Қырық раундтық қанды шайқас

0
1920

Қос боксшы бір-бірін аяусыз соққының астына алып, шаршы алаңды қызыл қанға бояған кездесу 1910 жылы АҚШ-та өтті. Жеңіл салмақтағы чемпиондық атақ үшін дат боксшысы Бэттлинг Нельсон мен америкалық Эд Волгаст қан-жоса болғанша 40 раундқа дейін жұдырықтасты. Бірақ, көрерменнің талабымен төреші кездесуді тоқтатты. Өйткені, өткен ғасырдың басында боксты бақылайтын бүгінгідей арнайы ұйымдар болмағандықтан, оның да арнайы ереже-талаптары болған жоқ. Боксшылар қарсыласы есінен танғанша қолғап түйістіре беретін еді. Тіпті, елу раундқа дейін созылған кездесулер де тарихта болған. Әрине, мұндай кездесулер алдымен боксшылардың денсаулығына кері әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Ал, боксшылардың жойқын соққылары бокссүйер қауымды қанша сүйсіндірсе де, кейіннен боксқа арнайы тәртіп пен ережелер енгізілді. Неге десеңіз, шаршы алаңнан о дүниеге аттанған боксшылар қатары көбейіп кетті.

КӘСІПҚОЙ БОКСТАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСТЕР МЕН ЖЕҢІЛІСТЕР

Енді шаршы алаң қанға боялған 40 раундтық кездесуге оралайық. Бұл «қанды қырғын» 1910 жылы АҚШ-тың батысында орналасқан Калифорния штатының Ричмонд қаласында 18 мың көрерменнің қатысуымен өтті. Кездесуде жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағы сарапқа салынды. Дат боксшысы Бэттлинг Нельсон америкалық былғары қолғап шебері Адольфус (Эд) Волгастқа қарсы өнер көрсетті. Екі боксшы да көрерменге шаршы алаңдағы қатігездігімен танымал еді.

Оскар Маттео Нельсон (кейіннен Бэттлинг атанған) 1882 жылы 5 шілде күні Дания астанасы Копенгагенде туған. Оның шақалақ кезінде ата-анасы АҚШ-қа қоныс аударып, Чикаго қаласында ер жетті. Нельсон бокспен жастайынан айналысып, 14 жасында кәсіпқой бокста шаршы алаңға шыға бастады. Ол 1904 жылы алғаш рет ақ нәсілділер арасындағы жекпе-жекте бақ сынады. Жасы да үлкен әрі тәжірибелі Жимми Бритт 20 раундық сайыста Нельсонды төрешілер шешімімен жеңіп кетеді.

Нельсонның спорттық жолындағы алғашқы әрі жеңілісті жекпе-жегі жас жігітті жігерлендіре түсті. Ол екі-үш ай сайын рингке шығып, көбінесе тәжірибелі боксшылармен жұдырықтасатын. Боксшы үшін жеңісті жекпе-жектер оңайға келмеді. Төзімді боксшы алғашқы қарсыласы Джиммиді, бір кездері чемпиондық атаққа үміткер болған Дик Хайлендті де тізе бүктірді. Ол 1908 жылы Джо Гансты 17-раундта құлатып, жеңіл салмақтағы чемпиондық атаққа таласу мүмкіндігіне ие болды. Нельсон екі ай үзілістен кейін тағы да жеңіске жетті. Бұл жолғы кездесу 21 раундқа созылды.

Америкалық Milwaukee Journal Sentinel басылымының жазуынша, Нельсонның жеңістері берік психологиясы мен сансыз соққыларға шыдас бере алатын қабілетінің арқасында екен. Тіпті, дәрігерлер оның сезімталдығы өзге спортшыларға қарағанда төзімді екенін айтқан. Сондықтан да, ұзақ раундтарда сыр бермейді. Қысқасы, қарсыластары Бэттлингке соққы беруден шаршап қалатын көрінеді.

Волгаст жоғарыдағы қарсыласынан алты жасқа кіші. Ол 1888 жылы 8 ақпанда Мичиган штатында шаруа отбасында дүниеге келген. Эд 16 жасында ата-анасынан жырақтап, аяқ киім тазалап, газет тасып өз күнін өзі көре бастаған. Кейіннен бокстағы бағын сынап көруге бел буған. Америкалық спортшы кәсіпқой боксқа 1906 жылы аяқ басып, айына бірнеше жекпе-жек өткізіп, жеңіліп көрмеген.

