Саялы бәйтерек: Ұрпақтарын дәрігерлікке тәрбиелеген Оразай еді…

0
1717

Жалған фәнилі өмір сүрген соң, балтыры сыздап, ара-тұра жүрегі сыр беретін жандардың кездесіп тұратыны жасырын емес. Кейбір науқастар дімкәс жандарына шипа іздеп, емшілер мен тәуіптерді жағалайтындары да баршылық. Дейтұрғанмен, тоғыз жолдың  торабында орналасқан, Қазақ хандығының туы көтеріліп, қазығы қағылған киелі Шу өңірінде халықтың денсаулығын жақсарту жолында айтарлықтай тер төккен ақ халатты абзал жандардың еңбектерін еске алғанның артықшылығы жоқ шығар. Атап айтсақ, Қазақстан денсаулық сақтау қызметінің үздігі, ұзақ жылдар аудандық ауруханада бас дәрігерлік қызмет атқарған Сәкен Ақмолдаұлы Бейсенбаевты бүгінде көпшілік құрметпен еске алып отырады. Ал, терапевт-хирург мамандығы бойынша мыңдаған науқас жандардың сырқаттарын жаза алғаны үшін олардың алғысына бөленген Шу қаласының Құрметті азаматы атанған Оразай Біләловтың аудан дәрігерлерінің  арасында  алатын орны ерекше еді.

Ерекше дейтінім, бізге көршілес тұратын Төле би ауылының тұрғыны Мұраткүл Ошақтиева: «2000 жылдары  Қарағандыдан ағам Мұратбек 5 жасар баласы Мұстафамен ауылға  қыдырып келген болатын. Аяқ астынан Мұстафаның зәрі  жүрмей қалып, астыңғы жағы ісіп кетті. Не істерімізді білмей есіміз ауып, ауруханаға тайлы-тұяғымызбен бармаймыз ба! Ақ халатты дәрігерлердің бірі Оразай атаға баруымызға жөн сілтейді. Шу қалалық ауруханасындағы білікті де тәжірибелі дәрігер Оразай Біләлов Мұстафаны қауіпті ауруынан айықтырып қана қоймай, әкесі Мұратбек Әбдіғапарұлына «оны кешіктірмей ұлттық салт-дәстүрмен сүндетке отырғызыңдар» деп, ағалық ақылын айтады. Расында да, ол кісінің айтқанын орындап,  Мұстафа  ауруынан құлан-таза айығып қана қоймай, Қарағандыдағы  жоғарғы оқу орнын  тәмәмдап, кемеліне келген азамат ретінде бүгінде магистратураны да үздік бітіріп, мамандығы бойынша еңбек етуде. Оның ата-анасы Мұратбек пен Роза осы уақытқа дейін Оразай ақсақалды ризашылықпен еске алып отырады», – деп шын жүрегінен  ақтарыла сөйлеген еді.  

Сәл-пәл кейінге шегініс жасасақ. Біләлұлы Оразай 1939 жылы 15 желтоқсанда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының Құмшығанақ ауылында дүние есігін ашқан екен. Тай-құлындай тебісіп, бірге өскен досы Асан Рүстембеков: «Сұрапыл соғыстың 1944 жылының көктемі еді. Әкем фермадан Құмшығанақ колхозының орталығына көшіп келді. Үйіміз Біләл ағаның шаңырағымен іргелес тігілді. Мен сегіздемін, көрші Оразайдың бес жастағы кезі. Екеуіміз жұбымыз  жазылмай, үнемі бірге жүруге дағдылана бастадық. Араға бір жыл салып, мектептің бірінші сыныбына бардым. Келер жылы Оразай апасы  Пернешпен бірге бірінші сыныптың  партасына  отырды.  Құмшығанақта  тек бастауыш мектеп болғандықтан, оқуымызды жалғастыру үшін сегіз шақырымдағы Айдарлы ауылына қатынауға тура келді. Көктемде дария тасып, ірілі-ұсақты көлдерді айналып өтуге мәжбүр болып, қиындықтар туындағанына қарамастан, сабақтан кешігіп, мұғалімнен ескерту алған кезіміз болмапты. 1951 жылы Оразайдың көкесі Айдарлыға көшті. Сыңарынан айырылған аққуға ұқсап, ол Құмшығанаққа, мен Айдарлыға көз тігіп, жолымызды күтіп жүрдік. Әйтеуір екі жыл дегенде біздің үй де көшті. Малшы балаларына арналған интернатта оқыдық. Тоғызыншы сыныпты Оразай апасы тұратын Сұлутөбедегі Ломоносов атындағы орыс мектебінде оқыды. Құдай қарасқанда, сол жылы мектепте қазақ  сыныптары ашылып, ол сол жақтан оқи бастады.  «Біз қайда жүрмейік, арамызды Құдай бөлмесе, ешқашан жұбымыз ажырамайды» деп, серттестік те… Өзім кітапты тым көп оқимын. Түйсік тереңдеген сайын күнделік жазып, ойларымды қағазға түсіріп отырамын. Сол күнделіктің негізгі тақырыбы досым Оразаймен түйінделеді. Яғни, «мен үшін Оразай кім?» деген сауалға жауап іздесем:

Ол – қайталанбас тұлға, қазақтың маңдайына жазған ұлы.

