Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы…

1
2582

Ат үстінде жүрген азаматтың жақсы атын халыққа сіңірген еңбегі шығарады. Өйткені, халық жады – тасқа түскен таңбамен тең. Өшіруге де, көшіруге де көнбейді. Әрбір ісің мен сөзіңді халық жады қалт жібермей, ой төрінде өрнектеп, сана кеңістігінде сақтайды. Сақтап қана қоймай, қажетті жерінде азаматтың абыройын асқақтатып, беделін биіктетер әрлі әңгімеге қанат бітіреді. Ақиқатын аңыздай тербеп, аңызын ақиқаттай етіп тереңнен қозғап, сырын айтады… Қолымызға қалам алып, көз алдымызға осы бір ардақты жан – дұрысында халқының ардақтысы болған марқұм Сафарғали Қожахметұлы Байболатов тұлғасын елестете бастағаннан-ақ өзі де кесек, сөзі де кесек, атқарар ісі де кесек болған бейнесі көз алдымызға келе қалады.

Біз таныған Сафарғали Қожахметұлы – тұлғалы, тұғырлы азамат, жүрген жерінде жақсы атымен, абыройлы ісімен, сабырлы мінезімен, халықшыл қалыбымен танылған, өзін тағылымды ұйымдастырушы, табанды басшы ретінде көрсете білген, ел жүрегіне жол тапқан сондай жарқын жүзді азаматтарымыздың бірі еді. Өкінішке қарай, былтыр ардақты ағамыздан айырылып қалдық…

Иә, адам өмірі үш сала кезеңмен байланысты болса керек. Олар – шыққан тегің мен өскен ортаң, білімдену мен өміртанудағы еңбек жолың және жеке өмірің, яғни отбасың мен ұрпақтарың. Сол айтқандай, бұл тұста Сафарғали Қожахметұлының ғұмырбаянына қысқаша тоқталсақ артық болмас.

Сафарғали Байболатов – 1950 жылдың 5 маусымында қазіргі Ресей Федерациясының Омбы облысына қарасты Азов ауданының Ханафья ауылында дүниеге келген. Көп балалы отбасында өскен Сафарғали ағамыз қарапайым ғана қазақ отбасынан тәрбие алды. Өзінің іргелі әулеті, ата-тегі, олардың соңына қалдырған үлгілі істері жайлы әңгімелер оның жасынан-ақ құлағына құйылыпты. Әкесінің айтуынша, Омбы қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан шағын ғана Қыпшақ елді мекені – олардың атақонысы. Бала жастан өскен ауылы арғы аталарының есімімен «Ханафья» деп аталған. Бұл ауыл ауызбірлігі жарасқан, ынтымағы үйлескен, өзгеге үлгі ел-жұрт болыпты. Бала Сафарғали осының бәрін көңілге тоқып өседі.

Әкесі Қожахмет Әбішұлы соғыс даласында 7 жыл жүріп, талай сүргінді бастан өткерген. Тұтқынға түсіп, адам шыдамас азапты да көреді. Алайда, туған жердің дәмі тартып, ақыры Польшадан елге оралады. Қожахмет майданға кеткенде бір қызымен қалған жары өмірден өтіпті. Тірі жан тірлігін жасайтыны – өмірдің заңы. Сондықтан, ол Көкшенің аруына сөз салып, кайта үйленеді.

Көзін тырнап ашып, еңбекке араласқан сол кезеңдегі ұрпақты өмірдің өзі болаттай балқытып, құрыштай шынықтырып өсірді емес пе?! Басынан бақайшағына дейін талдап-таразылап жататын емес, сол дәуірдегі төс пен балғаның арасына жаншылған ұрпақтың жарты әлемге жаңғырған дауысы Жер ғаламшарының құлағында әлі тұр… Сафарғали ағаның әкесі де сол қоғамның бүкіл тыныс-тіршілігін бір кісідей сезініп, өзіндік өрлеу жолын тапса, әкесі секілді Сафарғали ағамыз да нарықтық қоғамның бағыт-бағдарына тереңінен талдау жасай біліп, өзіндік дара жолын тапты. Толыққанды, дәстүрлі, жалғасты бақыт деген осы болар… 

Содан әкесінің өмір тағдырын өнеге еткен Сафарғали ағамыз бала жастан алғыр, зейіні зерек болып өседі. Мектепті үздік бітіреді. Әр жауапты әрі салауатты азамат секілді әскери борышын да өтейді.

