Педагогикалық білім берудің қазіргі трендтері талқыланды

0
3870

24-25 маусым күндері Алматыда Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бастамасымен «Педагогикалық білім берудің қазіргі заманғы трендтері» Халықаралық онлайн-форумы өтті. Форум мақсаты – қоғамның назарын педагогикалық білім берудің заманауи трендтеріне аудару, Қазақстандағы білім беру мазмұнын жаңарту міндеттеріне ықпал ететін үздік халықаралық тәжірибелерді тарату.

Ғылыми іс-шараға беделді халықаралық және отандық ғалымдар (Нортхэмптон университеті (Ұлыбритания), Экономика Жоғары Мектебі Ұлттық зерттеу университеті (Ресей), «МИСиС» зерттеу техникалық университеті (Ресей), Ұлттық жоғары білім ғылыми-зерттеу институты (Малайзия), Мәскеу қалалық педагогикалық университеті (Ресей), Шығыс-Қытай педагогикалық университеті (Қытай), Кейптаун университеті (ОАР), Университет-2035 (Ресей), Назарбаев Университеті (Қазақстан), ЖШС «Ұлттық Ұстаз онлайн Академиясы»), Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының өкілдері, ЖОО оқытушылары, білім басқармаларының, біліктілікті арттыру жүйесі мен білім беру ұйымдарының басшылары мен мамандары, мектеп мұғалімдері, халықаралық агенттіктердің сарапшылары, жас ғалымдар мен студенттер – барлығы 430 адам қатысты.

Форумның ашылуында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев білім беру жүйесі озық идеяларға ашықтықты көздейтінін, сондықтан отандық қана емес, әлемдік педагогикалық білім берудің өзекті трендтерін талқылау болашақ мұғалімдердің көшбасшылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Ол педагогикалық кадрларды даярлаудың жаңа тенденцияларын айқындау, сындарлы идеяларды талқылау отандық білім мен ғылымды тиімді дамыту үшін маңызды екенін айтты.

Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Білялов пен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев алғы сөз сөйледі.

Форум барысында Дархан Білялов серіктестермен, халықаралық қауымдастықтармен, бүкіл әлем бойынша білім берудегі инновацияларды ілгерілету бойынша қорлармен белсенді және перспективалы ынтымақтастықты атап өтті.

«Біз қазіргі білім беру жүйесі ашық болуы керек деп санаймыз. Ұлттық педагогикалық қоғамдастық ретінде отандық білім беру жүйесін ілгерілетуге бағытталған оқытудың жаңа технологиялары мен әдістемелерін ұсына отырып, саланың дамуына өз үлесімізді қосамыз. Бүгінгі күннің басты тенденциясы – бұл жаңа міндеттер және білім беру саласына еңбек нарығы жағынан да, ішкі қайта құрылымдау қажеттілігі жағынан да әсер ететін цифрлық революция. Болашақ мұғалімдерге жаңа цифрлық құзыреттіліктер, креативті тәсілдер, білім беруде шешім қабылдау, қарым-қатынас және ынтымақтастық дағдылары қажет», – деді Абай университетінің ректоры. Ол ХХІ ғасыр – жаһандану ғасыры, жаңа технологиялар мен инновациялар ғасыры және болып жатқан өзгерістерге жаңаша көзқарас ғасыры екендігін және еліміздің жаңа ұрпақтарының тәлімгерлерін даярлауға белсенді қатысатын Абай атындағы ҚазҰПУ осы өзгерістерге сай келуі керек екенін атап өтті.

Форум үш тақырыптық бағытта өтті: аралас оқыту перспективалары (Blended Learning); мұғалімдерді оқытудағы цифрлық технологиялар: құралдар, платформалар, тәжірибе және енгізу перспективалары; өмір бойғы оқыту (Lifelong Learning). Онлайн/офлайн-оқыту; аудиториялық/электрондық оқыту; медиапедагогика, оқыту процесі мен контентін цифрландыру; оқыту экожүйесін цифрлық трансформациялау; смарт-дидактика; нейропедагогика: үздіксіз білім беру жүйесі; өздігінен білім алу; жеке білім беру траекториясы сияқты мәселелер талқыланды. Ақпараттық технологиялар құралдары, оқытудың инновациялық тәсілдері мен цифрлық қызметтер мен дәстүрлі оқытудың үйлесімділігі мәселелері қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Форум қорытындысы бойынша резолюция қабылданды, онда цифрлық білім беру ортасын қалыптастыру және білім беру бағдарламаларына цифрлық құзыреттерді енгізу бойынша білім беру ұйымдарының әкімшілігі мен ұжымдары жұмысының тиімділігін күшейту жөніндегі міндеттер мен шаралар белгіленген. Нақты ұсыныстар берілді: цифрлық экономикаға көшу контекстінде білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог қызметкерлерінің ақпараттық-коммуникативтік құзыреттілік деңгейін арттыру мақсатында өз жұмысында форум материалдарын қолдану; педагогтың пәндік, әдістемелік, психологиялық-педагогикалық, коммуникативтік құзыреттілігін арттыру, бірыңғай ақпараттық-білім беру ортасын қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыру.

Іс-шараға қатысушылар форумдағы ұсынымдар педагогикалық білім беру жүйесін одан әрі дамытуға, халықаралық ғылыми-практикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне, қазақстандық білімнің сапалы жаңа даму деңгейіне шығуын қамтамасыз етуге көмектесетініне сенім білдірді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here