Қыздар университетінің жаңа оқу жылына дайындығы қалай?

0
2996

«Еліміздегі ең іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 2021-2022 оқу жылы қалай ұйымдастырылады?», «Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болмақ?», «Білім алушылар үшін вакцинация міндетті ме?» сынды сауалдарға жауап табу мақсатында осы оқу орнының Маркетинг және коммуникациялар департаментінің директоры Жандар Асанмен сұхбаттасқан едік.

Жандар Тұрарұлы, 2021-2022 оқу жылы қалай ұйымдастырылады?

– Дәріс және үлкен ағымдағы сабақтар Microsoft Teams платформасы арқылы онлайн режимде жүргізіледі. Лекция кезінде топтың 50% онлайн режимде, 50% офлайн режимде білім алады. «Дене шынықтыру» сабақтан тыс уақытта өткізіледі. Оқу форматына қарамастан студенттер жеке кабинетте орналастырылған пәннің барлық тапсырмаларын орындаулары қажет. Ескеретін жайт, топта 1 студент ауырған жағдайда топқа карантин жарияланады және бүкіл топ онлайн режимге ауысады.

– Биыл офлайн оқытуға кімдер жіберіледі?

– Офлайн білім алуға 2 кезең бойынша вакцина алған 2-4-ші курстардың білім алушылары, 1 курс 2 кезең бойынша вакцина алған 18 және одан жоғары жастағы білім алушылар жіберіледі. Сонымен қатар Университетте сканерлеу кезінде «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар білім алушыларға да офлайн оқуға мүмкіндік берілмек.

– Ал онлайн форматтағы оқуды кімдер жалғастырады?

Риск тобындағы білім алушылар онлайн форматта білім алады. Олар кімдер? Біріншіден, вакцина алуға жіберілмеген 17 жасқа толмаған студенттер. Екіншіден, аяғы ауыр студенттер. Олар жүктіліктің үлкен мерзімі болған жағдайда ДКК шешімі бойынша академиялық демалысқа шығарылады. Үшіншіден,  1 жасқа дейін балалары бар студенттер. Олар да  ДКК шешімі бойынша академиялық демалысқа шығарылады. Төртіншіден, вакцина алуға рұқсат берілмеген медициналық босатуы бар студенттер. Бесіншіден, өзі немесе жанұясы карантиндегі студенттер онлайн форматта оқиды.

– Жандар Тұрарұлы, соңғы сұрақ. Жаңа оқу жылында жатақханада кімдер тұра алады?

Өміріңіздің ең әсерлі шағы – студенттік кезең болса, студенттік өмірдің қызығы – жатақхана екендігі белгілі. Естен кетпес хикаялар мен қайталанбас оқиғалар студенттің екінші үйіндей болып кеткен жатақхана қабырғасында өтетіні белгілі. Арулар ордасы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне тиесілі 7 студент үйі бар.  Биылғы оқу жылында жатақханада вакцинаның екі компонентін алғандар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттер және риск топқа кірмейтіндер тұруға мүмкіндік алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

P.S. Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай оқу орнының студенттерімен тікелей эфирде кездесті.

Microsoft Teams желісінде ұйымдастырылған онлайн жиында «Жаңа оқу жылы қандай форматта ұйымдастырылады?» «2021-2022 оқу жылында қандай өзгерістер болмақ?», «Жаңа оқу жылында жатақханада кімдер тұра алады?», «Білім алушылар үшін вакцинация міндетті ме?», «Офлайн оқытуға кімдер жіберіледі?» сынды сауалдарға жан-жақты жауап берілді.

Сонымен қатар кездесу барысында студенттер мен олардың ата-аналарына университет басшылығына мазалап жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауап алуға мүмкіндік берілді.

3 сағатқа созылған жиынды Қыздар университетінің ректоры Гүлмира Қанай қорытындылап, ол жаңа оқу жылы қарсаңында осы тақілеттес жиындар тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті. Сондай-ақ оқу орнының басшысы келіп түскен сауалдардың барлығы іріктеліп, жауаптары университеттің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланатынын айтты.

Кездесуге ҚызПУ-дың Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Еркін Жұманқұлова, Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Закир Жұмақұлов, Стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жанар Рысбекова да қатысып, қажетті ақпараттарымен бөлісті.

Айта кетейік, бүгінгі кездесуде 100-ден астам сауал қойылып, оған жалпы саны 700-ге жуық студент қатысты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here