Ол бастапқыда кәсіпқой бокстағы дебютанттармен жұдырықтасып, 1908 жылы жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағын сол кездегі рекордтық көрсеткіш, яғни атағын алты рет қорғап қалған «Кішкентай еврей» лақап атымен танылған Эйб Аттеллмен кездесу өткізуге келіседі. Чемпиондық атақты ешкім алмаған жекпе-жек тең аяқталған.

Волгаст әрі қарай орта деңгейдегі боксшылармен жұдырықтасып, жеті рет жеңіс тұғырынан көрінеді. Сегізінші жекпе-жекте қарсыласына есе жіберіп алғанымен, чемпиондық атақ үшін айқасуға мүмкіндік алады. Ол көрерменнің сүйіктісі және промоутерлердің үмітін ақтайтын боксшылардың бірі болатын. Эд Волгаст қапталдан ұратын және солақай ауыр соққылармен танымал.

Алғашқы кездесуде Нельсон бұрынғы қарсыластарынан көрген осал тұстарды Волгасттан таба алмады. Жекпе-жек 10 раундқа созылып, Эдтің жеңісімен аяқталды. Көрермендер боксшылардың бір-біріне деген өшпенділігі болса да, қабағынан өзге жекпе-жектерде болмаған ашуды, жеңіске деген жігерді көрді. Кездесу аяқталысымен бірден қарымта жекпе-жектің уақыты 1910 жылдың ақпанына белгіленді. Алдағы сайысқа «Соңына дейінгі шайқас» деген атау беріп, кездесудің бұдан да қатігез болатындығы алдын ала болжанды.

ШЕШУШІ ШАЙҚАС

Боксшылар қарсылас қадамын аңдып, жеңіл соққылармен алмасты. Алайда, бірінші раундтың соңында Бэттлингтің мұрны қанап, беті қанға боялса да, кездесуді аяқтауға келісім бермеді. Боксшылар қапталдан соққылар алмасқанымен, нокдаунның ауылы жақындай қоймады. Қарсыластар 21-раундқа дейін бірыңғай соққы алмасумен уақыт өткізді. Ұзақ уақыт бойы нәтиже көрмеген көрермендердің көңілі түсіп, олар жалыға бастады. Дегенмен, қызықтың ауылы жақындап қалған еді.

22-раундтың ортасында Нельсонның оң қолмен ұрған ауыр соққысынан кейін Волгаст нокдаун алып, жер тізерлеп қалды. Алайда, жылдам аяққа тұрған спортшы қарсыласын бұрыштан-бұрышқа қуалай түсті және алдағы 10 раунд солай жалғасты. Ауыр соққылардан кейін Бэттлингтің қарымы қайтпаса да, қан-жоса болған беті кедергі келтірді. Жекпе-жектің 35-раундында қарсыластардың шаршағаны байқалып, соққылары бәсеңдей бастады. Дегенмен, Волгаст көп соққы жасап, шаршай қоймағанын байқатты. Сол сәтті Ричард Девис есімді журналист былай еске алады: «39-раундтағы америкалықтың қарсыласына жасаған соққыларын қарау мүмкін емес, өйткені сол сәт баланың дымқыл құмды соққылағанын еске салады».

Шаршы алаң қан-жоса болды. Нельсон беті мен қабырғасынан соққының үстіне соққы ала берді. Содан оның түрінен түр қалмады.

Жоғарыдағы тілшінің айтуынша, төреші Эдди Смит жекпе-жекке көп араласпаған. Кездесу 40-раундқа жеткенде көрермендер боксты тоқтатуды талап етті, өйткені боксшылардың шайқасын әрі қарай көруге ешкімнің шыдамы жетпеді. Волгаст жеңімпаз деп танылды.

«Мұндай қатігездікке толы шайқасты бұрын-соңды көрмеппін», – дейді New York Herald Tribune газетінің редакторы Уильям Макгиган. Ал, тілші Арне Лэнг: «Бұл жекпе-жек ең жабайы шайқастардың көш басында тұр», – деп баға берген.

Жекпе-жектен кейін америкалық боксшы: «Артық сөздің қажеті қанша, мойындаңыздар, мен бұрын-соңды былғары қолғап кигендердің ішіндегі ең мықтысымын», – деп мәлімдеді. Ал, қабағы жарылып, беті ісініп, көгеріп кеткен Нельсон медициналық көмекке мұқтаж болғандықтан, жеңілісі туралы ешқандай мәлімдеме жасамады.

