Бұл көшбасшыларды дайындайтын DEO – стратегиялық бизнес менеджер мен проблемаларды шешетін шығармашылық тұлғаларға арналған. Бұл жоба көшбасшылыққа ие, мінез-құлық пен болмысы қалыптасқан және қиын жағдайда оңды шешім таба алатындарға арналған.

Өткен ғасырдағы қуатты компаниялардың банкротқа ұшырауына басты себеп – олардың қоршаған ортаның өзгеруіне жауап бере алмағанында және жас бәсекелестердің белсенділігінен болды.

Жеңіске жетелеген – DEO (Design Executive officer) дәстүрлі бас директорды алмастырады. Сараптама үлкен рөл атқаратын әлемде DEO түйсігі жиі қолданылады. Сондай-ақ, олар әлемге эмпатия призмасы арқылы қарайды. Маңызды стратегиялық бағыттардағы тәуекелді жаңа мүмкіндік ретінде қабылдайтын адамдар басқаруы керек.

  1. Жұмысқа кәсіби мамандарды тарту. Қазіргі уақытта біздің қоғам жаһандық процеске толық дайын мамандарды талап етеді. Бұл арқылы біз адами капиталы дамыған елдердің табысын байқай аламыз. Мұнда бір тұрғынның үлесі адами ресурстары дамымаған елдердегі бүкіл мекемелердің жұмысынан да асып түсетіндігін көрсетеді.

Кадрлық саясат әдетте университеттің ұжымдық мәдениетіне негізделген. Қазіргі жағдайдағы өзгеріс кезеңінде жұмыстың нәтижесін жақсартуға және жаңаша құруға ұмтылатын, құрылымдық мәселелерді шешу үшін кәсіби мамандарды тарту өте маңызды. Онлайн-оқыту жүйесі процесі бүкіл әлемнің үздік профессорлары мен практиктерін тартуға мүмкіндік береді. Осылайша, студенттерге әлемдік сапалы ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік туды. Бұл – әр оқытушы мен студенттің өзгеріске тез бейімделу бағытынан жаңылдырмайтын құндылықтар жүйесі.

  1. «Білім-индустрия-ғылым-бизнес» атты диалог алаңын құру. Мұнай-газ индустрия академиялық қоғамдастығы мен бизнес арасындағы өзара жүйелі қарым-қатынасты орнату мақсатында университетпен ортақ келісім орнатты. Айта кетейік, «Білім – индустрия – ғылым – бизнес» өзара іс-қимылды ықпалдастыру процесін белсенді түрде іске асыруда.

Университет базасында құрылған ҚР Энергетика министрлігінің салалық технологиялық орталығы бар. Энергетика саласындағы технологиялық инновациялар мәселелері бойынша сараптамалық қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, университетке цифрландыру жобаларын сараптамалық сүйемелдеу, «болашақ кәсіптері» бойынша тәжірибелік білім беру бағдарламаларын әзірлеу, отандық энергетика саласының «технологиялық картасын» жасау, саланың болашақтағы қажеттіліктеріне сәйкес келетін озық технологиялар бөлігінде консалтинг функциясын құру жүктелген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдерінің өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алу жөніндегі тапсырмасына сәйкес университет өңірдегі екі ірі компания – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС және «Ембімұнайгаз» АҚ-мен келісімге келді.

Атырау мұнай өңдеу зауытының қолдауымен университетте мұнай-химия және экология институты ашылды. Оның құрамына оқыту орталығы және жер қойнауын пайдаланушылардың қолданбалы зерттеулері жүргізілетін 15 зертхана кірді. Зауыт жұмысшылары академиялық жұмыстарға ат салысып, осы саланың сұранысы мен талаптары бойынша мамандарды даярлау моделін жүзеге асырады. Мұнда дуалды оқыту жүйесі іске асырылуда. Онда университет жоғары білім беру жүйесіне енгізу қарқыны мен сапасы бойынша көшбасшы болып отыр. ЖОО базасында еліміздің студенттерін дуалды оқыту моделін қалыптастыру бойынша «Атамекен» ҰКП-мен бірлескен жұмыс жүргізілуде.

Өңірдің өндірістік компанияларының топ-менеджменті ұсынған индустриялық комитет стратегиялық міндеттерді шешу, соның ішінде дуалды оқытуды ұйымдастыру, академиялық бағдарламаларды қалыптастыру және түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. 2021 жылдың қаңтарында «Ernst and Young» жаһандық компаниясының қатысуымен Украинаның жоғары оқу орындарының тәжірибесі көрсетіліп, талқыланды.

«Ембімұнайгаз» АҚ қолдауымен университет базасында оқу-өндірістік полигон салу арқылы студенттердің алған білімі мен тәжірибесін шыңдау, технологиялық процестерді зерттеу басым бағыт болып отыр. Өндірістік үдерістерді нақты еңбек жағдайында игеру үшін индустриялық компания мен академиялық үдерістің синергиясын жасады. Бұл университеттің оқу процесі мен ғылымына энергия ресурстарын, электр және баламалы энергетиканы өндіру, тасымалдау технологияларын енгізуге арналған өнеркәсіптік қондырғылары бар теңдессіз жобаға айналды.