Ол – өте білімді, білгенін халықпен бөлісетін көпшіл кісі. Естуімше, екі мыңнан астам адамға операция жасап, ажалдан арашалап қалған. Әрбір дәрігер-хирург осындай үлесін қосса, аурулар азайып, сұм ажалдың беті біршама қайтар еді.

Ол – досқа адал, ағайынға қайырымды, көршіні Құдайынан кем санамайтын кең болатын. Жарты дәнді жарып берер жомарт еді.

Ол – жарының жартысы, жұбы, махаббаты, тірегі, тілеуі, жүрегі еді. Ұрпағының тек әкесі емес, тағылымды тәрбиешісі, ұстазы тұғын. Келешекке кемел көзқараспен қараған және ұрпағының болашағына даңғыл жол салған жетекші болды.

Ол – спортты серік етіп, еркін күрестен республикамыздың бетке ұстар палуандарының бірі ретінде спорт шебері атағын қорғаған, салауатты өмір салтын қолдаған алтын қазық еді.

Ол – имандылыққа ұйыған, ислам дінін дәріптей рухани тазалыққа, берік байламға, тұрлаулы тоқтамға тоқтаған, ұлттық дәстүрді сыйлағандықтан, тіптен 2008 жылы мешіттегі жұма намазда қан қысымы көтерілгендіктен, мәңгілікке аттанғаны да бекерден-бекер емес, тылсым жұмбақ дүние күйінде қалды…

Ол – қара орманның нары, елдіктің жанашыры, ерліктің жоқтаушысы, өрліктің өнегесі еді.

Міне, оның бойынан осынша қасиетті ұқтым, ұғып қана қоймай осынша қасиеттерін үйренуге талпындым», – деп өткен күннен естелік айтады.

Кіші жүз Әлім атаның төртқара руынан  Бодан Байгереев: «Бүгінде фәни дүниеден өтіп, бақилық болған адал да ардақты досым Орекең – Оразай Біләлов туралы ой қозғасам, сонау 1959 жылдың жаз айы еске түседі. Орекең орта жүз тумасы – қыпшақтың ішінде бес арыс тұяқты соқпан қыпшақ. Оразай он жылдық мектепті бітіргеннен кейін туған ауылы Айдарлы совхозында механизатор болып еңбек жолын бастап, жемісті еңбек еткен. 1959 жылдың тамызында медициналық училищеге түсуге емтихан тапсыру кезінде бір-бірімізбен танысып, екеуіміз де арнаулы оқу орнына қабылдандық. 1962 жылы аталмыш училищені бітіріп, әрқайсымыз әр тарапқа қызметке кете бардық. Арада бірер жыл өткеннен кейін білімді жоғарылату мақсатымен Алматы медицина институтына Қызылорда қаласындағы комиссия мүшелеріне құжаттарымды тапсырып тұр едім, Оразай мен училищені бірге бітірген Мухиддин Тағаев екеуі «Семейдің медициналық институтына барамыз» деп, қоярда-қоймай құжатымды қайтып алғызды. Сонымен үшеуіміз 1963 жылдың тамызында «Семей қайдасың» деп, отарбамен жолға шықтық. Кейін еске алған кездерімізде, Орекең үшеуіміз қызыл шарапты ішіп алып, екі күн ұйықтап, Семейге жеткенімізді айтып, күлдіріп отыратын. Жоғарғы оқу орнына түсу оңай болмады, жақсы дайындық керек болды. Алла абырой беріп, екеуіміз де институтқа оқуға түсіп кеттік. 1963-67 жылдар аралығында  жатақхананың бір бөлмесінде тұрдық. Екінші курсты бітіріп, үшінші курсқа көшерде бізді Семей облысына қарасты Жарма ауданының 1-май совхозының бөлімшесіне мал азығын дайындау жұмысына жіберді. Орекең көңілді жүргенді ұнататын. Отырыстың гүлі болатын, бірде домбырамен өлең айтса, бірде баянды қолына алып әуелетіп ән салатын. Жас болған соң, «қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» дегендей, Орекең бір күні «Бодан, саған бір қызды көрсетсем, сол туралы ойыңды ашық айтшы» деп, ертеңіне өзі ұнатып жүрген қызды көрсетті. Алланың бұйрығы болар, ол қыздың сырын білмесем де «Ореке, өте тамаша қыз, сізге лайық екен» дедім. Сонымен той жасалынып, достар жиналып, Орекеңді институт қабырғасында қатар оқитын Шұбартау ауданы Баршатас ауылының аруы Мәнсияға үйлендіріп, Семей қаласында Сыр өңірінің бір отауы пайда болды.  1967 жыл болатын, көп ұзамай өмірге Болат атты баламыз дүниеге келді», – дейді.

