Ұлтты сақтап қалу қамы – білімде

0
1816

Өркениетті елдер қатарына еніп, жаһандану көшіне ілескен еліміз үшін ең басты мәселе – ұрпақ тәрбиесі. Елдің атын сақтайтын, даңқын шығаратын да білімді азаматтар. Халықтық рухты асқақтатуда ең алдымен сананың өзгеруіне ықпал ететін әрекет керек. «Заманына қарай амалы» немесе «Әрекетте берекет бар» дейді дана халқымыз. Осы бағытта Тұңғыш президентіміздің ұлттық руханиятымызды дамытуға арналған ауқымды бағдарламасы дер кезінде қабылданып, оны жүзеге асыруда көп жетістіктерге қол жеткіздік. Елбасы Н.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарыққа шығып, көптеген күмәнді мәселелерді сейілтіп, еліміздің болашақ қадамын айқындап берді. Онда  дамудың нақты алты бағытын – ұлттық сана, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті дамыту, білімнің салтанат құруы және сананың ашықтығы деп атап  көрсете отырып: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деді.

Өркениетке ілесудің жолы – ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жан-жақты біліммен қарулану. Әсіресе сол ауқымды жобаның «Тәрбие және білім» бөлімі, «Саналы азамат» аясында: «Мамандықтар әлемі», «Алтын қазына», «Ұлы өнертабыстыққа алғашқы қадам», «Дарындылар елі», «Кітап – білім бұлағы», «Отбасы  әлемі», «Бизнес», «Ұлы дала жастары», «Білім сапасының деңгейін зерттеу», «Латын әліпбиіне көшу» деген бағыттар қамтылған. Байқап отырсақ, әр бағыт өте салмақты мәселелерді көтеріп тұр. Елімізде осы бағдарлама бойынша қаншама ауқымды шаралар жүзеге асты: дарынды жастарды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, түрлі даму орталықтарындағы сайыстар, инновациялық іс-тәжірибелерді насихаттау, өлкетану бағытында еліміздің әр өңіріндегі тарихи нысандарды қалпына келтіру, өз өлкесіндегі таланттарды іздеу, олардың өнегелі істерін үлгі ете отырып, қолдау көрсету – бәрі де мазмұнды әрі тәрбиелік мәні жоғары жұмыстар. Бұл істердің басында ұстаздар тұр. Саналы азамат қалыптастыруда әлемдік бәсекеге қабілетті, терең білім мен  ұлттық өнерді игерген жастарды тәрбиелеп шығару – ұстаздарға жүктелген аманат. Барлық ізгі жаңалықтар мен өзгерістерді ұстаздардың атқаруы заңдылық. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген даналықтың мәні ұстаздар мен ғалымдардың тынымсыз еңбегімен өзектес. Ел болашағы білімді жастардың қолында.

Еліміз өркениет көшіне еркін ілесіп, әлемді білімімен, өнерімен тамсандыратын сапалы адам капиталын қалыптастыру жолында түрлі маңызды жобалар университетімізде де жолға қойылған. Әлемнің үздік университеттерінің алдыңғы жүздіктер қатарына енген білім ордасының бай тәжірибесі мен жаңашыл бағыттары білімге ұмтылған жастарға тың серпін беріп, кең қанат жаюына көмектесуде. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде әлемнің әр елінен келіп, білім алып жатқан шетелдік (1985 жылдан бері Америка, Жапония, Корея, Ауғанстан, Түркия, Германия, Палестина, Үндістан, Пәкістан т.б. мемлекеттен келіп, білім алуда) және қандас бауырларымыз бір жыл ішінде білім игерумен қатар, қоғамдық ортаға бейімделіп, Алматы қаласының және еліміздің әсем де бай тарихымен танысып, мол мағлұмат алып, қанаттанып шығады. Бұл – Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың 2003 жылы 10 шілдеде №1149 жарлығымен бекітілген  «Нұрлы көш» бағдарламасы  аясында басталған игі істердің бірі. Онда әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ бауырларымызды атажұртқа көшіру, оларға әлеуметтік қолдау көрсету, тегін білім беру мәселесі жоспарлы түрде көрсетілген болатын. Соның нәтижесінде Қытай, Моңғолия, Ресей, Түркия, Германия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран т.б. көптеген елдегі қандастарымыз елге бет бұрды.