Еңбек жолын 1967 жылы Омбы қаласының П.И.Баранов атындағы мотор жасау зауытында токарь болып бастайды. Көп өтпей арман қуып, білім іздеген жас Омбының С.М.Киров атындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. I-курста оқып жүргенде Ульяновск қаласында өткен химия олимпиадасына институт атынан қатыскан. 16 мың студенттің арасындағы небәрі 13 комсомол комитеті мүшесінің бірі болған.

Бала жастан құнарлы қоныстың қыс қыстауы мен жаз жайлауында өpic толы мал баққан әкенің қажырлы еңбегін көріп өскендігінен болар, болашақ мамандығын төрт түлікпен байланыстырып, зоотехник мамандығын таңдаған жас маман 1978 жылы оқуын үздік бітіріп, Қазақстанға жолдама алады. Павлодар ауыл шаруашылығы басқармасының бағыттауымен Ертіс ауданының «Абай» совхозына сиыр табынының бригадирі болып орналасқан ол кейінірек Шарбақты ауданының «Чигиринов» совхозында бас зоотехник қызметін атқарады. Осыдан соң қызмет баспалдағымен өрлей түскен білімді, білікті азамат 1983 жылдан Павлодар ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас зоотехнигі, 1987 жылдан «Пресновский» совхозының директоры, Екібастұз ауданының басшысы лауазымдарын абыроймен атқарды.    

Басшы болу бар да, адамдық пен азаматтықпен басқару бар. «Сафарғали Қожахметұлы басшымын деп шалқаймады, керісінше, сол кездегі совхоздардың шатқаяқтап тұрған тұрмысын тең бастыруға зор еңбек сіңірді» дейді көзкөргендер. Үзеңгілестері де, шәкірттері де елге жаға болған ағаның адамгершілік қасиетін әлі күнге құрметтейді.

Сафарғали ағамыздың жастайынан бірбеткей мінезі, кесім айтқанда кесіп түсер әділдігін де білетіндер тамсана айтады. Жасынан намысшыл, ұлты үшін жанын құрбан етуге дайын азаматтың студент кезінен-ақ өзі секілді қазақтың өрімдей жастарына жасалған озбырлыққа көз жұмып тұра алмай, ақырып әділдік сұраған, араша түскен және қамқорлық көрсеткен сәттері аз емес. Малына емес, арына сүйенген азамат бұл касиетінен ешқашан ажыраған жоқ. Бұған отбасындағы қазақи тәрбиемен, қазақтын ауыз әдебиетімен сусындап өскені себеп болса керек. Бала жастан ағасы Сабырмен жарыса «Алпамыс», «Амангелді батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырларын, дастан-қиссаларын жатқа айтқан зеректігі тағы бар.

Жастайынан имандылықпен сусындаған азаматтың діннен сауаты да аз болмады. Содан болар, сол кездегі облыс әкімінің нұсқауымен құрылған «Әбу Ханифа» қорының тізгіні де Сафарғали Байболатовқа сеніп тапсырылды. Қорды басқарған бес жыл ішінде ол өңірдегі әр деңгейдегі имамдарға тұрақты еңбегін төлеп, мешіт жөндеу жұмыстарына қатысты.

