Азғар Мусина: «Әйгілі «Бесеудің хаты» біздің үйде жазылды»

0
929

Тарихымызға сталинизм дәуірі таңба салған қара дақтар сол азапты жылдарды бастан өткерген бейкүнә жандардың ұрпақтары барда санамыздан өшпек емес. «Ақтандақтар» санамыздағы үңірейген қуысқа ұя салып, үскірік ызғарын шашып, сан алуан сұрақтарға жетелейді. Рас, біз тәубешілміз, көнбіспіз. Арада қаншама жылдар өтсе де, жүрегімізде қатып, семіп қалған сауалдарымызға нақты жауапты әлі алғанымыз жоқ. Содан да келіп әр ауылға телміреміз. 1932 жылғы қолдан жасалған ашаршылық жылдарының ашық ақиқаты әлі айтылмай келеді. Әйгілі «Бесеудің хатын» әу басыңда 12 адам аса құпия жағдайда кесіп-пішіп, жеме-жемге келгенде жетеуінің оған қол қоюдан тайқып шығуы, кейін бірінің сыртынан бірі сөз жүгіртуі қаншама жазықсыз жандардың азап шегуіне әкеліп соқтырды. Отызыншы жылдардағы Қазақстандағы асыра сілтеулер мен ауыл шаруашылығына басшылық жасаудағы өрескел қателіктерді өткір сынға алып, БК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне хат жазған бесеудің бірі – Мұташ Дәулетқалиев еді. Осыған орай қайраткердің жұбайы, отызыншы жылдар ойранының куәгері – Азғар Нұриденқызы Мусинадан кезінде жазып алған әңгімемізді толық күйінде оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Мұташ Дәулетқалиев пен Азғар Мусина кенже ұлдарының отбасында

 «ҰЗАҚ УАҚЫТҚА ДЕЙІН «БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» АСА ҚҰПИЯ САҚТАЛЫП КЕЛДІ»

– Азғар Нұриденқызы, БК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне хат жазу туралы идея алғаш рет кімнен туындады? Бұл – өз кезегінде Сталинге жазылатын хаттың бастамасы емес пе? Ол кезде Мұташ аға қандай қызмет атқарушы еді?

– Ұзақ уақытқа дейін «Бесеудің хаты» аса құпия сақталып келді. Ол туралы айту тұрмақ, еске алудың өзі үрей тудыратын. Сондықтан да, оған тура қатысы бар асыл азаматтардың өзі бақылауда болып, азапты жылдарды бастарынан өткерді.

Сол бір бүкіл халықтың мандайына сор болып жабысқан қазақ атаулы жер бетінен біржолата құрудың аз-ақ алдында қалған үш жылдың – 1931, 1932, 1933 жылдардың ішінде жаппай аштықтан қаншама казақтың қырылғанын, әсіресе, халықтың болашағы – қаншама жас сәбидің, балалардың көздерін ашар-ашпастан өлім құшқанын бір Алла ғана біледі. «Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын» деген атышулы саяси науқанның екпіні мен тепкісіне шыдай алмаған қандастарымыз алтын бесік қара орманын тастап, басы ауған жаққа безіп кетті.

1932 жылы 4 шілдеде БК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне ауыл шаруашылығын басқарудағы өрескел қателіктерді, қазақ ауылының социалистік қайта құрудағы асыра сілтеулерді сынаған бір топ коммунистер – Мұташ Дәулетқалиев, Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Емберген Алтынбеков және Қадыр Қуанышев хат жазды. Ол кейін «Бесеудің хаты» деген тарихи атқа ие болды. Бұлардың ішіңдегі ең жасы үлкені Мұташ болатын. Саяси жағынан шыңдалған ол сол тұста Қазақ коммунистік жоғары оқу орнында ректор болып қызмет істейтін. Біз Ғабеңдермен бір аулада көрші тұрдық. Олар жасырынып кездесіп жүрді. Іңір түсе біздің үйде бас қосатын. Істеріне мені араластырмады. Көзім жетпесе де, олардың бір мазасыз жұмысты астыртын қолға алғандарын сезіп жүрдім.

– Алғашында хатқа 12 адам қол қоюға бекінген көрінеді. Соңында  олардың жетеуі бастапқы ойынан бас тартыпты. Ол туралы не білесіз?