Аталған жекпе-жектен кейін қос боксшының қайта қалыпқа келуі ұзаққа созылды. Волгаст шаршы алаңға төрт ай, Нельсон сегіз ай шықпады. Бэттлинг үшін жұдырықтасудың салдары ауыр болды. Дат боксшысы осыдан кейін қауіпті қарсыластармен жұдырықтаспаса да, бірнеше кездесу өткізді. Ал, америкалық боксшы 1912 жылы чемпиондық атағын қорғау үшін мексикалық Джо Риверспен шаршы алаңға шықты. 13-раунда қос боксшы да бірдей нокаут алып, төрешілер жеңісті Волгастқа берді. Өйткені, төреші онға дейін санағанда чемпион қарсыласынан бұрын бас көтерді.

1913 жылы Волгаст пен Нельсон үшінші жекпе-жегін өткізді. Америкалық боксшы оныншы раундта қарсыласын тізе бүктірді.

ТӘЛКЕККЕ ТҮСКЕН ҚОС ТАҒДЫР

Қос боксшының кейінгі тағдыры көпке беймәлім. Олар туралы айтылған әңгімелердің көбі дәлелсіз. Мысалы, «Волгасттың соқыр ішегі асқынған, қолы мен аяғы сынған» деген әңгімелер көп айтылғанымен, нақты дәлелдер келтірілмеген.

Time журналының мәліметінше, Эд Волгаст психологиялық ауытқуға ұшырап, 1917 жылы Калифорния штатындағы Стоктон емханасына түскенімен, бір жылдан кейін қашып кетіпті. Біраз уақыт орманда жасырынып жүрген боксшы шаршы алаңға қайта оралу үшін ағзасын жасартатын дәрі де іздеген көрінеді. Дегенмен, Эд Волгаст 1919 жылы боксқа қайта оралып, бес жекпе-жек өткізгенімен, тек біреуін ғана жеңе алды. Өмірінің бір бөлшегіне айналған сүйікті спортындағы жеңілістер ол үшін ауыр соққы болды. Рухани күйзеліске түскен спортшы бокс кештерін ұйымдастырушы Джек Дойлдың үйіне барып, көмек те сұраған. Дойл шаршы алаңның экс-чемпионын қамқорлығына алғанымен, кейін дәрігердің қарауына қайта оралып, сот оның есінің дұрыс еместігін дәлелді.

Эд Волгаст ауруханада өзінің көлеңкесімен жұдырықтасып жүреді. Сондай күндердің бірінде оны тыныштырмақ болған дәрігерлер абайсызда оның бұрын сынған қабырғасына зақым келтіріп алады. Шаршы алаңда қарсыласын қанға бөктірген боксшы соңғы өмірін ауруханада өткізеді. Кейін жанары солып, соқыр болып қалған ол 1955 жылы 67 жасында қайтыс болады. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, Волгаст өмірінің соңғы күндері түнгі уақытта жаттығуды әдетке айналдырған. Ол тура Нельсонмен жекпе-жекке дайындалғандай күй кешіпті.

Ал, Бэттлинг Нельсон бір жыл бұрын өмірден озған болатын. Ол да есінен адасып, психикалық ауруханада жатып, 1954 жылы 72 жасқа қараған шағында көз жұмған. Ол қарсыласына қарағанда өмірінің соңғы күндерін тыныш өткізген. Тіпті, жас спортшылардың жаттығуларына барып, кәсіпқой бокстағы шеберліктерімен де бөліскен.

Қос боксшының да үлкен спорттың кесірінен психологиялық ауытқушылыққа ұшырағанын айтады дәрігерлер. Ұзақ уақыт бойы әрі ауыр соққылардан ми қатты зардап шеккен. Өкінішке қарай, спортсүйер қауым бокстың адам денсаулығына аса зиян екенін кеш түсінді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазір кәсіпқой бокстағы кездесу 12 раундпен шектеледі. Бұл ереже жеңіл салмақтағы кәріс боксшысы Ким Дук Кудің өлімінен кейін 1982 жылы енгізілді. Өйткені, америкалық Рэй Манчинимен қолғап түйістірген марқұм чемпиондық белбеуге талас кезіндегі 14-раундта басынан қатты соққы алып, есінен танып қалған боксшы емханада қайтыс болды. Содан кейін Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) раундтар санын қысқартты. Ал, 1987-1988 жылдары Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) мен Халықаралық бокс федерациясы (IBF) да сондай шешім қабылдады.

Индира Біржансал

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here