Елбасының сөзімен бастасақ, рухани жаңғыру – адам баласының ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білуі. Білімнің салтанат құруы қазіргі таңда білім бағдарламаларының елімізге ұтымды үлес қосып келе жатқанын айта келіп, табыс тізгіні – білімді жастардың қолында екеніне баса назар аударды.
Қазіргі уақыт адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Осы орайда сапалы білім мен ұлттық тәрбие беруде саналы ұрпағына бар күш-жігерін аямайтын құрметті ұстаздарымыздың рөлі ерекше. Еліміздегі жоғары білім берудің негізгі міндеті – маманды тек біліммен қаруландырып қана қоймай, оның жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілетінің жетілуіне мол мүмкіндік жасауы болып табылады.
Мамандықтың оңайы болмайды. Жаның қалап, бар ынтаңмен жасаған қызметің – сен үшін ең оңай қызметтердің бірі болмақ. Сондай ерекше мамандықтың бірі – ұстаз.
ХХІ ғасырдың білім беру ортасында мұғалім 90 пайыз уақытын оқушылардың оқу әрекетін ұймдастырушы рөлін және 10 пайыз дәстүрлі мұғалім рөлінің қызметін атқарады. Оқып үйренуде сөйлеу мен тыңдау, есепті құрастыру, үдерісті бақылау, дәлелдеу және келістіру секілді көптеген дағдылардан тұрады. Осы барлық дағдыларды мұғалім меңгеруі қажет. Бүгінгі мақсат – әрбір оқушыға түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін беру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау. Келер ұрпаққа заман талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі – маңызды мәселелердің бірі.
Ұстаз – таудан сарқырап аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды.
Аймұрат Қанағат 2014-2018 жылдар аралығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде тарих мамандығы бойынша оқыған. Көптеген ғылыми-практикалық семинарларға белсене қатысқан, бірнеше байқаулардың жеңімпазы.
Еңбек жолын Атырау қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы жалпы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі болып бастады. Өзіне Құдіретті күш иесі өмірдегі ең жақсы адамдардан тәрбие алуды жазып қана қоймай, сол адамдармен бірге шеберлігін шыңдауды да нәсіп еткен. Сондықтан өзін әлемдегі ең бақытты жандардың қатарында деп есептейді. Ендігі алға қойған мақсаты – білікті ұстаздардың қатарынан көріну, білімді жастарды тәрбиелеу. «Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек», – деп Мұхтар Шаханов айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу – мұғалімнің міндеті.
Мұғалім – мектеп жүрегі болса, оның беделі – мектептің беделі. Ал, мектеп – мемлекеттің басты тірегі. Олай болса қазіргі таңда мұғалім білікті әрі шебер, ұшқыр ойлы, қабілетті, өз пәнін жетік меңгерген болуы керек. Мұғалімдер қатарын толықтырып отыратын жас мамандар да талмай үнемі ізденіс үстінде болып, әр пәнді жоғары деңгейде, сапалы етіп өткізсе, шығар асуы алыс емес. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында. Сондықтан әрбір мұғалім бұл жауапкершілікті сезінсе, мемлекеттің қорғаны нығая түспек.
«Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Аймұрат Қанағат үшін қастерлі де қасиетті мамандық – ұстаздық. Келешекте болашақ ұрпаққа талмай қызмет етіп, еліміздің көркеюіне өз үлесін қосқысы келеді. Ол оқушыларымен қажымай еңбек етіп, талай шыңдарды бағындыратынына сенімді.
Қорыта айтқанда, «білімді ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің рухани жаңғыруына сүбелі үлес қосса» деген Елбасымыздың ұтымды қағидасын, халқына деген үндеу өсиетін үнемі жадында ұстанып, ішкі руханияты арқылы сыртқы өзгерістерді жақсы жағынан қабылдап, жаңғырудың даңғыл жолына түсуге көшбасшымыз болашақ мына жас мамандарға дара жол көрсетті. Ол соқпақтардан қалай өту керектігін айтып, бағыт-бағдар берді. Ендеше, көкжиектен ауытқымай, ұлт көшбасшысының өскелең ұрпаққа меңзеген дара жолымен биік шыңдарды бағындырайық.
Руслан ХАМЗА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Атырау қаласы