Осы ұлт болашағы үшін маңызды жоспардың негізінде Білім және ғылым министрлігінен арнайы грант бөлініп, бүгінгі күнге дейін мыңдаған жас тегін білім алуда. Жыл сайынғы шетелден келуші қазақтар санының өсуіне орай, университетімізде дайындық бөлімі кеңейтіліп, шетелден келген қазақ балаларының елге келуіне, білім алуына, кәсіби мамандыққа баулу, ортаға бейімделуіне арнайы жағдайлар жасалды. Оқу орнын бітірген, түрлі кәсіпті игерген алғашқы түлектердің легі бүгінде өз елінде ұлт руханияты мен экономикасын көтеруде ауқымды істер атқарып, ел дамуына үлестерін қосып жүр. Мәселен, алғашқы түлектеріміз: танымал журналист Біләл Қуаныш, ақын Жақсылық Қажымұрат, жас ғалымдар Нұржұма Елесбай мен Алмас Оралбек, ақын қызымыз Гүлден Әзілбек, белгілі драматург Әннес Бағдат, танымал «Алаш ұлы» тобында өнер көрсеткен әнші-сазгер Ұшқын Жамалбек – біздің мақтан тұтар шәкірттеріміз.

Оқуға қабылданған жастар университетіміздің барлық ауқымды шараларына қатыстырылады. Тыңдаушылар өздерін жан-жақты дамытып, білім алумен бірге, өнердің түрлі саласында шыңдалып, ғылыми конференцияларға қатысып, өздерін қызықтырған тақырыптарында ғылыми жобалар дайындайды. Түрлі спорт, мәдени сайыстарға да қатысады. Университетімізде өткізілетін дәстүрлі «Студенттік көктем» фестивалінде, «Наурыз» ұлттық мерекесі сайыстарында, «Мен жастарға сенемін» форумдарында шәкірттеріміз бірнеше рет жүлделі орындарды жеңіп алды.

Жалпы, шетелдегі қазақ бауырларымыздың ұлттық өнерге, туған тілге, ата дәстүрге деген құрметі мен махаббаттары ерекше. Жат жұртта туып-өскен  бауырларымыз тіліміз бен дәстүріміздің қаймағын бұзбай сақтап келіп, ұлттың ұйысуына, халықтың сапалы дамуына өз үлестерін аянбай қосуда. Мәселен, дәстүрлі «Жер – біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық  ғылыми-студенттік конференцияда түрлі жаңа жобалар мен инновациялық бағыттағы ғылыми ізденістер жарияланып тұрады. Ондағы талантты шәкірттер еліміздің рухани әлемінің дамуына атсалысып жатқандығын байқаймыз. Мәселен, Салтанат Жеңісбектің «Күн энергиясын тұрмыстық жағдайларға пайдаланудың тиімділігі», Қауария Бекенқызының «Тіл байлығы – ел руханиятының асыл қазынасы», Әсел Ерғалиеваның «Желтоқсан оқиғасының саяси құқықтық маңызы», Ақиқат Мағауияның «Қазақтың ұлттық ойындарында кездесетін физикалық өлшемдер», Жәкей Қуатбектің «Ат – қазақ мәдениетінің бренді» т.б. көптеген ғылыми ізденістерден біз оралман-тыңдаушылардың білім мен ғылымға деген қызығушылықтары мен зор талаптарын байқадық.  

