«Жеңіс Туы» туралы ақиқат: Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы неге берілмеді?

0
4261

Ол небәрі 21 жасында ел үшін, халқы үшін адам сенгісіз ерлік жасады. Бірақ, оның ерлігі сол тұстағы саясаттың кесірінен көзге еленбеді. Ұсыныс жасаушылар да, араға түсушілер де болды. Ең алғашқы болып батыр Бауыржан Момышұлы жоғары жаққа хат жазып, Рахаңның ерлігі туралы мәлімет жасады. «Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ, Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз ақырзаманның өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан аруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс туын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретіндегі өмірбаянын сол сәтте жазған! Сендердің міндеттерің – енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу», – деп кейінгілерге ұмытылмастай айтып кетуі үлгі-өнеге болды.

Рақымжан Қошқарбаевтың Нұр-Сұлтандағы ескерткіші

1945 жылы мамыр айында Рейхстагқа ту тігушілер ретінде сарбаз Булатов пен Қошқарбаев та Совет Одағы Батыры атағына ұсынылған. Бірақ, бұларды екінші толқынға ысырып, кедергі келтірушілер де болады. Сол жылдың аяғында батыр атағына ұсынушылар шамадан тыс көп болады. 1945 жылдың аяғында Ұлы Отан соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы болып Совет Одағының Маршалы Иван Конев бекітіледі. Енді бұл туралы жан-жақты зерттеген ұлтымыздың ұлы азаматтарының бірі Евней Бөкетовтың естелігін келтіре кетсек:

– Батырлығына ешкім шүбә тудырмайтын Булатов пен Қошқарбаевтың герой атанбауына не себеп?  Сен білуге тиістісің ғой. «Ту тіккен» атты поэма да жаздың соған арнап. Газет-журналдардан бірнеше мақала да оқыдым, сенің дастаның турасында… Гәп неде? – деп одан сұраушылар да болыпты.

– Мен оның бір себебінің сырын ашуға тырыстым. Ақжолтайлық әркімге бұйыра бермейді екен. Бірдей ерлік көрсеткен бірегей батырлардың біреуіне сый молынан тиеді, екіншісінің кемдеу емес, тіпті ондай сыйдың дәмін де тата алмайтыны сирек емес…

Қошқарбаев пен Булатовтың пешенесіне жазылғаны да бейпілдік болды-ау.

1945 жылы мамыр айында Рейхстагқа ту тігушілер ретінде сарбаз Булатов пен Қошқарбаев та Совет Одағы Батыры атағына ұсынылған. Бірақ, бұларды екінші толқынға ысырып, шегіндіре тұрайық деседі біреулер. Сол жылдың аяғында – «Мәртебелі атаққа лайықтылар аз емес, көп: саралайық, сұрыптайық, суырылып озған саңлақтарына алдымен атақ берейік, ордендермен сыйлайық» деп шешеді жоғарғы жақта. 1945 жылдың аяғында Ұлы Отан соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы болып, Совет Одағының Маршалы Иван Конев бекітіледі. Маршал наградаға ұсынылғандардың құжаттарын қайта қарауға кіріседі. Оның алдына Рақымжан мен Гришаның қаһармандығын баяндаған құжаттар да келеді.

– Немене, Ұлы Отан соғысының барлық батырлары тек Жуков басқарған Бірінші Белорус майданынан ғана шығуы заңдылық болуы тиіс пе? – депті де, Иван Конев Қошқарбаев пен Булатовтың құжаттарын қызыл сиямен айқыш-ұйқыш сызып тастапты. Содан кейін ондаған жылдар бойында ол жайында сөз қозғалмай жата береді.

Жеңістің отыз жылдығы қарсаңында Пермь облыстық партия комитеті өздерінің жерлестері: «Григорий Булатов пен қазақстандық Рақымжан Қошқарбаевтың қауіп-қатерге бас тігіп, Рейхстаг маңдайшасына Қызыл ту қадағандағы қаһармандығы ұмытылмауы тиіс», – деп құзырлы орындарға хаттар жазады. Обкомның бірінші хатшысы Бүкілодақтық соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы маршал И.Коневке кеп жолығады.