Университет аумағында мұнай компанияларының бөлімшесін орналастыру және индустриалды жобаларды қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттар қолға алынған. Мысалы, «ҚазМұнайГаз инжиниринг» зертханасында мұнай қабатын геологиялық және гидродинамикалық модельдеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Университетте білім алушылар мен мамандарды қолдау үшін «Жұлдыз» отандық қолданбалы ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету лицензиялары берілді. Мұнай және газ қорларын зерттеуге арналған ғылымға негізделген мектепті дамыту жоспарда бар.

Осылайша, халықаралық стандарттарға және «білім – индустрия – ғылым – бизнес» тізбегіндегі синергетикалық өзара іс-қимыл принципіне сәйкес арнайы зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ, мұнай инженериясы, геология, баламалы энергетика, цифрлық технологиялар және өнеркәсіптік инженерия саласын дамыту үшін сыртқы білім мен тәжірибені пайдалану мақсатында ғылыми және технологиялық ынтымақтастықтың өңірлік экожүйесінің базасы мен форматы құрылды.

  1. Жеңіл инфрақұрылым. Креативті идеялардың мақсаты – өнімдерді түрлендіру, университет базасында кәсіби сарапшылық қоғамдастық үшін маңызды мәселелер бойынша кең пікірталастарға және шетелдік тәжірибеге бастамашылық жасауға арналған креативті индустрия хабын ашуға дайындық жүргізілуде. Нәтижесінде, студенттер зияткерлік меншікті дамыту арқылы жеке шығармашылықтарын қалыптастыра алады. Талантын ашып, қабілетін қалыптастыруға және жұмыс орындарын құруға әлеуеті бар шығармашылық мүмкіндіктер жасап отыр.

Университет жанындағы Нұрлан Балғымбаев атындағы қордың қолдауымен байланыстарды дамыту орталығы ашылды. Н.Балғымбаев атындағы коммуникацияны дамыту орталығы үлкендігі бойынша ТМД елдерінде үшінші орынға ие. Аумағы 4 мың шаршы метрден асатын үш қабатты нысан мұнай-газ саласында студенттердің тәжірибесін тереңдетуге бағытталған заманауи технологиямен жабдықталған. Қазақстан мұнайының тарихы тізбектелген экспозициясы бар интерактивті мұражай, сондай-ақ Губкин атындағы Ресей мемлекеттік университетінің электронды базасына қолжетімді кітапхана жұмыс істейді. Заманауи оқу сыныптары геология, геофизика, кен орындарын игеру, мұнай-газ жүйелерін модельдеу және мұнай өндіруді басқаруға қабілетті лицензиялық бағдарламалары бар компьютерлермен жабдықталған. Ол үшін орталықта мамандандырылған виртуалды жаттығу бөлмелері бар. Олардың көмегімен студенттер бұрғылау, мұнай өңдеу және өндіруді іс жүзінде үйрене алады.

  1. Жаңа жаһандық әріптестікті қалыптастыру. Жаһандық серіктестік ең маңызды трансформациялық өзгеріс болуы мүмкін. Жаңа жаһандық серіктестік түрлі шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін, бірақ ортақ мақсаттармен сипатталатын жалпы көзқарастан басталады. Университет базасында Каспий өңірінің 11 жоғары оқу орнын біріктіретін тұрақты дамуға арналған Каспий хабы құрылды. Оның базасында «Каспий теңізінің экологиялық факторларға әсерін көрсететін карта әзірлеу» жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. «Caspian Sustainable Development Network University» желілік көп кампустық университетін, екі дипломды бағдарламалар құру, сондай-ақ бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Білім беру жүйесін трансформациялау кезеңінде батыл идеяларды, мәселелерді шешудің стандартты емес тәсілдерін шоғырландыру, өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың жаңа модельдерін құру қажет. Осыған байланысты университет мұнай-газ саласындағы климаттық құбылыстардың экономикалық салдарын талдау бойынша жобаларды жүзеге асыруда СКОЛКОВО Мәскеу басқару мектебімен өзара ынтымақтастық орнатты. Олармен бірге энергетикалық сектор менеджерлеріне арналған «Энерго көшіру 4.0» оқыту бағдарламасы, энергетикалық менеджмент саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулерді іске асыру басталады.

Университет серіктесі UNIVERSITI TEKNOLOGI PETRONAS (UTP) малайзиялық трансұлттық мұнай-газ корпорациясы Petroliam Nasional Berhad-қа тиесілі және жетекші зерттеу университеттерінің бірі болып табылады. PETRONAS университетінің халықаралық беделі көбінесе университеттің энергетикалық сектордағы зерттеулерімен анықталады. Нанотехнология және «жасыл технологиялар», гибридті энергетикалық жүйелер, интеллектуалды қалалар және тұрақты даму сияқты өзекті салаларда университеттердің ынтымақтастығы қамтылған.

Университетте мықты серіктестермен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөліне бастады. Біздің ойымызша, басқарудың жаңа моделін енгізе отырып, кәсіпқой мамандарды тартып, жаһандық серіктестікті дамытып, шығармашылық орта құрып, барлық сала мамандарын біріктіру арқылы университетті болашаққа дайындауға болады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Міне, 2012-2014 жылдары «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның 130 жылдық бай тарихы бар Рединг университетінде (University of Reading) білімін шыңдаған 48 жастағы ректор Гүлзада Тәңірбергенқызы өз тәжірибесімен бөлісіп, ХХІ ғасырдың заманауи университетін құрудың бес қадамын ұсынды. Ендеше, заманауи ректордың бұл пікірлеріне құлақ аспаса тағы болмайды.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here