– Шындық енді ашылып жатыр. Әңгіме негізінде пікірталас күйінде басталып, соңынан саяси реңк алған сияқты. Әлдекімдер бұдан сезіктеніп, бойларын қорқыныш үрейі тұмшалап, қара бастарынан қорыққан көрінеді. Мұташтың тірі кезінде бұл туралы сұрап-білуге дәтім де, арым да бармады. Бірақ, мәселе осыған келіп саяды. Шыңдықтың кезінде ашық айтылмауына да бірнеше себептер болды. Оның басты себебі, сол оқиғаны көріп-білгендердің және оған тура араласқандардың отбасының қауіпсіздігін ойлағандықтан туындаған сыңайлы.

– Мұташ ағамыз кімдермен ерекше қатынаста болды?

– Ол Орынбор рабфагінде Ғабит Мүсіреповпен, Сәбит Мұқановпен, Бейімбет Майлинмен бірге оқыды. Кейін оқуын Мәскеуде жалғастырып, Плеханов атындағы институтта Сусловпен бірге оқыды. Әлгі СОКП Орталық комитетінің идеологиялық хатшысын айтамын. 

Азғар Мусина

«КОМИТЕТТЕГIЛЕР ХАТТАН БАС ТАРТУҒА МӘЖБҮР ЕТТI»

– Кейін хат жазушыларды БК(б)П Қазақ өлкелік бақылау комиссиясына шақырып алып, жазғандарынан бас тартуды, оны қате әрі зиянды деп мойындауды талап етіпті ғой…

– Өлкелік комитетке хат жазғандарды бірнеше күннен кейін шақырып алып, түсіндіру жүмыстарын жүргізсе керек. Жалпы, Голощекин әрбір айтылған сынды өз атына айтылған сын деп қабылдап, оны тұншықтырып отырды. Қазақ өлкелік комитеті бюросының және Өлкелік бақылау комиссиясы президиумының бірлескен мәжілісінде қабылданған қаулыда хат авторлары «түңілушілік» ауанына беріліп, ұлтшыл элементтердің ықпалына түскен деген қисынсыз, жадағай шешім жасалған. Осы шешімнен соң, ол хат аса құпия болып, жабылып қалған. Алайда, партия беделіне «нұқсан» келтіргендер туралы дау көпке дейін басылмады. Авторларды хаттан бас тартуға, «қателерін» мойындауға мәжбүр етті. Олар мұнымен де шектелмеді, ақыр соңында қуғынға ұшыратты. Өлкелік партия комитеті «Бесеудің хатына» байланысты 1932 жылы 15 шілдеде бюрода арнайы қаулы қабылдады.

– Мұташ ағай сол азапты жылдардан естелік әңгімелер айтушы ма еді?

– Жалпы, ол көп әңгіме айтпайтын. Әйтсе де, ашаршылық жылдары оның айтқан бір әңгімесі есімде қалыпты. Сол жылдары партия тапсырмасымен елді көп аралайтын. Бірде Қостанай облысын аралап жүріп, түнемелікке бір үйге түсіпті. Сөйтсе, әбден ашыққан үй иелері бірін-бірі жеп жатыр екен. Корыққандарынан жолға алып шыққан азықтарынан соларға беріп, өздері түнделетіп жүріп кетіпті. Кейін сұрастырып білсе, үй иелері Бейімбет Майлиннің туған нағашысы болып шығыпты.

– Әйгілі хаттан кейінгі Мұташ ағамыздың тағдыры қалай болды?

– Мұташ ағаң 1933 жылы Қазақстанның VIII партиялық конференциясында БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің кұрамына өтіп, бюро мүшесі болып сайланды. Үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітілді. 1934-1935 жылдары БК(б)П Алматы облыстық комитетінің бюро мүшесі, арасында Арал, Қордай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызметтер атқарды.

1938 жылы Мұташтың басына тағы да зобалаң туды. Ол сол кезде Алматы облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі еді. Бірде үйге жұмыстан өте көңілсіз оралды. Оның мазасыз кейпін көріп, мен де әбігерге түстім. Мұндайда ол аса үндемейтін. Сөйтсем, оны облыстық партия комитетінің бюро мүшелігінен босатып, ісін тексеруге жіберіпті. Не керек, 1938 жылы 30 маусымда Мұташ «халық жауы» ретінде қамауға алынды. Ол кетіп бара жатып: «Аза, менің иненің жасуындай да кінәм жоқ, мен – адалмын, көп кешікпеспін, бірер күнде келіп қалармын, балаларды, өзіңді күт», – деді. Мен жарым түнде кішкентай екі сәбиімді құшақтаған күйі қала бердім. Ол сол кеткеннен соң алты жылдан кейін бір-ақ оралды.

