Балаға керегі ананың махаббаты мен әкенің мейірімі

0
4332

Жетімдер… Ата-анасынан, ана тілінен, ұлттық қадір-қасиетінен айырылған қара домалақтардың тағдырын кім ойлайды? Ата-бабамыз бізге мұндай күпірлік күмәні, наласы өшпес қатыгездікті мұра етіп қалдырып па еді? Жоқ! Халқымыз ата-анасыз қалған ұл-қыздарын ешқашан да жетімсіретпеген, қаңғыртпаған. Ел болып іздеу салып, қамқорлыққа алған. «Жесір дауы, жер дауы» деген осындай әрекеттен шыққан. Бұдан бұрынғылардың ар-намыстың тазалығы үшін күрескендігі көрініп тұр. Қазіргі таңда Қазақстанда 12 мыңдай жетімдер бар екен. 40 мыңға жуық бала түрлі себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалып отырған көрінеді. Өкінішке қарай, қоғамда қатыгез, қаныпезер ата-ана сымақтар көбеюде. Әйтпесе, көзінің ағы мен қарасы, өмірінің жалғасы, бауыр еті баласын туа салып, күл-қоқыстың тасасына тастап кете ме?!

Тастап кету бір басқа, елімізде балалар қылмысы да азаймай тұр. Бұл туралы фактілерді ондап, жүздеп санап, көп мысал келтіруге болады. Ресми деректерге көз жүгіртер болсақ, еліміздегі 5 миллионға жуық баланың 5 мыңы қылмыскер көрінеді. Онымен қоса, 20 мыңға таяу жеткіншек тәртіпсіздігі үшін ішкі істер бөлімдеріне тіркеуге алынған. Балалар қылмысының алдын-алу үшін не істеуіміз керек? Соңғы уақыттары мектептерде қыздар төбелесі де шықты. Бұл не? Тәрбиенің кемшілігі ме? Тарихта талай тауқыметті өткерген біздің халқымыздың басында мұндай сұмдық бұрын-соңды болып көрмеген. Тәртіп бұзушылардың санын көбейтушілердің бірсыпырасы да жетім балалар екендігі құпия емес. Ең қиын қасірет – адамдардың бір-біріне деген мейірімін жоғалтып, тағылық сезімге бой алдырғанында болып отыр. Сотталғандардың әрбір жетіншісі жасы кәмелетке толмаған жетім балалар…

Бүгінгі таңда балаларға қатысты мәселелер Парламентте де талқылануда. Қазір баршамызды ойландырып, толғандырып отырған ортақ сауал да осы. Осыдан бірер жыл бұрын Парламент Мәжілісінің депутаты болған Жарасбай Сүлейменов мұндай жағдайдың ушығып кетуін профилактикалық шаралардың әлсіздігінен көрсе, Қазақстан психологтар қауымдастығының төрағасы Владимир Стеблянко бар жауапкершілікті ата-аналарға артқаны бар. Әрине, адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты екендігі белгілі.

Қазір жаһандану мен ақпараттық технологиялар дамыған заман. Сол себептен де болар, балалардың ой-өрісінің, ойлау қабілетінің, өмірге көзқарасының кейінгі жылдары өзгере бастағаны анық байқалуда. Оны тәжірибелі психологтар да растап отыр. Көп жағдайда біз – балаларды, балалар бізді түсіне алмай, кей кездері арты қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Біздің ойымызша, онда тек ата-аналардың ғана емес, мектептегі оқу-тәрбие жұмысындағы кемшіліктердің де қолтаңбасы бар. Мойындау керек, мұғалімдердің де мінездерін мінсіз деп айтпас едік. Психологтар  оған отбасындағы тұрмыстық жағдаймен қатар «шектен тыс қамқорлықтың да зардабы жоқ емес» дейді. Қалай деген күнде де бала тәрбиесі тек отбасы мен педагогиканың ғана міндеті емес, оған бүтіндей бір қоғам жауапты.

