Қытайлық DiDi ішкі нарықтан «Яндекс.Таксиді» ығыстыра ала ма?

0
2644

Ресей Федерациясының технологиялық алпауыт компаниясының құрамына енетін «Яндекс.Таксидің» Қазақстандағы бөлімшесінің басына қара бұлт үйірілді. Алматы экономикалық сотының 2021 жылдың 19 мамырдағы шешімімен ресейлік компания қазақстандық G-Taxi компаниясының патенттік құқығын бұзды деп танылды. Алайда, «Яндекс.Таксидің» еліміздегі бөлімшесі соттың бұл шешіміне шағымдануға ниетті. Егер «Яндекс.Такси» соттың шешімін өзгерте алмаса, Қазақстанда жұмыс істеу құқығынан айырылады. Ал, Қытай Халық Республикасынан еліміздің ірі қалаларына «келген» ресейлік «Яндекс.Таксидің» бәсекелесі DiDi Chuxing темірді қызған кезде соғып, ұрымтал сәтті оңтайлы пайдалануға тас-түйін дайын тұр.

«ЯНДЕКС.ТАКСИ» ҚАЗАҚСТАНДЫҚ
НАРЫҚТА ҚАЛА МА?

Аса танымал емес отандық компания «патенттік құқықты бұзды» деп «Яндекс.Таксиді» сотқа берді. Содан кейін DiDi Chuxing компаниясы еліміздің жолаушылар нарығына кірді. Бұл DiDi Chuxing  пайдаланушылар саны бойынша әлемдегі ең ірі онлайн көлік платформасы саналады. Аталмыш қытайлық компания нарықты жедел игеруге қабілетті. Демек, бұл «Яндекс.Таксидің» позициясын тұралататыны сөзсіз.

EurasiaNet Kazakhstan порталының шолушысы жазғандай, G-Taxi іс жүзінде такси қызметін ұсынумен тікелей айналыспайтын, белсенділігі төмен компания. Жалпыға қолжетімді құжаттарға сүйенген EurasiaNet Kazakhstan мәліметінше, «Яндекс.Таксиді» сотта жеңіп шыққан бұл компанияның соңғы жеті жыл ішінде төлеген салығы 20 долларға да жетпеген. Бірақ, G-Taxi 2016 жылы таксиге тапсырыс берудің барлық автоматтандырылған жүйелерін патенттеп алған. Компания 2018 жылы осы патенттің негізінде Алматы экономикалық сотына жүгінді. Ол кезде тағы бір жергілікті такси компаниясы Lider.kz-ті де қырына алған еді.

2021 жылдың 12 мамырында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында Қазақстанда «Яндекс.Таксидің» жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданған отырыс өтті. Шешімнің әлі күшіне енбегенін және шағымдануға болатыны жөнінде айтылды. Әзірге іс қаралып жатқанда да компания өз жұмысын жалғастыра алады деп түсіндірілді сотта.

«Яндекс.Такси» өз мәлімдемесінде «G-Taxi патенті кез келген онлайн такси қызметінің қарапайым жұмыс моделін сипаттайды» деп атап өтті. «Бұл патентке негізделген жұмыс моделі патент тіркелгенге дейін де болғанын ескерсек, бұл патент қалай алынды деген заңды сұрақ туындайды» делінген «Яндекс.Таксидің» шағымында. Сондай-ақ, ресейлік компания апелляциялық тәртіппен шағымданатынын және өз мүддесін қорғау үшін Қазақстан Республикасының Заңнамасында қарастырылған барлық шараларды қолданатынын мәлімдеді.

«Соттың шешімі «Яндекс.Таксидің» Қазақстандағы жұмысын тоқтатпайды. Біздің сервис штаттық режимде жұмыс істеп, қызметін одан әрі жалғастырады», – дейді «Яндекс Go» өкілдері.

«Яндекс.Такси» жергілікті фирмалармен жасасқан бірқатар келісімдердің арқасында Қазақстандағы такси нарығының көшбасшысына айнала білді. Ал, DiDi Chuxing нарықты ықпалына көндіре алатын тіс қаққан компания. Ол Қытай нарығынан Uber taxi-ді тықсырып шыққаны үшін «Uber жендеті» деген лақап атқа ие болған. Аспан асты елінің алпауыты Қазақстандағы өз кәсібін сол үлгі бойынша дамытуға ниетті екенін қазірдің өзінде байқауға болады.