Жастарымыздың дүниетанымын кеңейту, шығармашылығына жол ашу үшін білікті мамандар мен оқытушылар жетекшілік жасайды. Мұның сыртында, еліміздегі киелі жерлерге, тарихи нысандарға, мәдени орындарға саяхаттар ұйымдастырылып, туған елдің тарихы мен мәдениетімен таныстыру дәстүрлі түрде жүргізіледі. Әсіресе қасиетті Түркістан қаласына, Шарын шатқалы, Есік қорғаны сияқты орындарға арнайы экскурсия жасалады. ЖОО дейінгі дайындық кафедрасында дәрістен тыс, «Шамшырақ», «Тарихыңды таны», «Темірқазық», «Сөз зергері» т.б. көптеген клубтар мен үйірмелер жұмыс істейді. Осындай танымдық жұмыстармен айналысу, шәкірттерді рухани шыңдау ісі клубтар мен үйірмелердің арқасында жүзеге асып отыр. Шетелден келіп, атажұрттың осындай игіліктеріне жастарымыздың ие болуы – тәуелсіздігіміздің арқасы. Олар осы алған білімдерін халқымыздың бай тілі мен дәстүрін, мәдениетін, тарихын тани отырып, өздерінің келген елдеріне насихаттап, елімізді әлемге танытуға ықпал жасайды. Халықаралық рухани, мәдени байланыстар түзіліп, жаһандық даму үдерісіне ілесуді көздейді. Ел руханиятын асқақтатуға себепкер болады.

Ұлттың  ұйысып, ұрпағымыздың саналы да рухты болып өсуі үшін ең алдымен білім сапалы, тәрбие берік болуы керек.  Әл-Фарабидің  мына сөзі  әрдайым есте болғаны жөн: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Ал ұлт тәрбиесінің тамыры тіпті тереңде. Ұлт көсемдерінің  аманатын келер ұрпаққа үзбей, ардақтап апаратын жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі, ұстаздарға артылған қасиетті борыш. «Сөз – қару, мұны бұзуға жұмсасақ бұзады, түзеуге жұмсасақ түзейді», ­­– деп Алаш көсемдері айтқандай, дер кезінде айтылған сөз бен жасалған әрекет нәтижелі болмақ. Қазір адамзаттың алдында зор қауіп төніп, жер әлемнің пенделері төрт қабырғаға қамалғанымен, озық идеялары мен терең білімдерін жарыстыруда. Біліммен бәсекеге түсіп, ұрпағын сақтап қалу үшін озық істері мен тәжірибелерін үлгі етуде. Бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ: балаларымызды ерте жастан білімге баулып, саналары тұнық кезінде миға қаққан сынадай сапалы білім беру. Ұлтты сақтап қалу қамы ­– осы білімде ғана.

«Білім» деген сөздің көкжиегі кең, зор екені белгілі. Осындай жауапкершілікті арқалаған ұстаздар ыждағатты, ізгілікті, сабырлы болса, қоғамдағы ұлы өзгерістердің көшін сүйрейтін ұрпақты сақтап қала алады. Ұстаздан ұят кетсе, өтірік білім беріп, дүмше молданың қарекетін жасаса, Абай айтқан «аққу көкке тартып, шаян көлге тартып», тапжылмай отырармыз. «Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету ­– қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі – осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік», – дейді есіл ерлер («Қазақ» газетінің алғы сөзінен. 1913 жыл).

Біз бүгін алпауыт елдердің қарыштап дамыған екпініне ілесу, өркениетті елдер көшіне қосылу жолындамыз. Елбасы атап айтқандай, ол оңай жол емес. Жаһандану заманында жас мемлекет болсақ та, өз ұлттық болмысымызды сақтап, мәдени құндылықтарымызды игеріп, оны әлемге таныта отырып алға басып келеміз. Кешегі Алаш қайраткерлерінің аманаты  орындалып, әлемнің бар қазағы бір көк тудың астына жиналған күнге де аман жеттік. Енді осы тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, болашағы баянды болуы үшін жас ұрпағымыз білімді, рухты, еңбекшіл және ынтымақты болуы керек. Болашаққа барар жолда білімділердің өз дәуірінде ұрпақ үшін атқарып кеткен істерін жалғастырып, үнемі тәрбие көзіне айналдырып, ұрпақ санасына сіңіріп отыру – парызымыз. Сөзіміздің басында атап өткендей, білімнің салтанат құрған дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтай отырып, бәсекеге қабілетті, ашық саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне адал болайық.  «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген қанатты сөздің мәні де осында жатыр.

Жанна ӘДІЛХАНОВА,
ЖОО дейінгі білім беру факультеті
ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here