Жақсыны көре білу, жақсыны жақсы деп тану – адалдықтың белгісі. «Жылқы көп – қазанаты сирек, жігіт көп – азаматы сирек» деген ғой дана халық. Сафарғали ағамыз да бойына, болмысына кісілік қасиет дарыған жан болды. Бұл – терең ұғым, үлкен қасиет қой. Қай ортада болсын ол еңсесін биік ұстады, істі терең ойлап, байсалды шешті. Ол ақтық демі таусылғанша туған еліне еңбек сіңірген, оның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтардың бірі еді. Көзі тірісінде сол меценаттық қырымен де танылды. Жұмыссызға жұмыс тауып, баспанасы жоқты уақытша болса да тұрақпен қамтуға атсалысты. Оның Павлодар қаласының «Усолка» шағынауданында іргесін қалаған арнайы Құран бағыштау хатымы оқылып, дұға асы берілетін «Хатым-халал» мен қазақ тойлары өткізілетін «Ақ ниет» мейрамханасы халықтың қажетін өтер берекелі мекенге айналды. Ол Май ауданындағы Ақбалық Хазірет пен Ертіс ауданындағы Таймас әулиелердің кесенелерін көтеріп, қажылыққа үш рет барып, дінді насихаттаған ағартушы Мақат қажының қорымын қайта жаңғыртуға да күш салды. Одан бөлек, ол басқарған «Пресновский» шаруа қожалығы Чернорецк (қазіргі Байболатов) ауылдық округінде 250 орынды мешіт салып берді. Шаруашылықты көтеріп, тұрмысты жандандырған басшы алақандай ауылда өнер мен мәдениетті көтерсем деген арманын да іске асырды. Оның қолдауымен құрылған ауылдың халық хоры көп жылдар бойы облыста жүлделі орынға ие болып келді. Және бір атап өтер жайт – Сафарғали ағамыз өз өңірінде ғана емес, сонымен қатар, елімізге де белгілі тұлға еді. 10 жылдай уақыт Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының Кереку аймақтық бөлімшесін басқарды. Өңірдегі барлық қоғамдық жұмыстағы ол кісінің ұлтжандылығы, парасаты биік азаматтылығы қай ісінен болмасын айқын көрініп тұрды. Қаптаған орысша көше атауларын қазақшалауға ауыстырудың басында жүргенін көзі қарақты тілеулес қауым ешқашан да ұмытпақ емес.

«Жасында байқары көптің, жасы жеткенде айтары көп» дегендей, жақсы аға атану, жақсылыққа қазық болар қария, алқалы ақсақал болу – бір бақыт. Ауыл – елдің өткенін өнеге қып, шежіресін сыр етіп, құндылығын ашатын қазыналы сандыққа айналған атпал азамат былтыр 70 жасына қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанды. Көзінің тірісінде Павлодар облыстық Ардагерлер кеңесінің, Павлодар қаласы бойынша Билер кенесінің мүшесі, «ҚР Ағарту саласының үздігі» атанып, Екібастұз қаласы мен Павлодар ауданының Құрметті азаматы болған коғам белсендісі туралы білетін жан тебірене еске алады. Оның «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі де шын иесін тапқан марапат еді…

Міне, Сафарғали ағамыздың жүрегінің мейірімді, жанының жомарт болуы да осы ақиқат өмірді көзімен көріп өскендігінен болар дейміз. Көпті көрген кең мінезді, көпшіл әке де ұлына тәрбиені оң беріп, қайырымды болып қалыптасуына бірден бір себеп болғаны анық. Ал, «алма да ағашынан алысқа түспейді» ғой!

Рас, дүниедегі мақсаттың да, міндеттің де ең үлкені – ол ертеңгі күнге өнегелі, парасатты ұрпақ қалдыру. Ал, марқұмның соңында ізгі ісін жалғайтын ұлы Мұрат, шаңырағының түтінін түзу шығарған зайыбы Фарида апай қалды. Олар барда жүрген жеріне жақсылыктың дәнін еккен қазыналы қарттың ізгілік гүлінің тамыры үзілмек емес. Өйткені, бүгінде жапырағын жайған бәйтеректің тамыры тереңге тартып,  Байболатовтар әулеті деп аталатын ұлы көш өмір атты теңіздің толқынында өз сапарын жалғастыруда. Жалғастыра да бермек…

Кешегі күннен жүйрік жоқ. Өтіп бара жатқан қайран уақыт-ай десеңізші. «Қазағым» дегенде кеудесі қарс айырылған, ұлтының рухы мен намысын бәрінен биік қойған, қазақтың жүзін жерге қаратпау үшін бар саналы ғұмырын халқына арнаған Сафарғали Қожахметұлын сұм ажал арамыздан алып кеткеніне жыл толды. «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, біз оны сан айтамыз жоқтап әлі», – деп Қасым Аманжолов дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев жырлағандай, қазақ халқы Сафарғали Қожахметұлын әлі талай іздейтін, сағынып еске алатын, жоқтап жыр арнайтын болады. Ал, марқұмның артында қалған мұрасы ешқашан өлмейді. Болашақ ұрпаққа қызмет етіп, халықпен бірге жасай береді. Бұл – ақиқат!

Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қоры мен Республикалық «Qazaq» қоғамдық-саяси газеті

1 пікір

  1. Оте керемет, мазмуны терен баяндалган материал жариялапсыз дар. Рахмет.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here