ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген биологиялық белсенді қоспалар өндіріске дайын

0
1788

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғалымдар ағзаны пайдалы дәрумендер және микроэлементтермен қанықтыра отырып, денсаулықты нығайтатын бірегей биологиялық белсенді қоспалар әзірлеуді жан-жақты жүзеге асырып келеді. Биология және биотехнология саласының мамандары жасап шығарған өнім микробалдырлар негізінде алынып отыр.

Микробалдырларды мал шаруашылығында ақуыз, дәрумендер және басқа физиологиялық белсенді заттардың көзі ретінде пайдалану жануарлардың әртүрлі ауруларға төзімділігін арттырады, дәрумен тапшылығының орнын толтырады, зат алмасу үдерісін жеделдетеді. Ал ҚазҰУ-дың ғылыми қызметкерлері осы микробалдырлардың өндірістік және құнды штамдарының биомассасын пайдалана отырып, жаңа биологиялық белсенді қоспалар мен биостимуляторларды алумен айналысуда.

Жоба авторлары – ҚР ҰҒА академигі, профессор Болатхан Заядан, биология ғылымдарының докторы Ажар Жұбанова және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, б.ғ.д., профессор Юрий Синявский. Олар «Спирулина лаиф» препаратын теориялық тұрғыда әзірлеп, тәжірибеге жүзінде жүзеге асырды. Өнім бүгінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі және Тағамтану академиясында тіркеліп, өнертабыс ретінде «Spirulina Life» тағамдық биологиялық белсенді қоспасы» ҚР инновациялық патентін алды.

Сондай-ақ профессор Б.Заядан өз шәкірттерімен бірге микробалдырлар биомассасымен нан өнімдерін байытудың жаңа технологиясын ойлап тауып, «Спирулинамен байытылған нан-тоқаш өнімдерін өндіру әдісі» бойынша мемлекеттік стандартын иеленген.

Жоба жетекшісі, профессор, ҚР ҰҒА академигі Болатхан Заядан: «Микробалдырлардың құрамында оңай сіңетін ақуыздың 50-70 %-ы, мәселен, ол етте 50 %-ға дейін және бидайда 15-17 %-ға дейін, 30 % липидтер, 8-14 % пигменттер, оның ішінде каротин және басқа өсімдіктермен немесе жануарлармен салыстырғанда B1, B2, B3, B6, B12, E, K, D дәрумендерінің жоғары концентрациясы бар. Азық-түлік микробалдырлары ақуыздардың, маңызды аминқышқылдарының, фитостерол, көмірсу дәрумендердің негізі болып табылады. Ол биоактивті қосылыстардың, гамма-линолен қышқылының көп мөлшері бар полиқанықпаған май қышқылдарының және басқа да пайдалы қосылыстардың ерекше үйлесімімен сипатталады. Бүгінде олар тамақ өнеркәсібінде және аграрлық секторда, атап айтқанда, мал шаруашылығында, құс өсіруде, балық шаруашылығында кеңінен қолданылады» деген пікірімен бөлісті.

Академик Б.Заяданның пікірінше, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында шуақты күндердің ұзақ болуына байланысты микробалдырларды өсіру жағдайлары өте қолайлы.

Бұл жобаның бәсекеге қабілеттілігі жоғарыда аталған микробалдырлардың ерекше қасиеттері және оларды өсіру технологиясының артықшылықтарымен айқындалады. Ұсынылып отырған жобаның әзірге республикада баламасы жоқ. Микробалдырлардың биотехнологиясы АҚШ, Жапония, Үндістан, Ресей, Қытай, Чехия және әлемнің басқа елдерінде жақсы дамыған. Қазақстанда микробалдырлар және басқа фототрофты микроорганизмдер негізінде биопрепараттар өндіретін кәсіпорындар жоқ дейді ғалымдар. Сол себептен олар жобаны қаржыландырудың берер мүмкіндіктері зор екенін алға тартуда. Биопрепараттар, биожемдер және тағамдық биоқоспалар өндіру жөніндегі кәсіпорындар жұмысын жолға қою жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етіп, ел экономикасына да оң әсерін тигізбек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here