Бүгінгі ұрпақ – еліміздің ертеңі. Демек, сәт сайын балаларды тәрбиеден тыс қалдыруға болмайды. Балаларды отбасында тастап кетіп жатқан – әкелер, ал оларды далада тастап кетіп жатқандар – аналар. Сонда қайсысының салмағы басым? Өкінішке қарай, соңғы жылдары тәрбиенің әлсіреуінен жетімдер үйінде қаракөздердің, ұлттық тәрбие негізінен ажырап қалған балалардың кесірінен қарттар үйінде қариялардың көбейгенін қалай жоққа шығарамыз. Елімізде соншалықты бала көп пе еді? Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді, алдымен, біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, ісімізбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын, табан астында тапталатынын естен шығармағанымыз абзал. Тек өзінен кейінгілерді ойлай білетіндер ғана ұлттарды өмір сүру және алға басу мүмкіндіктеріне жеткізе алады.  Ұлтжандылық сезім атаулыны ұлтшылдыққа таңып, ұзақ уақыт санаға тұзақ құрудың салдарынан біз ұлттық ынтымақтан айырылдық. Сондықтан біз ұлттық сана мен ұлттық ынтымақ бағытындағы тәрбиеге зәруміз.

Қазақстандағы байлықтың көптігі сонша, Менделеев кестесіндегі элементтің түгел бар екенін әлемге паш етіп жатырмыз. Әрине, бұл мақтаныш. Солай бола тұра, жетімдерге, жүдеулерге келгенде қаражат таппай, аузымызды қу шөппен сүртеміз. Осы тұста ер Махамбеттің: «Жетімдерге жем бердім, жесірлерге жер бердім» деп, даналыққа, қайырымдылыққа, мейірімділікке шақырғаны қайда қалды?!

Сәби ізгілікке, мейірбандыққа, ізет пен имандылыққа құштар. Жақсының қадірін білетін асыл азаматтардың адамшылық ісі мен көрсеткен пейілінен сабақ алады. Біз де жақсыдан өнеге алып, адамдық қасиетіне табынып өстік. Құран кітабында: «Алла Тағаланың ең жақсы көретін үйі – жетімдер тәрбиелейтін үй. Егер бір адам жетімді өз қолына алып тәрбиелесе, ондайлар үлкен сауапқа батады…» делінген. Екі ауыз сөздің астарында не деген мейірмандық пен тәрбиелік сабақтасып жатыр. Жер бетінде бар ана өз ұрпағынан: «Бала жыламасын! Бала бақытты болсын! Өсіп-өркендейтін елдің азаматтары, қанаттыдан – аққуға, төртаяқтыдан – ақбөкенге, екіаяқтыдан – халқыңа топырақ шашып, мылтық көтере көрмеңдер!» дегенді тілейді.

Бүгінге дейінгі қол жеткізген табыстарымыз – егемендік, тәуелсіздік бізге тек қана ілгерілуге және өркениетке қарай жол ашты. Әзірге қасіреттеріміз көп-ақ. Соңғы кезде арақ араласқан тойдың да, жиынның да берекесі кетіп, арты төбелес-жанжалға айналып бара жатқаны үлкен ой салады. Мұны ата-бабаның киелі дастарқанынан және қасиетті жерінен аластаудың уақыты жетті. Отбасында әке-шешенің бала тәрбиесіндегі ұлттық имандылық үлгілерін жандандырып, ұл-қыздың жаман жолға түсуіне тыйым салу қажет.