– Григорий Булатов – сіздің де жерлесіңіз, бәріміздің мақтанышымыз. Батырлардың қандарын төгіп, шаштарын ағартып, қолдары жеткен мерейлерін иеленуіне көмек көрсетіңіз, – дейді (Мен осы естеліктерімді жинақтай бастаған күндерде Совет Одағының Маршалы Г.К. Жуковтың «Правда» газетінде (1989 жылы 20 қаңтар) «Сталин туралы қысқаша» деген естелігі жарияланды. Сонда маршал И.С. Конев Г.К. Жуковтың ұлы мерейін күндеп қызғанып, қырбай болғанын жасырмай жазыпты) Георгий Константинович.

– Қадірлі жерлестерім-ау, сонау 1945 жылдың күзінде қайда қалғансыңдар? Енді кеш. Мен бір рет қолдамағанмын. Онымнан бас тарту маған енді орайсыз, – деп солқылдатыпты. («Біртуар. Академик Евней Бөкетов туралы естеліктер». 58-59 беттер).

Енді  бастапқы  әңгімемізге  оралайық.  1945 жылдың 30 сәуірінде іңір түсе Рейхстаг қабырғасына алғашқы Жеңіс туы қадалды. Ал, оның ең биік шыңына ту қадау жолында әлі де кескілескен шайқастар жүріп жатты.

1945 жылы 25 сәуірде 1-ші Белорусь және 1-ші Украина майдандары Берлиннің батыс бөлігінде қосылып, жаудың Берлин тобындағы әскерін қоршауға алады. Кеңес әскерінің алдында вермахтың 1 миллионға жуық жауынгері шоғырланған фашистік Германияның соңғы қорғаныс шебін алу қажет болды. Үшінші рейх басшылары жанталасып, естен танды. Әйтсе де, немістер өліспей беріспеуге жанын салып, қорғанды.

Әрбір ғимарат, әрбір үй үшін кескілескен шайқас жүрді. Қала жағдайында бей-берекетсіз шабуыл жасаудың өзі өте қиындық тудырды. Оған қарамастан кеңес әскерлері адымдап-ақ Берлиннің орталық бөлігіне енді. Осыдан соң қаланың маңызды деген ғимараттарына қызыл жалаулар іліне бастады. 1945 жылы 26 сәуірде Берлин ратушына алғашқы туды кіші лейтенант Громов қадады. 30 сәуірде 597-полктың жауынгерлері Корольдік опера ғимаратына Қызыл ту ілуге қол жеткізді. Бұл жарты жеңіс еді.

Рейхстагқа шабуыл бірнеше күнге созылды. Фашизмнің соңғы ошағын алуға генерал Кузнецовтың басшылығымен 3-шешуші армияның бірнеше дивизиясы шабуыл жасайды. Әскери басшылық Рейхстагқа ең басты Жеңіс Туын қадауға ерекше жауапкершілікпен қарады. Оған арнайы дайындық жұмыстары жүргізілді. Сәуір айының 20-сында 3-армияның Әскери кеңесі Рейхстаг төбесінде желбірейтін Тудың арнайы түрін бекітеді. Армия құрамындағы 9 дивизияға жеке ту тапсырылады. Нөмірі 5-ші ту 150-атқыштар дивизиясына тапсырылады. 30 сәуірде таңғы сағат 11-де дәл осы дивизия Рейхстаг пен оған таяу орналасқан ғимараттарға шабуыл жасайды.