ҚЫТАЙ КОМПАНИЯСЫ
ҚАЗАҚСТАН НАРЫҒЫНА ШЫҚТЫ

Елімізде пайдаланушылардың саны бойынша әлемдегі ең ірі DiDi Chuxing компаниясы өз жұмысын бастады. Компания 5 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында таксопарктер мен жүргізушілерді тіркеуден өткізуді қолға алды. Бүгінде екі қаланың да жолаушыларына DiDi таксидің қызметі қолжетімді. Такси қызметі қазірдің өзінде  Қазақстанның үшінші мегаполисінің нарығына шығуға әзірленіп жатыр. Шымкенттегі жүргізушілер мен таксопарктерді тіркей бастады.

«Қазақстандағы такси нарығы қарқынды дамып келеді. Бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде біздің қызметті Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының жарты миллионнан астам тұрғыны байқап көрді. Бұл өнімге деген сұраныстың деңгейін және өсу әлеуетін көрсетеді», – дейді DiDi-дің Орталық Азия және Шығыс Еуропа аймағы бойынша операциялық директоры Роман Мирошниченко.

Мирошниченко компанияның басымдығын «қалалық мобильділікті жақсарту үшін үлкен мүмкіндіктер бере алатын қалалардың нарығына шығу» деп атады.

DiDi өзінің баспасөз релизінде Алматы мен Нұр-Сұлтандағы сервиспен жұмыс істейтін  жүргізушілер әрбір қырық сапар үшін 100 мың теңге алғанын мәлімдеді. Компанияның болжамынша, Шымкент нарығына шыққан кезде ондағы жүргізушілер аптасына 300 мың теңгеге дейін табыс таба алады.

Қазіргі уақытта DiDi Қытай, Аустралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Оңтүстік Африка Республикасы, Бразилия, Мексика, Чили, Колумбия, Перу, Коста-Рика, Ресей, Панама, Доминикан Республикасы, Аргентина сынды әлемнің 15 елінде таксиге тапсырыс беру, велосипедтерді жалға беру, автобус қызметін ұйымдастыру және каршеринг қызметтерін ұсынады.

DiDi такси сегментінде дамудың үлкен мүмкіндіктерін көреді. 2020 жылы DiDi-дің қолданушылары күніне 60 млн рет сапар жасаған. Такси қызметі биылдан бастап Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасының нарығына шықты.

DiDi компаниясы үшін төртінші еуразиялық нарыққа айналған Қазақстанда таксиге тапсырыс берудің онлайн сервисі іске қосылды. Бұл сегментте DiDi үлкен жетістіктерге жететініне нық сенімді. BusinesStat  агенттігінің болжамынша, 2014-2018 жылдары Қазақстанда таксимен жасалған сапарлардың саны 50 пайызға, яғни 415,2-ден 619,7 млн сапарға өсті. Ал, 2023 жылға қарай таксимен жасалатын сапарлардың саны 856 млн-ға дейін өседі деп күтілуде.

«Қазақстанда такси нарығы белсенді түрде өсіп келеді. Сондай-ақ, жүргізушілерге табыс табуға мүмкіндік беріп, жолаушыларға қозғалыстың қолжетімді әрі қауіпсіз қызметін ұсына отырып, осы қарқынды процесстің бір бөлігі болғымыз келеді», – дейді Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймақтарындағы DiDi басшысы Джейден Чжу.

DІDІ ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНЕ
1 МЛН ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН АЙЛЫҚ ҰСЫНАДЫ

Компания жүргізушілеріне жақсы жалақы, ал жолаушыларына төмен тарифтегі сапалы қызмет көрсетуді уәде етіп отыр. 12%-ға дейінгі төмен комиссия жүргізушілерді аптасына 250 мың теңге табыспен қамтамасыз ете алады делінген Қазақстандағы DiDi-дің ресми сайтында. Яғни, жүргізушілер айына бір миллион теңгеге дейін таба алады. Ал, жүргізушілер алғаш рет тіркелгенде қызметтік артықшылықтардың кеңейтілген пакетіне ие болады. Бонустарға, адалдық бағдарламасына және жоғары басымдықтарға қол жеткізеді.

«Жүргізушілерімізге тиімді шарттарды ұсынамыз: ыңғайлы уақытта жұмыс істеу, мамандардың қолдауы, қауіпсіздік кепілі, тарифтер тек шығындарды ғана емес, сонымен қатар лайықты жалақыны да қамтамасыз ете алады», – дейді DiDi компаниясының өкілдері.

DiDi компаниясында жасы 18-ден асқан жүргізуші куәлігі бар және бұрын сотты болмаған ерлер мен әйелдер жүргізуші бола алады. Сондай-ақ, 1995 жылдан бұрын шығарылған көліктер жарамайды және зақымдалмаған төрт есікті көлік болуы шарт.