«Тоқырау заманы бітті» деп жүрміз. Ал, жаңаша ойлану, жаңаша толғану заманындағы көз жұмбайлықты кімге жабамыз? Жетім балалардың бүгінгі жан күйзелісі мен қайғысын көре тұрып, тыныш ұйықтап, бейқам өмір сүре алмаймыз. Дүниедегі бар нәрсенің шама-шарқы, қорлануының да шегі бар. Ендеше, бір тоқтап, соңымызда кімдер, қандай болашақ келе жатқанын, оларға не қалдыратынымызды ойланғанымыз абзал сияқты. Өткен заманды қанша жамандасақ та, оның зайырлы жақтары болғанын жасырмағанымыз абзал. Кеңес заманында жетім балаларға үкімет тарапынан қамқорлық өте жақсы жасалатын болған. Бүгінгі таңда Қазақстанның балаларын Америка, Канада, Еуропа елдері алып кетіп  жатыр. Бұл елдердің халқы қартайып кеткен. Отбасында бір бала немесе ол да жоқ. Олар жанын ауыртып бала тапқысы келмейді. Ал, мемлекетке бала саны керек. Сондықтан олар әлемнің өзге елдерінен бала асырап алуға зәру. Өйткені, бұл елдерде балаларға берілетін жәрдемақы өте жоғары. Егер олар екі-үш бала асырап алса, оның ақшасына шалқып өмір сүруге болады. Екінші жағынан өзіне де дивиденд әкелгені үшін ақы төленеді. Қазақстан үкіметі осы жағын ойластыруы керек. Оған айтар мысалдар да көп.

Соғыс жылдары РКП(б) Орталық Комитетінің «Жетім балаларды асырап алу» жөніндегі Қаулысы болған. Соның негізінде ОК мүшелерінің бәрі жетім балалар асырап алған. Сталин өзі бас болып, Калинин, Фрунзе, Ворошилов, Ежов, Енукидзе бір-бір баладан асырап алған. Олардың бәрі кейін тамаша азамат болып өскен. Ондай мысалдар біздің елімізде де болды. Мысалы, сол тұстағы Казақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов, Николай Скворцовтар жетім балаларды асырап алған. Жақында қоғам қайраткері Сайлау Батыршаұлы қазақ қоғамына  жетімдерден құтылу үшін бір-бір бала асырап алуға ұран тастады. Мұның басқа да зайырлы жолдары бар. Кезінде Алматы облысының әкімі Серік  Үмбетов кәсіпкерлердің қолдауымен жетімдер үйінен шыққан балаларға бір бөлмелі үй алып беруге көмектесіп, қайырымды бастама көтерді. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының әкімі кезінде Елеусін Сағындықов та оннан астам жетім баланың үй алуына бастамашылдық танытқан еді. Алайда, осы жақсы бастама жалғасын таппай, жарты жолда үзіліп қалды. Бұл үлкен қаражатты да қажет етпесе керек, мәселе ниеттен туындаса болды. Ең бастысы, атадан қалған кең байтақ жерден өз ұрпағына ұлтарақтай жер бұйырса, ең игі іс  осы болмақ. Күллі мейірімді де қайырымды отбасындағы аналарды да ақжүректілікке шақырамыз. Балаға деген жылулық пен мейірімділік те, қайырымдылық та тек қана анадан басталатынын және соның мейірімімен даритынын естен шығармайық. Ана үшін ешқандай баланың жаттығы жоқ. Баланың көз жасы – ананың көз жасы.

Жетім-жесір, кәрілік пен мұқтаждық – бойлап зерттеуге тұратын мәселе. Бәлкім, бұл сөздер бойында оты, көкірегінде сәулесі бар талай жасқа ой салар. Ойдан ой тұтанып, жетімдіктің тууының түп-тамырын білек сыбанып іздесе, бұл бағыттағы таным-түсінігіміз де едәуір кеңейер еді. Әрине, ақиқат жолы қашан да ауыр. Бұрын әр ру, әр әулет жетімдерін сыртқа тебуді намыс көретін. Жетімді сыртқа тебу – сүйекке таңба, елдікке мін еді. Осы бір ағайынның ауызбірлігін, адамгершілігін танытатын қасиет ауылдық жерде әлі де сақталған. Ізімізді басып келе жатқан ұрпақтың бойында осы ұлы қасиетті сіңіре алсақ, іргеміздің берік болатыны айдан анық.  

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here