Енді сол жылдардағы құжаттарға назар аударайық. 150-атқыштар дивизиясының жауынгерлік журналында былай деп жазылыпты: «45 жылғы 30 сәуірде 14.25-те 654-атқыштар полкының жауынгерлері лейтенант Қошқарбаев пен барлаушы Булатов ғимараттың орталық бөлігіне жер бауырлап жетіп, оған кірер бас қақпаның басқышына қызыл жалауды ілді». Сол күні Совинформбюро «Бүгін 14 сағатта кеңес жауынгерлері неміс Рейхстагының ғимаратын алып, оған «Жеңіс Туын» қадады» деп ресми мәлімдеме жасайды. Ал, 3 мамыр күні жарық көрген «Воин Родины» газетінің «Олар соғыста ерлік көрсетті» рубрикасымен берілген мақаласында былай деп жазылды: «Отан өз батырларын асқан құрметпен даңқын асырады. Кеңес батырлары халықтың ең таңдаулы ұлдары болып табылады. Олардың ерлік істері туралы талай кітаптар жазылып, өлеңдер шығарылатын болады. Олар гитлеризмнің ошағын тұншықтырып, ордасына Жеңіс Туын тікті. Батырларымыздың есімін еске алайық: олар – лейтенант Рахымжан Қошқарбаев, қызылжауынгер – Григорий Булатов… Отан оларды ешуақытта ұмытпайды. Батырлардың даңқы арта берсін!».

Осыдан соң 150-атқыштар дивизиясының басшылығы бір топ адамды Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынды. Олардың арасында Рахымжан Қошқарбаевпен бірге Булатов, Проваторов, Орешко, Лысенко, Греченков және бірнеше жауынгер де болады. Оларды атаққа ұсынған ұсыным хаттағы арнайы түсіндірмеде: «…олар 30.04.45 жылы Рейхстагқа басып кіріп, Жеңіс  Туын тікті…» деп көрсетіледі.

Бірақ, кеңес халқының әрбір оқушысына белгілі болғанындай, Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен сержант Михаил Егоров пен кіші сержант Мелитон Кантария болып шықты. Бұл шешім сол күні-ақ, яғни, 1945 жылы 30 сәуірде кешкі сағат 10-да шешіліп қойылған іс еді.

Қазір біреуміз білсек, екіншіміз білмеуіміз де мүмкін. Себебі, Рейхстаг төбесіне сол күні біреу емес, екеу емес, 40-қа жуық қызыл ту тігілген еді. Алайда, солардың арасында тек қана Егоров пен Кантария тарихқа енді.

30 сәуір күні 14 сағатта кеңес әскерлері Рейхстагқа басып кіріп, ғимараттың орталық бөлігіне бірнеше ту ілген. Лейтенант Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Булатов Рейхстагтың шатырына орналасқан аттылы мүсін ескерткішіне Жеңіс Туын қадайды. Ал, лейтенант Алексей Берест орталық алаңға кіреберіс бағанасына алғашқы тулардың бірін іледі. Бұл – 5-дивизияға тапсырылған ту болатын.

Жасыратын ештеңе жоқ, кескілескен ұрыста немістер бірнеше рет кеңес әскерлерінің бетін қайтарып та тастайды. Ең соңғы шабуыл кешкі сағат 9-да басталады. Лейтенант Алексей Бересттің тобы жоғары қабатқа өтіп, бірінің үстіне бірі шығу арқылы Рейхстаг төбесіне 22.50-де Жеңіс Туын тігеді.

Тарихшылардың зерттеуі бойынша, Жеңіс Туын тігудің өзі үлкен саясатқа құралады. Ең шешуші сәттің алдында бұл мәселенің өзі Жоғарғы Бас қолбасшының қатысуымен шешіледі. Көсемнің сол тұстағы емеуріні Жеңіс Туын орыс адамы мен грузин адамының қолымен болған ерлік іс еді деуді қалайды. Олардың ерліктері сол кездің өзінде кинофильмдерге түсіріледі. Ол кадрларды түсіру үшін бірнеше рет Рейхстагқа шабуыл жасау сәттері қайталанады. Әрине, ол фильм кескілескен шайқас өтіп жатқан 30 сәуірде емес, кейін бәрі басылған соң, 2 мамырда түсірілген еді.