Төле би ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Нұрлыхан Бердиев: «Мен Оразай Біләлұлын көптен танитынмын, біз жас кезімізде, Шу қаласындағы саябақта  бокс үйірмесіне қатынасып жүргенімізде, Орекең мен Көжек Есенбаев, Қонаев ауылында тұратын Жамбыл Абласановтар еркін күреспен шұғылданатын. Кейінірек отбасымызбен араласа бастағанымызда байқағаным, ол кісі ашық-жарқын мінезімен кіммен болса да тіл табысып кететін. Ақ халатты абзал жан ретінде де, ешкімді алаламай, науқас жандарға жақын адамдарындай жанашырлықпен қарайтындығына риза болатынмын», – деп өткен күндерді еске түсірді.

Мәнсия Сейфулдинқызының жан-жары Орекеңді сағынышпен еске алғанына зер салсақ: «О баста жастық шағымыздың қызығы басылмаған дәуренінде екеуіміз бір-бірімізге көңіліміз кетіп, жүрек қалауымен жұп қостық. Әлі оқуды тауысып үлгергеніміз жоқ. Екі жылдан соң Семей мединститутын аяқтауымыз тиіс. Қыз балаға тән сыни мінезбен Оразайға сенгеніммен, Оңтүстіктің салт-санаға қатал дәстүріне қалай шыдаймын деп ойлағанмын. Сөйтсем мүлдем олай болмай шықты. Қалың қазақтың ортасы мені өз қызындай бауырына басты. Жақсы келін болуға тырыстым. Өмір осы ағыспен жүріп жатқанда бізден бақытты ешкім жоқ сияқты еді. 1969 жылы екеуіміз де терапевт дәрігері жолдамасымен, әрі жас отбасы ретінде бүлдіршін-бөбек Болат ұлымызбен Шу қаласында қызметке орналастық. Ресейдің Новокузнецкі қаласында хирургия мамандығымен білімін жетілдіріп келген Оразай білікті кадр ретінде алғашқы күннен бағаланып, қант зауытының ауруханасына бас дәрігерлікке тағайындалды. Медициналық қызметтің сапасын арттыру жөнінен үлгілі ауруханаға айналдырғандықтан, Орекеңнің қажырлы еңбегі ескеріліп, Шу қаласының біріктірілген орталық ауруханасына бас дәрігер болып жоғарылады. Оразайдың бірге қызметтес шәкірттерінің бірегейі Тұрғымбаев Тұңғышхан Мұхамеджанұлы бүгінде Шу қалалық ауруханасындағы ота бөлімінің меңгерушісі әрі білікті хирург ретінде көпшіліктің алғысына бөленуде.  Тәңір тілегімізге лайық төрт перзент берді, үріп ауызға салар қызды да, ұлағат етерлік ұлды да сыйлады. Ата-ананың ақ жолын қуып, тұңғышымыз – Болат балам мен Айгүл келінім, Баян қызым дәрігер мамандығын қалады. Қазір бәрі де өз ісінің білгір-майталмандары».

 «Әкеге қарап ұл өседі» дегендей, бүгінде тәжірибелі уролог-дәрігер атанған Болат Біләловтың да бірнеше жүздеген дімкәс науқастарды емдеп жазғаны жайлы ел арасында көпшілік жылы пікірлерін білдіруде.

Төлебилік Манап Ергешұлы (жақында ғана қайтыс болды) мен Ферюза Әкімбайқызының 2009 жылы 16 қазандағы Оразай Біләлұлының жылдық асына арнауы төменде шамалы қысқартып алынды:

…Тұла бойың тұнып тұрған ізгілік,
Қуанушы ек оныңызды біз біліп.
Құшағыңа кіріп кете жаздаушы ем,
Тұрған кезде мейірленіп, Сіз күліп.

Жан-тәніңмен науқастарды емдеп ең,
Сіздей адам бұл өмірде кемде-кем.
Ағайынның арасының биі едің,
Артық-кемін ақылыңмен жөндеген.

Болат, Мұрат ұлдарың бар, Ардағың,
Қыз-келінің үкідей-ау бір тағым.
Алла деген құр қалмайды ырыстан,
Әке жолын, ардақта да жалғағың!

Ән де салып, отырушы ең жыр төге,
Артық сөзің болмаушы еді «тіркеме».
Үш ұлыңды үш бәйтерек десек те,
Баян қызың жөні бөлек бір төбе!

О, Ореке кең еді қандай пейілің,
Дос-жаранға төгіп тұрар мейірімің,
Жатқан жерің мамық болсын, нұр болсын,
Әрбір істің Алла берсін қайырын!..

Арамызда аман-есен, сау-саламат жүргенінде Оразай Біләлұлы 2021 жылдың 15 желтоқсанында 82 жастың табалдырығынан аттап, әлемді шарпыған қауіпті індет-пандемияның кезеңінде де бірге қызметтес болған ақ халатты абзал дәрігерлер мен адам өміріне араша түсіп жүрген ізбасар-ұрпақтарына әлі де болса мол тәжірибелі ақыл-кеңесімен көмектескен болар еді… Амал қанша, Орекеңнің жете алмай кеткен жетістігі мен қызықтары артында қалған ұрпақтарына жұғысты болсын демекпіз!

Мәкен УАҚТЕГІ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Шу ауданының Құрметті азаматы

Жамбыл облысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here