DiDi өзгеше бірқатар қызметтер де ұсынады. Оның ішінде жүргізушілер үшін төмен комиссия, сонымен қатар телефон арқылы клиенттер мен жүргізушілерге тәулік бойына қолдау көрсетіледі.

«Жүргізуші клиентпен сапар алдында немесе сапар барысында өзін жайлы сезінуге көмектесетін біздің қолданбамызға енгізілген қауіпсіздік функцияларына қол жеткізе алады. Сонымен қатар, туындаған кез келген мәселені шешуге қандай да бір көмек қажет болса, DiDi қолдау қызметіне қоңырау шала алады», – деп сендіреді компания өкілдері.

DiDi-де жұмыс істеу үшін неден бастау керек?

  1. Компанияға тіркелу үшін +7 778 526 5827, +7 747 387 4735 телефон нөмірлеріне хабарласыңыз немесе kz.didiglobal.com сайты арқылы өтінім қалдырыңыз.
  2. Қызметкердің нұсқаулықтарын орындаңыз. Ол сізді қажетті ақпараттарға бағыттайды.
  3. Мобильді қосымшаны жүктеп алыңыз. DiDi тегін қосымшасы жүргізушілер үшін Google Play-де Android жүйесінде қолжетімді.

DiDi өзінің ерекшелігі «жүргізушілер мен жолаушыларға арналған қауіпсіздік функцияларының жүйесі» екендігін айтады. Мысалы, қосымшада жүргізушілер мен жолаушылардың телефон нөмірлері анонимді түрде сақталады. Сондай-ақ, жеке жүргізушіні міндетті сақтандырудан бөлек, компания жүргізушілер мен жолаушыларды жазатайым оқиғалардан ұжымдық сақтандыруды ұсынады. Бұл сапар кезінде болуы ықтимал денсаулық пен өмірге төнетін қауіп-қатердің алдын алып, зардабын сейілтеді. Тағы бір айта кетерлігі, қосымшада SOS түймесі бар. Ол жолаушылар мен жүргізушілерге құқық қорғау және төтенше жағдайлар қызметкерлерімен байланысуға, сондай-ақ сапар жайлы және ағымдағы мекенжай туралы ақпаратты сенімді тұлғаларға лезде жіберуге мүмкіндік береді.

Сапар аяқталған соң, жолаушылар мен жүргізушілер бір-біріне бес ұпайдық шкала бойынша анонимді баға бере алады. Сонымен қатар, қосымшада жүргізушіге немесе жолаушыға тосқауыл қою мүмкіндігі бар. Бұл арқылы олар болашақ сапарларға таңдау тізімінен алынып тасталады.

«Клиенттер өздерінің саяхатының бағытын отбасы мүшелері мен достарымен бөлісе алады. Олар жақынының қозғалыс бағытын дер шағында қадағалайды. Біздің GPS бақылау жүйесі нақты уақыт режимінде шұғыл түрде жақын араласатын адамдарыңызбен сапарыңыз жайлы ақпаратпен бөлісуге мүмкіндік береді» делінген компанияның ресми сайтында.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде елімізде «Яндекс.Такси», Bolt, InDriver, «Везет», «Апару», «Максим» және жекеленген аймақтарда да, бүкіл ел бойынша ұсынылатын өзге де такси қызметтері жұмыс істейді. Алматыда «Яндекс.Такси» 2016 жылдың 28 шілдесінде іске қосылды. Ал, 2017 жылдың шілдесінде Uber таксиді (Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь және Грузия елдерінде де солай болды) өзіне қосып алды. 2021 жылдың қаңтар айында Алматыда Bolt халықаралық такси қызметі іске қосылды. Эстондық компанияның да мегаполистегі аяқ алысы жаман емес.

Соңғы кездері жолаушылар «Яндекс.Такси» қызметі құнының шарықтап кеткенін жиі айта бастап еді. Енді міне, отандық нарыққа қытайлық DiDi такси қызметінің келуі бәскелестікті арттырады. Байқағанымыздай, DiDi-дің жарнамасы YouTube платформасында белсенді жүруде. Оған жолаушылардың қызмет құны «Яндекстен» арзан деген әңгімесін қосыңыз. «Яндекс.Такси» аппеляциялық сотпен әлектеніп жүргенде, DiDi нарықтағы позициясын нығайтып алары анық.

Рас, бәсекелестік бар жерде сапа да болады. Бұл – бір. Екіншіден, такси қызметі арзандайды. Демек, бұдан қазақстандықтардың қалтасына түсер салмақ жоқ. Жолаушылар еш ұтылмайды. Ал, «Яндекс.Таксидің» тағдырын нарықтағы майдан шешеді.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here