«КЕШЕГІ ТАНЫСТАРЫМ БІР КҮНДЕ ЖАУЫМ БОЛЫП ШЫҚТЫ»

– Азапты жылдарын қайда өткізді? Соңынан іздеп бардыңыз ба?

– Алғашқыда оны үш жылдай Дзержинский мен Киров көшелерінің киылысындағы НКВД-ның ішкі түрмесіне отырғызды. Ол кезде мен Коммунистік журналистика институтының І-курсын бітіріп, «Лениншіл жас» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенмін. Мұташты ұзақ тергеді. Ұзақ тергеуіне қарағанда хаттан басқа да кінәлар қойған сияқты. Бірде мен де жазалы болып кете жаздадым. Ол кезде жұмыстан кешіккендерді түрмеге жабатын тәртіп бар болатын. Түрмеге тамақты алфавит бойынша кабылдайтын еді. Фамилиясы «Д» әрпінен басталатындарға кезек келгенде, тамағымды беремін деп жүріп, жұмысқа 15 минут кешігіп қалыппын. Басшылар менің екі баламның барын ескеріп және жұмысқа жауапкершілікпен қарайтынымды назарға алып, кешірім жасаған болды.

– Институттағы оқуыңызды жалғастыруға мүмкіндік болды ма?

– Қайдағы… Бір күні «институттағы жиналысқа келсін» деп шақырту жіберіпті. Балаларымды да ертіп апардым. Біршама адам жиналып калған екен. Бәрі маған шошына қарады. Сөйтсем, жиналыстың күн тәртібіне менің мәселемді қойыпты. Жиналған студенттер «біздің арамызда «халық жауының» әйеліне орын жоқ» деп ауыр сөздер айтты. Жападан-жалғыз әшкереленіп, оқудан қуылдым, комсомол катарынан шығарылдым. Кешегі таныстарым бір сәтте жауым болып шықты, жаныма адам жоламайды. Өзің де ашылып сөйлей алмайсың. Сөйтіп, ақырет азапты бастап өткердім.

Өмірде жақсы адамдар жоқ емес, бар екен. Іздеп жүріп, жол басқармасына техникалық хатшы болып жұмысқа орналастым. Жұмыстан қол босағанда жасырынып түрмеге барамын. Мұташқа «контрреволюциялық астыртын топқа қатысы бар, партия саясатына қарсы насихат жүргізді» деген айып тағып, 58-ші баппен соттап тынды.

– Азғар апай, «халық жауының» әйелі ретінде кейін Сізді жауапқа тартпады ма? Сол тұстағы тәртіп бойынша «халық жауларының» әйелдері де түрмеге қамалмап па еді?

– Мұташты соттаған кезде мен Алматы облыстық атқару комитетінің кадр бөлімінің арыз-шағым жөніндегі инспекторы едім. Жұмысымда кінәрат болмады. Бірақ, қуанышым ұзаққа бармады. Бір күні кешкісін түнгі кезекшілікке жиналып жатыр едім, үйге сау етіп НКВД қызметкерлері кіріп келді. Қолдарында ордері бар. Үйге кірген орыс жігітінің түсі жылы  екен. Екеуміз ұзақ сөйлестік. Өмірбаянымды сұрады, оған еңіреп отырып бүкіл өмірбаянымды айтып бердім. Менің ағаларым кеңес өкіметін орнатуға белсене араласқан абзал азаматтар еді. Ағайынды Ғариф және Хабиб Мусиндер. Орталық Казақстанда бірі – комсомол жетекшісі, екіншісі – соғыс кезіңде ерекше тапсырмалар орыңдау кезінде қаза тапқан белгілі чекист болатын. Мені сұрақтың астына алған НКВД қызметкері екі бауырымды да танитын болып шықты. Қазір Ғарифке Қарқарада ескерткіш орнатылған, ал Хабиб – Калининград қаласында ерлікпен қаза тапты. Осы ағаларымның абырой-атақтары жебеген болар, мен абақтыдан аман қалдым. Алайда, ізге түсу, тергеу жүргізіле берді. Сұрайтындары – Мұташтың контрреволюционерлермен байланысы туралы, «Бесеудің хатының» қалай, кашан, кімдермен жазылғаны турасында жүргізілді. Енді бәрін айтуға болады ғой деп ойлаймын. Хаттың негізгі сұлбасы біздің үйде жазылған болатын. 