1946 жылы мамыр айында Рейхстагқа Жеңіс Туын тігушілердің бір тобына «Кеңестер Одағының Батыры атағын беру туралы» КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы шығады. Жарлық бойынша 5 адамға: капитан Давыдовқа, сержант Егоровқа, кіші сержант Кантарияға, капитан Неустроевқа және аға лейтенант Самсоновқа Батыр атағы беріледі. Егоров пен Кантария түсінікті, бірақ қалған үшеуі Рейхстагқа Ту тігушілер емес, оған шабуыл жасаған батальон командирлері еді. Олардың арасында нағыз ерлік көрсеткен жоғарыда аты аталған Алексей Берест те болмай шығады. Себебі, ол саяси қызметкер болатын. Ал, наградаға ұсыну қағазына қол қойған маршал Жуков саяси қызметкерлерді жек көретін.

Берлин үшін болған ұрыс 1945 жылы 2 мамырда аяқталады. 3 мамыр күні Жеңіс Туы Рейхстаг төбесінен түсіріліп, оның орнына басқа ту ілінеді. 20 маусымда Егоров пен Кантария арнайы ұшақпен Жеңіс Туын Мәскеуге жеткізеді. Содан бері Жеңіс Туы Қарулы Күштер мұражайында сақталуда. Жеңіс Туы туралы соңғы бар шындық осыған саяды.

Бұл мәліметтердің бәрі Харьков қаласының «Фолио» баспасынан 2006 жылы шыққан «Кеңес дәуірінің 100 белгілі символдары» кітабының «Жеңіс туы» атты мақаласында жан-жақты көрсетіліпті.

«Адам баласының қолымен жасалғанның бәрі – уақыт пен төзімнің жемісі» депті атақты Бальзак. Біздің даңқты жерлесіміз Рахымжан Қошқарбаевты сонда да халық батыр деп таныды. «Ештен – кеш жақсы» дегендей, 1999 жылы Жеңіс күнінің қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Сұрапыл соғыс жылдарында Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі көп жылдар бойы еленбей келгенін, тек азаттық алғаннан кейін ғана Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілгенін, оның ерлігі жылдар бойы ресми Мәскеу тарапынан көпе-көрнеу ескерілмегенін жоғарыда жаздық. Күні кеше Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Instagram парақшасында 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстаг ғимаратының қасбетіне алғашқы Қызыл туды 150-ші атқыштар дивизиясының 674-ші атқыштар полкінің жауынгерлері Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов орнатқаны туралы жазба жарияланды: «30 апреля 1945 года начался штурм здания Рейхстага. Первое Красное знамя на его фасаде установили бойцы 674-го стрелкового полка 150-й стрелковой дивизии Рахимжан Кошкарбаев и Григорий Булатов. Рейхстаг, расположенный в сердце Берлина, был одним из главных символов гитлеровской Германии. Противник тщательно подготовился к его обороне. На защиту здания были брошены лучшие части СС и отборные армейские подразделения. Среди первых героев, поднявшихся по ступеням Рейхстага, были 20-летний лейтенант Рахимжан Кошкарбаев и 19-летний красноармеец Григорий Булатов. Бойцы имели при себе самодельное Знамя – флагшток с простым алым полотном. Согласно журналу боевых действий 150-й дивизии, в 14:25 они «по-пластунски подползли к центральной части здания и на лестнице главного входа поставили красный флаг». Это было первое из знамён, водружённых над Рейхстагом воинами-освободителями. Вид красного флага, развевающегося на ступенях Рейхстага, придал нашим бойцам сил. Уже вечером 30 апреля основные силы 674-го и 756-го полков преодолели сопротивление гитлеровцев и пробились внутрь здания. Поздней ночью лейтенант Берест, сержант Кантария и красноармеец Егоров под свист пуль немецких снайперов установили над логовом фашизма то самое Знамя Победы. Ожесточённые бои в подвалах и коридорах Рейхстага продолжались до 2 мая. За мужество и героизм, проявленные при взятии Рейхстага, Рахимжан Кошкарбаев и Григорий Булатов были награждены Орденами Красного Знамени. Памятники Кошкарбаеву установлены на его родине в Акмолинской области Казахстана и в столице республики г. Нур-Султан, а Булатову – в г. Кирове».

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here