«МҰТАШТЫҢ ТЕМЕКІНІҢ ҚАБЫҒЫНА ЖАЗҒАН ХАТЫН СТАЛИНГЕ ЖОЛДАДЫМ»

– Мұташ ағайдың түрмедегі жағдайынан хабар берген кездері болды ма?

– Мұташ түрмеде жалғыз кісілік камерада ұсталды. Бірде тамақ құйып апарған ыдысымды қайтарып беріп тұрып: «Аза, ыдысты үйге апарған соң сындырарсың», – деп ескерту жасады. Айтқанын екі етпедім. Сынған ыдыстың түбінен беті қара нанмен ұқыпты желімделген, үш бүктелген темекінің жұқа қағазы шықты. НКВД қызметкерлерінің түрмеде жатқандарға көрсеткен зорлық-зомбылығы, жазалау шараларының адам төзгісіз жүргізілетіндігі туралы Сталинге жазған хаты екен. Соңыңда «Аза, хатты машинкаға басып, пошта арқылы Мәскеуге, Сталинге сал, қолжазбаны өртеп жібер» деп ескертіпті. Айтқанын орындадым, хатты Мәскеуге баратын адам арқылы сол жақтан поштаға салдырдым.

Көңіл ғой, хат иесіне тисе, азаптан босатып жіберер деген үмітіміз зор болды. Біздің хатымыз қайтадан жергілікті жерге тексерілуге жіберілсе керек. Мұташ екінші рет жабық сотпен 15 жылға сотталып, Семейге жер аударылып кете барды. Жаның қалай тынышталсын, артынып-тартынып Семейге бардым. Күн суық, 50 градус қақаған аязда жол жүру жеңіл ме, әбден азапты күндерді бастан өткердік.

– Соғыс кезінде қамауда отырды ғой. Түрмеден қай жылы шықты?

– Мұташтан ұзақ уақыт хат-хабар болмай кетті. Мені республика Комиссарлар кеңесінің жолдамасымен Талдықорған облыстық атқару комитеті кадрлар секторының меңгерушісі етіп қызметке жіберді. Сөйтіп, біреуіміз өшкен, біреуіміз өскен заман болды. Бір күні жұмыста отырсам, техникалық хатшы келіп: «Апа, сізді сыртта бір кісі шақырып тұр», – деді. «Жеті түнде мені кім іздеуші еді» деп сыртқа шықсам, қараңғыда белгісіз біреудің сұлбасы көрінеді. Үш ұйықтасам түсіме кірмес, өз-өзіме сенбей, тілім байланып қалды. Бақсам, Мұташ екен. Бостандыққа шығып, мені іздеп келген беті көрінеді. Ісініп, кеуіп кеткен. Адам баласы аштықтан да ісініп кетеді екен. Дәрігерлердің айтуы бойынша, тамақты аз-аздан беріп отырдым. Бұл – 1944 жылдың 20 қыркүйегі еді.

– Содан бақытты өмір басталды ғой…

– Ерте қуаныппыз. Мұташқа жұмыс іздеп бармаған жеріміз жоқ. Қайда барсақ та «халық жауы» деп үрпиіп қарайды. Мен де жұмыстан шеттетілдім. Содан «екі қолға бір жұмыс табылар» деп Өзбекстанға көшіп кеттік. Қазір қарап отырсам, дұрыс істеппіз. Әйтпесе, репрессияның тағы бір толқынына ілініп кетуіміз мүмкін еді. Мұташ Өзбекстанда партия шақыруына үн қосып, түрлі қызметтерде басшылық жұмыс істеді.

1955 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі алқасында Мұташ Дәулетқалиевты айыптау жөніндегі қылмыстық іс қаралып, 1941 жылдың 28 мамырындағы НКВД-ның ерекше мәжілісінің шешімі күшін жойды, қылмыс құрамының дәлелденбеуі себепті іс тоқтатылды. Сөйтіп, Мұташтың адал аты қайтарылды. Араға төрт жыл салып елге оралды. Партиямыз бен үкіметіміз Мұташтың еңбегін жоғары бағалап, бірнеше орден-медальдармен марапаттады.

Абзал азамат жетпісінші жылдары дүниеден озды. Осыдан үш жыл бұрын Казақстан Ғылым академиясында Мұташ Дәулетқалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай ғылыми-танымдық конференция болып өтті.

Азғар апай, өзіңіз туралы ештеңе айтпадыңыз…

– Мен мына Қарқаралының қызымын. Қазір жасым 96-ға аяқ басты. Үлкенім – 75 жаста. Бес баламның үшеуі ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Қызым Кира Мұташқызы – техника ғылымының докторы, профессор. Қазір кіші балам – Болаттың қолында тұрамын. Ағаңмен 1929 жылы Мәскеуде Рыков атындағы клубта мәдени іс-шарада таныстым. Мұташ ол кезде студент әрі Мәскеудегі қазақ жерлестері ұйымының төрағасы екен. 1931 жылы бас қостық. Апаң да сол кездегі белсенді қазақ қыздарының бірі болған. ВЛКСМ Орталық комитеті жанындағы хатшылар дайындайтын оқуды жеделдетіп бітірдім. Ал, 1931 жылы «Казахстанская правда» газетінде жұмыс істедім. Бірнеше үкіметтік наградаларым бар.

Азғар апай, азапты жылдардан хабар берген ашық әңгімелеріңіз үшін рахмет!

 Әңгімелескен: Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Автордан: Бұл әңгіме осыдан 10 жыл бұрын болған еді. Ол тұста Азғар апамыз маңдытып ештеңе айта қоймады. Білем, сеніңкіремеді. Содан бері мен бұл үйдің бір баласындай болып араласып кеттім. Апам ашыла бастады. Бірақ, жазғаныма бақылау орнатты. Қайтесің, пәрмені  шағылған ұрпақтың өкілі ғой, ештеңе дей алмайсың. Талқанының таусыларын білді ме, бұл жолы бәрін төңкеріп тастады. Кезінде айта алмағанды айтудың кезегі енді келді. Біз айтқан болдық…

 Стенографиялық есеп

Әйгілі хатқа байланысты БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті VI пленумының стенографиялық есебі: «Біз мал шаруашылығы саласында үлкен апатқа ұшырадық. Сөйтіп, Қазақстан одақ көлемінде мал шаруашылығы негізгі базасы рөлінен айырылды. Ал, мал басының осылайша адам айтқысыз шығынға ұшырауы тек қана байдың үгітінен емес, ол негізінен Орталық комитеттің мал шаруашылығын дамытуды көздеген директорлары мен шешімдеріндегі бағыты «солақайлық» бұрмалаушылықтан туып отыр. Біз 1929 жылдан бастап, колхоз құрылысында орын алып келген лениндік еріктілік принципін ауыл ерекшелігін ескермеу және баймен бірге тіпті орташаны да құрту сияқты «солақайшылық» бұрмалаушылықтан толық құтыла алмадық. Ауыл және аудандық партия ұйымдары бұл бұрмалаушылықтардан тағылым ала алмады, міне, осының нәтижесінде бұрмалаушылықтар мен әкімгершілік бүгінгі күнге дейін жалғасуда».

Хаттың қысқаша мазмұны

БК(б)П Өлкелiк комитетiне, Голощекин жолдасқа!

…«Бүгiнгi Қазақстан – бұл 163 миллион сомның товарлы өнiмiн беретiн, 40 миллион малы бар өлке», – деп жаздыңыз Сiз, Голощекин жолдас, 1930 жылы «Октябрь революциясының жеңiстерi» деген мақалаңызда («Қазақстанның 10 жылдығы» атты жинақ). Бiрақ қазiр, Сiздiң мәлiмдемеңiзден кейiн 2 жыл өткен кезде Қазақстанда мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кемiп кеткенi әмбеге аян: 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлiгi (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды. Тек байлар мен кулактардың ғана емес, тек жекеменшiктi орташалар мен кедейлердiң ғана емес, сонымен бiрге, негiзiнен алғанда, колхоздар мен колхозшылардың (iшiнара совхоздардың да) қоғамдастырылған және қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға, сұрапыл қырғынға ұшырады…

…Мал басының қисапсыз кемiп кетуi мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екiншi жартысынан бастап) жөнiнде әлi күнге дейiн ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс? Нағыз көзбояушылар, көпiрме жоспарлар жасаушылар, оның үстiне өздерiне жүктелген нақты iс басқара алмаған, көзбояушылықпен «бәрi де жақсы» деп тұжырымдап, өнеркәсiп саласындағы жетiстiктерге арқа сүйеген, сөйтiп, осынау елеулi мәселелерге жұртшылық назарын әлсiреткен жер органдары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерi одағының мүшелерi неге бүкiл жұртшылық алдында сабақ боларлықтай сазайын тартпайды?

Мүсірепов, Ғатаулин, Дәулетқалиев, Алтынбеков, Қуанышев.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here